Сейсенбіде 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 55-бабына сәйкес президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі болды. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер бірлестік құрамында жоқ адамдарды да кандидаттыққа ұсынуға қақылы. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңның республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптарын елеп-ескерместен әлеуметтік желілерде өз пікірін жариялау кезінде үміткерлердің Конституция мен өзге де заңнамалық құжаттарда белгіленген құқықтарын кейбір азаматтардың біреуі білместікпен, біреуі өзге мақсатпен бұзуға тырысуы да кездесіп қалып отыр.
Біз бұл мәселені газетіміздің 4 қазандағы нөмірінде жарық көрген «Сайлау – азаматтық қоғамның өлшемі» деген материалда да жазған болатынбыз. Сондықтан үміткерлерді ұсынудың қорытындысына қайта оралар болсақ, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) 12 қазанда өткізген 10-шы кеңейтілген отырысында жасалған ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның баяндамасына қарағанда 23 қыркүйек пен 11 қазанға дейін созылған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді ұсыну шаралары кезінде қоғамдық бірлестіктер атынан 12 кандидат өз құжатын ұсынған. Олар – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығынан – Қажыкен Мейрам Зекешұлы; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы; Amanat партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, Қазақстан мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» РҚБ және басқа да қоғамдық ұйымдардан – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев; «Мұқалмас» РҚБ-нен – Әлтаев Нұржан Бауыржанұлы; Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан Әбден Қарақат Жақсылыққызы; Қазақстан құрылысшылар одағынан – Ерғалиев Талғат Файзуллаұлы; «Халық демографиясы» РҚБ-нен – Алиев Жұматай; «Асар» оралмандар бірлестігінен – Ғабжалилов Хайрулла; «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ-нен – Тұрсынбекова Салтанат; «Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» РҚБ-нен – Жаңабаев Бақыт; «Тәжірибелік психология» РҚБ-нен – Бизакова Фатима. Яғни, Президенттікке екіден көп кандидат тiркелгендіктен ОСК кандидаттарды ұсыну мерзiмiн ұзартқан жоқ.
СЕНІМДІ АҚТАУ ОҢАЙ ЕМЕС
Енді 21 қазанда сағат 18:00-ге дейін кандидаттарды тіркеу кезеңі жүргізіледі. Сайлаушылардың Президенттiкке кандидатты қолдауы олардың қолжинауы арқылы расталады. Оларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының кем дегенде 3/2 атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының ең кемінде 1% қолдауға тиiс. Қол жинауды сенiм бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады. Орталық сайлау комиссиясы тiркелген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi. Сондай-ақ, мынадай жағдайда: кандидат ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшін қажетті құжаттарды табыс етпеген; кандидат Конституцияда және осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеген; кандидат өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған; кандидат кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейiн, сайлау алдындағы үгiт жүргiзген; сот кандидаттың және оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетіне нұқсан келтiретін, оның iскерлік беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтаған; сот кандидат пен оның сенiм бiлдiрілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған және заңда белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнің күшiн жояды. Бұдан бөлек кандидат тіркелген күннен бастап және дауыс беруге 2 күн қалғанға дейінгі кез келген уақытта ОСК-ға бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып өз кандидатурасын алып тастай алады. Сонымен қатар, РҚБ-нің жоғары органы тiркеуге дейiн және тiркеуден кейiн де ОСК-ға ұсыныс жасау арқылы Президенттiкке кандидат ұсыну жөнiндегi өз шешiмiнiң күшiн жоя алады. Мұндай жағдайда ОСК кандидатты тiркемейдi не оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
САЙЛАУ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ӨЛШЕМІ
Сайлау туралы заңның 49-бабы бойынша сот және прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, қоғамдық бiрлестiк өкiлдерiнiң заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қабылдауға міндетті. Заңда өзгеше көзделмесе, олар – 5 күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы 5 күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерi дереу қаралады. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады. Сондай-ақ, азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап 5 күннiң ішінде қарайды. Ал сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағым егер заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап 3 күннiң ішінде қарайды. Жалпы заңнаманы бұзуға қатысты жауаптылық 50-бапта жан-жақты қарастырылған. Атап айтқанда сайлау комиссиясының жұмысына араласқан; дауыс беруге кедергi келтiрген; кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген; дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген; кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған; сайлау құжаттарын қолдан жасаған жағдайда азаматтар жауаптылыққа тартылады. Сондай-ақ, дауыстарды көрiнеу қате санаған; сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған; дауыс беру құпиясын бұзған; Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiргендерге де қылмыстық жауаптылық көзделген.
Бұдан бөлек әкiмшілiк және өзге де жауаптылықтар қарастырылған. Мәселен, осы заң талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған; сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған; сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тіркеу мерзімі аяқталғанға дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген; сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген; кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған заңға сәйкес жауап береді. Кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен; кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қаржы алған; сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған; сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрушілер де жазасыз қалмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


