Осынау бүкіл адамзат үшін рухани мәні зор кезеңде біздің елімізде орасан зор саяси процестер қарқын алып отыр. Ол процестің басты өзегі елімізде жарияланған Конституцияға өзгерістер жөніндегі референдум.
Референдум жөнінде ой толғау үшін ең бірінші Қазақстанның саяси тарихына шолу жасау қажет. 30 жылда Қазақстан толыққанды тәуелсіз мемлекет болып мойындалды. Халықаралық аренада жинап терген абыройымыз да бар. Айналадағы көршілермен өзара тату-тәтті өмір сүрудің бет-әлпетін де жасадық. Ешқандай ұлтаралық шиеленіс болмады, төзімді болдық, иық тіресіп өзара тату өмір сүре білдік. 30 жылдағы әттеген-айларға да тоқталсақ:
Жер мен жер қойнауы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетті. Халық бүкіл елге тиесілі жер, жер қойнауы ресурстарынан тыс қалды. Бүкіл байлыққа олигополия ие болып қалды. Саяси аренада да монополия пайда болды. Демократия мен плюрализм принциптері аяқ асты болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген үш жылдың ішінде елімізде саяси реформалар мен әлеуметтік әділеттілік принциптерін енгізуді ұсынып қана қоймай, осы мәселені жүйелі түрде іс-жүзіне асырып келеді. Саяси реформа дегеніміз, ең бірінші Конституцияны тазалап, басты құжатта халық пен ел принциптеріне басымдық беру. Енді, сол Конституцияға енетін өзгерістерді бір анықтап өтсек. Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» деген ұғым енгізіледі. Яғни, бүкіл жер ресурстары мен жерге қатысты шаруашылық қатынастар принципін өзгертеді деген сөз. Конституциялық Сот институты пайда болады. Бұл сотқа еліміздің азаматтары барлығы жүгіне алады. Бұл соттардың қисық-қыңыр, түсініксіз, әділетсіз шешімдеріне үлкен тосқауыл болатындығы анық. Бүгінде соттардың ісіне бірде-бір институт, мемлекеттік орган араласуына құқы жоқ. Сөз жүзінде, сот өкілдері дербес, тәуелсіз. Соттар өздерінің тәуелсіздігін өзінше түсініп, азаматтардың құқын бұзады деген түсінік басым. Енді, соттарды да бақылау институты пайда болады деген сөз.
Президенттің құзыреті азайып, Парламент, оның ішінде, Мәжілістің құзыры артады. Мәжіліске Жоғары аудиторлық палатаны тыңдау, оның есебі бойынша шешім қабылдау құзыреті беріледі.
Партияларды тіркеу жеңілдейді. Партияны тіркеу үшін бар-жоғы 5 мың адамның қолы қажет. Бұл партиялық құрылыс жылдамдап, жаңа саяси күштер пайда болады деген сөз. Парламенттің Мәжілісіне және жергілікті маслихаттарға тікелей сайлау, можаритарлық жүйе енеді. Бұл аспект Парламент пен маслихаттардың халыққа есеп беру дәрежесін арттырады. Бұл өзгерістердің барлығы ертең халық мүддесі тұрғысынан жасалған жаңа заңдардың пайда болуына алып келеді. Өткендегі олигополия, әділетсіз экономикалық жүйе, жеке бір топтың саяси монополиясы келмеске кетеді деген сөз. Бұл Конституция жобасының ең басты ерекшелігі саяси монополияны келмеске кетіреді, экономикалық игіліктерді халыққа қайтаруға алғышарт жасайды. Жаңа Конституцияның жобасы өткен мен болашақтың, ескі саяси жүйе мен жаңа әділетті, саяси плюрализмге бағытталған жүйе арасындағы жолайрық, ара жігін ашып алу фундаменті.
Өкінішке қарай, осы реформаларға жаны қарсы, өзінің материалдық ресурстарынан айырылып қалуға жақын тұрған, бұрын халыққа тиесілі игілікті «сүліктей сорып» келген топтар бұл өзгерістерді қаламайды. Олар бұрынғы саяси, экономикалық «статус-квоның» сақталып тұрғанын, өздерінің күн көріп отырған, «жіліктің майлы» жерінен, «құйқаның» қалың жерінен айырылғысы келмейді. Сондықтан, Конституцияның жаңа жобасын қабылдауды қаламайды, әртүрлі жолдармен референдумға қарсы шығуы да ықтимал. Бізге осыдан сақ болу керек.
Реваншисттік күштер, өткенді көксеп, саяси жүйені ескіге алып келгісі келеді. Олар бүгінгі саяси реформаларды ревизия жасап, халыққа экономикалық игіліктердің қайтуына, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің іс-жүзіне асуына қарсы тұратындығы анық.
Мен референдумды қолдаймын, өйткені референдум демократия мен плюрализмнің негізін қалайды! Басқа мемлекеттер бүгінгі турбулентті заманда жеке биліктің фундаментін қатайтып, азаматтардың құқын қысып жатқан кезде, Қазақстан саяси реформалар жасап жатыр. Біздің басшылық халықтың мүддесін қорғап, азаматтардың құқын арттырып жатыр. Олигархтардың құлқынын тоқтатып, халық игілігін өзіне қайтаруға жол басталды. Араны ашылып кеткен қаржылық топтардың тәбетін тоқтатып, халықтан әділетсіз тартып алған меншігін орнына қою процесі жүріп жатыр. Сондықтан, референдумды қолдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Демокартия. Плюрализм. Әлеуметтік Әділеттілік. Теңдік. Заң және Құқық. Міне, біз діттеген, біз аңсаған құндылықтар осы жаңа Конституцияда айқындалған.