12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты:«Әйелдердің  қоғамдағы ролі артып келе жатыр»

–Гүлшара Наушақызы,  уақытыңыздың тығыздығына қарамастан біздің газетіміздің оқырмандары үшін  сұқбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Өзіңізбен әңгіме әйелдер мерекесі қарсаңында болып отыр. Бұл күннің сіз үшін маңызы қандай, осы күндері кімдерге  сыйлық жасайсыз?

–Әрине, көктеммен бірге келетін бұл мейрамды жақсы көрмейтін әйел баласы жоқ.  Бұл күн сұлулықтың, әсемдіктің, нәзіктіктің мейрамы. Отбасында адал жар, абзал ана, қоғамда білікті маман, әріптес, серіктес, дос болып жүрген әйелдер мойнындағы жауапкершілік өте жоғары. Өздерінің  нәзік болмысына қарамастан қырық жанды замандастармыз шаңырақтың да шырайын келтіріп, қызметте де игілікті істер атқарып жүр. Осындай мереке  нәзік жандылардың бір сәт әйел екендерін сезініп, жары, баласы, інісі, әріптесі, құрдасы тарапынан ерекше ықыласқа, махаббатқа, құрметке бөлейтінімен  керемет емес пе?! Мұндай мереке адамдарды біріктіретіндігімен құнды. Қазіргі барлық қарым-қатынас виртуалды әлемге байланып тұрған уақытта мерекелер адамдардың шынайы байланысының жақсы бір себебі болып тұр. Өз басым бұл күндері алдымен анамды құттықтаймын. Сол үшін арнайы өзіміздің отандық кәсіпорыннан шыққан сыйлық сатып алдым. Анама сыйлық жасау, қуанту мен үшін үлкен бақыт. Әйелдер мерекесі осындай сезімге бөлейтінімен жаныма жақын.

  –Жалпы, Сіздің өмірдегі жетістіктеріңізде анаңыздың қаншалықты үлесі бар? Әлде барлығы әкеңіздің арқасы ма? Соңғы кездері қыз баланың әкеге жақындығы, оның бойындағы қасиеттің дені әкеден берілетіндігі жайлы тектанушылар әңгімесін жиі еститін болдық қой…

Әкем де, шешем де жоғары білімді, зиялы адамдар. Екеуі де де отбасындағы парызына да, қызметтік міндетіне де жауапты, досқа адал, ағайын-туысқа пейілі ашық парасатты жандар. Сондықтан өмірде қандай да бір жетістікке жеткен болсам, соның бәрін отбасындағы алған тәрбиемен байланыстырамын. Ата-анамыз өздері де көп оқитын, бізден де соны талап етті. Соның арқасында бала кезімізден бастап, кітапты серік етіп, өзімізді толғандырған дүниенің бәрін кітаптан тауып үйрендік, имандылық тағылымын алдымен ата-анамыздан, сосын көркем әдебиеттен сіңірдік. Күні бүгінге дейін  өмірімді кітапсыз елестете алмаймын. Жалпы қазіргі таңда қоғам өмірінде туындап жататын көптеген түйткілді мәселелер  рухани жұтаңдықтың, тәрбиесіздіктің салдары деп білемін.Жеңіл өмір, арзан беделге құмарлық, жалқаулық, оңай олжаға бейімдік осының бәрі оқудың аздығы, білмекке құштарлықтың кемдігінен орын алып жатыр деп ойлаймын. Сондықтан замандастарыма білім мен біліктіліктің шыңына жетсе, оның тереңін игеруден шаршамаса дегім келеді. Өйткені:

«Дүние де өзі мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз!» — деп Абай ақын айтқандай барлық игілік білімде!

-Расында не  жамандық болса да осы білімсіздіктен  туындап жатқаны анық. Мысалы,     әйелдер мен балалардың тұрмыстық зорлыққа жиі ұшырауы да  тәрбиесіздіктің  салдары.    Статистика бойынша еліміздегі әрбір үшінші әйел осындай жағдайға тап болады екен.  Зорлықшыларды  қатал жазалаудан өзге, қоғамдағы бұл келеңсіздікті түбірінен жою  үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Расында, бүгінде  тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қатыгездікке  әлі де әрбір  үшінші отбасы ұшырайды. 2-14 жас аралығындағы әрбір  бала  жазалаудың  қатал түрін бастан өткізеді. Отбасы-тұрмыс саласында жасалатын құқықбұзушылықтар жыл сайын өсіп барады. 2017 жылы  446  қылмыс, 2018 жылы  919, 2019 жылы 1052 қылмыс тіркеліпті. Жалпы әйелдерге  зорлық көрсету  адам құқының өрескел түрде  бұзылуының нақты көрінісі ретінде  әйелдер проблемасына қатысты ішкі саяси және халықаралық пікірталастардың   айрықша назарында тұр.  Бүгінгі таңда әлемдегі  120-дан астам елде , соның ішінде Қазақстанда  тікелей  отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты  заңдар бар.  Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы  заңға алғаш рет Әйелдер ісі және отбасы –демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия бастамашылық еткен еді. Біз  гендерлік теңдік  мәселесін ілгерілетуде  айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп,   тұрмыстық зорлық-зомбылықты түбірінен жоюдың бір факторы болатын отбасы  саясатының тиімді үлгісін қалыптастырдық. Соның  нәтижесінде  бүгінде қоғамның жанына батып отырған келеңсіздіктен  азаматтардың қорғалу деңгейі артты.  Әйелдер ісі және отбасы–демографиялық ісі бойынша Ұлттық комиссияның мұрындық болуымен   Қазақстанның 2030 жылға арналған  отбасы және гендерлік саясат  тұжырымдамасы  жасалып,  Президенттің жарлығымен бекітілді.  Онда үш кезеңге бөлініп жоспарланған шаралар  отбасыларды қолдау қызметінің шоғырын ұлғайтып, сапасын көтеруге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғанудың  әлеуметтік-құқықтық тетіктерін дамытуға, қоғамдағы  гендерлік теңдікті  нығайтып,  бейбітшілік пен қауіпсіздікті арттырудағы әйелдердің  ролін көтеруге бағытталған  тиімді жүйеге  қол жеткізеді  деп сенеміз.

Ұлттық комиссияның ықпалымен әйелдер мен балаларға жасалатын  зорлық-зомбылықтың  түрлері  туралы шынайы ақпарат алу  мақсатында  тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы  статистикалық есептілік жетілдірілді.  Бүгінде  бұл көрсеткіштер Бас прокуратураның  құқықтық статистика  комитетінің  арнайы есебіне енгізілді.  Тұрмыстық зорлық-зомбылық  құрбандарына  арнайы әлеуметтік қызмет көрсету  стандарты жасалды.  Мұндай талаптың енгізілуі  дағдарыс орталықтары мен сенім телефондарының  жұмысын дамытып, жетілдіруге, олардың  мемлекет тарапынан қаржыландыруына мүмкіндік туғызды.  Жүйелі түрде  отбасы мен қоғамдағы  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған  ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Зорлық-зомбылыққа  ұшыраған  жандармен жұмыс істейтін әлеуметтік жұмыскерлер, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының   қызметкерлерін оқытуды қамтитын кешенді дайындық жасалды.   Тек қана  жыл сайынғы  «Зорлықсыз  16  күн» атты республикалық акция аясында  ішкі істер, прокуратура және сот, білім беру, денсаулық сақтау және үкіметтік емес ұйымдардың 15 мыңға   жуық өкілі оқытылуда.  Тұрғындарға  заң кеңесі, дағдарыс орталықтары және бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен тартыла отырып, кәсіби түрде кеңес беру дамытылуда.

Иә, бұған тосқауыл жасау үшін арнайы заңнаманың дайындалғанын білеміз. Бұл құжат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа  қаншалықты тосқауыл бола алады?

– Меніңше былтыр жылдың соңында қабылданған «Қылмыстық, қылмыстық процестік   және жеке тұлғаның құқын күшейту туралы заңнамаларға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңда   біршама ықпалды шаралар  қамтылды. Осы құжат негізінде енді балаларға сексуалдық сипатта зорлық көрсеткендер  мен   балалар парнографиясына тартқандарды 17-20 жыл аралығында, ал  кішкене балалар зардап шеккен қылмысты жасаушыларды  20 жыл немесе  өмірбақи бас бостандығынан айыру көзделді.  Сол секілді әйелдерді    зорлау ауырлатпайтын мән-жайлармен   ауыр қылмысқа жатқызылды.  Бұл зорлаушылар  ұлғайтылған мерзімді  өтейді деген сөз.  Оларға  зардап шегушімен мәмілеге келу нормасы қолданылмайды. Бұл жаңалықтар  әкімшілік құқықбұзушылықтың осы түрін  көлеңкеден шығарады. Барлық өтініштер, арыздар әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай реестрінде тіркелетін болады.  Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, оларды әкімшілік тұтқындау  уақыты 5 тәулікке арттырылды. Отбасылық бюджетке  түсетін салмақты азайту мақсатында  айыппұлдар ескертулермен алмастырылып,  ал мәмілеге келтіру мәселелері тек қана  сотта қаралатын болады. Аталған  түзетулердің бәрі  отбасындағы зорлықпен күрестің  бірінші кезектегі шаралары.

Мұның бәрі әрине жағдайдың салдарымен  күресу. Өкінішке орай, біздегі шаралардың сипаты «жау кеткен соң қылышты тасқа шабудың» кері секілді. Мұндайда қандай да бір тиімділікке жету мүмкін бе?

– Расында,  халықаралық және отандық  тәжірибе көрсетіп отырғандай, тек қана жазалау шараларын қолдану  тиімді нәтиже бермейді. Бізге тиімді алдын алу шаралары керек. Оларды  тек кешенді түрде  қолға алғанда ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықты  төмендете аламыз. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарының  бастамашылығымен  үш заң жобасы дайындалды.  «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа   қарсы әрекет туралы»,  оның ілеспе  және «Кейбір заңнамалық актілерге  отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары дайындалды.  Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет туралы заң жобасы 2017 жылдан бастап Ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Отбасындағы зорлықсыз Қазақстан» деген серпінді  жоба тетіктеріне негізделді.Тұрмыстық зорлық-зомбылық–өзектілігі жоғары  әлеуметтік  қастық. Онымен тиімді күрес жүргізу үшін   дағдарыс орталықтарының қызметкерлерімен, халықаралық  құқық ұйымдарының сарапшыларымен,  тәрбие жұмысымен айналысатын басқа да  мүдделі ұйымдармен бірлікте жұмыс істеудің, әлемдік тәжірибені зерделеп, қолданудың маңызы зор.

–Сіз былтыр Наробиде  өткен  Халықтың қоныстануы және дамуы халықаралық конференциясының  саммитіне  Қазақстаннан барған делегацияны бастап бардыңыз. Бұл жаһандық алқалы жиын   қандай шешімдер қабылдады? Олардың қайсысы  сіз басқаратын  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және  отбасы – демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның міндеттеріне айналады?

–Кения мен Дания мемлекеттері мен Біріккен ұлттар ұйымының қоры  халықты қоныстандыру саласында  бірлесіп шақырған бұл саммит ұрпақ денсаулығы мен репродуктивтік құқықтарды қорғаудың  тұтас жүйесі. Бұл жиын  әйел құқықтары  мен мүмкіндіктерін молайту, қыз балаларды оқыту және гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолына сарп етілген күш-жігерлердің жемістері мен  жіберіліп алған  мүмкіндіктерін зерделеп, талқылайды.   Алғашқы самитте мемлекеттер  адамның жыныстық және репродуктивтік денсаулығы  оның басты құқы , яғни жекелеген тұлғалар мен  жұбайлар қашан және қанша  балалы  болуды өздері еркін шешуі, адамды дүниеге әкелу кезінде бірде -бір әйел өлмеуі ,  қазіргі заманда  жыныс белгісіне орай зорлық пен қысымға орын бермеу керектігі жайында ортақ мәмілеге келген болатын.  Халықаралық халықты қоныстандыру және дамыту конференциясы  қызметінің осы  бағдарламасы әлі де өз күшінде және 2030 жылға арналған тұрақты даму саласындағы мақсаттарға жетуде  шешуші  маңызға ие.

Наироби саммитіне  170-н астам елден  9500 делегат қатысты.  Онда 2030 жылға дейін ана өлімін жою, отбасын жоспарлау мен  гендерлік теңдік бойынша  қанағаттандырылмаған қажеттілікті болдырмау, яғни осы «үш нольге» жетудің  құны қаншаға түсетіні жөнінде жаңа  зерттеу ұсынылды.  Қатысушылардан  өз елдерінде осы «үш нольге» жету бойынша дербес  міндеттемелерін  мәлімдеу сұралды.  Қазақстан  екі жаһандық құжаттың отаны болып табылады. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы  медициналық-санитарлық көмек туралы  1978 жылғы Алматы мен 2018 жылғы Астана декларациялары.  Былтырғы жылдың қыркүйек айында  БҰҰ Бас Ассамблеясында  барлық елдер қабылдаған медициналық қызметпен жаппай қамтамасыз ету  жөніндегі саяси декларация  осы Алматы және Астана декларцияларынан бастау алған.  Мен самитте  Қазақстанның 4 ұлттық міндеттемесін  жарияладым.  Біріншісі   аналар өлімін тоқтату үшін алғашқы медициналық-санитарлық  көмек қызметкерлеріне  босанғанға дейін, қауіпсіз акушерлік көмек  және отбасын жоспарлауды  оқыту ісін қаржыландыруды  жалғастыру, ана өліміне  жыл сайын  аудит жүргізу, екіншісі жастарға еліміздің әрбір аймағында  сексуалдық және репродуктивтік денсаулық саласында  көрсетілетін қызметті қаржыландыру.Биыл  осы сипаттағы амбулаториялық қызметтің жеткіншектер мен 28 жасқа дейінгі жастарға дейін көрсетілетін  91 түрі қаржыландырылатын болады. Үшіншісі, аборттан басқа  медициналық қызметті  ата-ана келісімінсіз алудың жас шегін 18-ден 16 жасқа дейін  төмендету,  төртіншісі қоғамда аналар мен әйелдерге қарсы жасалатын қылмысқа «нольдік шыдамдылық» ахуалын  құру міндеттемесі. Халықты қоныстандыру саласындағы  Біріккен ұлттар ұйымының  қоры (ЮНФПА) жахандық деңгейде   мүдделі тараптардың тұтас шоғырына сүйене отырып,  осы  міндеттерді  жүзеге асыру үшін  жаңа комиссия құрмақ. Негізгі назар  ұлттық басымдықтарға орай  үш нәтижеге аударылады. Олар  ана өлімін тоқтату, отбасын жоспарлаудағы  қанағаттандырылмаған талаптарды  және  жынысына қарай  зорлық көрсету, өзгеде зиянды әрекеттерді  жою.

Сіздің мемлекеттік қызметтегі мансабыңыздың өсу деңгейі   таңғаларлық.  Жалпы өзіңіздің осынау  қызмет жолыңызда қандай да бір қасаң ережелермен бетпе бет келуге тура келген кез бар ма? Шыны керек, әйелдер мансап жолымен өрлеуде  үнемі көрінбейтін кедергіге тап болады. Мұны  үкіметтегі, парламент корпусындағы  әйелдердің  аздығы аңғартады. Бұл үрдіске қатысты қандай пікірдесіз?

-ХХІ ғасырдағы әйелдің қоғамдағы ролі өсе түсуде.  Әйелдер мәселесі  жаһандық форматтағы  кездесулердің барлық деңгейлерінің күн тәртбіне  өзекті мәселе ретінде кірді.  Қазақстанның Конституциядан бастап барлық  заңнамасы   еркектер мен әйелдер теңдігінің орнығуына  бағытталған. Қазақстанда әйелдер  министр, Парламент спикернің орынбасары,салалық комитеттер басышылары  вице-министр болуда. Жалпы әйелдердің  саяси қызметтегі үлесінің төмендігі әлемдік тенденция.  Әлем бойынша бұл көрсеткіш 20 пайызды құрайды.

Әйелдердің мансап жолымен өсуі үшін   әсіресе мемлекеттік қызметте қойылып отырған көрінбейтін кедергілерді жою өзекті мәселе. Мемлекеттік қызметте  әйелдердің  56 пайызының қызмет етіп отырғанына қарамастан  2020 жылдың басында  саяси мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі  бар болғаны 7 пайыз болды.Мемлекеттік қызметкерлердің А корпусындағы   әйелдер 11,3 пайызға тең. 17 министрдің біреуі  ғана әйел. Қазақстанның тарихында  аймақ әкімдерінің бірде біреуі  әйел болған жоқ. Мемлекеттік саясаттың жоғарғы мектебі   Назарбаев университетінің мемлекеттік қызмет саласындағы  әйелдер көшбасшылығы тәжірибесін зерттеу  нәзік жандылардың мансабына кедергі келтіретін үш факторды айқындады. Біріншіден,  әйелдер  гендерлік ролдегі  әлеуметтік-мәдени таптаурындарды  еңсеруге  және  жұмыста да, үйде де  табысты нәтижеге жету үшін екі есе күш жұмсауға мәжбүр . Екіншіден,  мемлекеттік қызмет демалыста да жұмыс істеп, есеп беру кезінде  жұмыс кестесінен тыс уақытта кабинетте қалып, оған толықтай өзін арнауды қажет етеді. Сондықтан  әйелдер  отбасы міндеттеріне залал келтіріп, ерлермен бірдей жұмыс істеуге немесе  мансаптан бас тартып,  жауапкершілігі төмен жұмысқа риза болуға мәжбүр. Үшіншісі  әйелдерді дәстүрлі салалардан ғана көретін таптаурын көзқарас.  Соның салдарынан әйелдер негізінен  денсаулық сақтау,әлеуметтік қызмет көрсету, білім беру салаларында қызмет етуде.

Әйелдер көшбасшылығын  қолдау мақсатында  Ұлттық комиисия  үкімет және қоғамдық институттармен біріге отырып, әйелдер роліне қатысты таптаурын ойлауды  өзгерту мақсатында  жүйелі жұмыс жүруде.  70 ұйымнан тұратын әйел көшбасшылығы  мектептерінің желісі құрылды.Барлық аймақтарда  «Саясаткер әйелдер клубы» табысты жұмыс істеуде.  Олар  мемлекеттік органдардағы жетекші лауазымдар мен  сайланбалы органдарға  кандидаттар ұсынуда  гендерлік тепетеңдіктің сақталуына ықпал етеді. Халықаралық ұйымдардың зерттеулері квоталау әйелдерді мансаптық жолмен өсірудің тиімді  тетігі екенін көрсетіп отыр. Бірақ біз мериторкратияның жақтаушыларымыз.  Мемлекет басшысы  мемлекеттік басқару жүйесіне тек қана  лайықты, білімді азаматтардың меритократия негізінде келуі қажеттігін айтты. Осы ретте  ерекше сұранысқа ие болып тұрған жобалардың бірі «Президенттік жастар резерві» болып тұр.  Онда  білімді, шығармашыл, жаңашыл, іскер  тамаша қыздар көп. Оларды  мемлекеттік органдарға да, экономиканың корпоративтік секторына да жарыса шықырып жатыр.  Тоқ етерін айтқанда, әйелдеодің бүгінде   қоғамдық саяси өмірге белсене атсалысуына барлық жағдай жасалып отыр. Бұл істе қалаумен қатар білімнің жоғарғы деңгейі, кәсібилік пен мәдениетке ие болу керек.

 -Әйелдер шыны керек ерлерге қарағанда әлдеқайда белсенді. Десе де олар ең алдымен әйел, ана. Әйелдің табиғатын айқындайтын бұл миссия олардан ешқашан кетпейді. Әйелдердің  ана ретінде, жақсы қызметкер ретінде қалыптасып, өз қабылетін толыққанды  іске қосуы үшін  не істеу қажет ?

-Басты  әлеуметтік лифтілер  білім, жұмыс, құқықтар мен мүмкіндіктер аясының кеңеюі.  Қолданыстағы заңнамалар  аясында  қызмет пен  отбасылық міндетін  қоса атқарып жүрген әйелдерге  әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.  Еңбек кодексіне сай   бір жарым жасқа дейінгі баласы бар жұмыс істейтін әйелдерге     жұмыстың әрбір үш сағатынан кем емес уақытта бір рет бала емізуге уақыт беріледі. Мұның сыртында әйелдердің жазба өтініші бойынша  толық емес жұмыс күні белгіленген..  Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай  жас балалары бар әйелдер  отбасылық міндетті  үйде отырып істейтін  жұмыспен жемісті қатар атқаруда.  Мысалы АҚШ-тың Amazon, IBM, Apple сынды  алпауыт компаниялар  жас аналарға  сағаттап, немесе толықтай жұмысістеуге мүмкіндік береді.   Елімізде Мемлекеттік қызмет агенттігі  тарапынан  мемлекеттік қызметтерде  артық жұмыс істеу тәжірибесін жоюға бағытталған шаралар кешені  жүзеге асырылуда.  Бүгінде елде  декреттік демалысқа шығатын еркектер қатары өсіп отыр. Отбасылық міндетті атқарудағы жауапкершілікті осылай бөлу  әйелдерге   жұмысқа шыққаннан кейін   тез бейімделіп,  мансабын жалғастыруға мүмкіндік береді.  Халықаралық міндеттер атап айтқанда әйелдерге қатысты барлық  қысымды  жою жөніндегі  конвенцияны   орындай отырып,   Қазақстан  әйелдің құқы мен мүмкіндіктерін кеңейтуді  елдің  тұрақты әрі қауіпсіз дамуының басымдығы ретінде айқындады.  Тиісті шаралардың қабылдануы арқасында  бүгінде еліміздегі әйелдердің 61  пайызы жұмысқа орналастырылған. Бұл ОЭСР көрсеткішіне тең.  Жыл сайын әйелдердің  ақпарат және байланыс, өндіріс, құрылыс саласынжағы  үлесі көбейіп келеді.

Біз еліміздің  әйелдерінің  білімді, жоғары мәдениетті, мықты тұлға екендігін мақтаныш етеміз.  Олар тек қоғамның барлық саласында табысты, абыройлы еңбек етіп қана қоймай,  ұлттың жарқын болашағы талантты балаларды  дүниеге әкеліп тәрбиелеуде.

Әйелдер өз табиғатынан  мейірім, әділеттілік, ізігілік мұраттарына берілген,  оларға қатыгездік, басқыншылық жат.  Сондықтан еліміздің бүгінде әділетті қоғам құрудағы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырып жатқан  ұлы күресінде   әйелдердің  ролі айрықша көрінуде.  Бұл  елімізде жаһандық, аймақтық, өзге де шындықтарды ескере отырып, ұлттың гүлденуін мақсат етіп жүргізіп  жатқан замануи, теңгерімді, жасампаз саясатының   арқасы.

Айша Құрманғали

«Заң газеті»

[ratings]

 

 

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...