12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР ЕЛ БІРЛІГІНЕ ЕҢБЕК ЕТЕДІ

Жаһандану заманында ел іргесі сөгілмес үшін өзара ынтымақ пен татулықтың мызғымастай берік болуы мемлекет тұрақтылығының басты кепілі. Бұл орайда елдегі бірегей қоғамдық институттың бірі – Қазақстан халқы ассамблеясының алатын орны ерекше екені даусыз. Этностар арасындағы байланысты нығайту, жіптей нәзік бірлік пен достықтың арнасына сызат түсірмеу, Қазақ елінің тұтастығы мен бірлігін, салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауын қамтамасыз ету жоғарыдағы институттың басты бағыт-бағдары десек қателеспейміз. Бұл орайда түрлі этнос өкілдері біршама көбірек қоныс тепкен Ақмола облысындағы ахуал қаншалықты жағдайда екенін білмек мақсатта Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Нұғыманды әңгімеге тартқан едік. Ермек Бекенұлы бізге өзге этнос өкілдерінің облыстағы үлес-салмағы мен ассамблеяның құрамына кімдер кіретінін, этномәдени орталықтардың ұйымдастырып жүрген іс-шаралары жайлы әңгімелеп берді. Тарихтан тартқан әңгіме өте қызықты өрбіді.

Ынтымақтастыққа ықпалы зор

– Патшалық Ресейден бастап Кеңес Одағы тұсындағы солақай саясаттың салдарынан Қазақстанға оның ішінде топырағы құнарлы, табиғаты сұлу Көкше жеріне қоныстанып біржола тұрақтап қалған өзге этностар мен этностық топтар қоныс аударған. Әсіресе, Кеңес Үкіметінің ұжымдастыру, ашаршылық және тың және тыңайған жерлерді игеру сияқты ірі тарихи оқиғалар кезеңінде түрі де, тілі де басқа этнос өкілдері Қазақ жерін мекен етті. Бүгінде өңірде бірқатар этностар мен этникалық топтардың өкілдері тұрып жатыр. Мемлекеттің негізін құраушы – қазақтардың саны 52,8 пайыздан асса, қалған диаспоралар: орыстар – 31,9%, украиндар – 4,02, немістер – 3,4%, татарлар – 1,7%, беларустар – 1,2%, поляктар – 0,9 %, шешен-ингуштар – 1,0 %, басқа этностар да – 1,2% құрайды. Бүгінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына 108 адам кіреді. Олардың ішінде – этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, академиктер, қоғам қайраткерлері, қандастар, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Басты мақсат – ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты сақтауға ықпал ету. Жалпы облыста 46 этномәдени бірлестік тіркелген, оның ішінде 19-ы қоғамдық аккредиттеуден өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестігі тізіміне енгізілгенін атап өткен жөн. Қазіргі уақыта «Достық үйі» ғимаратында 17 этномәдени бірлестік кабинеттері жұмыс істеп тұр. Тек осы

жылдың өзінде ғана этномәдени бірлестіктермен 5 550-ден астам адамды қамтыған 190-ға жуық іс-шара өткізілді. Олардың ішінде этностардың мәдениет күндері – «Масленица», «Шопен кештері», корей жаңа жылы «Соллал» және «Чусок», қырғыз мерекесі «Ақ қалпақ», татар мерекесі «Сабантой» сияқты өзге этнос өкілдерінің мерекелері аталып өткізілді. Сондай-ақ биыл алғаш рет атспорты жарыстары ұйымдастырылып, шешен-ингуш фестивалі өтті. «Санги Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының «Бірлік» гүлзарының ашылуы, «Песня – душа народа» атты жыл сайынғы казак фестивалі, славян жазуы мен мәдениеті күніне орай «Классикалық әдебиет, заманауи білім бренді ретінде» ғылыми-практикалық семинарларының өткізілуі өзге этникалық топ өкілдерінің де мәдени шараларына зор көңіл бөлініп жатқанының айқын көрінісі. Мұнымен қоса, еліміздің сонау ғасырлар қойнауында тарих ақтаңдақтары болып қалған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күніне арналған естелік іс-шаралар, қуғын-сүргінге ұшырағандар ұрпақтарының Целиноград ауданындағы АЛЖИР лагеріне барып қайтуын ұйымдастыру шараларының өткізілуі де үлкен маңызы бар іс деп ойлаймын. Ассамблея шаралары аясында Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVІ сессиясы, Абай күні, Конституция күні, Отбасы күні, Қазақстан халқының тілдер онкүндігі, Республика күні мен ҚР тәуелсіздік күні сияқты мемлекеттік маңызды даталардың өткізілуіне де баса мән беріп келеміз. Осы іс-шаралардың барлығы облыстың мәдени өмірін байытуға және этностардың әртүрлі өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты қолдауға, сондай-ақ қонақтарды облыс этностарының мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігімен таныстыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Отаным – ортақ тағдырым

