Қаңтар айының 5-інен 6-на қараған түні бейбіт басталған митингтің соңы арандатушылардың ықпалымен жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Салдарынан бірнеше мемлекеттік маңызы бар нысанға, соның ішінде сот ғимаратына да шабуыл жасалды. Шабуыл кезінде ғимараттың бірінші, екінші қабаттары қиратылып, 5 қызметтік автокөлік өртелді. Ғимараттың 3-5-қабатындағы кейбір мүліктер тоналған, көпшілігі жарамсыз күйге түсті. Осылайша «қаңтар оқиғасы» жылдар бойы жасалған еңбек пен жинақталған мүліктерді бір күнде жойып жіберді.
Алысқа бармағанның өзінде, 2021 жыл елімізде және сот жүйесінде айтулы оқиғалармен есте қалды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық, ҚР Судьялар одағының 25 жылдық мерейтойларын түрлі деңгейдегі іс-шаралармен атап өттік. Мерейтой қарсаңында облыстық соттар әкімшісі мен судьялар одағының облыстық филиалының ұйытқы болуымен сот қызметкерлері арасында командалық спартакиада және шығармашылыққа бейін мамандар арасында әдеби конкурс өткізілді.
Сот тек қана қылмыскерге жаза тағайындайтын орган емес, әрбір істегі даудың ақ-қарасын шешіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіретін, араздасқанды табыстырып, әрқашан татулыққа бастайтын жер. Бір сөзбен айтқанда, мүддесін заңмен қорғайтын халықтың ортақ үйі. Ал халық үшін жұмыс жасайтын жердің де қолайлы әрі заман талаптарына сай болуы қажет. Осы мақсатта өткен жылы облыстық соттың материалдық-техникалық базасын нығайтуда, коммуналдық жүйелерді ретке келтіруде бірқатар жұмыстар атқарылған еді.
Елдегі карантиндік режимде сот жұмысын тоқтатпау мақсатында барлық сот отырыстарын онлайн форматта өткізудің қажеттілігі туындап, қашықтан сот отырысын ұйымдастыру үшін 60-тан аса планшет сатып алынып, сот залдарына Wi-fi локальды жүйесі орнатылды. Қысқы мезгілде ғимарат ішінде жылуды арттыру үшін қосымша қондырғылар қойылып, су жылыту құралы алынды. Облыстық және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот ғимаратының шатыры қайта жөнделіп, қалыңдату жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, электр қондырғылары мен телефон-байланыс жүйесі қайта қалыпқа келтірілді.
Соттағы ашықтықты қамтамасыз етіп, келуші тараптарға қолайлы орта қалыптастыру үшін жасалған фронт-кеңселерді қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, соның негізінде Қызылорда қалалық сотының ғимаратында орналасқан фронт-кеңсе түбегейлі жаңартылып қолданысқа берілді. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, кіре берісте келушілерді күмбірлеген домбырамен орындалған әсем әуендер күтіп алады. Екіншіден, бірнеше сот пен барлық қызмет бір шаңырақтың астында орналасқанын көрсету мақсатында киіз үйдің «шаңырағы» қойылған. Бұған қоса, осы нысанның төлқұжаты іспетті облыстық соттың ғимараты бейнеленген «логотип» орнатылып, оюмен өрнектелген жантақ гүлі бейнеленген. Ою – ұлттық нақышымыз болса, жантақ – тамыры өте тереңге бойлайтын, төзімді өсімдік. Бұл біздің тарихымыздың, ұлттық салт-дәстүріміздің дауларды шешу тәсілінің тамыры тереңде екенін білдіреді.
Әр тарап өздеріне қатысты істер бойынша мағлұматтар алатын анықтама орталығы, татуластыру үшін жұмыстар жасайтын медиаторлар мен құқықтық көмек көрсететін адвокаттардың қабылдау орны да жаңартылды. Сонымен қатар, фронт-кеңседе құжаттарды қабылдайтын кіріс кеңсесі және сотқа келуші әрбір азаматқа электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, «сот кабинеті» сервисі арқылы арыздар мен өтінішхаттарды, қосымша құжаттарды жолдауға, басып шығаруға және өңдеуге мүмкіндіктер беретін «жеке жұмыс жасау орны» жасақталды.
Сотқа келушілер үшін басты орындардың бірі – күту залы. Ол жерге үлкен экран орнатылып, одан сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы бейнероликтер үздіксіз көрсетіледі. Сондай-ақ, балалардың ойын алаңы бөлме гүлдерімен абаттандырылған. Осының барлығы бірінші кезекте халыққа қолжетімділік пен сот қызметкерлерінің қолайлы жерде жұмыс жасауын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Қаңтар қақтығысы кезінде осы тірнектеп жасалған еңбектің бәрі желге ұшты.
Оқиға болған түні соттар әкімшісінің қызметкерлері Н.Ибраев, Е.Раушанбекұлы, Б.Изенов пен С.Тойшиевтер мемлекеттің мүлкін сақтап қалу мақсатында сот ғимаратының электр және жылу жүйесін өшіріп, төрт қызметтік көлікті өрттен оқшаулап, ерлікке тән әрекеттер жасады. Осы оқиғадан соң сот ұжымы біріге отырып, ауа райының суықтығына қарамастан демалыс күндері шұғыл шаралар қабылдап, қолдануға жарамды құрал-жабдықтарды жинақтап, ғимаратты күл-қоқыстан тазалап, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді.
Халыққа уақытылы қызмет көрсетіп, жұмысты тоқтатпау үшін қыс мезгілі бола тұра, жылуы жоқ ғимаратта Қызылорда қалалық соты, қалалық №2 сот, мамандандырылған экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылық, тергеу, қылмыстық істер жөніндегі соттардың қызметкерлері бұрынғы ғимаратта, облыстық сот пен соттар әкімшісі орталық алаңда орналасқан Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың бас ғимаратында бір күн де тоқтатпастан жұмыстарын жалғастырып келеді.
Ақпараттық технологиялар қызметі мамандарының арқасында бүлінген электрондық құралдар мен кабельдер дереу қалыпқа келтіріліп, сот жүйесінің «Төрелік» бағдарламасы мен «Сот кабинеті» сервисі үздіксіз қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда облыстық әкімдік тарапынан ғимаратқа тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілуде.
Даңқты бабамыз Білге қағанның «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген тағылымды сөзін нық ұстанған барша әріптестеріме және қолдау көрсеткен барша жанға ризашылығымды білдіремін және бірлігімізден ажырамайық дегім келеді.
Сағатбек Сүлеймен,
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы