12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Елімізде баспана мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әйтсе де ел билігі баспана мәселесін шешу үшін оншақты жылдан бері тұрғын үй құрылысын өте қарқынды жүргізіп келеді. Тіпті арнайы бағдарламалар арқылы еліміздің әр қиырында, облыс орталықтарында миллиондаған шаршы метр тұрғын үйлер бой көтерді. Мемлекеттік бағдарламалардың бірі сол өңірдің жастарын үйлі етуді көздесе, келесі бір бағдарлама көп балалы жанұяларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолжетімді бағадағы баспанамен қамтуды көздейді. Қоғамымыздың әрбір санатын ескере отырып, қалтасына сай баспанамен қамтамасыз етуді көздеген мемлекеттік бағдарламалардың әрқайсысының орны бөлек.

Осы орайда сандарды сөйлете кетсек, өткен жылы елімізде 40 мыңға жуық жаңа ғимараттың құрылысы аяқталыпты. Оның едәуір бөлігі халықты баспанамен қамтуға арналған бағдарлама аясында екен. Жалпы еліміздегі құрылыс көлемі 2022 жылға қарағанда былтыр 15,1 пайызға ұлғайғанын статистика байқатып отыр. Демек бұл қарқынмен еліміздегі баспана мәселесі шешілеріне үміт зор. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше өткен жылы 38 мыңнан астам жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары бітсе, оның 35 мыңнан астамы тұрғын үйлердің құрылысы екен. Бұл шын мәнінде тұрғын үй құрылысында үлкен бум жобалар жасалып жатқанын аңғартады. Халық игілігіне пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысының жалпы көлемі 17 млрдтан асып, 2022 жылдан 13,8 пайызға артық екенін де сандардан байқап отырмыз.

Атап өтер жайт халықты баспаналы ету үшін қаржы да жағынан да аянып қалып жатқан жоқ. Тіпті жастар өз баспанасына қол жеткізу үшін жалға берілетін үйлер жобасы да іске қосылды. Яғни жастар өз үйіне қол жеткенше бес жыл көлемінде тек коммуналдық төлемін төлеп, болмашы жалдау ақысын төлеп арнайы үйлерде тұра алады. Бес жылда өз үйіне ақша жинап алған соң, келесі бір жас жанұяға үйлердіі босатып беруі тиіс. Қазір нарықта пәтер жалдау құны ышқынып тұрғанын ескерсек, мұндай бағдарламаның жас жанұялар үшін маңызы зор екені анық. Қазір елімізде мыңдаған жас жанұя осы жалдамалы пәтерлердің игілігін көріп жатыр. Солардың бірі Дүйсембаев Сәндібек «бұл өте тиімді бағдарлама» дейді.

 Дүйсембаев Сәндібек, Алматы қаласы №127 мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

