Биыл қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінде үш арнаулы салық режимі көзделген. Атап айтсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері. Біз осыған орай Жамбыл облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан НҰРМАХАНБЕТОВТЕН заңнамадағы өзгерістерді түсіндіріп беруді сұраған едік.
– Ербол Мирамбекұлы, қазіргі өзекті сұрақтардың бірі оңайлатылған декларация негізіндегі салық режиміне қатысты деуге болады. АСР қолдану үшін бизнес субъектілері салық салу режимі туралы хабарламаны 1 наурызға дейін ұсынбаған жағдайда не болады? – Осы хабарламаны ұсынбаған, яғни, режимді таңдамаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тəртібіне автоматты түрде көшіріледі. Жалпыға бірдей тəртіпте: 1) салық салу 10 пайызбен жүзеге асырылады (салыстырмалы түрде АСР 2%, яғни 5 есеге көп. 2) Бухгалтерлік есептемелерді жүргізуге міндеттеме туындайды. 3) Табыстарыңыз шекті мөлшермеден асқан жағдайда (43,2 млн тг.) онда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу жəне ҚҚС 16% ставкамен төлеуге міндеттеме туындайды. 4) Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге көшуді тек бір жыл өткен соң ғана жүзеге асыра аласыз.
– 2025 жылы патент немесе арнайы мобильды қосымша негізінде кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырған тұлғалар, ары қарай кəсіпкерлік қызметін жалғас тырғысы келсе не істеу керек?
– Егер патентпен немесе мобильды қосымшамен жұмыс істеген кəсіпкер ары қарай кəсіпкерлік жұмыс жасауды шешсе, оларға екі жолы бар. Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшуге болады, ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шарттарға сай келуі керек. Атап айтсақ, арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қыз мет түрлерінің тізбесіндегі қызмет түрі сай келуі тиіс. Онда рұқсат етілген қырық қызмет түрі бар. Мысалы, такси қызметі, жеке немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға алу, ветеринариялық қызмет, аяқ киімді жөндеу, шаштараздар, сұлулық салондары жəне т. б. қызметтері. Екіншіден, кəсіпкерлігі болмау тиіс. Үшіншіден, табыс көлемі айына 300 АЕК-тен аспауы (1,297 млн) керек. Төртіншіден, жалдамалы адам болмауы тиіс. Осы режимді қолдану үшін шарттарға сай келсе, патентпен істеген тұлға жеке кəсіпкерлікті жабу керек. Бұл ретте, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып табылады.
– Бұл режим не үшін керек болды?
– Бұл режим жалпы микро бизнесті көлеңкеден шығаруға жəне осы тұлғаларды əлеуметтік қамсыздандыруға, яғни базалық əлеуметтік кепілдіктерді беруге бағытталған. Бұл режимді тек жеке тұлғалар ғана қолдана алады (заңды тұлғаларға болмайды). Екінші жолы – оңайлатылған декларация негізіндегі АСР таңдау үшін 28 ақпаннан кешіктірмей хабарлама ұсыну. Егер 2025 жылы патент негізіндегі немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР-ін қолданған салық төлеушілер ЖК-ні өз бетінше жаппаса немесе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдану үшін хабарлама ұсынбаса, онда – 2026 жылғы 1 наурызында салық органдары осы санаттағы кəсіпкерлерді автоматты түрде жеке кəсіпкер ретінде есептен шығарады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі. Біраз кəсіпкерлер жалпыға бірдей тəртіпке ауысып жатыр. Осыған орай оларға бухгалтерлік есеп жүргізуге міндеттеме туындайды, ал нақты келгенде қандай жағдайда бухгалтерлік есептемелерді жүргізбеуге кəсіпкердің құқығы бар? «Бухгалтерлік есеп жəне қаржылық есептілік туралы» заңның нормалары негізінде дара кəсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуді жəне қаржылық есептілікті жасауды бір мезгілде мынадай шарттарға сəйкес келетін болса, бухгалтерлік есептемелерді жүзеге асырмауға құқылы: 1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сəйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданады жəне күнтізбелік жылдағы табысы айлық есептік көрсеткіштің 135 000 еселенген мөлшерінен (583 875 000 теңге) аспайды; 2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмайды; 3) табиғи монополия субъектілері болып табылмайды. Осы тармақта көрсетілген шарттардың бірі сəйкес келмеген жағдайда, дара кəсіпкер осындай сəйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп жүргізуді жəне қаржылық есептілікті жасауды жүзеге асыруға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, осы шарттар бірден сақталған жағдайда, кəсіпкер бухгалтерлік есептерді жүргізбеуге құқылы.
– Қолданысқа енген кодексте халықтың əлеуметтік осал топтары үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– I жəне II топтағы мүгедектер үшін Салық кодексінде қолданыстағы 882 АЕК-тен (айына 289 мың теңге) салық салынбайтын табыс салығының ең аз мөлшері 5 000 АЕК-ке (айына 1600 мың теңге) дейін ұлғайтылды. ЖЗҚ-дан зейнетақы төлеу кезінде азаматтарды табыс салығын төлеуден босатты. Азаматтар үшін көлік салығының мөлшері 10 жылдан асқан автомобильге – 30 пайызға жəне 20 жылдан асса – 50 пайызға азайды. Бұл өзгеріс 2026 жылға төлеу кезінде, яғни 2027 жылдың 1 сəуірінде төлеушілер үшін. Прогрессивті салық салуды енгізу шеңберінде жалақыдан стандартты салық салынбайтын шегерім ұлғайтылды. Атап айтқанда, базалық салық шегерімі енгізіліп отыр. Осылайша, жалақысы 140 мың теңгеге дейінгі төмен жалақы алатын қызметкерлер табыс салығын төлемейді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист


