12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дос КӨШІМ, саясаткер: «Бұрынғы кадрлардың «Жаңа қазақстанды» құруға араласпағаны жөн»

– Дос аға, жалпы, «Жаңа Қазақстан» идеясына қалай қарайсыз? Елді дамытуда қандай бағыттар ұсынар едіңіз?
– «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына деген пікірім оң. Себебі, 2018 жылы сайлау алдында Брюсселде жиналып «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын жасаған болатынбыз. Бүгінде Президентіміз сол кездегі біздің бағдарламаның жобасын пайдаланып жатыр деп ойлаймын. Иә, Қазақстан жаңару керек. Ол үшін менің ойымша, ең басты екі бағыт жеткілікті. Бірінші, әділетті сайлау жүйесін дайындау керек. Одан кейін саяси партияларды тіркеуді жеңілдеткен дұрыс.
Саяси партия құрылып, әділ сайлау өтіп, жаңадан Парламент құрамы жасақталғаннан кейін, сол Парламент «Жаңа Қазақстанға» қажетті заңдардың бәрін өздері дайындау керек. Тек, бүгінгі Парламент емес!

Әрине, егер мүмкіндік болса, люстрация заңын қабылдау орынды. Люстрация заңы бойынша бұрынғы жүйеде, билікте, болған адамдар жаңа қоғамда кызметке келмеуі керек. Қысқасы, бұрынғы қызметкерлердің бір де біреуі «Жаңа Қазақстанда» жауапты қызметке араласпағаны жөн.
– Бүгінгі халықаралық қатынастардағы Қазақстанның рөлі қандай? Мысалы, кешегі РФ мен Украина соғысына қатысты дауыс беру кезінде Қазақстанның қалыс қалғанына қандай баға берер едіңіз?
– Сыртқы саясатта Қазақстан әлі де болса Ресейдің саясатын ұстанып отыр деп айта аламын. Бұл өкінішті, себебі, соңғы БҰҰ-ның сұрағына, сұрағы да емес, шешіміне соғыс тоқтатылуы керек деген пікірге Қазақстан қосылмай отыр. Демек, Украинадағы соғыс тоқтатылмауы керек деген ұстанымда. Өте ыңғайсыз жағдай. Мысалы Молдова, Грузия да Ресейге тікелей сын айтып жатқан жоқ. Өйткені, олардың арасында экономикалық байланыс бар. Себебі, ертең шығарған шараптарын алмай қояды деп отырған шығар. Қазақстанда да сол мәселе бар. Біздің ертеңгі күніміз не болады деген алаң баяғы мәселені экономикамен байланыстырып қойғаннан кейін жан-жағымызға жалтақтап отырған жайымыз бар. Халықтың пікірі бір бөлек, билік бейтараптық танытуда. Ал мұндай жағдайда ешкім бейтарап қалмауы керек, бұл жерде не агрессорды жақтайсың, себебі, сенің үндемегенің агрессорды қолдағаның болып табылады, не болмаса Украинаның жағдайын түсіне отырып, өз пікіріңді ашық айтуың керек. Біз соның екеуіне де бара алмай отырмыз.
– Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемдік мәселелерді шешуге үн қоса ала ма?
– Біз Ресейдің етегінен ұстап тұрмыз, сондықтан жеке тәуелсіз мемлекет есебінде өзіміздің саяси ұстанымымыз өте нашар. Көп векторлық деген осы ғой, қайсысы ыңғайлы болса соған дегендей… Бірақ шешуші кезең туған уақытта жаңағы Украинадағы жағдайда, біз тек қана Ресей жағында боламыз.
Өзіндік ұстаным дегенде, кезінде Назарбаев атом бомбасын тоқтату керек деген ой көтерді, ол әбден айтылып болған жағдай, бірақ одан еліміз халықаралық бедел алды деп айта алмаймын. Сондықтан біз әлемдік мәселелерді шешуде үн қосу ғана емес, өз ұстанымымызды мойындата білгеніміз маңызды. Сол ұстанымнан кейін ғана бізді тәуелсіз ел ретінде мойын­дайды. Қазақстанның рөлі сонда ғана көрінеді. Бізде әзірше Ресей мәселесіне қатысты нақты ұстаным жоқ.
