ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СИПАТ АЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық ауқымдағы экологиялық акциясы Ақмола облысында да кеңінен қолдау тапты. Өңірдегі кезекті шаралар легі Бұланды ауданында жалғасқан. Республиканың әр түкпірінде өтіп жатқан шараға ауданның түрлі еңбек ұжымдары, студенттер мен жастар, жалпы аймақтың тазалығы мен экологиялық ахуалына бейжай қарамайтын барша аудан тұрғындары қатысып, сенбілік шарасына белсене атсалысуда.

Акция аясында елімізде мыңдаған көшеттер егіліп, елді мекендер абаттандырылып, қордаланған қоқыстан арыла бастаған. Мемлекеттік рәміздер күні Макинск қаласында таңертең көк аспанда әуелеген Мемлекеттік Әнұран бұландылықтар үшін тек салтанатты мереке ғана емес, елді мекеннің айналасын тазартуға жігерлендіретін ерекше рух бергендей. Бұланды ауданының орталығы – Макинск қаласында бастау алған іргелі шараға аудандық мемлекеттік органдардан бастап, түрлі еңбек ұжымдары, бизнес құрылымдар мен жалпы тұрғындар да қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, республика бойынша бес апта уақытқа созылатын акцияның басты мақсаты тазалық пен экологиялық ахуалдың жақсаруына үлес қосу. Акцияның әр аптасы да «Таза өлке», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты өзіндік атаулар беріліп, нақты мақсаттар көзделіпті. Аудандық мәслихат депутаты Әлішер Кенжеғалиев «Таза Қазақстан» республикалық акциясының экологиялық сананы арттырып қана қоймай, нақты қадамдар жасауға ықпал ететінін жеткізді. – Жалпы, өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен бүкіл Қазақстан бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алған болатын. Бес аптаға созылған акцияда қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында Бұланды ауданының тұрғындарының баршасы шараға қатысып, қолдау көрсетіп белсенділік танытуда. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, экологиялық акцияға аудан бойынша аудан ішін тазарту, әктеу жұмыстары сияқты сол акция басталғаннан бері қарай тазалықтың барлық жұмыстары атқарылып келеді. Жалпы, экологиялық акцияның басты мақсаты да сол қоршаған ортаны қорғау, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғаттың ластану мәселесіне халықтың назарын аударту болып отыр. Мұнымен қоса, шара жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, сонымен қатар волонтерлік қозғалыстарды дамытуды көздейді, – дейді Бұланды аудандық мәслихатының депутаты Әлішер Кенжеғалиев. Қазіргі уақытта «Таза Қазақстан» республикалық акциясына Бұланды ауданындағы 11 ауылдық округтың 3 мыңнан астам тұрғыны белсене атсалысып жатыр. Акция басталған алғашқы күннен-ақ ауданның елді мекендерінде көшеттер егіліп, көшелерді абаттандыру жұмыстары кең етек алған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, аудан аумағындағы елді мекендерде акция басталған уақыттан бері ғана 2 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылған. Аудан әкімдігі мен құзырлы органдар акция шарасын одан әрі жалғастырып, елді мекен көшелері мен гүлзарларда көшет отырғызу, абаттандыру және тазарту жұмыстарын жалғастыра бермек ниетте. Бұланды аудандық мәслихат депутаты Әлішер Кенжеғалиев аудан аумағында кең көлемде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына мектеп оқушылары мен жастар да белсене атсалыса бастағанын ерекше атап өтті. – Мектеп оқушылары дегенде өздеріңізге белгілі қазір «Жасыл ел» деген мемлекеттік бағдарлама бар. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған. Мұнда жастар өздерінің қызметтерін атқарып, сегіз сағаттық жұмыстарын істейді және өздерінің жалақыларын алады,– деп толықтырды Әлішер Жәнібекұлы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция барысында аймақтың тазалығын сақтауда, сонымен қатар, жалпы тұрғындардың экологиялық ахуалға назарын аудартуға мүмкіндік берген. – Акция қаламыздың тазалығын сақтауға ықпал етті. Жастар, балалар да белсене қатысып жатыр. «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы саны 56 бала бар. Шараға 14 жастан бастап ерікті азаматтар, студенттер, оқушылар жалпы қала тұрғындары барынша көбірек қосылып келеді, – дейді Бұланды ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы. Акция барысында 1500 адам бес тоннадан астам қоқыс шығарып, қала ішін айнадай жарқыратты. Аудан тұрғындарының тазалық акциясына ұйымшылдықпен қатысып жатқанына Бұланды аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шахман Құсайынов ақсақал да шынайы ризашылығын білдіріп, шараның тұрғындардың сана-сезімінің артуына септігін тигізетінін жеткізді.

– «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы тазалық пен тәртіпке жол салып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа жалпы еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Аудан тұрғындары «Таза өлке», «Киелі мекен» және «Жасыл аймақ» жобаларымен тұтас қоғам бойынша өз елді мекендерінің айналасын абаттандырып, тазалық пен тәртіптің маңыздылығына назар аударды. Аудан тұрғындарының ортақ күшімен 20 тоннадан астам қоқыстың шығарылуы, 14 тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің абаттандырылуы, 3 мыңнан астам көшеттердің отырғызылуы үлкен істің тындырылғанының айқын көрінісі. Біз бұл ісіміз арқылы балаларымызды да тазалық пен тәртіпке үйрететінімізге сенімдімін. Қариялар мұндай іргелі іске риясыз қуанышты. Еліміз гүлденіп, алға дами берсін, – дейді Шахман Құсайынов.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Қос дипломнан – жаңа белеске: Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

Қытай Халық Республикасындағы Наньнин педагогикалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы...

Профилактикалық тексеру

Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде...

Сот отырысын ұйымдастырудың маңызы мен тәртібі

Сот төрелігін жүзеге асыру – кез келген құқықтықмемлекет жағдайында...

INTEGRA CITY представляет AI-технологии для экосистемы цифрового управления городами на GITEX Africa 2026

Международная группа компаний INTEGRA CITY принимает участие в выставке...