Сот саласы – қоғамдағы құқықтық қатынасты реттейтін биліктің бір тармағы. Өздеріңізге мәлім, Тәуелсіздіктің айшықты белгісі саналған Конституцияның қабылдануымен Қазақстанның өзіндік сот жүйесі қалыптасты. Сонау тарихи бастауын қара қылды қақ жарып, әділдіктің алдаспаны болған билердің даналығынан алған отандық сот жүйесіне бүгінде халықтың сенімі жоғары. Халықтың сеніміне ие болу үшін аз жұмыс та жасалған жоқ.
Мемлекеттік қызмет түрлерінің барлығы дерлік цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы жаңашылдықтан сырт қалмады. Заманның талабына сай жаңғырды, заманауи ақпараттық технологиялар енгізілді. Сот реформаларының арқасында қазір соттардың барлығында электронды құжат айналымы жолға қойылып, талап арыздарды көпшіліктің әлеуметтік желілер арқылы жіберіп, бақылап отыруына жағдай жасалды. Қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдеп отырғанымыз да осы реформалардың жемісі екені мәлім. Отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, біздің сот жүйесіндегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан қызығушылық тудырды. Өйткені елдегі сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала беретіні сөзсіз.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық қағидасы бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Мемлекетімізде ұлттық сот жүйесі тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастырылды. Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ.
Тура билердің жолын жалғап, сот төрелігінің туын жықпаған судьялардың қоғамдағы орны мен ел дамуындағы қызметі ескеріліп, Қазақстан күнтізбесіне «Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі» деген жаңа мереке қосылған еді. Бұл – біз үшін ерекше күн, айрықша мейрам. Арнайы кәсіби мерекенің бекітілуі – сот жүйесі мен судьялар жұмысының еленгенін, осы кәсіпке деген құрметтің орныққанын көрсетеді. Сот саласының қызметкерлері халық сенімі үдесінен шығу үшін таразы басын тең ұстап, заңды үкім, әділ шешім шығаруда аянбақ емес.
Судья және сот қызметкерлері күні құтты болсын, әріптестер!
Орал қаласының №2 сотының бас маманы
Г.Ж.Беккалиева