Ортақ Отанымыз – Қазақстанның ана тілі мен ділі, дәстүрі мен ғұрпы, мәдениеті мен әдебиетін дамыту бәріміздің жүрегімізбен сезінетін әрі оның өзекті мәселелерінің шешілуі үшін үн қату басты қағидамыз. Осы мақсатта да барынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, мемлекеттік тілді өзінің лайықты төріне жайғастыру, келешек ұрпақтың отаншылдық және патриоттық қасиеттерін жетілдіру мақсатында «Ел бірлігі», «Достық дәмі» сияқты арнайы жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі сияқты мемлекеттік тілді дамытуға бел шеше кіріскен қоғамдық ұйымдармен қатар «Чинсон» Корей мәдени орталығы, «Ақмола облысының «Манас» этномәдени орталығы», Ақмола облысының өзбек ұлттық мәдени орталығы, «Санги Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы, «Поляктар бірлестігі», «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы, «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш қоғамы, Ақмола облысының орыс қауымдастығы, Ақмола облысының татарлар мен башқұрттар бірлестігі және «Бари» армян этномәдени бірлестігі сияқты қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар белсене атсалысты. Сондай-ақ, «Бірлігіміз әралуандықта», «Отаным – тағдырым», «Ерекше сөйле» сияқты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында іргелі жобаларды іске асыруда барлық этномәдени бірлестіктер төрағалары қатысып келеді. 

Ел іргесі бүтін, ынтымағы берік болсын десек

Қайырымдылық – біздің ата-бабаларымыздан қанымызға сіңген асыл қасиеттеріміздің бірі. Әсіресе, ел басына күн туып мыңдаған жанды баспанасынан, бар дүние-мүлкінен айырған су тасқыны кезінде топан судан зардап шеккен халыққа жұмылған жұдырықтай бір-біріне қолдан келгенше қайырымдылықпен көмек көрсетіп жатқаны осы сөздерімнің айқын дәлелі. Су тасқыны басталған сәттен-ақ ассамблея қабырғасында арнайы қор ашылып, жаны жайсаң жомарт жандардың, ерікті-волонтерлердің, қоғамдық ұйымдардың жаппай қолдауымен жүздеген адамдарға көмек берілді. Жалпы, жыл басынан бері ғана этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен 321 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 75 млн 015 мың теңге сомаға 5 823 адам қамтылып көмек көрсетілді. Барлығы 59-дан астам іс-шара өткізілді. Мысалы: Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі «Балаларға кітап сыйла» қайырымдылық акциясын, көп балалы аналарға арналған қайырымдылық түскі ас және балаларды қорғау күніне арналған шаралар ұйымдастырды. «Ақмола облысының Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі тәттілер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыйлықтар табысталған қайырымдылық шыршасын алып берді. «Санги Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» мен «Чинсон» корей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктері ардагерлерге азық-түлік себеттерін апарып, көпбалалы отбасылардың балалары мен Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының балалары үшін жаңа жылдық шырша мерекесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, Отбасы күніне орай қайырымдылық акциялары, Құрбан айт, «Мектепке жол» акциясы, Қарттар күніне орай арнайы шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қазақтың жері мен елінде суын ішіп, топырағын басып отырғандықтан, әрі осы елде тамырын жайып өсіп-өнгендіктен қазақ тілі мен мәдениетіне көзқарас бұрнағы жылдарға қарағанда едәуір жақсарып келеді деуге толық негіз бар. Бұл мақсатта «Қоғамдық келісім» мекемесімен 13 бірдей ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Қазақтану», «Мың бала», «Ел бірлігі», «Достық дәмі» сияқты жобалар сәтімен жүзеге асырылып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілі мен мәдениетін, дәстүрі мен ғұрпын кеңірек түсінуге жол ашылды. Мәселен, Көкшетау қаласында өткен «Ел бірлігі» жобасында өзге ұлттардың этномәдени бірлестіктері қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап, ұлттық тағамдарды дайындады. Жобаның алғашқы қатысушылары – «Манас» қырғыз орталығы мен «Чинсон» корей орталығы болды. Олар «Көрісу» мерекесін өткізді. Онда қазақтың «Тұсау кесу» және «Сырға салу» әдет-ғұрыптары көрсетілді. Жобаны одан әрі жалғастырған Ақмола облысының поляктар бірлестігі және «Видергебурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестіктері қазақтың «Бесікке салу» салтын көрсетті. Отбасылық дәстүрлердің басқа да элементтері – «Бесік той», «Қалжа», «Асық» сияқты ұлттық ойындармен таныстырды, қазақ ақындарының әндері мен өлеңдері орындалды. «Қара жорға» және «Қамажай» ұлттық билері бойынша шеберлік сыныбы көрсетілді. «Санги-Кабуд» Ақмола облысының тәжік ұлттық мәдени орталығы мен Ақмола облысының Өзбек ұлттық мәдени орталығы «Беташар» театрландырылған қойылымын және қазақтың ұлттық ойындарын назарға ұсынды. «Вайнах» облыстық шешен-ингуш қоғамы» ҚБ қазақ билерімен, әндерімен және ұлттық тағамдарымен таныстырды. Ақмола облысының татарлары мен башқұрттарының бірлестігі Степногорск қаласында көшпелі іс-шара өткізіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қазақ және татар әндерін орындады. «Бари» армян этномәдени бірлестігі» ҚБ «Қара жорға» ұлттық биін және күйлерден поппуриді орындады. Этностардың мәдени алуан түрлілігін, мәдениетаралық принциптерін көрсету арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлерінің байлығын дәріптеуге бағытталған. Облыс аудандарының этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен жүзеге асырылады, онда олар ұлттық қазақ тағамдарын, қазақ мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін дәріптейді. Міне осылардың бәрі де қазақтың тілі мен мәдениетіне өзге этнос өкілдерінің де назары ауып, мемлекет құраушы – Қазақтың мәдениеті мен дәстүрін құрметтейтінін анық аңғартады. Еліміздің іргесі бүтін, ынтымағымыз берік, бірлігіміз мызғымас тұрақты болуы үшін де тарихтың сонау қатпарлы кезеңдерінде елімізге келіп пана тауып, қазақпен біте қайнасып кеткен өзге этностар мен этникалық топтармен ара-қатынасымыз қашан да достық ниетте болуы тиіс. Тек сонда ғана еліміздің өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең болмақ.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Алматы облысында медициналық мекеменің жаңа ғимараты қолданысқа берілді

Бүгін Іле ауданы Байкент ауылында орналасқан отбасылық денсаулық орталығының...

В Алматинской области сдано в эксплуатацию новое здание медицинского учреждения

Сегодня сдано в эксплуатацию новое здание Центра семейного здоровья,...

ЖОБА – КЕЛЕШЕКТІҢ СТИМУЛЫ

        Адамзат өне бойы ұзақ өмір сүру құпияларын зерттеумен шұғылданып...

В Алматинской области осужденные встретились с медиатором

В рамках реализации Дорожной карты по оздоровлению обстановки в...

Алматы облысында сотталғандар медиатрмен кездесті

ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын...