Ел Үкіметі «Халық санасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысының жобасын дайындаған. Жоба бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында тұр. Азаматтардың осы жобамен танысып, өз пікір, ұсынысын жолдауына толық мүмкіндігі бар.
Бұл құжаттың мемлекет үшін де, адамзат үшін де маңызы зор. Себебі экологиялық мәдениет – адам мен табиғат арасындағы қатынастардың сипатын, адамның табиғи ортаны сақтау және дамыту жөніндегі қызметке қатысу шаралары мен тәсілдерін білдіретін және айқындайтын білім, дағды және құндылық бағдарларының жиынтығы. 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында негізгі үш бағыт айқындалған. Олар: экологиялық білім беру және ағарту; қаржы және экономикалық құралдар; технологиялық және инфрақұрылымдық шаралар. Сондай-ақ әр бағыт бойынша атқарылатын шаралар нақтыланған. Мәселен, атмосфералық ауаның сапасы бойынша ахуалға көз жүгіртсек. Дүниежүзілік банктің 2021 жылғы бағалауы бойынша, ауа сапасының нашарлығы жыл сайын 6 мыңнан 9360-қа дейін төмендеп, салдарынан мезгілсіз өлім көбейген. Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, ауаның ластануынан жылына 6 мыңға дейін адам мезгілсіз көз жұмады. Дүниежүзілік банктің 2020 жылы дайындаған зерттеуінде көрсетілгендей, ауаның тек қалқыма бөлшектермен ластануы жыл сайын 9 360 мезгілсіз өлімге ұшыратады және экономикаға 7,1 миллиард доллардан астам шығын әкеледі. Жалпы, Қазақстан суды өте жоғары деңгейде тұтынуымен ерекшеленеді. Aquastat мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында жан басына шаққандағы жалпы су алу 2020 жылы 1,31 мың текше метрді құраған. Демек, күніне бір адамға шамамен 3,6 мың литр жұмсалады және еліміз тұтыну деңгейі ең жоғары он елдің қатарына кіреді. Ал су – шектеулі табиғи ресурс, сондықтан суды бүгіннен бастап үнемдеп тұтынып, келешек ұрпағымыздың қамын жасау қажет. Қалдықтарды басқару да экологиялық қана емес, сонымен қатар маңызды экономикалық проблема болып табылады. 2022 жылы Қазақстанда барлығы 4,3 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болды. Оның 1,1 млн тоннасын қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша мамандандырылған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер жинаған коммуналдық қалдықтарды құрады. Тұрмыстық қалдықтардың негізгі үлесі үй шаруашылықтарының қалдықтарына тиесілі (65,6%), 20,2% – өндіріс қалдықтары (тұрмыстық қалдықтарға теңестірілген), 10,5% – көше қоқыстары, 2,2% – базар қалдықтары. 2022 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ үлесі 25,4%-ды құрады. 2022 жылы республикада 207 қала мен ауданның ішінде бөлек жинау – 133, ал сұрыптап жинау – 103 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде енгізілді. Былтыр жыл басында Қазақстанда қалдықтарды басқару саласында шамамен 564 кәсіпорын жұмыс істеді. 2022 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы республика аумағына жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде 5 683 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орнының координаттары анықталды (2021 жылы – 7 328), оның ішінде 4 325 немесе 76% жойылды. Стихиялық қоқыс үйінділерінің ең көп саны Ақмола мен Қарағанды облыстарында және Астана қаласында.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


