Қазақтың құт дарыған топырағы – Торғай атырабы еске түскенде, оның сары даласында «елім!», «ұлтым!» деп атой салған қайран ерлері көз алдыңа келгендей болады. Арғы тарихты айтпағанның өзінде, кешегі патша отаршылдары билеген кезеңдерде, одан тонын теріс айналдырып киіп, «ең әділетшіл, ең бостандықшыл, ең теңдікшіл елміз!» деп әлемге жар салып, ал іс жүзінде сол империялық саясатты күшейте түскен, бұрынғы берекесі тасыған қазақтың дархан даласына қасірет жұттырып, құты мен ырысын қашырған, қанға бөктірген кеңестік билік үстемдік салтанат құрған дәуірде жалғыз Торғай даласының өзінен намысын қайрап, қаһарлана атқа қонған талай айбынды ерлеріміз бас көтерген.
Ал Алаш қайраткерлері бұл күші басым, зорлықшыл империямен қолға қару алып күресудің тиімсіздігін түсініп, туған халқының көзін ашып, оятып, сілкіндіріп, оқу-білім алу жолымен алға басуды мұрат тұтып, баспасөзді дамытып, газет-журналдар аша бастағанда, алаш жұртының көсемі Әлихан Бөкейханұлының шақыруына алғаш үн қатқан Торғай топырағының перзенттері болатын. Солардың ішінде озық тұратын екі тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жөні бөлек еді. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі әйгілі патшалық столыпиндік реформадан кейін орыс переселендері қазақ жеріне өңмеңдей еніп, ежелден жұртымыз қоныстанып келген жайлау-жайылымдарымызды иелене бастағанда, Әлиханның жанынан табылып, Ресей патшалығының далалық генерал-губернаторына жер жөнінде наразылық петициясына қол қойған санаулылардың бірі тағы да Ахмет еді. Қысқаша айтқанда, сол замандарда қандай да бір қазақтың мүддесі қорғалған мәселелерден оның тыс қалған кезі болмапты, керісінше, үнемі басында, ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да өзі болып жүрген. Ахмет Байтұрсынұлының туған халқының алдында сіңірген еңбегі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ, содан бері де талай ұрпақ ауысса да, тарих шаңына көміліп қалмай, тіпті, уақыт өткен сайын, керісінше, құндылығы арта түсіп, қоғамдық формациялар әлденеше құбылып, өзгеріске түсіп жатса да саф алтындай жарқырап, халқының кәдесіне жарап келеді. Кешегі оның атын атаудың өзі қылмыс саналған кеңестік дәуірдің өзінде ол негізін қалап кеткен ғылым еш тоқтаусыз өмір сүріп отырды, қазақ даласындағы қолданылып келген тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдары Ахметтің еңбектеріне сүйеніп, жүйеленді және басқаша болуы мүмкін де емес еді. Жасыратыны жоқ, сол аумалы-төкпелі, әділетсіз қиянат-қысымға толы қитұрқы саясат тұсында, «енді оның аты біржола өшті» деген сеніммен, еңбектерін пайдаланып, ғалым атанғандар да болды. Бұл туралы жазушы Ғ.Мұстафин алаш ардақтылары ақталардың алдында «өзімнің алаш қайраткерлері туралы білетінімді енді жасыру, арымның, халқымның алдында мүмкін болмады. Олардың еңбектерін пайдаланып атақ алғандар, қарнына қазы біткендер бар» деп, «Жалын» журналына, мақала деуге келмейтіндей, қысқа ғана халқына хат түрінде мәлімдеме жасағаны есімізде. Әрине, бұл үшін, қаншама уақыт араға түскеннен кейін, ізі әлдеқайда суыған іс-әрекеттер үшін әлдекімдерді жауапқа тарта да алмаймыз, олардың да сол арыстарымыздың соңынан көп ұзамай күндері батқан. Жасалған қылмыс, зұлымдықтың да сол қиын заманда өз есебін түгендеген, саясат ыңғайына бейімделгіш қулық-сұмдықтың да уақыты келгенде жауабы сұралады. Төбеден төнген қара бұлт сейіліп, халық тұманнан айығып, шындық жарқырап шыға келгеніне, міне, куә болып отырмыз. Ақиқатына келгенде, бұған ең басты айыпкер – сұрқия саясат ұстанған сталиндік қанқұйлы режим болатын. Тарих шегершігі айналып келгенде, сойқанды саяси кезең қазақтың арда туған арыстарына тап келді – ең үлкен өкініш, замананың ащы запыраны осы. Бірақ, бұл тарихтың қайғылы сабағы ешқашан ұмытылмайды, халықтың көкейінен өшпесі анық. Әрқашан кері кеткен заманның бір түйткілді трагедиясы ретінде еске аламыз, қайран ерлеріміздің биік елдік рухы мен ерліктерінің алдында басымызды иеміз, әруақтарына құран бағыштап отырамыз.
«Алмас кездік қын түбінде жатпас» дегендей, қандай қылышынан қан тамған қаһарлы империя да, оның сойылын соққан саяси идеология да, сол кеңестік жүйенің жандайшап жендеттері қанша тырысса да Ахмет Байтұрсынұлындай ұлы ғалымның, күрескер ақынның қасиетті мұраларын, көл-көсір қазыналы еңбектерін жойып жібере алмады. Дәурендері жүріп тұрғанда жолын бөгегенімен, уақытша бетін көлегейлегенімен, тіпті, Ғабиден Мұстафин жазып кеткендей, оның еңбегін пайдаланып кеткендер де болғанымен, ғалымның адал еңбегі абыройлы атағымен нағыз иесіне қайтарылды. Бұрынғы бетімен арамдыққа бақ-құт, атақ болып қала алған жоқ. Ең бастысы – халық берген абыройатақ. Ал, ел-жұрты оның баға жетпес еңбектерін өзге кімге қияр еді? Кезеңі келгенде оның халқына қалдырып кеткен сарқылмас қадірлі мүлкі – ғылыми, әдеби дүниелері жарқ етіп ел көгіне қайта көтерілді, енді ажырамастай болып, жұртымен мәңгіге қауышты. Еңбегінің өлмегендігі, мәңгілікке елінің көгінде жарқырап тұра беретіндігінің дәлелі сол, ел-жұрты аяулы перзентінің 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, биылғы жыл – Ахмет Байтұрсынұлы жылы деп белгіленді. Халық үшін жасалған қасиетті еңбекті ешқашан тот баспайтындығының, оны ешбір саяси күштердің жойып жіберуге құдіретінің жетпейтіндігінің жарқын бір мысалы осы! Осылайша, ақынның өлмес қазыналы еңбектері әлемдік биік деңгейдегі мысалдары – ғұмыр болып тарихымызда қайта жаңғырды. Ахмет Байтұрсынұлы – ірі ғалым, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің реформаторы, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде танылған тұлға. Тіпті, осылайша анықтама беріп, қысқа қайыра салудың өзі оның ұланғайыр еңбегінің алдында аздық етеді, ол – «Алаш» партиясының, сонымен бірге, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист, түркітанушы, аудармашы, көсемсөзші-публицист, сол тұста халқына шамшырақтай нұрын төккен «Қазақ» газетінің ұйымдастырушысы әрі бас редакторы ретінде ұлт тарихында терең із қалдырды. Жоғарыда баса көрсеткеніміздей, күрескер рухты Торғай топырағында дүниеге келуінің үстіне, ел қамын жеуін, жұртына бас болуға ұмтылған қамқор ұлтшылдық пиғылын оның қанында бар, тегінен жұғысты болған қасиеті деуге болар. Олай дейтініміз, әкесі Байтұрсын Шошақұлы өз ортасына аса ықпалды, беделді, әділеттілігімен аты шыққан адам екен. Оның момын жұртына араша түсіп, аймағын билеген ояздың, яғни, уезд бастығы Яковлевтің басын жарып, он бес жылға Сібірге жер аударылған оқиғасы ел аузында аңызға айналған. Нақ осы оқиға Ахметтің жүрегіне мұз боп қатып, кейін күрес жолына түсуіне басты себеп болған. Ұлы жазушымыз М.Әуезов өзінің әйгілі әңгімесі «Қараш-Қараш оқиғасының» сюжетін осы Байтұрсын Шошақұлының өмірінен алып жазғандығы туралы деректер кездеседі. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, кейін кино түсірілген осы әңгіменің басты кейіпкері Тектіғұлдың прототипі – Байтұрсын болған. Сол аяулы әке ел-жұртының қамы үшін құрбан болғанда, сол кездегі жасөспірім бала Ахметтің қандай жолға түсетіні айқындалған сияқты, ол жоғарыдағы өлеңінде әке аруағының алдында, «адамнан туып, адамдық жолына қалай түспеймін?!» деп, серт бергендей. Және соны барша өмір жолдарымен дәлелдеп өтті.
Жақынынан ерте айырылған Ахмет әкесінің інісі Ерғазының қолында тәрбиеленеді. Ол кісі бала Ахметтің оқу-білімге құмартқан талабын байқап, әуелі атақты Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған бастауыш қазақ мектебіне береді, 1891 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне, ал 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, білімін жетілдіре береді. Бұл сол заманның баласы үшін өте биік жетістік болатын. Әрине, әкеден жастай жетім қалған бала үшін, жағдайы жақсы туыстар қамқорлығы болмаса, осылайша ізденіс жолына түсудің қиын болары сөзсіз. Осыған қарағанда, жақын туыстары да оның үлкен болашағын көре біліп, соған ықпал жасап отырған. Қазақ даласында Ахмет сияқты білім дәрежесіне жеткен мұғалімдердің жетіспейтіндігінен, әрі қарай ол ұстаздық жолына түсіп, 1896–1907 жылдар аралығында әуелі Ақтөбеде, одан Қостанай, Қарқаралы жерлерінде уездік, ауылдық, болыстық мектептерде кезегімен сабақ бере бастайды. Бұл Ахметтің өте жемісті болған, тәжірибе жинақтаған жылдары еді. Кейін ол бұл туралы ақындық шығармашылығында, әрі қазақ баспасөздерінің ашылуына мұрындық болып, публицистік, журналистік жолға түсе бастағанда, өзекті мақалаларын жариялай бастайды. Өйткені, ол ізденгіш, аса сауатты мұғалім болғандықтан, жоғарыда аталған елді мекендерді аралап, сабақ бере жүріп, қазақ даласына не жетіспейтінін жақсы зерттеп, біле бастайды. Білім беру жүйесіндегі кемшіліктерді көзімен көреді, бұл саладағы қажеттіліктер туралы ой түйеді. Оның әрі қарайғы ғалымдық ізденісіне осы ұстаздық қызмет еткен жылдары көп түрткі болған. Ахмет, әсіресе, сол кезде туған тілінің жағдайын жақсы түсінді, оны ғылыми түрде жүйелеп, бір ізге салмайынша, жалпы жұртымызда білім мен ғылым салаларының кенжелеп қала беретініне көзі жетті. Тез арада оқу құралдарын жазуды қолға алу қажеттігін ұқты. Оның осы мұрат-мүдделері тіл білімі мен әдебиеттану салалары бойынша теориялық еңбектер жазу ойына ұласқан. Ахметтің «Тіл танытқыш», «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» деген теориялық еңбектері – бұл салалар бойынша жарыққа шыққан алғашқы қарлығаштар еді. Содан бері осы салаға жүздеген еңбек жазылды, қаншама тілтану, әдебиеттану ғылымы бойынша академиктер шықты, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды, солардың бәрінің де негізі осы еңбектерде қаланды десек, ешкімнің тауын аласартпаспыз. Және солақай саясат ыңғайымен дәл уақытында Ахметтің нақты лайықты орны айқындалмағанымен, уақыт бәріне таразы – қатал сыншы болып шықты, оның асыл мұрасы да, өзінің абыройлы атағы да жұртына қайтарылып, әділет салтанат құрғанына халқымыз куә болды. Әрине, сонымен бірге, ел ортасында қызмет қыла жүріп, қайраткерлік деңгейде жұртының қамын жеуі де, бұл үшін өзі сияқты көзі қарақты елдің мұңын көздеген азаматтармен бірігіп, ынтымақтаса қимылдау ойлары да осы кездерде пайда бола бастағандай. Жалпы, Ахмет ел мүддесін әуел бастан жоғары қойған. Ағайын-туыстары, дос-жолдастары бірігіп, бас қосқанда, оның ел-жұртының қамына бел шешіп, кірісіп кеткенде, қызмет қылар жарының жоқтығын уайым қылып, елдің бір таңдаулы қызына қосуды ойластырғанда, Ахмет бұдан саналы түрде бас тартқан екен. Жанашыр жақындары қайта-қайта бұл мәселені қозғап, қоймаған соң, тіпті, ашуланып, беттерін қайтарып тастаған. Бірақ, келе-келе, қызмет ауқымы ұлғая бастаған сайын, жанашырларына ғана емес, оның өзіне де, түбі, тамағын, киімін дайындап, әзірлеп отыратын көмекші серік адамның керектігі біліне бастаған. Міне, ерлі-зайыпты Ахмет-Бадрисафа тарихы осыдан басталады. Екеуінің жұп құрау тарихы да қызықты. Бұл туралы оның жақын туысы, біздің замандасымыз Ілияс Байтұрсынның 1998 жылы Қостанайдан шыққан «Алтын бесік» атты естелік кітабында жақсы баяндалған. Әрине, Ахмет пен Бадрисафаның қосылу тарихынан ғашықтық хикаясын іздегеніміз жөн болмас еді. Яғни, екеуінің үйленуі Ахметтің қызмет жағдайына байланысты туындаған. Ол 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдік оқуын бітірген соң, әуелі осындағы Аманқарағай болыстық мектебіне мұғалім болып орналасады. Бұл елде ешқандай танысы болмаған соң, кейінгі өзіне жар болатын Александраның әке-шешесінің үйіне пәтер жалдауына тура келеді. Әкесі осы Аманқарағай орманының қорықшысы екен. Әуелгіде екеуі ағалы-қарындастай тіл табысып, бірте-бірте ол сыйластық жүрек сезіміне ұласқан. Кейін Ахметтің қызметі Қостанайға ауысқанда, Александраның атаанасы ризалығын беріп, екеуі қол ұстасып бірге келіпті. Жалпы, Александраның өзі ғана емес, әке-шешесі, Аманқарағайдың қазақ, орысы, татары аралас жергілікті халқы оның үлкен жүректі азамат екенін танып, бағалап, шығарып салған көрінеді. Оның бір белгісі – осы арадағы бұрын Әулиекөл аталып келген көл, ауысып кеткен соң оның құрметіне Мұғалімкөл атанып кеткен екен. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, әке-шешесіне, барша елдестеріне сүйкімді, мақтаулы мұғалім жігітке Александраның да қатты ықыласы ауған, Ахмет те жаны таза, тәрбиелі орыс қызын ұнатып қалған, өзіне деген қылаусыз сезімін де танып, бағалай білген. Соның дәлеліндей, екеуі Қостанайдағы мешітке барып некесін қиған, өзара келісіп, Александраға Бадрисафа аты беріліп, мұсылман дінін қабылдаған. Бадрисафа аталуы да кездейсоқ емес, бұл араб тілінен алынған қос сөзді есім, яғни, «бодрун»- қазақша толық ай, «сафа» өте таза деген мағына береді екен. Ұлы ғалымды ешкім жардан салымсыз демеген, Бадрисафамен өте бақытты тұрмыс кешкен, тек араларында дәнекер сәби болмаған. Бадрисафаны оның ағайын-туыстары, барша сыйласқан жұрты өте жақсы көріп, «ақ келін» атапты. Қазақша дәстүрді жақсы ұстанған, өле-өлгенше халқының аяулы ұлының қадірін біліп, құрметтеумен, адал қызмет қылумен өтіпті. Кейін жанжарының басына қара бұлт үйірілгенде, шырқырап соңында жүріпті, айдауда жүрсе де, қамауда жатса да, іздеп барып, тамақ, киімін тасып, жанашырлық көрсеткеніне Ахметпен жақын жүргендер куә болған, біраз естеліктерде бұл туралы айтылады. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ елінің тарихында зор әлеуметтік істерге ұйытқы болған үлкен тұлға, мемлекеттік дәрежедегі қоғам қайраткері. Қазақ даласына зор серпіліс тудырған «Қырық мысал» аудармалар жинағы сол кезде Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» жырымен бір ге ұзатылған қыздың жасауына берілетін қадірлі мүлікке айналған екен. Ахмет Байтұрсынұлының жолына жанын құрбан еткен халқының алдындағы, тарих алдындағы ұлы істерінің алғашқы қатарында оның қазақ баспасөзіне сіңірген өлшеусіз еңбегін атаймыз. Әсіресе, сол кезең үшін, халықтың сана-сезімін оятып, намыс-жігерін сілкіндіріп, оқу-білім алуға шақыруда, жалпы саясат ісінде, ел мен жер мәселелерін шешуде баспасөздің рөлі күшті екендігін ол қызметке араласқан кездерінен жақсы түсініп, өзінің алдына қойған зор мүдделерінің біріне айналдырған болатын. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапқа», шықпай жатып, үкіметтің қудалауымен іле-шала жабылып қалып отырған бірлі-жарым газеттерге ел үшін зор маңызы бар мақалаларын жариялай отырып, қаншама қоғамдық істерді мойнына жүктеп, елдік ауқымды жұмыстарға басшылық жасай жүрсе де, ол енді, бел шешіп, өз газетін шығаруды қолға алды. Осылайша, Ахметтің ұлы мүдделерінің жаршысындай болып, атақты «Қазақ» газеті өмірге келді. А.Байтұрсынұлы – сол кездегі қазақ баспасөзінің үздігі, әрі «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген атқа лайықты қызмет атқарған «Қазақ» газетінің әрі ұйымдастырушысы, әрі редакторы, әрі тұрақты авторы болды. Газеттің қыр соңына түскен қудалаушылары көп болса да, ол өзге баспасөздерге қарағанда ұзағырақ, 1913-1918 жылдар аралығында, табандатқан бес жыл бойы халқына адал қызмет қылды. Бұл сол қиын-қыстау заман өлшемімен алсақ, өте көп уақыт еді. Ахметтің жүрегінде әлдилеген сәбиіндей «Қазақ» газетінің бұл бес жылдық ғұмырының халқы үшін мың жылдық қадір-қасиеті болды. Өйткені, Ахмет бар мақсат-мүддесін, күш-жігерін осы газетке жұмсады, кез келген уақытта бұл үшін қатаң жазаға ілігерін жақсы біле тұрса да, басын тікті. Қазақтың кейінгі замандарда дүние жүзіне атағы жайылатын ұлы жазушысы, ол уақыттағы енді таныла бастаған дарынды жас М.Әуезов «Қазақ» газетінде, А.Байтұрсынұлының зор әлеуметтік маңызды ісі туралы арнайы мақала жазып, онда былай деген: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққандар да, табалдырығынан жаңа аттап, кіргендер де бар. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш. Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойына «жол көрсетіп, мен мұндалап» жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын… Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етекжеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын». М.Әуезовтің айрықша құрметпен атап, көрсетіп отырғанындай, барша халқы «Ақаң» деп құрметтеген ұлы тұлға өзі жанын салып жүріп ашқан «Қазақ» газетіне бар махаббатын, күш-жігерін жұмсады, оның алдына қойған мақсат-мүддесі, арман-тілегі, ел-жұртына арнау-айтары осы газет беттерінен орын тапты. Сондай-ақ, мұнда өзімен мүдделес алаштың алдыңғы қатарлы қайраткерлері, жетекшілері Ә.Бөкейханұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, т.б. арыстарымыздың көкейтесті ойлары, мақалалары, сондай-ақ, көркем шығармалары, өлең-жырлары, әңгімелері жарияланып жатты. Оның нәтижесі қандай болып шыққанын сол кездің өзінде М.Әуезов тамаша жазып көрсеткені жоғарыда берілген.
Сөз қисынына қарай айтпай кетуге болмас, кезінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып жатқанда, «бұл кісінің халық алдындағы ұланғайыр ғажайып еңбектеріне қалай көз жұмып қараймыз?» деп, сол мерейтойдың өтілуіне мұрындық болған да жас Мұхтар мен сол кездегі Қазақстанның оқу комиссары С.Сейфуллин болған екен. Бұл екеуі мерейтой иесінің қатты қарсылығына қарамай, ұйымдастырып, басшылық жасаған, екеуі де ұлы ғалымның еңбегіне арнап баяндама жазған. Бірақ, қаны қарсы біреулер бұларды жау қылып айдап салып отырған. Қайдағы жаулық? Заманы партияға бөліп жіктеп отырса да өзара өте тату болғандығы әлгі әрекеттерінен білінбей ме? Қазақтың дарынды ұлдарының, өкінішке орай, жаулары көп болып отыр. Замана кеңдігі болғанда бәрі де басқаша болары сөзсіз.