— Қысқа жіп күрмеуге келмей баспана алуға ақшамды жеткізе алмай жүргенде мына бағдарлама жақсы болды. Он шақты жылдан бері білім саласындамын. Басында жай мұғалім болып кіріп, кейін оқу ісінің меңгерушісі болдым. Жалақы күнделікті күнкөрістен аспайтын. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрейін деп тапсырған едім, бірінші құжат тапсырғаннан ақ өтіп кеттім. Отбасымның бар екені, бала шағамның бар екені бәрі бәрі артықшылық болып, осы мемлекеттік бағдарламаның бұйыруына ықпал еткен секілді. Бес жыл ішінде пәтер жалдау ақысын үнемдеп, жер алып үй көтеруге немесе пәтердің бастапқы жарнасын жинауға үлкен көмек деп ойлаймын. Бар болғаны 10 мың теңге көлеміндегі төлем шынымен үлкен жас жанұяға көмек. Әке шешем де мен үйді басыбайлы алғандай қуанып қалды. Кеңес одағы кезінде жалдамалы осындай жатаханалар өте көп болған екен. Әрбір мекеменің жатаханасы жұмысшыларды сол жұмыста тұрақты ұстап тұруға, төмен төлемақы болса да тегін тұратын жермен қамтамасыз ету арқылы тезірек жас жанұяның аяқтан тұруына үлкен көмек көрсеткен екен. Осы бір тәжірибенің жаңғыртылып, бізге қайтадан қайтып келгені қуантып отыр. Ештеңені тегін бермесін бірақ осындай жалдамалы үймен болсын уақытша қамтамасыз етіп қолдаса жан жанұяларға үлкен көмек еді. Осы орайда айта кетер бір жайт, кейбіреулердің әрекеті жобаға жаман атақ алып келеді. Мәселен межелі бес жыл уақыты өткен соң ол пәтерді жекешелендіріп беруді сұрап, босатып бергісі келмей, жоқ жерден наразылық білдіріп жүргендерді естимін. Бұл енді дұрыс емес қой. Әп әдемі басталған жобаның осылай шырқын қашырып, ел ішінде дау тудырамыз. Сосын тоқтап қалса ренжиміз. О  баста тіпті межелі мерзім біткен соң, оны босатып беретіні туралы келісімге қол қойса да арада уақыт өткен соң сол келісімшартты ұмытуы ашкөздік деп ойлаймын. Ондай арзан баспана көпшіліктің бәріне ұнады. Дегенмен басқаларды да ойлау керек. Мұндай бағдарламаның игілігін артымыздағы жас толқын жан жанұялар да көруі керек қой. Олар да жас жанұя болған соң, естерін жинап алғанша осындай мемлекеттік бағдарламаның болуын қалайды. Ал оны оған дейінгілер иемденіп ала берсе не болады?! Сондықтан Жалдамалы пәтер жобасының жалғасын тауып, жастарға, жас жанұяларға қамқорлық көрсетіп, төменгі төлеммен көбірек берілгенін қалаймын. Бұл ел Үкіметінің, билік басындағылардың жастардың жағдайын шынайы түсінгенінің белгісі деп ойлаймын.

Жалдамалы пәтердің игілігін көріп отырған жастар осылай дейді. Демек бағдарлама өзі көздеген мақсатына жетіп отыр дей аламыз.

Осы орайда атап өтер жайт, мемлекет басшысының, ел Үкіметінің тапсырмаларын орындау аясында және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуының арқасында былтыр он миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

Жалпы республдика көлемінде 87 мыңдай тұрғын үй салынса, оның 23 мыңдайы ғана жеке тұрғын үйлер екен. Осы орайда ел билігі халықты үйлі қылудың барлық жолдарын қарастырып, жекеменшік компаниялардың да үй салуына, халықтың оны түрлі шарттармен сатып алуына мүмкіндік тудырып отыр. Яғни қаласаң өзің қалаған үйді сатып алуыңа да болады, ол үшін жаңа үйлер де салынып жатыр. Жалпы өткен жылы елімізде тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржы 1,7 трлн теңгені құраған. Бұл қаржы көлемі де алдыңғы жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 1,5 пайызға артық екенін көріп отырмыз. Осылайша еліміздің тұрғын үй саласына бөлінген қаржы көлемі де, салынып жатқан үйлердің шаршы метрі де жыл өткен сайын ұлғайып барады. Бұл қарқынмен үйлі болатын халық саны да еселеп өсуі тиіс. Сәйкесінше статистика елімізде үйсіз тұрғындар санының азайып келе жатқанын байқатып отыр. Бұрын пәтер кезегінде тұрушылар он жиырма жылдап тұратын болса, қазір пәтер кезегінің де жылдам жылжып келе жатқаны байқалып отыр. Мәселен баласы уақытша үшінші топ мүгедегі болған Айнұр Сәбетқазы «ойда жоқта үйлі болдық» дейді қуанып.

Айнұр Сәбетқазы, Алматы қаласының тұрғыны:

— Ойда жоқта күреске барып жүрген баламның бір аяғын сылтып басып жүргенін байқадым. Тексерту үшін дәрігерге апарғанымда жамбас қуысындағы ұршығының мүжіліп кеткенін айтты. Оны арнайы қондырғылар да растады. Басында бір отамен жөнге келетін нәрсе шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем бала 18 жасқа толмай ота жасатуға болмайды екен, ота жасатпасам жамбас ұршығы одан әрі жоқ болып кетеді екен. Дәрігерлер жүруге тыйым салды. Сосын мүгедектікке шығарып алуға кеңес берді. Мүгедектікке шығаратын орталыққа барып құжаттарын туралап жүргенімде сол жердегі қызметкерлердің бірі түріме қарап аяды ма, пәтер кезегіне тұруға да болады деді. Ол кезде бастысы баламның денсаулығы еді. Шауып жүрген ұлымның төсекке байланғаны, оның үстіне мүгедектік тағайындағаны қатты жаныма батты. Дегенмен әлеуметтік қамсыздандыру орталығы қызметкерінің бәлкім мені жұбату үшін айта салған сөзі кәдімгідей несібемізді арттырды. ІІІ топ мүгедектігі тағайындалды, одан соң атқа мінгізу, жүзуге апару секілді сауықтыру шаралары басталып кетті. Үйден оқытатын болдық сабақты. Қолына балдақ та ұстаттық, арнайы аяқкиім кигіздік. Бірақ оң аяқ сол аяқтан кішірейе берді. Ем екі жылға созылды. Сол аралықта пәтер кезегіңіз келді деп, үш бөлмелі үйлі болдық. Ұзақ жылдарға созылған ем кезінде сол пәтердің берілуі бір серпілтіп тастады. Дегенмен баланың денсаулығы жақсара қоймады. Амалсыз шекараның сыртына алып кетіп, екі жыл дегенде баламды аяққа тұрғыздым. Қазір жазылып келе жатырмыз. Жамбастағы ұршық сүйек те орнына келе бастады. Сондықтан мүгедектіктен бас тарттық. Ал әлгі үйде қазір тұрып жатырмыз. Балам уақытша болса да мүгедектікке шыққан кезде үйлі болып үлгердік. Мемлекет тарапынан сол аралықта баспаналы қылып үлгергеніне қарап таң қалдым. Үстіндегі пайызы да көп емес. Сол кездерде негізгі мақсатым баспаналы болу болмаса да, қанша жыл үйсіз жүргенде екі ақ жылдық ішінде үйлі болуымызға қарап мүгедектігі бар жандардың шын мәнінде мемлекет қамқорлығында екенін анық сезіндім. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бәрібір мемлекет қолдауы, ақмқорлығы керек. Мүгедектігі бар баланың ата анасы болу да оңай емес. Балам біздің неше жылғы арманымызды орындау үшін осындай ауруға шалдыққан секілді. Сондықтан ондай жандардың мемлекеттің қамқорлығында болуы өте құптарлық жайт. Онсыз да көңілінде қаяуы бар жандардың ең болмаса баспанасының болуы көңілдеріне медет болып тұрады. Ең болмаса сол арқылы өзін басқалардан кем сезінбейді. Басында көңілімізге алып, желкілдеп өсіп келе жатқан баламыздың сондай жағдайға түсуіне көңіліміз құлазып қалса да, артынан бәрінің оңтайлы шешім тапқанына қатты қуандық. Дәл осы жағдайда мемлекетіміздің өз адамдарына қамқор болып отырғанын мойындауымыз керек.

