Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деген болатын. Заң үстемдігін ел халқының құқықтық сауаты мен мәдениетінен бөліп қарай алмаймыз. Өйткені, құқықтық білім азаматтық қоғамның негізі, яғни, құқықтық мемлекетте өмір сүруді қалайтын әрбір азаматтың құқықтық санасы мен мәдениеті жоғары болуы қажет. Ал халықтың құқықтың білім-білігін арттыруға жалпы заңгерлер қауымы атсалысуы тиіс. Бұл ретте азаматтардың сот арқылы қорғалу құқықтарын, т.б. заң талаптарын түсіндіруге ел соттары белсенді түрде атсалысуда.
Осы мақсатта айтар болсақ, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін мінсіз қорғауды, сол арқылы заң үстемдігін орнатуды көздейтін эксаумақтық соттылық сот ісіне қатысушылар үшін өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Азаматтық процестік кодекстің 32-бабында көрсетілгендей, азаматтар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгертуге құқылы. Яғни, заң талабы бойынша эксаумақтық соттылықты таңдағысы келетін жақ қарсы тараптың келісімін алуға міндетті. Дейтұрғанмен, 31-бапта белгіленген соттылық тараптар келіскен жағдайдың өзінде өзгертуге жатпайды.
Кеңінен тоқталсақ, азаматтық іс қозғалған соң сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарылып, онда эксаумақтық соттылықты қолдану нормалары түсіндіріледі. Аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхат осы ұйғарымның негізінде беріледі. Тараптар арасындағы қосымша келісім өтінішхатқа тіркеледі. Келісім сотта сот талқылауы аяқталмай тұрып рәсімделеді. Бұдан әрі нақтыласақ, істің эксаумақтық соттылық тәртібімен қаралуын қалаған тараптар бұл туралы сотқа өтінішхатпен жүгінеді. Ол «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы жүктемесі аз, қарау құзыретіне дәл осындай істер кіретін соттарға бағытталады. Электрондық іс электрондық қолтаңбамен ақпараттық жүйе таңдаған сотқа жіберіледі.
Істерді автоматты түрде бөлу жүйесінің артықшылығы тараптардың келісімімен істі еліміздің барлық сотында қарау мүмкіндігі жасалған. Айтып өтерлігі, бұл мәселеде соттардың жүктемесі мен мамандандырылуы
ескеріледі. Эксаумақтық соттылықта талап қою мен азаматтық іс республиканың барлық соты арасында бөлінеді. Мысалы, тараптар Алматыда болса да іс Ақтауда қарала береді. Яғни, сот процесіне жауапкер, талапкер арасындағы қашықтық кедергі келтірмейді, бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимде жүргізіле береді.
Аумақтық соттылық түрлері Азаматтық процестік кодекстің 30, 31, 32 баптарымен бекітілген. Қазақстанда азаматтық істердің басым бөлігі онлайн қаралатындықтан, сот арқылы қорғау құқығы аумаққа байланыссыз іске асырылады. Эксаумақтық соттылық жергілікті билік, т.б. тарапынан орын алуы мүмкін ықпалды азайтады. Бұл өз кезегінде соттардың
тәуелсіздігін нығайтып, бейтараптығын арттырады. Эксаумақтық соттылықтың тағы бір артықшылығы, республиканың барлық
соттарында сот жүктемесі тең бөлінеді. Соның нәтижесінде жүктемесі көп ірі қалалар мен облыстардағы соттар судьяларының күрделі істерге көңіл бөлуіне мүмкіндік туады. Істің тараптар тұратын жерден тыс аумақта қаралуы
тамыр-таныстықтың жолын кесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.
Данияр Сарыбаев,
Алмалы аудандық №2 сотының судьясы
Алматы қаласы