Ақмола облысы Атбасар ауданының Шуйское ауылы өңірден тысқары жерлерге ерекше танымал мекен. Мұнда қазақстандықтар еліміздің түкпір-түкпірінен жұмысқа және өмір сүруге көшіп келуде. Себебі, тұрғындардың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған: тұрақты жұмыс, мектеп, спорт кешені, балалар ойын алаңы, мәдениет үйі, қоғамдық монша және ірі ауыл шаруашылығы кешені бар. «Шуйское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен, адамдар уақытылы жалақы мен жайлы баспана ала алады.
ӘКЕ АМАНАТЫ
– Атбасар ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Бейсенбек Құрманқұлов ауданның дамуына елеулі үлес қосты. Оның бүкіл өмір жолы ауыл шаруашылығымен байланысты. Алғашқы жұмыс орны мен еңбек жолы 1971 жылы Атбасар ауыл шаруашылығы мекемесінде шебер мамандығынан басталды. Көп ұзамай 20 жастағы маман прораб болып тағайындалды. Кейін «РайАгропромСтрой» кәсіпорнының басшысы болды. 1997 жылдың шілдесінен бастап «Иралин ИҚ» компаниясының басшысы болды. Бірқатар қайта құрулар мен қайта атаулардан кейін шаруашылық «Шуйское-21» серіктестігі деп аталды. Бейсенбек Құрманқұлов серіктестікті 2014 жылға дейін басқарды. Кейін ол тізгінді ұлы Алтынбекке тапсырды, – дейді Атбасар ауданының әкімдігі. Он жылдан астам уақыт бойы Алтынбек Бейсенбекұлы әкесі бастаған ірі ауыл шаруашылық кешенін сәтті басқарып келеді. «Шуйское» ЖШС дәнді дақылдарды, сүт өнімдерін өсірумен айналысады және ет өндіреді.

ЕЛГЕ ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Шаруашылық басшылығы өз қызметкерлері үшін барлық жағдай жасады: лайықты жалақы, ең бастысы, жаңа тұрғын үй берді. Шаруашылық басшысының айтуынша, ауылда жыл сайын халық саны артып келеді. Жастар отбасын құрып, Шуйское елді мекенінде қалады. Серіктестіктің басты мақсаты – жастар мен ауыл тұрғындарының кетуін болдырмау, оларға қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға субсидиялар мен гранттар бөле отырып, кәсіпкерге зор қолдау көрсетеді. – Менің әкем 20 жыл бойы осы шаруашылықтың басшысы болған, біздің басты міндетіміз – адамдардың ауылдан кетуін тоқтату. Өйткені қолайлы жағдай болмаса, адамдар ауылдан, туған өлкесінен кете бастайды. Біз ауыл жастарын барынша жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Өз күшімізбен қызметкерлеріміз үшін жайлы абаттандырылған үйлер саламыз, біздің жеке құрылыс бригадамыз да бар. Бүгінгі таңда жас мамандар үшін 12 үй салдық, «Шуйское» ЖШС-де 200 жуық адам жұмыс істейді. Бұл ветеринарлар, ауыл шаруашылығы мамандары және басқа да көптеген мамандық иелері. Жақын арада тағы 4 пәтер салынып, тапсырылды. Серіктестігіміздегі орташа жалақы 230 000 теңгені құрайды, тұрғын үйді тегін береміз, – деді «Шуйское» ЖШС директоры Алтынбек Құрманқұлов.
ЖАСТАР – АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ
Отансүйгіш кәсіпкер туған ауылына үлкен қолдау көрсетеді, ірі жобалардың бірі картоп, қырыққабат және сәбіз сақталатын 10 мың тонналық көкөніс қоймасы, бұл жерде шамамен 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген, жалақылары орташа есеппен алғанда 200 мың теңгені құрайды. Жалпы, ауылда жақсы өмір сүру үшін жыл сайын барлық жағдай жасалып келеді. «Шуйское» ЖШС құрамына кіретін сүт фермасы 2020 жылы салынып, Көкшетау, Шучинск қалаларына және еліміздің басқа өңірлеріне сүт пен ет жеткізеді. – Бүгінгі таңда бізде 300 бастан астам ірі қара мал бар, тәуліктік сүт 800 литрді құрайды. Күн сайын 10 000 литрге жуық сүт аламыз, 1 сиыр 27 литрге дейін сүт береді, сүтті Көкшетау Сүт зауытына береміз. Ай сайын бізде 20 бұзау туады, біз оларды өз базамызда өсіреміз, кейін, бұқалар негізінен Көкшетау қаласының ет өндіруші мекемелеріне жеткізіледі. Жалпы жұмыс өте ыңғайлы, себебі бізде сиыр сауудың барлық техникасы автоматтандырылды, – деп атап өтті «Шуйское» ЖШС шаруашылығының бас зоотехнигі Мұрат Советұлы Смағұлов. Сонымен қатар, ЖШС күшімен ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, су жаңа мәдениет ордасы пайдалануға беріледі. Бірнеше жаңа жұмыс орындары ашылып, оларға тиесілі жалақы төленеді. Айта кету керек, Шуйское жастары бокс, күрес, футбол, волейбол және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өтетін заманауи спорт кешенінің арқасында белсенді өмір салтын ұстанады. Кешенде өзінің жаттығу залы бар, онда ауыл тұрғындары бос уақыттарын фитнесте өткізеді. Спорт кешенін 2021 жылы Құрманқұлов бастаған команда салған.
АУЫЛЫНА ҚАРАП АЗАМАТЫН ТАНЫ
Осынау заманауи дамыған ауылдың тұрғындарының жеке кәсіпкерге айтар алғысы шексіз, себебі елді мекенде жастарға қолайлы жағдай жасалған. – Мен осы Атбасар ауданының тумасымын. Кешенде еңбектеніп келе жатқаныма он жыл болады. Отбасыммен Шуйское ауылында тұрамыз, келіншегім менімен бірге жұмыс істейді. Балаларымыз мектеп оқушысы, бос уақытта спортпен шұғылданады. Жалпы, өмірімізге ризамыз, жалақы уақытылы, тұрғын үйді де жұмыстан берді. Басшылыққа бас иіп, алғысымызды білдіреміз. Ауыл өмірі жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқаны өте қуантады,–деді Серік Ислямбеков.
Серіктестіктің дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, гербицидтерге субсидия беріледі. Ақмола облысы еліміздің аграрлық саласының жүрегі, мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыс айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 15%-ы өндіріледі, Қазақстанда өсірілетін бидайдың төрттен бірінен астамы әлемдік нарықта жоғары бағаланады. Сонымен қатар, машина жасауды дамыту – өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі. Алдағы жылдары 130 млрд теңге сомасына 79 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Бақыт Жұмабай


