12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ержан ЕЛШІБАЕВ, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы:«БІЗДІҢ ҚОРДЫҢ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ ЗОР»

Бәзбіреулер бұл мекемені «Проблемалық несиелер қоры» деп атауын қате айтса, енді бірі «атышулы» коллекторлық ұйымдармен шатастырып жатады. Ал, шын мәнінде Проблемалық кредиттер қоры АҚ қандай мекеме, оны құру барысында көзделген негізгі мақсаты мен алғышарттары қандай, – деген сияқты санамызда жүрген көкейкесті сауалдарға жауап іздемекке аталмыш Қордың басқарма төрағасымен сұхбаттасқан едік.

– Ержан Иманқұлұлы, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ секілді мекеме құруда нендей мақсат көзделді, алғышарттары қандай еді?
– «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның тарихы 2012 жылдан бастау алады. Қорды құрудағы негізгі мақсат – отандық екінші деңгейлі банктердің несие портфелін «жұмыс істемейтін», дәлірек айтсақ төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздардан тазарту болды. Дағдарыстан кейінгі кезеңге тап келген 2012 жылдан бастап банк секторындағы NPL деңгейі кредиттік портфельдің жалпы көлемінің 33% дейін, яғни, ең жоғары межеге жеткен еді! Бұл проблема еліміздің бүкіл қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрды. Әлемнің бірқатар елдерін тұралатып кеткен қаржы дағдарысынан Қазақстан қатты зардап шеккен жоқ. Оған себеп: елімізде мемлекет тарапынан қабылданған алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп, оң нәтижеге қол жеткізе білдік. Дағдарыс салдарын қалпына келтіру бағдарламасының негізгі шараларының бірі екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға бағытталған – «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ құрудың алғышарттары осындай еді.
Қор құрылған сәттен бастап елдің ең ірі банктері саналатын – БТА және Цеснабанктің активтерін сатып алу бойынша бірқатар ірі мәмілелерді жүзеге асырдық. Соның бірі – БТА-мен жасалған мәміле нәтижесінде 2017 жылы 4,5 трлн теңгеден астам сомаға халықтың депозиттерін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болдық. Сондай-ақ, отандық агроөнеркәсіп кешенін сауықтыру аясында Цеснабанктің активтері де сатып алынды.
– Бүгінгі таңдағы қор алдында тұрған өзекті мәселелер қандай?
– Бүгінде қор алдында банк секторын сауықтырумен қатар, сатып алынған проблемалық активтерді сауықтыру және оларды экономикалық айналымға жедел түрде қайтару сияқты тағы бір стратегиялық мәні зор, ауқымды міндет тұр. Қор алдындағы және бір міндет – борышкерлерді сауықтыру. Сондықтан активтерді сатып алғаннан кейін ең алдымен қарыздарды қайта құрылымдау мүмкіндігін қарастырамыз. Қайта құрылымдау – төлемдер кестесін қайта қарау, пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, шетел валютасындағы кредиттерді конвертациялау және т.б. түрінде ұсынылуы мүмкін. Бүгінде қордың қоржынында БТА-ға тиесілі, қайта құрылымдау процесіндегі 17 жоба бар. Бұлардың барлығы да салық төлеп, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған әрекеттегі бизнестер. Цеснабанктің «ҚазЭкспортАстық» және «Атамекен-Агро» атты агроөнеркәсіптік кешеннің ірі холдингтері де қайта құрылымдаудан өткеннен кейін өндірістік қызметін жалғастырды. Сауықтыру процесін жеделдету мақсатында, қор әрбір борышкермен жеке жұмыс жүргізеді. Ал қайта құрылымдағаннан кейін де берешек тұрақты түрде өтелмеген жағдайда, өндіріп алу рәсімдерін жүргізу туралы шешім қабылданады.
– Проблемалық кредиттер қоры – мемлекет тарапынан қаржыландырылатын, ҚР Қаржы министрлігіне бағынышты ұйым. Осы ретте бюджет қаражаты есебінен екінші деңгейлі банктерге қол ұшын созу қаншалықты ақталады?
– Екінші деңгейлі банктерді ел экономикасының қан айналым жүйесі десек те болады. Бұл жүйе неғұрлым жақсы әрі тиімді жұмыс істеген сайын мемлекеттің экономикалық жағдайы да соғұрлым түзеле түсетіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Ал жұмыс істемейтін кредиттер жиналып қалған жағдайда банктер экономиканың нақты секторын несиелеу көлемін азайтуға мәжбүр болады да кәсіпорындар жеткілікті қаржыландырылмайды, сәйкесінше өндіріс пен жұмыс орындары қысқарады. Өндірістің төмендеуіне, сату көлемінің азаюына және жұмыс орындарының қысқаруына қарай компаниялардың кредиттерді қайтару қабілеті де нашарлай түсетіні белгілі жағдай. Сол себепті, стрессті активтердің үлкен үлесі банктерді қосымша операциялық шығындар шығаруына мәжбүрлейді. Мұндай жағдай ең алдымен халықтың сатып алу қабілетінің, кірісінің және жалпы өмір сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Банк секторындағы турбуленттік жағдай халықтың оларға деген сенімін төмендетіп қана қоймай, банктердің өз депозиттерінен айырылуына бірден-бір себебі болып табылады. Сондықтан, экономиканы тығырыққа тірейтін жаһандық дағдарыстар нәтижесінде орын алған мәселелерді оңтайлы шешу үшін, мемлекет екінші деңгейлі банктерге қаржылық қолдау көрсету сияқты эффективті шараларға баруға мәжбүр болады. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, мемлекет банк секторына араласпаса және мемлекет
тарапынан қаржылық қолдау көрсетілмесе NPL-дің жоғары деңгейі экономиканың тоқырауына әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Бір кездері әлемнің жетекші елдерінің билігі ең ірі банктерді мемлекет меншігіне алуға, сондай-ақ халықаралық даму банктерінен қаржылық көмек сұрауға мәжбүр болған еді. Мұндай мәселе біздің елде де орын алды. Бұл әлемдік тәжірибе. Осы ретте, Проблемалық кредиттер қоры арқылы мемлекеттік қаржыландыру БТА-ны алғашқы сатып алу шеңберінде ғана жүзеге асырылғанына баса назар аудару қажет.
– Қор портфелінде бүгінде активтердің қандай түрлері бар?
– 2017 жылы БТА-дан сатып алынған активтер заңды және жеке тұлғаларға, жылжымайтын және жылжымалы мүлікке, сондай-ақ акциялар мен ұйымдардағы қатысу үлестеріне қарыздар бойынша талаптар түрінде ұсынылды. Ал, елдің агроөнеркәсіптік кешенін жақсарту шаралары аясында ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне талап ету құқығын Цеснабанктен алдық. Осы талап ету құқықтары үшін кепіл болған жер учаскелері Қазақстанның күллі егіс алқаптарының оннан бір бөлігін құрады.
– Мүлік және талап ету құқықтары туралы айтпас бұрын, бұл қандай талаптар екендігіне тоқталып өтсек.
– Талап ету құқықтары бойынша өндіріп алу дегеніміз, бұл талап қою жұмысы, сот процестері, атқарушылық іс жүргізу, банкроттық процесі, активтерді қордың балансына қою сияқты көптеген күрделі кезеңдерді қамтитын үлкен жұмыс. Мәселен, БТА бойынша активтердің 71% – талап ету құқығын, ал 29% – мүлікті құрады. Төлем қабілеті жоқ борышкерлерге қатысты 40 талап бойынша сот органдары тарапынан 447,7 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Айта кетерлігі, аталған соманы толық көлемде өндіріп алуға кепілзаттың жеткіліксіз болуы «қолбайлау» болып отыр. Ал, Цеснабанктен сатып алынған активтерге келсек, бұл жүз пайыз талап ету құқығы. Қазіргі таңда өндіріп алу процестері аяқталып, әкімдіктермен бірлесе жүргізілген ауқымды жұмыс нәтижесінде активтер жаңа инвесторларға берілді.

– Сатылымға шығарылған мүліктердің (пайыздық арақатынаста да, ақшалай мәнде де) қаншасы сатылғанынан халықты хабардар етсеңіз?
– Бүгінде жалпы сомасы 13,691 млрд теңгеге 178 жер учаскесін, 314 коммерциялық жылжымайтын мүлік объектісін, 83 тұрғын үй қорының нысанын және 210 жылжымалы мүлік объектісін сатуға қол жеткізіп отырмыз. Яғни, 607 жылжымайтын мүлік нысаны жалпы сомасы 20, 230 млрд теңгеге сатылды. Егер пайыздық арақатынаста қарайтын болсақ, онда ең көп сатылғаны жылжымалы мүлік объектілері (40%) екендігін аңғаруға болады. Одан кейін коммерциялық жылжымайтын мүлік – 27%, жер учаскелері – 23% және тұрғын үй объектілері – 10%-ын құрап отыр.
– Мемлекеттік бюджетке қаражатты қайтару қалай жоспарланып отыр?
– Қаражатты қайтару негізінен қайта құрылымдау, сот арқылы өндіріп алу және активтерді сауда арқылы сату сияқты үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша қаражатты қайтару – жұмыс істеп тұрған бизнесті қайта құрылымдау, яғни, салық төлеу, берешегін өтеу арқылы жүзеге асырылады. Сот органдары тарапынан өндіріп алу талап-арыз жұмысы арқылы өндіріп алынған сома немесе мүлік қайтарылған кезде жүзеге асырылады. Үшінші бағыт – былтыр ғана жүзеге асырыла бастаған мүлікті сату процесі. Көрсетілген үш бағытты жүзеге асырмас бұрын, қор қызметкерлерінің ауқымы зор жұмыс атқарғандығын айтып өту қажет. Рет-ретімен талдап көрелік: ең алдымен қор банктердегі активтерді сатып алады. Әрбір объект бойынша визуалды тексеру, инвентаризация, барлық құжаттамаларды қабылдап алу, қабылдау актілеріне қол қою сияқты жұмыстар жүзеге асырылады. Келесі кезең – бұл активтерді қайта құрылымдау, сот арқылы өндіріп алу және сату арқылы басқару жүргізіледі. Яғни, сатып алынған активтің болашағы «үміт» күттірер болса, оған қайта құрылымдау жүргізіліп, ал перспективасы жоқ болса, сот арқылы өндіріп алу процесі басталады. Нәтижесінде қор мүлікті өз балансына қабылдап, активтерді аукцион арқылы сату мүмкіндігіне ие болады. Тек сатылымға шығару бағытының өзінде Ұлттық қорға шамамен 28,6 миллиард теңге көлемінде қаражат аударылды. Жақын арада тағы 4 миллиард теңге аудару жоспарланып отыр. Ал Цеснабанкке қатысты мемлекеттен ақша тартылмағандақтан ҚР Ұлттық қорға қаражат аудару бойынша ешқандай міндеттемелеріміз жоқ.
– Проблемалық кредиттер қоры ағымдағы жылы қызмет бағытының басты назарын нендей мәселелерге аударды және нәтиже көрсеткіші қандай?
– Биылғы жылы Мемлекет басшысы белгілеген пондемияға байланысты дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде стресті активтер нарығын дамыту жөніндегі Жұмыс тобы құрылған болатын. Оның міндеті ретінде – стресті активтер нарығын дамыту, оның ішінде проблемалық активтерді басқару үшін реттеушілік, қадағалау және құқықтық жағдайларды жетілдіруге, екінші деңгейдегі банктердің проблемалық активтерін қайта құрылымдау мен өткізуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу сияқты шаралар белгіленді. Аталмыш Жұмыс тобы Қазақстандағы жұмыс істемейтін активтер нарығын дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарға бастамашылық еткен болатын.Бұл көтерілген мәселелер қазіргі таңда Үкімет қарауына ұсынылды. Қордың биыл атқарған нақты істеріне тоқталатын болсақ, ҚР Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2019 жылғы 28 желтоқсандағы шешіміне сәйкес биыл әлеуметтік маңызы зор шаралармен айналысу үстіндеміз. Мәселен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қала құрылысы жобаларын іске асыру мақсатында жер учаскелерін өтеусіз негізде Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берген болатынбыз. Бүгінгі күннің өзінде жалпы ауданы 243 мың гектарды құрайтын196 жер учаскесі берілді. Бұдан бұрын атап өткеніміздей, 2017–2019 жылдары БТА мен Цеснабанктен қорға өткен ең үлкен проблемалық портфельді басқарып отырмыз. 2019–2020 жылдары БТА мен Цеснабанк портфеліндегі 32 борышкермен компаниялардың қарыздарын қайта құрылымдауға қол жеткізе алдық. Мұндай шара компаниялардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілері тарапынан көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап кетуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының халықты және кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында Проблемалық кредиттер қоры бірқатар оң шешімдер қабылдаған болатын.Солардың ішінде борышкерлерге қарызды өтеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндіктері беріліп, шағын-орта бизнес өкілдері коммерциялық үй-жайларды жалға беру төлемақысынан босатылды.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев 2019 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» №34 Жарлыққа қол қойды. Өзге мекемелермен қатар Проблемалық кредиттер қоры да аталған шара аясында қыруар жұмыс атқарғанынан хабардармыз. Сұхбатымызды қортындылай келе, осы мәселеге де тоқталып өтсеңіз.
– Борыш жүктемесін азайту – көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар және т.с. сияқты санаттарға жататын азаматтарға қатысты жүргізілді. Өз кезегінде, Проблемалық кредиттер қоры қаржы операторы ретінде әрекет ете отырып, бұл бағдарламаны ҚР Ұлттық Банкі бекіткен механизм шеңберінде негізгі екі бағыт бойынша жүзеге асырды. Бірінші бағыт шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін қор тарапынан 716 519 кепілсіз тұтынушылық қарызды өтеуге екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына 120,5 млрд теңге көлемінде қаржы аударылды.
Сондай-ақ Жарлықты іске асыру мақсатында екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиттері бар, ел азаматтарына 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген (тиесілі) тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар мен өсімпұлдарды) өтеу механизмі бекітілді. Осы бағыт шеңберінде екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары 2019 жылғы 30 шілдеге дейінгі мерзімде ел азаматтарының барлық санаттарына 1,4 млн берешек бойынша жалпы сомасы 33,6 млрд теңгеге есептелген тұрақсыздық айыбын кешіруді жүзеге асырды. Қор ел азаматтарының кешірілген тұрақсыздық айыбы бойынша берешегінің 30 пайызын өтеп беру мақсатындаекінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына 10,1 млрд теңге көлемінде қаражат аударды. Жалпы алғанда, ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру нәтижесінде қазақстандықтардың борыш жүктемесі едәуір азайды. Ал қарыздарының жалпы мөлшері ескерілген бірқатар азаматтың берешегі толықтай өтелді.
– Әңгімеңізге рақмет! Ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталған қызметіңізге сәттілік тілеймін.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...