Президенттің осы нұсқауы біртіндеп жүзеге аса бастады. Халықтың арыз-арманы, өтініш тілегі енді атқарушы, жергілікті билік тарапынан назарға алынып, күрмеуі қиын мәселелердің түйіні шешіледі. Бұл, ең алдымен, «Еститін Үкімет» бағдарламасының қол жеткізген алғашқы жетістіктері.
Билікті бұқараға барынша жақындатып, халықтың кез келген мәселесін шенеуніктердің шешуіне жол ашқан тұжырымдаманың маңызы зор.
Халық үнін есту үшін Президент əкім-қараға əлеуметтік желілерді ұтымды пайдалануды ұсынды. Бұған дейін де халық әлеуметтік желіде белсенді бола бастаған-ды. Бұл белсенділік енді құзырлы орындардың интернет кеңістігіндегі кері байланысымен нығайды. Қазір қоғамдағы даулы мәселелер facebook, instagram, telegram әлеуметтік желілері арқылы тез тарап, халықтың да кез келген проблемасы, азаматтық пікірлері осы желілерде жариялануда. Жалпы, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты сараптап қарайтын болсақ, ақпараттың үлкен ағыны сол əлеуметтік желілер арқылы өтетінін байқауға болады.
Бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы петицияларға қол қойылып, жұртшылық өз үндерін желі арқылы жеткізіп жүр. Демек, Мемлекет басшының шенеуніктерді әлеуметтік желіде белсенді болуға шақыруы бекерден бекер емес.
Әлеуметтік желіде Үкімет мүшелері, депутаттар, полиция, сот, прокуратура, жергілікті әкімдіктердің парақшалары белсенді бола бастады. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты/Верховный Суд Республики Казахстан» парақшаларына сот үкіміне наразылық танытып, кейбір жандардың арыздарын жазып жатқанын байқаймыз. Әкімдіктерге өз өтінішін қалдырып жататындар көп. Оған Жоғарғы соттың баспасөз хатшылары, әкімдіктердің өкілдері мәселенің назарға алынғанын, нәтижесі хабарланатынын айтып жатады. Бұл көпшіліктің көңіліне үміт ұялатады.
Саясаттанушы Мақсат Жақау «Еститін Үкімет» арқылы биліктің халық үніне құлақ асып, халықпен кері байланыс жасауға тырысқан әрекетінің нәтижелі болып жатқанын байқаймыз. Көп жағдайда азаматтар орталық жəне жергілікті орган басшыларының құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мəжбүр болады. Әр мемлекеттік қызметші, ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды ушықтырмай, дереу шеше білуі тиіс.Осыны білгендіктен, Президентіміз мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру үшін «Еститін Үкімет» қағидасын қолданысқа енгізді. Сондықтан Президент Əкімшілігі жанынан азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлім ашылды. Бұл – «Еститін Үкіметтің» өз дәрежесінде жұмыс істеуі үшін жасалып отырған шаралардың бірі. Естуімше, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты əлеуметтік-экономикалық бөлімінің статистикасына сенсек, алғашқы жылы-ақ, ресми мəліметтер бойынша, 30 мыңнан астам шағым келіп түскен көрінеді. Əрине, бұл жақсы көрсеткіш емес. Бірақ мұндай құрылымның болуы, Президент Əкімшілігінің бұл мəселеге ерекше көңіл бөліп отырғанын білдіреді», – дейді.
Халқының үніне құлақ асқан Үкіметтің халық сеніміне де лайық болатыны сөзсіз.
Қуаныш Ермекова