Кейіпкеріміз де еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімді болып отырғанын айтады. Осы орайда ондаған жыл бойына «Жас жанұя», «7-20-25», «Ұмай», «Алматы жастары», «Астана жастары», «Алатау жастары», «Қолжетімді баспана», «Отау», «Елорда жастары», «Ұлытау жастары», «Жетісу жастары», «Наурыз» секілді көптеген мемлекеттік бағдарламалар өзінің көздеген межесіне жетіп жатыр деп айта аламыз. Рас алғашында мемлекеттік бағдарламалардың тамыр таныс арқылы үлестірілетіні жиі сынға алынатын. Қазір саладағы қатаң қадағалау мен жауапкершіліктің жоғарылауы мұндай бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тыйым салып отыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың бір әділдігі бұл бағдарламалармен үй алғандар қайтадан келесі бір бағдарламаға қатыса алмайды. Бұл да болса ел ішіндегі әділдік белгісі деп ойлаймын. Соңғы жылдары саладағы жемқорлық әрекеттеріне қатты қадағалау да жасалып жатыр. Мәселен бір кездері жолдасымен жалған ажырасып, өтірік құжатпен үй алуға тырысатындардың қарасы қаптап кеткен еді. Қазір мұндай қулыққа баратын ерлі зайыптылардың алдын алып, жалғызбасты аналарға басымдық беру шарттары мемлекеттік бағдарламадан алынып тасталып жатыр. Тіпті әкімдіктің өзі пәтер үлестіруге қатыса алмайды. Барлығы арнайы сайтта, жалпы конкурс арқылы анықталады. Мұндай жағдайда ол жерге бармақ басты көз қысты араласа алмайтыны да саладағы бір қуаныш. Осындай артықшылықтарымен қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпшіліктің мемлекетке деген сенімі артып келеді.

Атап өтер жайт, елімізде мүгедектігі бар жандардың ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің де баспаналы болу қарқыны жоғары болып отыр. Қазіргі таңда ЖОО мен мектептерде сабақ беретін ұстаздардың айтарлықтай бөлігі осындай арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болғанын статистика байқатып отыр.

Әрине баспана кез келген жанның жанды жері. Сондықтан шалғай ауылға маман ретінде барған жастарды баспаналы ету де басты талаптардың бірі. Яғни қандай жағдайда болмасын мемлекет азаматтарын ең алдымен баспаналы етуге тырысып отырғаны байқалады. Осы жағдайға баға берген, экономист Есжанар Тоқмырза «ешбір елде мұндай артықышылықтар жоқ» дейді.

Есжанар Тоқмырза, экономист:

— халқын алдымен баспаналы болдыруға ұмтылу мемлекеттің азаматтарының алдында үлкен жауапкершілікті сезіндіріп отырғанын айғақтайды. Дамыған бірқатар елдердің өзінде халық баспананы өзі сатып алуға ұмтылады. Тіпті баспана бағасы тым қымбат болған соң, өмір бойына жалдамалы баспананы қанағат тұтынатындар да бар. Оның қасында мемлекеттің түрлі жолдармен азаматтарын үйлі қылуға тырысып отырғаны үлкен ауыз толтырып айтарлықтай жағдай. Бұл мемлекеттің азаматтарына деген қамқорлығы. Негізі Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында осы жылдар ішінде елімізде 111 млн астам шаршы метрге баспана салу жоспарланған. Демек алдағы бес жылдықта да елімізде тұрғын үй қарқыны толастамайды деген сөз. Тіпті күшейе түседі. Мәселен биыл 15,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді қолданысқа беру көзделсе, келер жылы 15,7 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілмек екен. Және уақыт өте тұрғын үй құрылысын арттырудың өзі халықты үлкен мотивацияға жетелейді.

Расында да айналамыздағы елдерде түрлі жағдайлар орын алып жатқанда еліміздің дамудың даңғыл жолына түсіп,  халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысуы, арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, бюджеттен қаржы бөлініп, барынша баспана мәселесін шешуге ұмытылуы көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа Қазақстанда баспана мәселесі шешіліп, осынау ұланғайыр атырапты жайлаған халқымыздың өз жерінде өгейдің күйін кешпей өз ұясының болуы маңызды мәселе. Сондықтан мемлекеттің осы бағыттағы бастамалары оң нәтиже берері анық!

Традиции и обычаи нашей земли

Шымкент – это один из крупнейших и наиболее развитых...

Все для комфортной жизни

Открытие четырех новых домов культуры в жилых массивах Кайнарбулак,...

Сохранить общенациональное согласие

Наша страна является приверженцем мирной многовекторной стратегии, которая осуществляется...

Ориентир на интересы граждан

В нашей стране созданы и продолжают создаваться все необходимые...

Задача – вершить правосудие

Судья – юрист высшей квалификации, наделенный правом вершить правосудие....