Фархат Берғазиев (аты-жөні өзгертіліп алынды) 1986 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында туған. 22.05.2007 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотының үкімімен ҚР ҚК 179-бабы, 2-бөлігінің «б, г» тармақтарымен және 178-бабы 2-бөлігінің «а, в» тармақтарымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде жалпы 6 жылға бас бостандығынан айырылады. 12.05.2010 жылы Шымкент қаласы, Абай аудандық сотының қаулысымен ҚР ҚК 70-бабы негізінде 2 жыл 9 ай, 10 күнге шартты түрде босатылды. Мерзімінен бұрын…
***
2011 жылдың желтоқсан айы. Күннің суық ызғарына қарамастан Фархат бүгін әдеттегіден ерте тұрды. Өзінің ниеттес достарымен құрған жоспарын іске асыру үшін таңғы сағат 6-дан асқанда Шымкенттегі темір жол вокзалына келді. Күн суық болса да әрі-бері жүрген адам қарасы көп. Әнебір бұрышта бүрісіп отырған адам ғана ешкімді күтпейді. Өйткені, оның біраздан бергі тұрақты мекенжайы – осы вокзал. Әсіресе, қылышын сүйретіп қыс келгелі ары-бері ешқайда ұзай алмайды. Түнде паналайтын бір жер тауып алған болуы керек, әйтеуір ерте таңнан қара көрсетеді. Жалғыз досы – иті жанынан бір елі алыстамайды. Адамдардың тастаған тағам қалдықтары бұл екеуінің ұқсас ит ғұмырына жетеді. Бірақ, бұл жайт Фархаттың ойына да кіріп-шықпады. Өйткені, оның жүрегі аяушылық деген сезімді біржолата өшіріп тастаған. Бәлкім, ондай сезім о бастан-ақ болмаған да шығар. Кім білсін?
Сабылған жұртпен бірге Фархат та кезекті бағыттағы поездың келуін тағатсыздана күтіп жүр. Әрине, ол алыстан ат терлетіп келген көліктен сүйіктісін немесе аяулы ата-анасын, қымбат бауырын күткен жоқ. Күткені – бейтаныс адам еді. Онда да көздегені – жалғыз жүрген бойжеткен.
Бір кезде темір тұяғымен жер тепкілеп Астана-Сарыағаш бағытын бетке алған №85 поезд Шымкентке келіп тоқтады. Бірін бауырлары, бірін достары күтіп алып жатқан жолаушылардың барлығы да мәз-мейрам. Жүздерінде қуаныш. Елеусіз ғана темір баспалдақтан төмен қарай түскен еуропа нәсілдес бір бойжеткен ғана ешкімді күтпеген күйі, дұрысы өзін ешкім күтіп алмайтынын біліп, вокзал ішіне қарай бет алды. Бұл көрініс Фархаттың көзіне бірден түсті. Жалғыз екеніне анық көз жеткізу үшін тағы біраз барлау жасады. Иә, ешкім күтіп алмайтыны анық болды. Дереу қасына жақындап, баратын жеріне жылдам жеткізіп тастайтынын айтты. Сезік тудырмас үшін барынша жылы сөйлеуге тырысты. Бейтаныс бойжеткен «таксист жігітпен» келіскеннен кейін алаңсыз көліктің жылы кабинасына жайғасты.
Көлік ішінде өзінен басқа тағы екі жолаушы бар екен. Барлығы да ер адам екенінен алғаш сескеніп қалғанымен, үрейін үмітке жеңдірді. Іштей дұға етуді де ұмытпады. Сүліктей қара түсті «Mersedes-bens 180С» маркалы автокөлік орнынан асықпай қозғалып, қала сыртын бетке алды. Біраз уақыт жүріп, көлік Сайрам ауданына қарасты Алматы-Термез тас жолының 710 шақырымы тұсына келген кезде ақырын жол шетіне шығып, тоқтады. Белгісіз бойжеткеннің жүрегі бір жамандықты сезгендей тулап қоя берді. Дегенмен, өзін-өзі ұстап, сабыр сақтады. Басқа амал да жоқ еді. Алайда, жаман ойы шындыққа айнала бастағандай. Қасындағы қос жолаушы дегендері «таксистің» сыбайлас құзғындары екен. Артында отырған екеудің бірі қарулы қолдарымен қыздың мойнынан қысып, қылқындыра бастады. Шыбын жанын сақтап қалу үшін бойжеткен сұрағанын беруге уәде етіп, жыларман күйге түсті. Қарақшыларға да керегі осы еді. Олжалағандары 500 теңге мен құны 128 мың теңге тұратын ноутбук және жалпы құны 73500 теңге болатын бір алтын сырға, екі алтын алқа болды.
Қандықол қарақшылар мұнымен тоқтамады. Қорғансыз қызды көліктен күштеп түсіріп, жол жиегінен 30 метрдей алысқа, көзден таса жерге алып барды. Көздері қанталап, қолдарын сумаңдатқан адам кейпіндегі шибөрілер қыз денесін тулаққа айналдырып, кезектесіп арам ойларын, айуандық іс-әрекеттерін жүзеге асырды. Сонда да болса аман қалудың амалын ойлаған қорғансыз қыз баласының жалынышты жанары жүректерін титтей де болса селт еткізбеді. Өз сөмкесінің бауымен өзін қылқындыра бастады. Байғұс бойжеткеннің тынысы тарылып, жаны қиналып, аяғын сермеп қарсылық танытпақ болған әрекетінен ештеңе шықпады. Бірте-бірте аяқ-қолдары, бүкіл денесі қозғалыссыз қалып, жүрек соғуын мәңгіге тоқтатты…
…Жазықсыз өлім, бір отбасының қайғы-қасіреті қарақшыларды тәубесіне түсірмеді. Керісінше, айуандық әрекеттерінен ләззат алып, аяқтарын алшаң басып, кезекті құрбандықтарын аңдуға көшті. Ақпанның 10-шы жұлдызы болатын. Қарақшылар әлгі «қара сүлігімен» Сарыағаш қаласынан өтіп бара жатып, жанар май құю бекетінің алдында такси тоқтатып тұрған жалғыз бойжеткенді көздері шалды. Мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін ба, жанына кілт тоқтай қалды. Айтқан жеріне апарып тастайтын болды. Күдік тудырмас үшін бағасын да алдын ала келісіп алды. Шымкент бағытын бетке алып жүйткіген көлік шаһарға жетуге 30 шақырымдай қалған кезде жаттанды сценарийлері бойынша жол жиегіне тоқтады. Қарақшылар да әбден әккі болып алған. Ай-шайға қарамастан гүрзі жұдырығымен арудың ауыз тұсынан бір-екі рет соққы берді. Есеңгіреп қалған бойжеткен сұрағанын беруге дайын болды. Қалтасынан екі мың теңге ақша шықты. 30 мың теңге тұратын алтын жүзіктерін тартып алды. Осы тойғандарына тәубе етіп, бойжеткенді босатып жібере салса да болар еді ғой. Бірақ, ол қылмыстарының куәгері болып қалуы әбден мүмкін. Жоқ, тірі қалдыруға болмайды. Осындай оймен қарақшылардың бірі пакетпен аяқ-қолдарын қысып байлады. Екіншісі аяқ киімінің бауын шешіп, мойнына орады. Бекем бау қыз мойнында үзіле қойсын ба, қайта қыз өмірін үзді. Жайқалған жауқазын ерте үзілді, жас тағдыр аяққа тапталды.
Е-ее, заман-ай десеңізші! Адамның құны көк шыбыннан да төмен болып кеткені ме? Мал емес, адам өлтірген қылмыскерлер ештеңе болмағандай ертеңіне кезекті құрбандықтарын іздеуге шықты. Тағы да темір жол вокзалын торуылдады. Аңдығандары – жалғыз-жарым жүрген қыз баласы. Бұл жолы қармаққа Алматы-Сарыағаш бағытындағы №86-шы пойызынан түскен бойжеткен ілікті. Оның жалғыз жүргенін пайдаланып, діттеген жеріне апарып тастайтынын айтты. Адам деген аттан садаға кеткір қандықол қарақшылар Алматы-Термез тас жолының 712 шақырымының батыс жағында шамамен 20 метр арақашықтықта орналасқан ашық және бөгде адамдар жоқ жерге келіп тоқтады. Өздерін зор сезініп, қоқиланған қорқаулар қыздың басынан бір-екі қатты соққы берді. Қылқындырды. Ұялы телефоны мен алтын бұйымдарын тартып алды. Қалтасынан шыққан 35 мың теңгені иеленді. Әуретімді жасырып жүрсін деген өз орамалын өзінің өліміне себепші етті.
8 наурыз. Аналар ажарланып, келіншек біткен көріктенетін, әпке-қарындастар құлпыратын керемет күн. Бүгін сарыағаштық бойжеткен де ұйқысынан ояна сала әлденеге қуанып, ерекше көңіл-күйде жүрді. Сол көтеріңкі көңілмен алтын әшекейлерін тағынып, Қапланбек-Жібек жолы тас жолының бойына шықты. Қол көтеріп, такси тоқтатып тұрғанда енді үйіне қайта оралмайтынын ол білген жоқ, әрине. Қасына қара мерседес көлігі тоқтап, баратын жеріне жеткізіп тастайтынын айтқанда да қуана келісті. Бүгін кездескеннің барлығын жақсы адамдар деп қабылдады. Бірақ, адам аласы ішінде. Оның ішіне қандай қулық жасырғанын Жаратушыдан басқа ешкім білмейді. Біраз уақытқа дейін жүзі бал-бұл жанып, бақыт лебі сезіліп тұрды. Бірақ, бұл ұзаққа созылмады. Қыз ғұмыры ойламаған жерден тұзаққа түсті. Қарақшылар жолда әдеттегі қылмысын айнытпай қайталады. Әуелі тұмсықтан жұдырықпен ұрып, мойыннан қылқындырды. Өлтіреміз деп қорқытып, 45 мың теңгесін, 385 мың теңге тұратын алтын бұйымдарын тартып алды. Жалынғанына, шыңғырғанына қарамай, өз сөмкесінің бауын мойнына орап, қылғындырып өлтірді. Бұл жолы қарақшылардың еркінсінгендері сонша, тіпті, құрбандықтарын жол бойынан алысырақ, тасалау жерге апарып тастауға да ерінді. Мәйітті көліктен шығарып, жол жиегіне лақтырып тастады да жөнімен кете берді…
Бұрын-соңды мұндай қылмысты қарау тәжірибесінде кездеспеген алқа билер қылмыскерлердің азғындық әрекеттерін қатаң жазалауды сұрады. Осындайда әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген мағынасы терең тәмсілі ойға оралады. Небәрі 21 жасында адам қанын мойнына жүктеп, ауыр қылмысқа барған адам бала кезінде қандай тәрбие көрген болуы мүмкін? Бәлкім, есі кіресілі-шығасылы, өз ісіне жауап бере алмайтындай психологиялық ауытқуы бар шығар? Жоқ, олай да емес екен. Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, сотталушы жүйке ауруларымен ауырмайды және осы кезге дейін де ауырмаған. Наркомания, алкоголизм дерттері де мазаламайды. Бір сөзбен айтқанда, ешқандай да еріксіз емделуді қажет етпейді. Қылмыс жасаған кезде уақытша психикалық бұзылыстар болмаған, яғни барлығын да мақсатты, саналы түрде іске асырған.
Фархатты түрме де түзете алмапты. Керісінше, қылмысын үдете түскен. 21 жасында ауыр қылмыс жасап, 6 жылға сотталса, темір тордан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғаннан кейінгі қылмысы аса ауыр дәрежеде. Төрт бірдей кінәсіз бойжеткеннің өмірін қиып, туған-туыстарын, отбасы мүшелерін ауыр қайғыға батырды. Мұндай қылмыскер қоғам үшін өте қауіпті. Осыны ескерген алқа билер сотталушыны 15 жылдан аса уақытқа бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, судья А.Қарабаев оның бұрын да өтелмеген ауыр қылмысы барын, қоғам үшін өте қауіпті қылмыскер екенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің «а,б» тармағымен, 179-бабының 2-бөлігінің «а,б» тармақтарымен және 96-бабының 2-бөлігінің «ж,з,н» тармақтарымен кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім етті. Жазасын «ерекше» режимдегі түзеу колониясында өтеуге кесілді. Мұны лайықты жаза деп бағалауға болады. Түрме бір рет түзете алмаған адамды екінші мәрте ақылды адам етіп шығарады деп айту қиын. Бостандыққа шығар болса, тағы да қауіптің құлпын бұзып, айналасына айдаһарша айбат шегуі әбден мүмкін. Сол себепті, мұндай қылмыскерлердің бұл өмірдегі орны – темір тор. Ал арғы дүниедегі жазасын жалғыз Жаратушының өзі ғана біледі.
Жақынын жоғалту, туысынан мәңгілікке айырылу кімге болса да өте ауыр сынақ. Құдай басқа салмасын дейміз. Марқұмдардың қолды болған дүние-мүлкі, қаражаты олардың мұрагерлеріне қайтарылып, сот арқылы жәбірленушілерге моральдық шығын өндірілу міндеттелді. Бірақ, бұл олардың жақынының орнын толтыра ала ма? Жоқ, әрине! Ешқашан толтыра алмайды.
Ш.Молдабек