Президент Қасым Жомарт Тоқаев жастар кадр резервінің форумында әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құру үшін гендерлік теңдіктің сақталуы маңызды екендігін айтты. Мемлекет басшысы сөзінше жалпы халық санының 55%-ына жуықтаған әйелдер қауымының үлесі басшылық құрамда бар-жоғы 39%, ал саяси қызметте 10%-ға да жетпейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік береді және жынысына байланысты кемсітушілікке тыйым салады. Алайда мұны жұмыс орындарындағы әйелдер үлесінің аздығы ғана деп түсінуге болмайды. Гендерлік теңсіздік бұл азамат ретіндегі ғана емес, әрбір адамның қоғамдағы қорғалуы тиіс негізгі құқықтарының тапталуы. Қоғамда бұл жайт көбіне жалақы айырмашылығы, кәсіптік және мансаптық тұрғыдағы алалаушылық, жыныстық кемсітушілік арқылы көрініс табуы мүмкін. Әйелдер мен ерлердің ресурстарға тең қол жетімділігі немесе шешім қабылдауға қатысу үшін тең мүмкіндіктері болмауының тікелей экономикалық және әлеуметтік салдары бар. Қазақстан Global Gender Gap Index 2023 гендерлік теңдік көрсеткішінің есебі бойынша 146 елдің ішінде 62-орында тұрақтайды.
Бұдан еліміздегі нәзік жандылардың мәртебесінің қандай деңгейде екенін көре беруге болады. Дегенмен еліміз бұл мәселені жедел еңсеріп келе жатқан елдердің қатарында. Мәселен әлемдік рейтингте Қазақстан өткен жылдан бері теңдік бойынша 18 позиция алға жылжыған болса, Орта Азияда көш бастап тұр. Елімізде 2006 — 2016 жылдарға арналған Гендерлік Теңдік Стратегиясында теңдік мүддесі үшін заңнаманы құру және жетілдіру шаралары белгіленген. 2030 жылға дейінгі Жаңартылған Отбасылық және Гендерлік Саясат Тұжырымдамасы қазіргі уақытта атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру көзделген. Бұл мәселелерді шешу гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған инклюзивті бастамалар, отбасылық саясат пен стереотиптер, алалаушылыққа қарсы әрекеттер арқылы жан-жақты тәжірибені қажет етеді.
Гендерлік саясат ер мен әйелді қарсы қойып, жынысқа бөлу емес, керісінше адамның өзі таңдап алмаған биологиялық ерекшелігіне қарамай тең қоғамдық статусқа, мүмкіндікке ие болуы деген сөз. Бұл айналып келгенде демократиялық қоғамның әр азаматқа беретін тең адами хақы.
Б.Т.Туртбаева, Ұлытау облысының МАЭС судьясы


