Эксаумақтық соттылық – сот төрелігінің бейтараптығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде істердің соттылығы жалпы қағида бойынша аумақтық принципке негізделеді, яғни іс құқық бұзушылық жасалған жер бойынша немесе жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қаралады. Дегенмен, сот төрелігінің объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамада ерекше жағдайларда істі басқа өңірдің сотына беру мүмкіндігі көзделген. Бұл – эксаумақтық соттылық институты.

Эксаумақтық соттылық дегеніміз – белгілі бір іс бойынша соттылықты жалпы аумақтық қағидадан тыс тәртіпте айқындау және оны өзге облыстың немесе өзге әкімшілік-аумақтық бірліктің сотына беру. Мұндай шешім жоғары тұрған соттың құзыреті арқылы қабылданады және ол нақты процессуалдық негіздерге сүйенуі тиіс. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Азаматтық процестік кодексінде және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде соттылықты өзгертуге мүмкіндік беретін нормалар бекітілген.

Эксаумақтық соттылықты қолданудың негізгі мақсаты – сот төрелігінің тәуелсіздігі мен бейтараптығын сақтау. Егер істі жергілікті сотта қарау барысында соттың объективтілігіне күмән туындайтын мән-жайлар болса, мысалы, сот қызметкерлерінің іс бойынша қатысушылармен қызметтік немесе өзге де байланысы анықталса, не іс қоғамда кең резонанс туғызса, мұндай жағдайда істі басқа өңірдің сотына беру – заңды әрі орынды шешім болып табылады. Бұл шара сотқа ықтимал қысым жасаудың алдын алуға, тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге және қоғам сенімін сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелері де соттылықты өзгертуге негіз бола алады. Кейбір қылмыстық істер бойынша қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін жағдайларда істі басқа өңірде қарау қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша кепілдігі ретінде қарастырылады. Бұдан бөлек, процестік үнемділік қағидаты да ескеріледі: егер тараптардың көпшілігі басқа өңірде орналасса немесе дәлелдемелер сол жерде шоғырланса, істі сол аумақта қарау іс жүргізудің тиімділігін арттырады.

Эксаумақтық соттылық ерекше құқықтық институт болғандықтан, оны қолдану дәлелді әрі негізді болуы тиіс. Соттылықты өзгерту – автоматты немесе формалды рәсім емес, ол нақты мән-жайларды жан-жақты талдау нәтижесінде қабылданатын процессуалдық шешім. Бұл ретте заң талаптарын қатаң сақтау сот актілерінің заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, эксаумақтық соттылық сот жүйесінің икемділігін және құқықтық мемлекеттің қағидаттарына адалдығын көрсететін маңызды құрал болып табылады. Ол аумақтық соттылық қағидасын жоққа шығармайды, керісінше, ерекше жағдайларда әділ сот төрелігін қамтамасыз ететін қосымша кепілдік ретінде қызмет етеді.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас мамасы Бодыкова Ақзер Ғалымқызы

За два года в Казахстане модернизируют 124 железнодорожных вокзала: уже обновлены 36 объектов

В рамках реализации задач, поставленных Главой государства по развитию...

Твой голос — твои правила: почему референдум-2026 станет главным экзаменом для нового поколения

Политобозреватель Газиз Абишев в ходе экспертной платформы КИСИ «Конституционная...

Ұлттық орталық музейінде «Archive Exhibition 2023–2026» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Archive Exhibition 2023–2026» көрмесі...

Ұлттық орталық музейде Болат Мұхамедиевтің «Қолөнер тарихы» атты ретроспективті көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде көрнекті қазақстандық суретші, ауқымды...