Еңбек заңнамасын сақтау – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігінің негізі. Алайда, жақында бір мемлекеттік органда орын алған оқиға кейбір жағдайда бұл нормалардың сақталмайтынын көрсетті.
21 мамыр 2025 жылы өтініш беруші осы мәселе бойынша Департаментке жүгінген. Өтініште мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмыс уақыты шеңберінен тыс жұмыс істеу фактісі көрсетілген. Тексеру барысында қызметкерлердің өз міндеттерін белгіленген уақыттан кейін орындағаны анықталды.
Өтінішке жауап беру процесі кешкі уақытта жүргізілген. Жұмыс уақытының нормадан артуы шамамен алты сағатты құраған.
Тексеру нәтижесінде жұмыс көлемінің үлкендігі артық жұмыс істеуге себеп болғаны анықталды, бірақ бұл еңбек заңнамасын бұзбай жүзеге асырылуы тиіс. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 77-бабының 1-тармағына сәйкес, артық жұмысқа тек қызметкердің жазбаша келісімімен және жұмыс берушінің тиісті бұйрығымен ғана жол беріледі.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 32-бабына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты еңбек заңнамасына сәйкес анықталады және артық жұмыс істеу үшін арнайы рәсімдер сақталуы қажет.
Мемлекеттік қызметкерлер үшін бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Артық жұмыс істеу ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Аталған фактілер бойынша еңбек тәртібінің бұзылуы ішкі құжаттар мен жүйелік деректер арқылы расталды.
Анықталған бұзушылықтар негізінде басқарма басшысына қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Бұл шешім мемлекеттік органдардағы тәртіпті нығайтуға және осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Бұл жағдай жұмыс процестерін басқару тәсілдерін қайта қарау қажеттілігін көрсетеді.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс уақытын бақылау және процестерді оңтайландыру механизмдерін енгізу маңызды. Бұл тек жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еңбек нормаларын сақтау – әділ еңбек жағдайларының кепілі, яғни мемлекеттік органдар қызметіне азаматтардың сенімін арттырудың маңызды шарты.
Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің
Алматы қаласы бойынша департаментіні
мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау
басқармасының бас маманы
Д.С.Жубаназарова