12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

Абай хакім айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басатын» адамдар көп жетістікке жетеді. Олар асықпайды, саспайды, қайтсе де «қатарынан озу» үшін жанталасып, өзінің де, өзгенің де мазасын алып, алға ұмтылмайды. Сыпайы мінезімен, тынымсыз әрі тиянақты еңбегімен биіктерді біртіндеп бағындыра береді. Қоғамға пайдасын тигізеді, көпшілікке сыйлы болады, ұжымда өз орны бар және қызметте жаңашыл бастамаларымен ерекшеленеді. Осындай азаматтың бірі, бүгінде ел ағасы, тәжірибелі заңгер, білікті басшы ретінде көпшілікке танымал тұлға – Жоғарғы Соттың судьясы Абай Рахметулин.

Майталман

Абай Жамбылұлын мен білгелі біраз жыл болып қалды. Алғаш көргенімде ол Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып қызмет атқаратын. Сол уақытта Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мəми іссапармен Шығыс Қазақстан облысына баратын болды. Біз өз қызметтік міндетімізге сай Өскеменге алдын ала жетіп, жаңадан пайдалануға берілетін облыстық сот ғимаратының ашылуына дайындықты көріп, білек сыбанып, жұмысымызға кірісіп кеттік. Жаңа сот ғимараты заманауи технологиямен жабдықталған, судьяларға, сотқа келушілер мен сот қызметкерлеріне арналған кеңселердің кең, жарық, барлық қажетті техникамен жабдықталуы бізге жылы əсер қалдырды. Облыстық сот Өскемен қаласының жаңа орталығына, жасыл желекті, биік алаңға орналасыпты.

​​​​​​​Айналасында жаңа сəулетті үйлер бой көтерген. Қала жұртшылығы, сот жүйесінің ардагерлері мен əкімшілік басшылығы, т.б. жиылған салтанатты жиында Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Əбдіразақұлы жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтап, облыстық соттың төрағасы Абай Рахметулиннің еңбегін атап өтіп, оның іскерлігіне өз ризашылығын білдірген еді. Содан бері де бірнеше жыл өтті. Абай Жамбылұлы қай қызметті атқарса да, тек жақсы қырынан танылып, өз биігінен түскен жоқ. Өз ісінің майталманы болу, заң саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізу – əркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Осындай бақытқа қол жеткізген заң саласының білікті маманының алған біліміне, жүріп өткен дара жолына, қоғамға келтірген пайдасына аз-кем тоқтала кеткеніміз, артық болмас дейміз.

Шеберлік тәжірибемен келеді

Абай Жамбылұлы Рахметулин С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Жалпы заңгерлік өтілі 35 жыл болса, оның 33 жылы сот жүйесімен тығыз байланысты. Алғашқы заңгерлік қызметін 1990 жылы Көкшетау облыстық адвокаттар алқасының заң консультациясында адвокат болып бастады. Ал екі жылдан кейін Əділет басқармасының жетекші маманы болып тағайындалуымен оның сот жүйесіндегі қызметі басталды. Көкшетау облысы халық депутаттарының облыстық кеңесі əкімшілік жəне атқарушылық іс жүргізу судьясы, одан кейін Көкшетау қалалық сотының халық судьясы етіп сайланды. Адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бір жылдан кейін Көкшетау қалалық халық соты төрағасының орынбасары болды. Онда үш жылға жуық қызмет етті. 1995 жылдың қазан айынан 1996 жылдың қараша айына дейін Көкшетау қалалық сотының төрағасы міндетін атқарды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Абай Рахметулин 31 жасында Көкшетау қалалық сотының төрағасы болып тағайындалып, бұл қызметте бес жыл жұмыс істеді. Осы лауазымда Абай Жамбылұлының іскерлік қабілеті, ұйымдастырушылық қыры, заңгерлік білім деңгейі айқын көрінді. Оның жетекшілігімен қалалық сот республика бойынша ең жақсы нəтиже көрсетті, соттың судьялары бір жыл ішінде сот актілерінің бірде-бір рет күшін жоюға немесе өзгертуге жол бермегені Жоғарғы Соттың кеңесінде атап өтіліп, оң тəжірибе ретінде таратылды. Абай Жамбылұлына 2002 жылы Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымы сеніп тапсырылды. Бұл қызметте облыстағы қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудағы сот практикасының біркелкілігін, облыстық сотта да, облыстың аудандық соттарында да істердің сапалы қаралуын қамтамасыз етіп, нақты санаттағы істер бойынша қорытулар мен талдаулар жүргізді. Оның нəтижелі жұмысы Жоғарғы Сот басшылығының назарынан тыс қалмады. Арада екі жыл өткенде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты А. Рахметулинді 39 жасында Жоғарғы Соттың судьясы етіп сайлады. Жоғарғы Соттың жалпы отырысын да ол республика судьяларының тəртіптік алқасының хатшысы, сондай-ақ Қазақстан Судьялар одағы филиалы кеңесінің хатшысы болып сайланды. Жастығына қарамастан, күрделі істерді қарауға сенім артып, өңірлерге тексеруге, практикалық көмек көрсетуге жіберілді. Ол Жоғарғы Соттың «Қылмыстық істер бойынша дəлелдемелерді бағалау» атты өте өзекті нормативтік қаулысының авторы болды. Оны судьялар ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен адвокаттар да пайдаланады. Жоғары кəсіби тəжірибесін, жұмыс істей білу жəне ұжымды басқару қабілетін ескере отырып, Абай Жамбылұлы 2007 жылдың желтоқсан айында Президент Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Ол қызмет еткен кезеңде қатаң тəртіп орнатылып, əрбір судья мен маман өз ісіне жауапкершілікпен қарады. Ол ұжымды сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету деген ортақ мақсат төңірегіне топтастырды. Əріптестерімен бірге азаматтардың сотқа деген құрметіне қол жеткізді. А.Рахметулин 2012 жылы Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Ол облыстағы 36 сотта 265 судья қызмет атқаратын еліміздегі үлкен өңір болатын. Жаңа төраға алғашқы жұмыс күнін азаматтарды жеке қабылдаудан бастады. Бұл – сала соттар қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Адамдар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінеді, олар соттардың істерді заңды əрі əділ қарауын қалайды. Сол себепті де ол бірде-бір азаматтың өтініші қараусыз қалмауы қажеттігіне ерекше назар аударып, бұл істі өз бақылауына алды. Жұмысты дұрыс ұйымдастырудың, судьялар мен мамандардың кəсіби міндеттерін атқаруын жүйелі талдау мен бақылаудың арқасында облыс соттары республика көлемінде жоғары нəтижелерге қол жеткізді. Семей жəне Риддер қалалық соттары екі жыл қатарынан республикада үздік деп танылып, «Қазақстан Республикасының үздік соты» атанды, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы бойынша да облыстық сот республикада алдыңғы орындардан көрінді. Облыстық соттың оқу орталығы үздіктердің бірі болып танылып, оның оң тəжірибесі республика бойынша таратылды. Абай Жамбылұлы өз қызметімен қатар, судьялар мен сот қызметкерлерін тарта отырып, спорттық шараларды ұйымдастыруды, салауатты өмір салтын қалыптастыруды тұрақты қолға алды. Алғаш рет судьялар мен мамандар арасында қысқы спорт түрлерінен спартакиада өткізілді. Игі бастама сот ұжымдарынан қолдау тауып, оң пікірлер айтылды. Сот төрелігінен бөлек, А. Рахметулин соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз етумен де айналысты. Оның басшылығымен Оңтүстік Қазақстан жəне Шығыс Қазақстан облыстық соттарының жаңа ғимараттары, аудандық соттардың бірнеше ғимараты салынып, аудандық соттардың төрағалары жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілді. Оның барлық жұмысы сот жүйесін дамытуға, судьялар мен соттардың тəуелсіздігін қамтамасыз етуге, сот төрелігінің жоғары деңгейде болуына бағытталды. Айта кетерлік жайт, бұл халықтың сотқа деген сенімінің көрсеткіші болып саналады.

Тағылымы терең тәлімгер

2015 жылдың ақпан айында Абай Рахметулин Жоғарғы Соттың судьясы болып сайланып, осы жылдың наурыз айында Президент Жарлығымен Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде жаңа Қылмыстық жəне Қылмыс тықпроцестік кодекстері, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында сот бақылауы үшін тергеу судьялары институты енгізілді. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет сот-құқықтық жүйеге енгізілгендіктен, жаңа құқықтық нормаларды соттардың дұрыс қолдануын жəне түсіндіруін қамтамасыз ету, тергеу соттарын құру жəне тергеу судьяларының лауазымдарына кадрларды іріктеу, оларды даярлау жөніндегі ұйымдастыру мəселелері бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Оның бас тамасымен Жоғарғы Сот аталған заңдарды түсіндіру бойынша тиісті нормативтік қаулылар қабылдады, заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, проблемалық мəселелерді талқылау мақсатында семинарлар мен халықаралық форумдар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Абай Жамбылұлы Жоғарғы Соттың судьясы қызметін атқаруда. Сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, жас əріптес терімен кəсіби тəжірибесін бөліседі. Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында судьялар үшін дəріс оқиды. Қылмыстық жəне қылмыстық-процестік заңнамасы бойынша Жоғарғы Соттың бірқатар нормативтік қаулыларының, журналдардағы ғылыми мақалалардың жəне студенттер мен практикалық заңгерлерге арналған оқу құралдарының авторы. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады, заң ғылымдарының магистрі. Алыс-жақын шетелдегі əріптестерімен тығыз араласып, халықаралық тəжірибені зерттейді. Əр жылдары ҚР Əділет біліктілік алқасының мүшесі, Президент Жарлығымен ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болды, осы органдардың құрамында республиканың сот кадрларын қалыптастыруға белсене атсалысты. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі болды. Ондағы жемісті жұмысы үшін аталған комиссия төрағасының Алғыс хатымен марапатталған. Еліміздің дамуына сіңірген ерен еңбегі жəне адал қызметі үшін Абай Жамбылұлы «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Мінсіз қызмет үшін» ведомстволық медалімен, «Үш би», «Жеті жарғы» құрмет белгілерімен, грамоталармен, алғыс хаттармен жəне басқа да ведомстволық наградалармен марапатталды. «Қазақстанның құрметті заңгері» атағына ие болды, судьяның бірінші біліктілік сыныбы берілді. Осы марапаттар оның тынымсыз, адал еңбегі, қызметтік міндеттерін жоғары кəсіби түрде атқарғаны жəне заң алдындағы адал қызметі үшін берілді. Хакім Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген өлең жолдарын оқыған сайын ардақты азаматтың кескін-келбеті көз алдыма келеді. Ол – бүгінгі кейіпкеріміз Абай Рахметулин. Абай Жамбылұлы – осы бір даналық сөзді өмірлік қағидасына айналдыра білген, қарапайым мінезімен көпшілікке қадірлі болған, сот жүйесіндегі ұзақ жылғы қалтқысыз қызметімен биік белеске, алпыс деген асқаралы асуға абырой-беделмен көтеріліп отырған заңгер-тұлға, мемлекетшіл азамат.

Нұрлан ҚАЛҚА, Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі

СҚО-да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «EcoLife: жастардың таңдауы» атты экологиялық интерактиві өтті

Петропавлда Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында белсенді...

Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай ауқымды тегін құқықтық көмек акциялары өтті

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, еліміздің барлық өңірлерінде...

В Казахстане провели масштабные акции бесплатной юридической помощи в честь 30-летия Конституции

В преддверии 30-летия Конституции Республики Казахстан, во всех регионах...

Безопасность на дорогах

С НАЧАЛА 2025 ГОДА В ЖАМБЫЛСКОЙ ОБЛАСТИ ПРОВОДИТСЯ АКТИВНАЯ...

Искусственный интеллект в быту

РАЗВИТИЕ ТЕХНОЛОГИЙ И ИСКУССТВЕННОГО ИНТЕЛЛЕКТА ДЕЛАЕТ НАШУ ЖИЗНЬ БОЛЕЕ...