Еңбек құқығы Конституциямен қорғалған

Еңбек адамын қадірлеу әділ қоғам құрудың басты шарттарының бірі саналады. Сондықтан, азаматтардың еңбек қатынастарына қатысуына, еңбек шартымен жұмыс істеуіне, соған сай жалақы алуына, қауіпсіздігіне тағы басқа еңбек құқықтары  мен міндеттеріне еліміздің Ата Заңы — Конституция кепілдік етеді. Бұған қоса бас құжатта жұмысшылардың еңбек ету, демалу құқықтары нақтыланып, соған сәйкес, жұмыс уақытының шегі, демалыс күндері, әр жылғы ақылы еңбек демалысы Еңбек кодексімен қорғалады.

Конституцияның 27-бабының 4-тармағы  Қазақстан азаматтарының тынығу құқығына, жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, сондай-ақ, ақы төленетін еңбек демалысына бұрыннан кепілдік береді. Дегенмен, жаңа Конституциямен еңбек адамының құқығын қорғау тетіктерін мейлінше күшейтті. Мысалы, жаңа өзгерістер еңбек адамының лайықты әлеуметтік көмек алуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, жаңа Конституция демалыс күндері немесе түнгі уақыттары жұмысқа тартылған жұмыскерлердің еңбекақысын тиісті түрде және уақытында төлеуді міндеттеді, әрі қызметкерлерді жұмысқа шамадан тыс мәжбүрлеу секілді жағдайларға тыйым салынды. Мұндай талаптар өз кезегінде еңбек тәртібін сақтамайтын жұмыс берушілерге тосқауыл қояды.

Осы реттегі жауапкершілікті мемлекет өзіне алып, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, еңбек қатынастарында орын алған кемшілік не олқылық анықталса Үкімет оған тікелей араласып, бақылауды күшейтеді. Мұны жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, еңбек саласында әділдік орнатуға бағытталған оң қадам ретінде бағалаған жөн.

Еңбек қатынастарын реттейтін арнайы Еңбек кодексінің 181-бабында әрбір қызметкердің қауіпсіз жұмыс атқару, еңбек жағдайлары туралы толық ақпарат алу, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілу, қауіпсіздік шараларна оқыту,  сондай-ақ, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты орындаудан бас тарту сияқты көптеген құқықтары көрсетілген. Бұған қоса аталған кодексте жекелеген қызметкерлер санаттарын қорғауға ерекше назар аударылған.

Нақты айтқанда, заңнамада кәмелетке толмағандар еңбегін қорғау бойынша күшейтілген кепілдіктер қарастырылған. Соған орай, оларды ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Әйелдер үшін де қосымша кепілдіктер бар, аналарға әлеуметтік және еңбек жеңілдіктерін беру қарастырылған. 

Шетелдік жұмыс күші кадр тапшылығы бар нақты салаларға ғана тартылады. Биылғы онынша сәуірде күшіне енген шетелдіктерді тұрақты тұруға қабылдау тәртібіне қатысты жаңа ережеде елдің адами капитал сапасын арттыру, сұранысқа ие мамандарды тарту көзделген. Яғни, жаңарған көші-қон саясаты елге жоғары білікті мамандар мен инвесторларды тартуға басымдық беріп отыр. Бұл ретте 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжы-рымдама-сымен белгіленген арнайы визалар мен тұрақты тұруға мүмкіндік беретін мамандықтар қатарында нейрохирургтар мен гематологтар, фармацевтикалық инженер-технологтар, бактериологтар бар. Сонымен қатар, графикалық анимация мамандары, өзге де  сұранысқа ие кәсіптер санаттары қарастырылған. Жалпы тізімге енген 51 мамандық қажеттілікке орай жаңартылып отырады.

Жұмыс берушілер Еңбек кодексінде белгіленгендей, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлерді оқыту мен нұсқама жүргізуді ұйымдастыруға, міндетті медициналық тексерулерден өткізуге, жеке қорғану құралдарын беруге, сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеріп, есепке алуға міндетті. Қауіпсіз өндірістік ортаны құру жауапкершілігі жұмыс берушілерге жүктелген.

Еңбек кодексінде жұмысшылар мен басшылық арасындағы қатынасты реттеудің жаңа тетіктері енгізілді. Соған орай, жұмыскердің әрбір артық істеген еңбегі ескеріліп, қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар, жұмыскер медициналық тексеруден, яғни, скринингтен өтуі тиіс болса, мұндай кезде жұмыс беруші оны үш күнге дейін жұмыстан босатуға және орташа жалақысын төлеуге міндетті.

Тағы бір айтарлығы, жалғыз басты әйелдер мен осындай статусқа ие ерлерді негізсіз жұмыстан босатуға немесе қысқартуға заңда жол берілмейді. Заң талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. 

Тәртіптік жазалар Еңбек кодексінің 65-бабымен белгіленген. Еңбек құқығы бұзылмас үшін ескерерлігі, екі тарап арасында еңбек шарты жасалуы керек. Еңбек даулары туындаған жағдайда, қызметкерлер мемлекеттік еңбек инспекциясына, сот органдарына немесе арнайы татуласу комиссияларына жүгінуге құқылы. Ескерерлігі, қызметкер еңбек құқықтары бұзылған жағдайда алдымен ұйым ішіндегі келісу комиссиясына шағымданады. Себебі, бұл дауды сотқа дейін реттеудің міндетті сатысы. 

Бұдан әрі нақтыласақ, қызметкер дау туындаған күннен бастап үш ай ішінде келісу комиссиясына жазбаша түрде өтініш береді. Егер жұмыстан негізсіз босату туралы бұйрық болса, өтініш бір айдан кешіктірілмеуі керек. Комиссия оны тіркеп, он бес жұмыс күніішінде қарайды.

Заң талаптары мүлтіксіз орындалған кезде ғана еңбек адамының құқықтары  бұзылмайтыны өмір шындығы. 

Т.Ибашова

Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған нақты қадамар

Еңбекпен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Халықты тұрақты жұмыспен...

Демографияны көтеру басты басымдықтың бірі

 ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ХАЛЫҚ САНЫНАН, ЯҒНИ, ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМНЕН БӨЛІП ҚАРАЙ...

Мемлекеттік тіл – құқықтық мәдениеттің кепілі

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл....

РЕСМИ ОРТАДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ АРТУЫ ТИІС

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі қоғамдағы өзекті тақырыптардың...