Елімізде еңбек қатынастарын жан-жақты әрі толық реттеген ҚР Еңбек туралы заңы 1999 жылы 10 желтоқсанда қабылданды. Нарықтық жағдайларға орай бұл заң одан әрі толықтырылып, 2007 жылы 15 мамырында ҚР Еңбек кодексіне айналды. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, еңбек нарығы да уақытпен бірге өзгеріп отыруды талап етеді. Соның нәтижесінде 2015 жылы аталған кодекс жаңартылып, онда қашықтықтан жұмыс істеуге қатысты нормалар енгізілді.
Еңбек кодексінің өзгертілуінің бір себебі, бұрынғы заң нормаларында қызметкер құқығына басымдық беріліп, осы ретте еңбек шарты қатаң реттелсе, жаңа кодексте қызметкер мен жұмыс беруші құқығы теңдей қарастырылды, яғни, екі арадағы баланс теңестірілді.
Он жылдай жұмыс істеген осы кодекске өткен жылдың соңында бірқатар маңызды өзгерістің енгізілгенін жұртшылық жақсы біледі. Солардың біршамасы жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, яғни, жұмыс берушілердің жауапкершілігін одан әрі арттыруға, еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталды. Мұндағы ең басты жаңашылдық еңбек қатынастары заманауи талаптарға сәйкестендірілді.
Атап айтсақ, платформалық жұмыспен қамту енгізіліп, соның нәтижесінде курьерлер мен такси жүргізушілері, фрилансерлер секілді цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтіндердің еңбегі заңмен реттелуде. Сонымен қатар, қызметкерлер құқықтарын қорғаудың түрлі тетіктері күшейтіліп, адамның қадір-қасиетін жұмыс орнында жоғары деңгейде қорғау, еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек шарттарын әділ сақтау мәселелеріне айрықша мән берілді.
Жұмыс берушілердің жауапкершілігі де назардан тыс қалмай, еңбек шарттарына қатысты талаптар қатаңдатылды. Бұдан әрі нақтыласақ, бүгінде белгілі бір мерзімге жасалған келісімшарттар қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде автоматты түрде ұзартылатын болды. Бұған қоса еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттар арқылы жасыруға тыйым салынып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау күшейтілді. Осы ретте еңбек инспекциясының құзыреті кеңейтілді.
Еңбек инспекциясы қызметкерлері құқықтарының кеңейтілуі өз кезегінде өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алып қана қоймайды, сонымен бірге қызметкерлердің қауіпсіздігін жеткілікті деңгейде қамтамасыз етеді. Еңбек жағдайы әлеуметтік кепілдіктер саласымен тығыз байланысты. Сондықтан, бұл тұрғыдағы жаңашылдықты да айтып өткен жөн. Мысалы, бала күтімімен демалыста отырған әкелердің еңбек өтілін есептеуге, оқу демалысын беруге, жұмыс орнындағы ар-намыс, қадір-қасиетті қорғауға бағытталған нормалардың тиімділігі арттырылды.
Жалпы алғанда, заңнамалардағы әрбір өзгеріс халық игілігін көздейді. Осы ретте қолданыстағы Еңбек кодексін Халықаралық еңбек ұйымы стандарттарына сай келетін әрі еңбек нарығын икемді етуге, сондай-ақ, барлық тараптың мүдделерін теңестіретін құжат деуге толық негіз бар.
Аян Бибатыров,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