– Бүгінгі «Жаңа Қазақстанды» айтар алдында ешкім де қаңтар оқиғасынан аттап өте алмайды. Танымал қоғам қайраткері, белсенді саясаткер ретінде «Қаңтар қасіретіне» қандай баға берер едіңіз?
– Қаңтар қасіретіне баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде бірнеше рет пікірімді білдірдім. Тек менің бағам биліктің бағасымен үйлеспейді. Президенттің соңғы жолдауында екі мәселе айтылды. Біріншіден, оқиғаға сырттан арнайы дайындықтан өткен террористер келді деп отыр ғой. Әрине, ұйымдасқан топ келген шығар, оның біразы қақтығыста қырылып, біразы ұсталған да болар. Бірақ бұл дәлелсіз қалып отыр. Себебі екі айдан бері не алаңда қырылғандардың мәйітін, не қолға түскендерін, қай елден келгенін, қандай лагерьлерде дайындалғанын көрсете алмады. Бір ғана қырғыз азаматын көрсеткен, оның өзі ел аралап жүрген атақты пианист болып шықты. Қысқасы, бұл ақпарат өтірік. Мүмкін Қ.Тоқаевқа жалған ақпарат берілген шығар.
Екінші мәселе, сарай төңкерісі. Біздің күштік құрылымдар, біздегі танымал адамдар төңкеріс жасағысы келді деді. Бұл да ақылға қонымсыз сияқты. Себебі, қолында барлық техникалық мүмкіндігі бар күштік құрылым, бір ғана террорис­тік әрекетімен мақсатына қол жеткізер еді. Ол үшін қарапайым халықты араластырып орта ғасырдағы сияқты француз революциясын жасамас еді. Бұл халықтың отыз жылдан бері жиналған ашу-ызасы, реніші екенін Президентіміз ашық айтқан жоқ. Бәрін бүлдіріп отырған генералдар, (экс-президенттің) ескі биліктің адамдары дегенді жеткізді. Өз басым бұл екі мәселемен де келіспеймін. Әрине, бүгін халық «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына үлкен үмітпен қарап отыр.
– Осы Қаңтар қасіретін Желтоқсан оқиғасымен байланыстыра аламыз ба? Екеуі де осылай «оқиға» күйінде қала ма?
– Екеуінің арасында байланыс та бар. Бұл жерде тереңірек талдаулар керек шығар. Ол біріншіден халық наразы­лы­ғының сол алаңда болғаны, екінші­ден, тағы да, тәртіп сақшылары мен халық арасындағы қақтығыс, жастарды қаралау, адам өлімі, бәрін байланыстыруға болады. Менің ойымша ең негізгі ұқсастығы, екі жағдайдың да шындығының ашылмауы. Шынайы ғылыми зерттеудің жоқтығы.
– Соңғы болып жатқан пан­демия, қақтығыс, со­ғыс – бейбіт өмір­дің қадірін адамдарға ұғындыра алды ма?
– Менің ойымша, егер тарих адамдарға ой салып, пікірін өзгертіп, содан нәтиже шығартатын болса, біз қателікті қайта-қайта қайталамас едік. Өткен тарихтағы фашист басқыншыларының Киевке шабуылын бүгін Ресей Украинаға қайталап отыр. Тарих адамдардың ешқандай оқиғалардан, қателіктерден сабақ алмайтындығын ұқтырды. Жекелеген топтар мен адамдар ғана ойланады әрине, ал қоғам бүкіл адамзат ешуақытта ондай жағдайлардан нәтиже шығармайды екен.
– Егер сайлау өтіп жатса сіз жаңа Парламент құрамына кірер ме едіңіз және ол құрамда кімдердің болғанын қалайсыз? Болмаса жаңа партия құру ойыңызда бар ма?
– Атқарушы билік пен заң шығарушы билікке бармаймын деп отыз бес жасымда айтқанмын. Бұл – менің ұстанымым. Егер ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси партия құрылатын болса, көмектесуге дайынмын. Өз басым, ұлтшыл күштерге ғана сенемін. Парламент құрамына әділ сайлауда жеңіп шыққан кез келген жанның баруын қалаймын.
– Жаңару жолында еліміз үшін айтылған кез келген пікір бағалы. Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет.

Ұлбала Тілеуқызы,
«Заң газеті»

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор....