12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ерболат ХУСАИНОВ, Ақмола облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары: «ХАЛЫҚТЫҢ САУАТЫН КӨТЕРУ – ҚЫЛМЫСТЫҢ АЗАЮЫНА СЕП»

– Ерболат Зияфиддинұлы, қазіргі таңда Ақмола облысы аумағындағы қылмыстық ахуал деңгейі қандай?

– Ақмола облысының Полиция департаменті аймақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Соның нәтижесінде жалпы жедел жағдай тұрақтандырылды. Қоғамдық орындарда қылмыстар 30,3 пайызға, яғни салыстырмалы түрде 218-ден 152-ге дейін, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар 48 пайызға, сандарды сөйлетсек 79-дан 41-ге дейін төмендеген. Сонымен қатар, мас күйінде жасалатын қылмыстар 40 пайызға, 206-дан 124-ке дейін, тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстар 8 пайызға 13-тен 12-ге дейін азайғанын байқап отырмыз. Демек, көрсеткіш жақсарып келе жатыр деп айта аламыз. – Ал қылмыстың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы заңға сәйкес, Полиция департаменті барлық мүдделі мемлекеттік органдарды қылмыстық және құқық бұзушылықтардың алдын алуға шақырады. Біздің көзқарасымыз бойынша әр қылмыс, әр құқық бұзушылықтардың себебі мен салдары болады. Полиция жалғыз өзінің күшімен қылмыстарды тойтара алмайды. Салдарын айта келгенде, көбінесе оған әсер ететін әлеуметтік факторлар деп санаймыз. Мәселен, халықтың кейбір санаттарының жұмыссыздығы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылуы. Осы екі мәселенің туындауы отбасы институтын әлсіретеді. Балаларға күтім, дұрыс тәрбие болмайды, жанұяда жанжалдар туындайды. Ондай отбасылар еліміздің әр өңірінде бар. Қазіргі таңда облыс бойынша полицияда 986 бала тәрбиелеп отырған 657 қолайсыз ата-ана есепке алынған. Осы санаттағы тұлғаларды жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп мекенжайы бойынша тексерістер өткізіліп, тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар жасап, профилактикалық әнгімелер өткізіледі. Көшедегі құқықтық тәртіптер туралы айтсақ, өңірде 534 патрульдік полицей бар. Олардан патрульдік жасақтар, жаяу және автомобильдік бағыттары бойынша қызмет атқарып, нөлдік төзімділікке жатқызылған құқық бұзушылықтарды анықтайды.

– Республика бойынша алаяқтық деңгейі артып тұр. Ақмола облысында қандай алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі?

– Өкінішке қарай, біздің де өңірімізде алаяқтық деректері жиі кездеседі. Халықты алдау үшін алаяқтар олар сенетін азаматтарды алдаудың көптеген тәсілдерін ойлап табады. Бүгінгі күні ұрлықтан гөрі осы сипаттағы қылмыстар саны өсіп бара жатыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, алаяқтық 187 пайызға, яғни 201-ден 580-ге дейін, оның ішінде интернет арқылы жасалған алаяқтықтар 122 пайызға, 138-ден 307-ге дейін өскені байқалып отыр. Олардың түрлеріне тоқталар болсақ, стандартты алдау схемасы дамып келеді. Мәселен, өзін банк менеджері ретінде таныстырып, несие рәсімдейтін алаяқтық әрекеттері көп кездесуде. – Халықты алаяқтардан сақтандыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция барлық күштерін жұмылдырып келеді. Учаскелік полиция инспекторлары әр жанұямен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаяққа алданудан сақтандырудың әдістерімен таныстыру, сауатты арттыру жұмыстарын өткізеді. Бұл ретте халықтың сана-сезіміне жеткізу үшін профилактика сипатындағы түрлі бейне роликтерді жергілікті халықтың ватсап чатында таратып отырады. Алайда, өкінішке қарай, қаншама түсіндіру жұмысы жүргізіліп, сақтандыру амалдары жасалғанымен, халық қылмыскерлердің құрығына түсіп қала береді.

– Өңірде қаржылық пирамидалармен күресте қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Құрықталған қаржылық пирамида ұйымдастырушылар туралы нақты деректер бар ма?

– Біздің өңірімізде ірі қаржылық пирамида соңғы рет осыдан 12 жыл бұрын тіркелген. Оны ұйымдастырған тұлға бас бостандығынан айырылды. Содан бері ондай ірі қаржылық пирамида деректері тіркелмеген.

– Қазір жалған ақпаратпен күрес бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда? Жалған ақпарат көп кездесе ме?

– Бүгінгі күні жалған ақпаратты берудің фактілері де жиілеп кетті. Оның бір түрі мектептерге жарылғыш заттар орнатылғаны туралы хаттардың келуі. Көбінесе, олардың барлығы шетелдерден келеді. Бұл ретте, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, прокуратура органдарымен бірлескен алгоритм әзірленген, сол алгоритмге сәйкес қызметтік тексеріс жүргізіледі.

– Жалпы, маман ретінде жалған ақпарат, қаржылық пирамида, онлайн алаяқтық жөнінде халыққа қандай кеңес айтар едіңіз?

– Алаяқтық туралы айтар болсақ, күдікті бейтаныс абоненттік нөмірден түскен қоңыраулармен сөйлеспеу керек. Көбінесе алаяқтар шетелдерден қоңырау шалады, олар қазақ тілін меңгермеген. Ал банк қызметкерлері қоңырау шалса, олар екітілді. Сондықтан алаяқтар телефон шалғанда, қызметті мемлекеттік тілде көрсетуін сұраған жөн. Сондай жағдайда олар ары қарай сөйлеспей қояды. Қаржылық пирамида туралы айтсақ, ол сүттің бетіндегі қаймақтың принципі. Бұл ақшаны бірінші салғандар үлкен қаржылай табыс тауып, көбірек қаражат тарту үшін халыққа кеңінен жариялайды. Сенбеңіздер, өйткені соңында қалғандары ешқандай кіріс ала алмайды. Жалған ақпарат туралы айтсақ, оған да сеніп, мазасыздану қажет емес. Өйткені, мүдделі құқық қорғау органдары бұл жерде қауіпсіздік шараларын пысықтаған, оларды тойтару бойынша тәжірибе бар.

– Өңірде суицидтік ахуал қандай? Статистиканы сөйлетсек суицидке азаматтарды көбіне қандай мәселе итермелейді?

– Адамның өз-өзіне қол жұмсауы ол көбісіне әлеуметтік немесе психологиялық факторлардан туындайды. Ол өте қайғылы және жағымсыз жағдай. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 59 суицид оқиғасы тіркелген, оның 10 фактісі мас күйінде жасалған, 49-ы оқиға кезінде сау болған. Анықталған суицидтік мінез-құлық факторлары әртүрлі: мәселен, 4 жағдайда жалғыздық сезімдердің салдарынан, 3-іне ауыр материалдық жағдай, 1-іне қолайсыз тұрғын үй жағдайлары, 2 деректе отбасылық қатынастардың үзілуі, 1-уі жақын туысының қайтыс болуына қайғырып, қалған 49 фактіде себептері анықталмаған. Ең көп өз-өзіне қол жұмсайтындар 35-44 жас аралығындағылар. Олар 15 факт немесе барлық санның 25,4 пайызын құрайды. Жынысы бойынша өзіне қол жұмсағандардың 41-і ер адам, 18-і әйел адам, оның ішінде бір кәмелеттік жасқа толмаған тұлға да бар. Соңғы 5 жылдағы статистиканы айта кетсек, өкінішке қарай, өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаяр емес. Жылдармен салыстырсақ, 2019 жылы – 227, 2020 жылы – 238, 2021 жылы – 279, 2022 жылы – 275, 2023 жылы – 252 факт тіркелген. Жалпы, 2023 жылды бастапқы 2019 жылмен салыстырса суицид саны 11 пайызға өскен. Бұл өте өкінішті жағдай.

– Суицидтің алдын алу бағытында өңірде қандай орталықтар, мамандар жұмыс жасайды?

– Суицидтің алдын алу өте қиын. Өмірімен өз еркімен қоштасуды ойлаған адам ешкімге білдірмей-ақ кете барады. Оның бәрі психологиялық факторлар. Барлық тіркелген суицидтердің бәрін де өлімге мәжбүрлейтіндей еш себеп жоқ, біреудің қысымынсыз жасалған. Өкінішке қарай, менің жеке өзімнің ойым, осындай науқастарға жәрдем көрсететін елімізде психолог қызметі дамымаған.

– Халықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Халқымыз бүгінгі күні құқығын білгенімен, өкінішке қарай көпшілігінің құқықтық сауаттылығы өте төмен, сондықтан неше түрлі қылмыскерлер мен алаяқтардың құрықтарына түсе береді. Сонымен қатар қазір ұрлықтан гөрі алаяқтық кеңінен тараған. Бүгінгі күні полиция халықтың құқықтық сауатын ашуда барлық күш-жігерін салып жатыр. Ол профилактикалық сипаттағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды тойтаруға бағытталған ақпараттар мен түрлі бейне роликтер. Қазіргі таңда әр жанұяда интернет, компьютер, гаджеттер кеңінен тараған. Соларды қолдана отырып, Ішкі істер министрлігінің, аумақтық Полиция департаменттерінің ресми парақшаларынан көптеген өзін-өзі қорғауға бағытталған ақпаратты алуға болады. Яғни, халықтың құқықтық сауатын арттыруға барынша жағдай жасап жатырмыз. Тек халық ізденсе болғаны.

– Өңірде алаяқтықтың артуына не себеп деп ойлайсыз?

– Алаяқтық әрекеттерінің көбею себебі, полицияның алдын алу шараларын өткізуіне қарамастан, халықтың алдау тәсілдерін білмеуі немесе полицияны тыңдауға құлықсыздығы. Әр адам есінде сақтағаны жөн – оңай жолмен келіп түсетін ақша жоқ. Немесе бұл жерде – тегін ірімшік тек қақпанда ғана деген мақалды есте сақтаса екен.

– Бізге IT полиция керек пе?

– Интернет кеңістігінде қаскүнемдер алдаудың жаңа тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруына байланысты, менің ойымша, жоғары технологиялар мен коммуникациялар саласында маманданған полиция қажет. Бұл қазіргі заманның талабы. Қазір осындай полиция бөліністері құрылуда. Олардың басты міндеттері, интернет арқылы жасалған қылмыстарды ашып тергеу.

– Жастардың есірткіге әуестігінің алдын алу үшін не істеуіміз керек?

– Біздің өңірімізде 6 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр, оның ішінде 500 адам есірткіге тәуелді тұлғалар. Денсаулық сақтау органдарының мәліметі бойынша, есірткіге тәуелді тұлғалар туралы ақпарат құпия болып табылады, өйткені емдеу жасырын түрде жүргізіледі. Полиция есірткіге қарсы бірқатар алдын алу шараларын атқаруда. Осы іс-шаралардың аясында Жастар ресурстық орталығының өкілдерін, волонтерлерді тарта отырып бірлесіп «Есірткіге жол жоқ» атты акцияларды өткіземіз. Халықтың назарын аудару үшін әлеуметтік желілерде атқарылған жұмыстарды кеңінен жариялаймыз. Есірткі әр мемлекет пен қоғамның қасіреті. Бүгінгі таңда есірткіні үйлердің аулаларына тығып белгі қою арқылы таратуда. Егер бұрын наша есірткісі болса, қазір синтетикалық есірткіні тұтынатындар көп. Бұл есірткінің ауырлығы – оған тәуелділік оны алғашқы қолданудан басталады. Оған көбіне жастарды тартып жатыр. Кейбір жағдайларда кәмелеттік жасқа толмағандар да қылмыстық әрекетке қатысады. 2022 жылы 2 кәмелетке толмаған бала 6 жылдан бас бостандығынан айырылды. Өткен жылдың аяғында кәмелетке толмаған қыз бала синтетикалық есірткіні таратудың 6 эпизодында әшекереленіп, ұсталып, қамаққа алынды. Осындай қылмыстардың жасалу себептерін айта келгенде, жастардың оңай ақша табамыз деген мақсатпен қиыс жолға түскені белгілі болды. Көбіне сондай балалар тұрмыстары нашар отбасылардан шығады.

– Халықтың санасына ақпаратпен әсер етіп манипуляция жасау жиі байқалады. Бұл мәселенің алдын алу үшін не істеуіміз керек? Жалған ақпарат пен шынайы ақпараттың ара жігін ажыратуға қалай мүмкіндік береміз?

– Өкінішке қарай, біздің халқымыз барлық фейк ақпаратқа жақын тұрады. Жалған жаңалықтар интернетке қатысты жаңа құбылыс деп саналады, бірақ іс жүзінде мыңдаған жылдар бойы осындай қоғамдық пікірді манипуляциялау жүзеге асырылды. Интернетте бәрі нақты адамдардың белсенділігін алмастыратын боттардан басталды. Содан кейін бір операторға көптеген жалған аккаунттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жетілдірілген тәсіл пайда болды. Соңғы жылдары бәрі жалған ақпарат пен үгіт-насихат тарату үшін бүкіл арналар, тіпті жеке әлеуметтік желілер құрылуда. Жалған жаңалықтар әрқашан шындыққа қарағанда қызықты. Жалпы, адамдар мифтер мен әдеттен тыс шындықты жақсы көреді әрі қызығады. Жаңалықтың шынайылығы күмәнді болып көрінсе де, біз оның сенімді болғанын қалаймыз, және ассоциация принципі бойынша оны қажет етеміз. Ең негізгі деңгей: кез келген материалды репост жасамас бұрын бірнеше рет ойланған жөн. Есіңізде болсын, егер сіз өзіңіздің арнаңызда бірдеңе жариялаған болсаңыз, онда сіз де осы ақпаратты таратуға жауапты боласыз. Әр адамның «достары» бар, олардың профильдері басқалардың жаңалықтары болып табылады. Оларға ұқсамаңыз, өзіңіздің көзіңіз жеткен, анық білетін мәліметті ғана орналастырыңыз. Егер сіз қандай да бір күмәнді жаңалықтарға тап болсаңыз, ақпараттық сауаттылықты есте сақтаңыз:

* Әрқашан дереккөзге қараңыз. Сенуге болатын және сенуге болмайтын жаңалық көздерін есте сақтаңыз.

* Жаңалықты кім репост жасағанына назар аударыңыз. Сізде «достарыңыздың» араларында шынайы достар да, мүлдем бейтаныс адамдар да болуы мүмкін, олардан тексерілмеген ақпарат шығуы мүмкін.

* Бұл сіздің досыңыз болса да, оның не туралы жазатынын білетініне көз жеткізіңіз. Жалған ақпарат жарға жығатынын ұмытпаңыз.

– Қазір «арақсыз ауыл», «қылмыстан ада ауыл» секілді ұстанымдағы ауылдар көбейіп келеді. Өңірде осындай ауылдар кездесе ме?

– Иә, әрине, бүгінгі күні осындай ауылдар біздің өңірімізде де бар. Ол Сандықтау ауданының Красная Поляна ауылы. Осы ауылда жергілікті қоғамдастық арақ сатудан бас тартты. Мұндай әрекетте ақсақалдардың үлесі зор. Алкоголді ішімдіктерді сатпағаннан, ауылда қылмыс пен құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Біздің ойымызша, елдің зиялы қауымы халықтың, жастардың алдына өз пікірлерін айтса, сонда ғана нәтижелі болады.

– Жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен қамту, қоғамға бейімдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан адамдарға қатысты ресоциализация жұмыстары өткізіледі. Осы жұмыс жергілікті атқарушы органдар мен қылмысты атқару жүйелерінің құзыретіне кіреді, арнайы бағдарламалар бекітілген. Осы бағдарлама аясында, оларға қосымша сұраныстағы мамандық оқытылып беріледі. Одан басқа, вакансия жәрмеңкелері өткізіліп, жұмысқа орналастырылады. Өкінішке қарай, сотталған тұлғалардың көбі түзу жолға түспейді, жұмыс істегілері келмейді, қайталап қылмыс жасауға бейім болады.

– Сұхбатыңызға рақмет. Еңбектеріңіз табысты болсын.

Қуаныш ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»

Колонию Астаны посетила представитель Уполномоченного по правам человека

С ознакомительным визитом колонию-поселения посетила представитель Уполномоченного по правам...

ТҰТЫНУ ТАУАРЛАРЫ ҚАТАРЫНДА ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРІСІНІҢ ҮЛЕСІ АРТТЫ

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жан басына шаққандағы жылдық жұмыртқа...

ДӘРІГЕРЛЕР ЕРЛЕДІ

Биыл көктем елімізге жайлы болмады. Дегенмен, осынау қиын кезде...

ӨҢІРДЕ ӨНІМДІ ІС КӨП

Ақмола облысында инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру...