Үкімет ел экономикасын алға жылжыту мақсатында арнайы бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама арқылы халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрмыс тіршілігі түзелу керек. Үкіметтің алдағы қадамдары қандай болмақ? Нақты қандай шешім ұсынып отыр? Сарапшылар не дейді?
Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмасынан кейін Үкімет нақты шараларға көшкен еді. Елімізде «Микроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл—ауқатын арттыру» атты арнайы құжат қабылданды.
Белгілі экономист Дінмұхаммед Ғали:
Қазіргі уақытта экономикаға қойылатын басты талап – сандық көрсеткіштерден сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу. Мысалы, 2011 жылы ЖІӨ көлемі – 27 трлн теңге болған. 2014 жылы бұл көрсеткіш 131 трлн-ға жеткен. Яғни, ЖІӨ орта есеппен 5 есе артқан.
Жалақыға келетін болсақ, 2011 жылы орта есеппен санағанда орташа жалақы мөлшері 91 мың теңге болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 444 мыңға өскен. Яғни, көрсеткіш 3,2-3,7 есеге өскенін көріп отырмыз. ЖІӨ халықтың қаражатының өсуіне алып келмей отыр. Сондықтан, бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – сандық көрсеткіштерден сапалы көрсеткіштерге өту.
Қазақстанда импортқа тәуелділік деңгейі әлі де жоғары. Осыған байланысты мемлекет импорттық тәуелділікті азайту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылдады. Мысалы, шетелдік өндірушілерге тәуелді жабдықтарды елімізде өндіру үшін жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Бұл шаралар импортты алмастыру арқылы тәуелділікті төмендетуге бағытталған.
Қаржы сарапшысы Рүстем Тоқтаров:
Экономиканың өнімділігі артқанмен оның пайдасын көріп отырған халықтың саны аз. Қазір бюджеттің алпыстан астам пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Яғни, біз өндіріс пен экономиканы дамытудың орнына халықтың әл-ауқатын жасанды түрде ынталандырумен айналысып келе жатырмыз.
Бұл бағдарламаның ерекшелігі – бұрынғыдай тек мемлекет тарапынан ғана іске асырылатын бастама емес, үш тарап бірлесіп, өзара үйлесімді жұмыс істеу арқылы мәселені шешуге ниетті.
Неге бұл бағдармаға үш жыл уақыт таңдалып отыр?
Экономист, экономика ғылымдарының кандитаты, PhD Қажыгелді Жамбыл:
Қазақстан мұнай мен мыс пайдалы қазбаларымен байыған дәуірінен өтті. Біз мұнайға бай мемлекетпіз деп айтқанымызмен, статистикада он елдің ішіне де кірмейміз. Табиғи газ бойынша да тым бай мемлекетпіз деп айта алмаймын, өйткені қорлардың біразы сарқып жатыр. Оның дәлелі неде? Мысалы, Қазақстанның экспорты 77 млрд доллар. 2024 жылдың, қорытындысы бойынша 77 млрд доллардын кемінде 3,2 бөлігі мұнай және мысқа тиесілі. Экспортқа шығатын мұнай көп жағдайда Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтан шығады. Биылғы мұнай өндірісі шамамен 105 млн тоннаға жетеді, былтыр 95-98 млн тоннаға жеткен. Бұл өсім осы үш кен орын арқылы жүргізіліп жатыр. Егер үш кен орнын алып тастасақ қалған Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбеде жыл сайынғы мұнай өндіріс төмендеп жатыр. Соңғы үш жылда отыз бес пайызға төмендеген. Болашақта мұнай бағасы түскен кезде қазір бар экспортымыздың барлығы алдағы бес жыл көлемінде азаюы мүмкін. Сондықтан 3-5 жыл аралықта экономиканы диверсификациялап, толығымен реформалау қажет.
Экономикалық зерттеулер институты акционерлік қоғам басқарма төрағасының орынбасары Ерділдә Таукенов:
Бұл бағдарлама экономикалық реформаның бастамасы емес жалғасы деп айтсақ болады. Биыл наурыз айында бюджеттік кодекс қабылданды, шілде айында салықтың кодекс қабылданды. Яғни, реформалар бұған дейін басталып кетті.
Біз сөзден іске көшіп, экономиканы дамытып, сыртқы тәуелділікті азайту керек.
Бағдарламаға келетін болсақ, негізгі мақсаты – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл аухатын жақсарту.
Біздің экономикалық ахуалымызға келетін болсақ, он айдың есебі бойынша біздің экономикамыз 6,4 пайызға өскен. Бірақ, өкінішке қарай инфляция деңгейі де 12,6 пайызды көрсетіп отыр. Экономика өскенімен оны халық сезіп отқан жоқ.
2026-2028 жылдары халық табысы жыл сайын 2-3 пайызға өседі
Ерділдә Таукенов:
Бұл мемлекет тарапынан бизнеске жағдай жасау және жаңа жұмыс орындарын ашу. Қазір Байтерек холдингінің рөлі мен функциясы өзгеріп жатыр. Бұған дейін Бәйтерек ақшаны таратушы болса, қазір ол осы жобаларды өзі сараптамасын жасап, инвесторларды тартып, нақты өңдеу өнеркәсібінде оң әсерін тигізетін, экономиканы әр тараптандыратын жобаларды іске асырады. Елімізде 17 технологиялық ірі жобалар, одан қалды ауыл шаруашылығындағы жылына жүз жобаларды іске асырамыз деген. Осының барлығы сапалы, жоғары өнімді, жоғары табысты жұмыс орындарын құру арқылы халықтың жағдайын арттыру деген сөз. Егер отбасында әр жұмыскердің табысы артатын болса жалпы экономиканың да орташа табысы өседі деген сөз.
ЖІӨ мен жалақы өсімі арасында,ы алшақтық қысқарады
Ерділдә Таукенов:
Үшінші тоқсанның нәтижесі бойынша табыс -2 пайыз, яғни, төмендеп отыр. Бірақ экономикалық өсім – 6,4 пайыз. Сондықтан осы алшақтықты азайту деген экономиканы тұрақтандыру. Экономика өсу керек және халықтың табысы арту керек. Ол үшін инфляцияны түсіру керек. Инфляция қазір 12 пайыздан асып отыр. Осы бағдарламаның межелі индекаторында 2028 жылы 5-7 пайызға дейін түсу керек. Егер инфляцияны түсірсек ол халықтың шығындарын жоспарлауға, бизнесті кеңейтуге дұрыс жоспар құруға жағдай жасайды.
Инфляцияны қалай түсіреміз?
Қажыгелді Жамбыл:
Инфляцияны жылма-жыл төмендетуге сарапшылардың көзқарасы нейтралды. Бірақ индустриялды даму бағдарламасы орын алып, расымен тиімді түрде атқарылса 2028 жылдан кейінгі кезеңде инфляция түсу керек.
Қаржы сарапшысы Рүстем Тоқтаров:
Елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама басталды, бірақ әлі күнге дейін қарапайым күнделікті тұтынып жүрген заттардың «Қазақстанда жасалған» деп шығып жүргені кемде-кем. Тек сувенирлік заттар болмаса, басқа заттардың барлығы елімізге импортталады. Қарапайым дүниелердің барлығын халық өзіміздің базардан алмай, «Alibaba, Temu» деген маркетплейстерден алып жатыр. Қарапайым заттар экономикасына көшеміз, кешенді бағдарлама жасаймыз, күнделікті қажетті заттардың барлығын өзімізден шығарамыз деген мақсат болды. Оған субсидия да берілді, мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілді. Бірақ нәтижесін әлі күнге дейін беріп жүрген жоқ.
Ерділдә Таукенов:
Экономикалық зерттеулер институты ретінде біз инфляцияның табиғатын зерттедік. Бұған көп факторлар әсер етеді. Соның бірі – тұтынушылық несиенің өсуі. Тұтынушылық кредит – 2017 жылдан бастап күрт өсе бастады. Сол жылдан бастап несие алу халыққа қолжетімді болып кетті. Банктің қосымшасында екі минутта несие ала аласыз. Бөліп төлеу әдісі де тұтынушылық несиеге кіреді. Бұл да инфляцияға өзінің ұлесін қосып отыр. Сондықтан тұтынушылық несиені азайтып, инфляцияның деңгейін азайту керек. Осындай іс шаралар арқылы инфляция деңгейін ырықтандырумыз керек.


