ГАЗ БАҒАСЫ РЕТТЕЛМЕК

Елімізде сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасы мемлекет тарапынан реттелмек. Сонымен қатар сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізу кезінде бағаны реттеу тәртібі өзгертілуі мүмкін.

Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған кезде мәлім болды. Депутаттар бастамашылығымен дайындалған бұл құжатты заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қорғады. Сұйытылған мұнай газының бағасының көтерілуі былтыр қаңтар трагедиясына ұласқаны белгілі. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы газ саласын қалпына келтіруді тапсырған еді. Аталмыш заң жобасы – осы бағытта қолға алынған шаралардың бірі болып отыр. Жоба сұйытылған газ айналымы саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленіпті. Тұтастай алғанда бұл құжат сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеуге, көтерме саудада өткізу кезінде бағаны мемлекеттік реттеу тәртібін өзгертуге, «газ толтыру пункті», «газ толтыру станциясы», «мұнайгаз-химия өнімдері» ұғымдарын нақтылау, «тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіруге», «сұйытылған мұнай газын өндірушінің өндірістік объектісі» және «топтық резервуарлық қондырғы» ұғымдарын айқындауға бағытталған. Заң жобасында 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексіне «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына өзгерістер мен толықтыруларды қарастырып отыр.

Жұмыс тобына депутаттар мен комитеттерден 50 ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының және комитеттің отырыстарында талқыланды. ҚР Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Сұйытылған газ бағасы соңғы уақытта расында да әлеуметтік маңызды мәселеге айналған жайы бар. Ұзақ уақыт бойы газ бағасы қолжетімді болды. Адамдар еш ойланбастан отынның осы түріне көшті. Әсіресе, батыс өңірлері тұрғындарының басым бөлігі жеке көлігін газбен жүргізуге, кәсіпкерлік қызмет көрсетуге сұйытылған газды пайдалануға басымдық берді. Бағаны реттеуді күшейтуге қатысты заң жобасында ұсынылған шаралардың қажет екені сөзсіз. Десе де, бұл халық үшін сұйытылған газ бағасының өсуіне алып келмей ме? Заң жобасын талқылау барысында депутаттар мәселенің осы қырына назар аудартқан еді. Бірақ Екатерина Васильевнаның айтуынша, бұған алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені, қаралып отырған заң жобасында реттеуді күшейту емес, баға саясатын айқындаудың тиімді тетігін қалыптастыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда сұйытылған газ бағасы екі реттеушінің қолында тұр. Яғни, көтерме баға саясатын Энергетика министрлігі анықтайды. Ал, бөлшек сауда бағасын былтырғы жылы әкімшілік әдіспен реттеу жайлы шешім қабылданғандықтан Бәсекені реттеу агенттігі құзырына берілген болатын. Осылайша бір салада екі түрлі реттеуші болғандықтан, бір тауардың әр түрлі бағасы қалыптасып отыр. Бірақ олардың ұстанатын қағидаты бір-бірінен алшақ емес. Энергетика министрлігі негізінен салалық ұстаныммен әдістемелік қисынға барынша жақын болса, Бәсекені қорғау агенттігі экономикалық нарықтағы тұрақтылықты сақтауды көздейді. Сондықтан бұл заң жобасында Энергетика министрлігінің қажетті жағдайларда өндірісте де, бөлшек сауда барысында да баға саясатын белгілеу құзыреті айқындалды. Яғни, бұл ретте бұл құзырлы орынға белгіленген шектерді өзгерту емес, барлық кезеңдерде бағаны қалыптастыру әдістемесін айқындау жүктеліп отыр. Егер бір реттеушіде екі түрлі баға болса, онда министрлік осы екі бағаның теңгерімділігін қамтамасыз ету керек. Өйткені, бізде өндіруші 16 теңгеден сатқан газдың бағасы бөлшек саудада 80 теңгеден болғаны белгілі. Осының салдарынан заводтар дами алмады. Одан соң көтерме баға өсіп, бөлшек сауда төмен болып қалған жағдай да туындады. Ол кезде логистикалық шығындар өтелмеді. Осындай жағдайдың алдын алудың жалғыз жолы – бағалар арасындағы теңгерімді қалыптастыру. Екінші амал өндіріс кезеңінде де, саудалау барысында да бағаны еркіне жіберу. Бірақ бұл әдіс қазіргі таңда нарық тиісті дегейде ашық болмағандықтан және толыққанды реттелмегендіктен тиімді емес. Сала тек толықтай цифрланған кезде ғана нарықтық реттеу щаралары іске қосылатын болады. Әзірге мемлекеттік реттеу бұл саладағы мәселені шешудің бір нұсқасы ретінде қарастырылып отыр. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Жалпы, отырыста сонымен қатар депутаттар 13 заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Үкімет сағатында талқыланған Әлеуметтік кодекс жобасы, жылу энергетикасы туралы, Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару және соған байланысты өзгерістер мен толықтырулар туралы, кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру және жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар. Әкімшілік және Салық кодекстеріне, кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ, бірқатар ратификациялық заң жобалары да мәжіліс қоржынына қосылды. Бірқатар халықаралық келісімдер мақұлданып, Сенатқа жолданды. Нақтырақ айтар болсақ үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісім, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттар мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тапты. Олардың ендігі тағдыры Жоғары палата құзырында.

Айша ТҰРМАҒАМБЕТОВА, «Заң газеті»

Қанша қоңыраудан кейін сталкинг басталады? – депутат 

Қазақстанда сталкингті құқықтық тұрғыдан реттеудегі басты мәселелердің бірі – адамның қарым-қатынас орнату еркіндігі мен жеке өмірге қол сұқпау құқығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Қазақстанда бес айда сталкинг бойынша 83 қылмыстық іс сотқа жолданды

Елімізде сталкинг пен некеге мәжбүрлеу фактілеріне қатысты ондаған қылмыстық іс сотқа жіберілді.

ҰБТ-дан 140 балл жинаған жалғыз түлек кім?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, төртінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады.

Юстиция доверия 

ЗА ПЯТЬ ЛЕТ АДМИНИСТРАТИВНАЯ ЮСТИЦИЯ СТАЛА ОДНИМ ИЗ ВАЖНЕЙШИХ ИНСТИТУТОВ ПРАВОВОГО ГОСУДАРСТВА В КАЗАХСТАНЕ. БОЛЕЕ 150 ТЫСЯЧ РАССМОТРЕННЫХ АДМИНИСТРАТИВНЫХ СПОРОВ, РОСТ ЧИСЛА РЕШЕНИЙ В ПОЛЬЗУ ГРАЖДАН И БИЗНЕСА, ВНЕДРЕНИЕ ЕДИНООБРАЗНЫХ АДМИНИСТРАТИВНЫХ ПРОЦЕДУР И УСИЛЕНИЕ ГАРАНТИЙ ДЛЯ ИНВЕСТОРОВ СВИДЕТЕЛЬСТВУЮТ О ГЛУБОКОЙ ТРАНСФОРМАЦИИ ВЗАИМООТНОШЕНИЙ МЕЖДУ ГОСУДАРСТВОМ И ОБЩЕСТВОМ.

БЖЗҚ қаражатын алудың балама жолы қандай?

Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесовтың айтуынша, сақтандыру аннуитеті арқылы азаматтар жеткілікті шегіне тәуелді болмай-ақ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады.