12 қарашада Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің өкілі, Француз альянсының бас директоры, Орталық Азиядағы Француз альянстарының үйлестірушісі, халықаралық білім беру және мәдени ынтымақтастық саласының сарапшысы Франсуа Монэже Нархоз университетінің студенттеріне «Мәдени дипломатия: беделден (имиджден) ықпалға, ықпалдан ұзақ мерзімді қатынастарға» тақырыбында дәріс оқыды.
Мәдени дипломатия – мемлекеттің қоғамдық дипломатиясының өзегі. Өйткені әр ұлт өз болмысын әлемге дәл мәдениеті арқылы танытып, құндылықтары мен идеяларын паш етеді. «Жұмсақ күштің» негізгі құралы саналатын мәдени дипломатия мемлекет мүддесін ілгерілету, әлеуметтік-мәдени ынтымақтастықты кеңейту, елдер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдету үшін қолданылады. Американдық зерттеуші Милтон Каммингс мәдени дипломатияны «өзара түсіністікті жақсартуға ықпал ете алатын идеялармен, ақпаратпен, құндылықтармен, дәстүрлермен, наным-сенімдермен және мәдениеттің басқа да қырларымен алмасу» деп анықтайды.
Мәдени дипломатия белгілі бір ел туралы ақпарат таратуды, оның құндылықтарына деген оң көзқарас қалыптастыруды, сондай-ақ шетелдік инвестиция мен саяси одақтастар тартуды көздейді.
Бұл бағытта өнер, әдебиет, театр, көрмелер, білім беру, академиялық және ғылыми алмасу, шетелдегі тіл бағдарламалары, гранттар мен стипендиялар, тренингтер мен конференциялар сияқты түрлі құралдар қолданылады. Осындай мәдени байланыстар мемлекеттің қоғамдық дипломатиясының тиімді тетігіне айналып, елдің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосады.
«Адамдар Францияны тек круассан, багет, ірімшік, романтика мен сән әлемі арқылы ғана емес, экономикасы қуатты, инвестиция салуға қабілетті, мәдениеті мен әдебиеті бай, білімі мен ғылымы дамыған ел ретінде танығанын қалаймын», – деді Франсуа Монэже.
Спикердің айтуынша, бүгінде француз мәдени дипломатиясының басым бағыттары мыналар: француз тілін оқытуды ілгерілету және кеңінен тарату; жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен алмасуды кеңейту; жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді арттыру; француз мәдени мұрасын сақтау; сән-салтанат индустриясын, сән мен гастрономияны дамытып, әлемге таныту; шетелдік инвестиция тарту.
Францияның мәдени дипломатиясының маңызды құралдары қатарына тәулік бойы хабар тарататын TV5 Monde телеарнасы мен Radio France Internationale (RFI) радиостанциясын, сондай-ақ Француз альянсының мәдени-білім беру орталықтарының халықаралық желісін жатқызуға болады.
«Өзім басқаратын Француз альянсының басты мақсаты – француз тілін оқыту және франкофон елдердің мәдениетін насихаттау», – деп атап өтті ол.
Дәріс барысында студенттерге Францияда білім алу мүмкіндіктері, Campus France агенттігі арқылы ұсынылатын академиялық алмасу бағдарламалары мен Франция үкіметінің стипендиялары туралы ақпарат берілді.
Студенттер пікірі
Айару Ашин
– 12 қарашада Франсуа Монэженің мәдени дипломатия, халықаралық білім беру және мәдени ынтымақтастық тақырыбындағы дәрісіне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Дәріс мәдени дипломатия мен халықаралық білім берудің елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі туралы құнды түсінік берді. Спикер Францияның әртүрлі елдермен, әсіресе Оңтүстік Кореямен ынтымақтастығы туралы айтып, «жұмсақ күштің» халықаралық қатынастардағы маңызды құрал екенін көрсетті. Дәрістің тағы бір маңызды бөлігі Франциядағы білім алу мүмкіндіктеріне, атап айтқанда, Campus France арқылы ұсынылатын академиялық алмасу бағдарламалары мен Франция үкіметінің стипендияларына арналды. Бұл кездесу мен үшін пайдалы тәжірибе болды: мәдени дипломатия, халықаралық ынтымақтастық және білім берудің халықаралық қатынастарды нығайтудағы маңызы туралы түсінігімді кеңейтті, халықаралық ынтымақтастық ұсынатын академиялық және кәсіби даму мүмкіндіктерін зерттеуге шабыттандырды.
Камилла Амиркулова
– Франсуа Монэже мырзаның қонақ дәрісі өте мазмұнды әрі қызықты өтті. Дәрісте келтірілген салыстырулар тақырыптың мәнін тереңірек түсінуге көмектесті. Әсіресе «жұмсақ күш» (soft power) туралы, мәдениеттің елдің имиджіне және оның әлемде қалай қабылданатынына әсері жайлы ойлар ерекше әсер қалдырды. Құнды ойларымен бөліскені үшін Франсуа мырзаға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай пайдалы кездесуді ұйымдастырғандарға үлкен рахмет!
Махмуд Ерғали
– 12 қарашада университетімізде Францияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі, Француз альянсының директоры Франсуа Монэже мырза өткізген дәріс халықаралық қатынастар мамандығының студенті ретінде мен үшін аса пайдалы әрі танымдық болды. Спикер басынан аяғына дейін аудиториямен тамаша байланыс орната білді: дәстүрлі академиялық шеңберден шығып, қызықты әрі ашық сөйледі. Мәдени дипломатия, «жұмсақ күш» саясаты және Францияның халықаралық білім беру бағдарламалары, әсіресе Campus France бағдарламалары туралы пікір алмасу кәсіби қызығушылығымды ерекше оятты. Монэже мырзаның кездесудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін де әр студенттің сұрағына жан-жақты әрі ықыласпен жауап беруі – оның жоғары кәсібилігінің дәлелі. Менің ойымша, бұл Француз Республикасының халықаралық аренадағы мәдени саясатының қаншалықты терең, стратегиялық тұрғыдан берік және диалогқа ашық екенін айқын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, мәдени дипломатия халықаралық ынтымақтастық пен білім беру байланыстарын нығайтуда зор рөл атқарады. Француз моделі сыртқы саясат пен мәдениеттің тығыз байланысымен, мемлекеттің мәдени саясаттағы жетекші рөлімен және мәдени бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландырудың жоғары үлесімен ерекшеленеді.
Спикердің бір тілден екінші тілге оңай ауысып, ақпаратты ағылшын, француз және орыс тілдерінде еркін жеткізуі, диалогқа ашықтығы студенттердің қызығушылығы мен ынтасын одан әрі арттырды. Француз мәдениеті туралы француз өкілінің өз аузынан есту біз үшін аса құнды болды. Мазмұнды әрі қызықты дәрісі үшін Франсуа Монэже мырзаға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Сейдикенова Алмаш Смайылқызы
ф.ғ.к. Нархоз университетінің профессоры
Құқық және мемлекеттік басқару мектебі


