(Жаңа Конституция жобасы бойынша ұсыныс есебінде)
«Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау» секілді қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілгендіктен, Ата Заңымыз бойынша дайындалып жатқан жаңа Заң жобасына сәйкес, басты идея түрінде қаралуға ұсынылған «Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация» түрлерін есепке ала отырып, мемлекетіміздің азаматшасы ретінде болашақты ең басты адами капитал мен азаматтардың жетістіктерін көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс бойынша өз ойым мен көзқарасымды (пікір) және ұсыныстарымды айта кетуді жөн санап отырмын.
34-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.» делінген. Осы тұрғыда бұл Заң талаптарына эколог маман және ЖОО-да (kaznu.kz) қоршаған ортаны қорғау саласынан 20 жылдан астам студент, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып келе жатқан қауымдастырылған профессор ретінде келісемін, дегенмен осы баптың 1-тармағына қосымша 1.1.-тармақша ретінде «ҚР кез-келген азаматы экологиялық тәрбие, мәдениет пен білім ала отырып, экологиялық талаптарды орындауға міндетті және экологиялық біліммен қамтамасыз ету ісімен жауапты, әрі тиісті уәкілетті органдар айналысады» деп қоса отырып, ҚР әрбір азаматына қоршаған ортаны сақтауға қатысты Заң талаптарын жан-жақты түсіндіру жұмыстарына басымдықты бере отырып, сосын барып оның орындалуын нақтылау қажет деп ойлаймын. Ол үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі экология сабақтарын бала-бақшалар, мектептер мен колледждерде тек факультативті сабақ ретінде емес, нақты бірнеше арнайы экологиялық пән ретінде оқытуды қолға алғаны дұрыс және тиіс дегім келеді! Мектеп пен колледждерде балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, сәйкесінше әр сынып пен курстарда «Экологиялық мәдениет», «Экологиялық білім» және «Экологиялық тәрбие» ұғымдарына жіті мән бере отырып, оқыту ісі қолға алынуы тиіс.
Ал, Қазақстандағы ЖОО-да «Экология және тұрақты даму» пәндерін орнықты түрде барлық мамандықтар үшін міндетті оқыту пәні ретінде оқыту жоспарына ендіруді мықтап қолға алуды тиісті уәкілетті орган — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұдайы қадағалауға алғаны жөн. Себебі, Мемлекетімізде орындалатын Заңдармен бірге ратификацияланған Халықаралық шарттардың орындалуын ескерсек, онда «Экология және тұрақты даму» мақсаттарының орындалуына аса үлкен мән беру міндетті және тиісті емес пе? Олай дейтінім, Қазақстандағы БҰҰДБ бойынша «Тұрақты даму мақсаттарының» төртінші «Сапалы білім беру» мақсатын түбегейлі орындалуын ескерсек, онда неге ЖОО-да оқытылатын «Экология және тұрақты даму» пәндері міндетті емес, таңдау пәні ретінде оқытылып жатыр?
Әрине, қазіргі таңда Заң жобасында келтірілген «Қоршаған ортаны ұқыпты қарау мен тазалықты сақтау» мәселесі бойынша оқыту мен тәрбие беру ісіне бала бақшадан бөлек, мектептердің өзінде факультативті қосымша сабақ ретінде оқытылатынын өзекті мәселе ретінде тілге тиек етіп жеткізгім келеді. Әлгі жақында ғана әлеуметтік желілерді шулатып жатқан Шымкенттегі мектептерде педагогтардың артық мөлшерде жүктемені орындауы бойынша шыққан даулы мәселесінің басында экологиялық сабақтарды жәй ғана қосымша сағат ретінде мектеп басшысы көмекшілерінің өздерінен артылмайтынын және экологиялық білім мен тәрбиенің балаларға тиянақты білім түрінде беріле бермейтінін, керісінше бұл экология пәнінің «Мектеп табалдырығының төсеніші» секілді нақты арнайы пән түрінде айтылусыз және талқылана бермейтін «әңгіме» түрінде қалып қойып жатқаны, бәлкім содан болар?!
Одан бөлек, мектептерде жыл сайын оқу жүйесінде талап етілетін ғылыми жобалар бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулер, сол мектептің өзінде арнайы экологиялық пән ретінде іргетасын қалай отырып, жүйелі түрде оқытыла бастаса, бірақ тек білім теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан мақсатты құрылған «Табиғатты экологиялық түрде зерттеу» түріндегі зертханалық аудиториялар түрінде ашылса, онда экология саласында оқып, ЖОО-ын тәмамдаған жас мамандардың келешекте жұмыспен қамтылу көрсеткіші де артар еді, тиісінше экологиялық білім мен мәдениетке ұмтылған тәрбиелі ұрпақтың саны да көбейер еді.
Дамыған Елдердің тәжірибесіне нақты сүйенсек, Елді қорғау – қолыңа қару алып емес, қайта өзің оқитын мектептің еденін өз қолыңмен сүртіп, орта тазалығына сүйсініп қарайтын Жапония секілді алпауыт Елдердің мәдениетіне сүйенуден тұратын шығар?
Сондықтан, менің ойым: қоғамның әрбір мүшелеріне экологиялық білім, мәдениет мен тәрбие беру ісін жәй ғана ауызекі тілде айта салмай, тиісті Заңның орындалу тармақтарын жан-жақты насихаттауға көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені қазіргі өмір сүріп отырған қоғамда табиғи орта мен айналаның тазалығына мән беру, оған барынша ұқыпты қарау және кез-келген мүлікті дұрыс сақтау тұрғысында азаматтардың арасынан табиғат тазалығына немқұрайлы көзқарас пен табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілігінің аздығы, тіпті жоқтығын байқап жүрміз!
Мойындау керек, Заң әлсіз бе, әлде Біз бе? Міне, бұл басты мәселе!
Үлкен қалаларда тұратын кейбір азаматтардың көп қабатты үйлердің алаңшалары мен қоқыс тастайтын жәшіктерге тұрғын үйлерден шығарылатын тиесілі заттарды дұрыс тастамау салдарынан, адам өмірі мен денсаулығына келтірілетін зияны мен қоршаған ортаға түсетін экологиялық залалдары күн сайын артып барады және ол қарапайым, әр жерде ашық айтыла бермейтін елеусіз дүниеге де айналып бара жатқанын жасыра алмаймыз! Сонда бұл айтылған мысал осы баптың 3-тармағына (34-бап, 3-тармақ. «Адам өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.») жақын келеді. Ал, қарапайым халық экологиялық сауаты мен білімі болмаса, яғни экологиялық талаптар деңгейін білмесе, онда қоршаған ортаға қатысты немесе «Таза Қазақстанды» құру ісіне қалай ат салыспақ?
Дегенмен, осы баптың аталған тармағы бойынша сөйлем құрылымын арнайы мамандар қайта қараған дұрыс немесе «Адам өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн фактілердің» түрлерін жеке тұлғаларға қатысты нақтылау керек болар деп ойлаймын. Сонда осы 34-баптың 2-тармағы бойынша «Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.» деген Заң талабы түсініктірек болар еді.
Қоғамда орын алып жатқан келеңсіз экологиялық ахуалдың нашарлауының басты себебін әрбір ҚР азаматына экологиялық білім беру негізінде қоғамдық экологиялық тәрбие мен мәдениетті арттыру және экологиялық Заң талаптарын қарапайым адамдардың өзінің толық түсінуіне негіздеу үшін, жан-жақты экологиялық оқыту мен білім беру ісін инновациялық ақпаратпен қамтамасыз етуді жоғарыда аталған тиісті уәкілетті органдар қарастыру керек дей отырып, төмендегі ұсынысты жолдаймын:
1. 34-бап, 1.1.-тармақша ретінде «ҚР кез-келген азаматы экологиялық тәрбие, мәдениет пен білім ала отырып, экологиялық талаптарды орындауға міндетті және экологиялық біліммен қамтамасыз ету ісімен жауапты, әрі тиісті уәкілетті органдар айналысады» деп қосылса, онда осы 34-баптың 2- және 3-тармақтары тармақтары бойынша Заң талаптарының орындалуына мұрындық пен үйлесімділік көрініс табар еді.
Құтжан Асқан Нұртайқызы, т.ғ.к., доцент География және табиғатты пайдалану факультеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


