12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Еркін СТАМШАЛОВ, Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс тобының жетекшісі: «Отандық архив қорлары жауап бере алмайтын сауал жеткілікті»

Қоғамдық сананы отарсыздандыру (деколонизация) деген түсінік бар. Отарлық қамыттан шыққан елдердің басынан өткеруге міндетті бір үдеріс саналады. Отарсыздану барысында бодандық кезеңде белең алған идеологиялық насихат қалыптары, тарихи процестер мемлекеттің тәуелсіздігі тұрғысынан қайта қаралып, сараланбақ. 2020 жылы 24 қарашада ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісі арнайы құрылған мемлекеттік комиссия мен оның жұмыс топтарының күшімен жанданды. Қоғамдық ғылымдар өкілдері, тарихшылар зерттеуге ұйысқан бұл жұмыстар республикалық, өңірлік деңгейде тұрақты негізде жүзеге асырыла бастады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осы бағытта ізденіп жүрген Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының докторанты Еркін Стамшаловты әңгімеге тартқан едік.

– Еркін Иманғазыұлы, сіз жұмыс тобына жетекшілік ететін комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы бойынша алғашқы мемлекеттік комиссия емес. Оның өзгелерден басты ерекшелігі қандай?

– Расында да Қазақстан тарихындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі алғашқы комиссия қорытындысы 1992 жылдың 22 желтоқсанында жарияланды. Алғашқы мемлекеттік комиссия негізінен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы саяси репрессияларға саяси-құқықтық бағасын берді. Комиссия қорытындыларында 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 12 тармағы бойынша жазаға тартылған құрбандар ақталып, жаппай жазалауға негіз болған кейбір кеңестік құқықтық актілерге баға берілді. Тарихи кезеңнің ерекшеліктеріне, қоғамдық сұранысқа сай жүргізілген бұл комиссия жұмысы тарихи сана жарасын сауықтыруда сеңнің бұзылуына әсер еткенін айту керек. Алайда, кеңестік кезең салқынымен астас жүргізілген ақтау жұмыстары толыққанды болмады. Кеңес қоғамында тоталитарлық зорлық-зомбылық көрген басқа әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалардың қасіретіне назар аударылмады. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 59-бабы (бандитизм аталған халық көтерілістері), 61-бабы (қоғамдық міндеткерліктерді орындамау), 107-бабы (азық-түлік дайындау науқанында тапсырманы орындамау), 84-бабы (заңсыз шекара бұзу) сияқты және 70 жылдық кеңестік оспадарлықтың басқа да қырлары қаралмады.
2020 жылғы Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен қолға алынған мемлекеттік комиссия құзыретіне толық ақтау, яғни жазықсыз жапа шеккен, атылған, асылған, лагерлерге қамалған, жер аударылған, мүлкі тартып алынған, азаматтық құқығы шектелген азаматтар категорияларын жаппай ақтау міндеті кірді. Республикалық комиссия тарапынан құрылған 11 түрлі жұмыс тобы жазаланғандардың осынша категориясын ақтау үшін зерделеу, іздестіру жұмыстарын қамтыды.

– Топ жетекшісі ретінде комиссия жұмысы қалай жүріп жатқанын айтсаңыз.

– Алматы облыстық өңірлік комиссия жоғарыдағы тоталитаризм құрбандарының 11 категориясын 7 жұмыс тобы аясында қарастыруда. Алматы округі, кейіннен Алматы облысы шекара аудандарында орын алған аштық, күштеп ұжымдастыру, кулакқа жатқызу, дінге қарсы науқан, шектен тыс салық, азық-түлік тапсырмаларының ауыртпалығы, осыдан туған жаппай халық көтеріліс­тері, босқындар тарихы жеке-жеке қарастырылуда.
Өзім жетекшілік ететін №5 жұмыс тобы халық көтерілістеріне қатысушылар, дінге қарсы науқан құрбандары, жеке тұлғалардың, мәдениет, қызмет бабы бойынша антикеңестік жеке қарсылықтарын (диссиденттер) қамтиды. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде 1928–1934 жылдар аралығында Алматы облысы аумағында 20 ірі халықтық бас­көтерулер анықталып, оған қатысқандардың сандық мәліметі жинақталды. 125 шаруа көтеріліске қатысқаны үшін сотталған, олардың ішінде ақталмаған 44 шаруа бар. ОГПУ-НКВД-КГБ тергеуі ақпары негізінде түрліше контрреволюциялық топ, ұйым, жеке қарсылық ұйымдастырды деген айыппен жауапкершілікке тартылған, сотталғаны беймәлім, ақталмаған 55 тұлғаның тізімі жинақталды. 1932 жылдың 7 тамызында Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау туралы» қабылдаған қаулысына сай («Бес масақ» заңы) Алматы облысы бойынша сотталған 1634 шаруаның жеке ісі қаралды.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға негіз болар дерек көздері қандай? Архив қорлары қаншалықты ашық?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары 90-жылдардағы алғашқы комиссия жұмысындағыдай негізінен архивтерде жүргізілуде. Алматы облысы бойынша іздестіру жұмыстары ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Президент архиві, Алматы облыстық мемлекеттік архиві, Алматы облыстық ішкі істер департаментінің арнайы архиві, облыс прокуратурасының құқықтық статистика жөніндегі архиві аясында ұйымдастырылды. Алғашқы үш архив жалпы негіздегі азаматтық архив саналса, құқық қорғау органдарының архивтері зерттеушілерді тиісті рұқсатнамамен қабылдайтын арнайы мұрағаттар саналады. Өңірлік комиссия жұмысының мүшелері рұқсатнамамен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл арада ескере кететін бір мәселе бар. Ол өңірлік ерекшеліктерге байланысты. Жетісу губерниясы, Алматы округі, Алматы облысы деп аталып келген өңірдің 8 ауданы шекаралық санатында болуы зерттеу жұмыстарын күрделендіреді. Толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс бағыттары бойынша анықтағандай, босқын, көтерілісші, ашыққан халықтың басым көпшілігі большевиктік-өлкелік биліктің қадағалау аясына тартылмай, босқындық қамытын киген. Ғылыми экспедициялардың барысында Арнайы архив, тіпті жабық қорларда мәліметтері сараң түрде кездесетін Кеңес өкіметі жазалауына ұшыраған «шетелдік банда» деп айдар тағылған топ анықталды. Бұлар Кеңес өкіметінің аграрлық, діни саясатына қарсы шығып, қолына қару алып күресіп, бас сауғалап шекара асқандар. Алматы округі бойынша босқындар негізінен, Батыс Қытайға, Қырғызстанға босты. Бірқатар халық көтерілісінің ардагерлері (Құндақбай Төлендинов, Жақыпберды Солтанбекұлы, Мергенбай Жаманкөзұлы, Көкімет Баялыұлы және т.б.) Кеңестік биліктің талабы бойынша Қытай өкіметінің қолынан қаза тапты. Атап айтқанда, 1932 жылы Қытайдың Күре түрмесіндегі Жақыпберді Солтанбекұлы бастаған 24 көтерілісші атылды. Көтерілісшілер мүрделері Жаманбұлақ қорымына жерленген. Атылғандарың үлкені 47 жасар Жақыпберді Солтанбекұлы болса, ең жасы 16 жасар Тұрсынбай Әубәкірұлы болған. Жақыпберді бастаған 12 адамды да Күре түрмесіне әкеліп, сонда атады. 24 көтерілісшінің мүрдесін жергілікті ұйғырлар Жаманбұлақ қорымына жерлейді.
Көріп отырғанымыздай, отандық архив қорлары жауап бере алмайтын сауал жеткілікті. Бұл арада Алматы облыстық комиссиясындағы жұмыс топтары салалық бағыт бойынша Райымбек, Кеген, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Ұйғыр аудандарына экспедиция ұйымдастырды. Экспедициялардың пайдасы көнекөз куәлер, құрбандардың ұрпақтарымен көзбе-көз сұхбаттасуға мүмкіндік берді. Куәлердің айтқаны, олардың аузынан жазып алған жергілікті өлкетанушылардың қолындағы мәліметтерді толық ақтау комиссиясы қорытындыларына пайдаланудың ұтымдылығы байқалды.
Бұған қоса 30-шы жылдары отандық архив қорларында белгісіз қол тарапынан «тазалау» жұмысы да жүргізілгені байқалады. Олай деуге орталық архивтер, жергілікті архивтер болсын, кезеңдік жағынан, құжаттар жағынан селдірлік байқалады Цензура мақсатынан туған мұндай шаралар аудандық деңгейдегі архивтерді азырақ шарпыған. Аудан архивтерінен орталықтан кездеспеген құнды құжаттар табылуда. Мұндай жағдайға жұмыс топтары Ра­йымбек, Панфилов аудандық архивтерінде жұмыс істегенде кездестік.
Сіз қойған құжаттардың ашықтығы, архив қорларының қол жетімділігі құпия­сыздандыру жұмыстарымен байланысты. Толық ақтау бойынша комиссия жұмысы жүргізілгелі бері, жабық қорлардағы «құпия» белгісі бар істерді құпиясыздандыру жұмыстарына жан бітті. Прокуратураның арнайы статис­тика архиві құжаттарының басым көп бөлігі құпиясыздандырылып жатыр. Бұл жұмыстарға, әрине, толық ақтау комиссиясы жұмыс топтарының қолғабысы көп болды.

– Қуғын-сүргін көргендердің нақты саны анықталды ма? Құрбандарды ақтау жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Әрине, толық ақтау комиссиясының міндеті ұлттық апаттың көлемін нақтылау екені белгілі. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Деректердің жұтаңдығы, түрлі катаклизмдер жағдайында құжаттардың жойылуы, қолда бар жалпылама құжаттар көлемінің ауқымдылығы құрбандар санын анықтау жұмысын қиындатады. Алматы облысы архивтері қойнауында тәркіленуші шаруа, діндәр, босқын, жер аударылғандар сияқты құрбандар категорияларының араб графикасымен жазған арыз-шағымдарының мол қоры бар. Құрбандар санын анықтау үшін бұл құжаттар да зерделенуі керек. Осы құжаттармен жұмыс істеу үшін Алматы облыстық комиссиясы жұмыс топтарында 3 араб графикасын меңгерген маман тартылды. Тізбеленген қиындықтарға қарамастан жұмыс тобы бойынша белгілі бір қорытындылар бар.
Жалпы облыс бойынша 83 тәркіленуші шаруаның тізімі анықталып, олардың 30-ы ақталмағаны дәлелденіп отыр. Алматы облысының шекаралық аудандарынан мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 273 шаруаның тізімі анықталды. Мамандардың тиісті талдауынан өтіп жатқан 1932 жылғы 7 тамыздағы заңы бойынша Алматы облысында 1634 шаруа сотталғаны анықталып, тізімі алынып отыр. Ал 1947 жылғы 4 маусымда қабылданған осыған үндес жарлық бойынша жазаланғандар саны 181 адамды құрады.
Діндарлардың қуғындалуына байланысты облыстық комиссия статистикасына келсек, зерттеу бойынша 23 діндәр ату жазасына кесілген, біреуі еш сотсыз өлтірілген, алтауы ұзақ мерзімге сотталған, төртеуі «молданың баласы» болғаны үшін сотталған, жеті босқыншылыққа ұшыраған діндәрлар есімі анықталды. Дінге қарсы науқан кезінде қиратылған немесе басқа мақсатқа берілген 15 мешіт, 14 шіркеу сияқты құлшылық орындары белгілі болды. 40-50 жылдарда мешіт ашу үшін арызданғанда қудаланған діндарлардан 2 молда анықталды. Жалпы, облыс бойынша саны 43 діндар. Бұған қоса, ресми органдар «қаңғыбас молдалар» деп атаған арнайы категория бойынша да діндарлар анықталды. Ал жеке антикеңестік ұйымдасқан қарсылық жасады деген айыппен Ақсу ауданынан «Сердөбе» атты ұйым бойынша 26 адам сотталған. Шелек ауданынан ұйым болып зиянкестік жасады деген айыппен 22 шаруа қамалса, олардың 7-і ату жазасына кесілген, 10 адам – 10 жылға сотталған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы бойынша белгілі бір қорытындылар жасалғаннан кейін, арнайы қабылданар заң аясында жүргізілетін болады.

– Комиссия жұмысына халық тарапынан да кері байланыс реакциясы бар шығар?

– 2021 жылы Алматы облыстық комиссиясы тарапынан 4 кітап жарық көрді. Олардың әрқайсысының мазмұны жұмыс топтарының бағыттарына сай келеді. Кітаптар қатарында «Жетісудағы ашаршылық (1928–1934)», «1928. Қастек ауданындағы тәркілеу» атты құжат жинақтары, босқын ақын Көдек Байшығанұлының шығармалар жинағы, тарихшы Ә.Шашаевтың «Жетісу өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалау тарихы (1867–1917)» атты монографиясы бар. Толық ақтау бойынша Алматы облыстық комиссиясының нәтижелі жұмыстарына жұртшылық тарапынан қызығушылық артып отыр. Өңірлік комиссияның жұмыс тобына жазықсыз жазаланған өз жақын туыстарының тағдыры туралы ақпарат, іздестіру туралы өтініштер көптеп түсуде. Өтініш берушілер қатарында елге танымал тұлғалар да бар. Мысалы, облыстық комиссияға өтініш жолдаған бір белгілі қаламгер 1928 жылғы тәркілеу бойынша Орал округіне жер аударылып, сол жақта қайтыс болған атасының тағдыры туралы мәлімет алғысы келетінін көрсеткен. Осыған ұқсас өтініш 1937 жылы жазықсыз жазаланып, еңбекпен түзеу колониясында қайтыс болған атасы туралы мәлімет іздестірген ұрпағынан да келіп түсті. Осы сияқты сарындас өтініштер көп.
Алматы округінен ірі байлар санатында Орал округіне жер аударылған 80-ге жуық әулеттің трагедиялы тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қыс көзі қырауда жазықсыз жаза тартып, аш-жалаңаш босқандардың қаншасы Оралға барар жолда, қаншасы Орал маңында қаза болды. Оралға жеткендердің біраз бөлігі түрлі желеумен Сібірге айдалған. Олардың бірнешеуі сол айдаудан қашып келіп, Алматы округіндегі көтерілістерді басқарған. Осы арада зобалаң жылдардағы зұлмат саясаттың бр әулеттің өміріндегі әсерін мысалға келтіре кетсек артық болмас. Бұл өзі, XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін, зұлмат-ауыртпалықтың барлығын дерлік бір әулет тағдырынан да көруге болатынын аңғартады.
Әңгіме 1928 жылғы тәркілеу бо­йынша Қастек ауданынан Орал округіне 79 жасында жер аударылған Жылқыбай Қадырбаевтың әулеті туралы. Жамбыл жыраудың замандасы болған қайырлы бай, болыс Жылқыбайдың өзі 1929 жылдың басында Орал округі Зауралье ауданында қаза табады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Шөжеғұл Жылқыбайұлы белгісіз себеппен айыпталып, Сібірге жер аударылған. Сібірден қашып шыққан ол қайтадан Қастек ауданына келеді. Шөжеғұл 1930 жылдарда осы ауданда өріс алған тағы да тәркіленуші Шалтабай Құдайбергеновтың көтерілісшілеріне қосылады. Ақырында Шөжеғұл Шалтабай отрядынан бөлініп Қордайда әрекет еткен Күнбатар, Таңатар есімді қарулы босқындармен бірге Қытайға кеткен. Әйелі Жібек пен оның қамқорлығындағы балалары осында қала береді. Шекарадан өте салып, сібе топтарының тонауына ұшырап, жандарын аман алып Күнеске жеткен. Оспан батыр Исламұлының көтерілісіне қатысқан. Шөжеғұл Қазақстанда қалған баққан баласы Төленбай екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен келген. Елуінші жылдары консулдық қызметтен кеңес паспортын алып, 1956 жылы КСРО-ға өтіп келеді. 1977 жылы қайтыс болған. Алматы облысы өңірлік комиссия мамандары мағлұматтары бойынша Жылқыбайдың қайтыс болған мекені анықталып, 2022 жылдың 25-ші мамырында Жылқыбайдың шөпшегі Шыңғыс Тоққұлов Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Покатиловка ауылына сапар қылып, арнайы мал сойып, атасына Құран оқытып қайтты. Бұл ізгі істің толық ақтау комиссиясы жұмысының нәтижесі деуге болады.

– Еңбектеріңіз жемісті болсын. Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор....