Қоғам өміріндегі маңызды күндерді, оқиғаларды, тарихи кезеңдерді, болмаса ұлттық дәстүрге сай есте қалдыратын күндер белгіленген даталар елімізде кеңінен тойланып келеді. Қазақстанда мәдениет пен әдебиетке қатысты бірнеше маңызды мерекелер бар. Соған орай, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ділдар Мамырбаеваны әңгімеге тарттық.
- – Ділдар Жанысбайқызы, жазушы үшін кітаптан қастерлі нәрсе жоқ десек, ЮНЕСКО-ның шешімімен 23 сәуір «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күні» болып жарияланды. Ал Қазақстанда 2024 жылдың 16 шілдесі Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Бұл мереке оқырманға, халыққа, әріден айтсақ жазушыға не береді?
- – Мереке дегенді өз басым атыңды атап, түсіңді түстеп көңіл бөлетін күн деп қабылдаймын. Сондықтан, мемлекеттік маңызы бар әрбір атаулы күннің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Мәселен, «Ұлттық Кітап күні» аңыз бен тарихты арқалап жүрген кітаптарға деген зор құрметті білдіреді. Қуанарлығы, артық ғылым кітапта екенін ұғынатын жастар қатары көбеюде. «Бір тәуір дос тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес» дегендей үйіңіздегі, кітапханадағы кітап сөрелерін аралағанда кітаптардың бір-бірімен сыбырласатынын білесіз бе? Сіз сөреден қолыңызға алған кітаптың айналасына мақтанышпен қарап, бүгін өзгелерден мәртебесінің артық болып тұрғанын сезінесіз бе? Оқырман қолына бармаған кітап күннен-күнге тұйықталып, көз жасына тұншығып, парақтары сарғайып, пұшайман күйге түсетінін ше? Мұқабасы жоқ, жыртылған кітаптардың қас-қабағына қарап көрдің бе?
Сондықтан, бұл күн оқырманнан гөрі Кітапқа махаббатыңды, мейіріміңді көрсететін ерекше мереке деп қабылдаймын. «Қылмыстың көбеюіне әлеуметтік себеп көп. Сол себептердің мұзы сейілмейінше қылмыс бола бермек. Сол мұзды сәл де болса ерітетін, жүректердегі қырауды жібітетін құдырет – Өнер. Ол – театр. Ол – әдебиет» – дейді Шерхан Мұртаза. Ендеше өнерің де, театрың да, әдебиетің де – Кітап! Ол оқырманға да, жазушыға да даналық сыйлайды.
- – «Ұлттық кітап күнін» жазушы ретінде қалай қарсы аласыз? Кітап сыйлау, оқырманмен кездесу сияқты қалыптасқан бір үрдісіңіз бар ма?
– Мен кітап сыйлауды да, оқырманмен кездесуді де сол күнге тіреп қоймаймын. Екеуі де жыл он екі ай атқарыла беретін шаруалар.
- – Соңғы жылдары кітап күнімен қатар кітап сыйлау күні де Қазақстанда кеңінен аталып өтуде, бұл датаның жастарға, өскелең ұрпаққа, оқушыларға беретін қандай тәрбиелеік мәні бар деп ойлайсыз?
– Кітап – сөреге тастай салып, ұмытып кететін зат емес. Тіптен түрлі себептермен ұмытып кеткен күннің өзінде оның сақталу, қолдану мерзімінің құны күн өткен сайын арта түседі. Кітап – алтын қазына, білім көзі, қызықты әлем ғой. Жастардың өміріне мән кіргізіп, өзге әлемді танытады. Өткенге оралтып, болашаққа жетелейді. Эмоция туғызады. Өзге көкжиектегі ашатын сана порталы.
- – 3 наурыз Халықаралық жазушылар күні, яғни, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлес қосқан қаламгерлерді құрметтеу күні. Бұл мереке әдетте жазушылардың шығармашылық еңбегін бағалау, олардың қоғамдағы рөлін атап өту мақсатында ұйымдастырылады. Бірақ, Қазақстанда осы айтулы дата өз деңгейінде өтіп жатыр ма?
- – Паблик беттеріндегі құттықтауларды ғана көріп жүрмін. Мүмкін мен мұндай шараларда тізімнен түсіп қалатын жазушы шығармын.
- – Жалпы, шығармашылыққа соның ішінде балалар әдебиетіне үкімет, жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау бар ма?
– Балалар әдебиетіне айрықша сый-сияпат көрсетіп жатқан жағдайды байқамадым. Алматы қаласының әкімдігі жыл соңында жазушыларға 500 мың береді. Солардың қатарына ілігеміз. Балалар тақырыбына байқаулар ұйымдастырылады. Қатысқандар, лайықтылар марапатталып жатады. Дегенмен, «Президенттік стипендия» балалар әдебиетінің өкілдерін есіктерінен сығалатпайды.
- – Бүгінгі таңда жазушының ең үлкен проблемаларының бірі – кітап шығару мәселесі. Осы тақырып төңірегінде не айтасыз?
- – Кітап шығару біреуге оңай, біреуге қиын. Ақшасы бар жазушы ақшасын төлеп, қалаған баспасынан кітабын шығара алады. Ал енді мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға жаңа ереже бекітілді. Мысалы 160 бет кітапқа 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Ал кітапты шығарып, сату қаламгердің мойнында болмақ. Демек, өзі жазып, өзі сатуы керек. Нарыққа бейімделгендер қуанады. Бейімделмегендер пұшайман күйде. Біреулер мұны масылдық десе, біреулер мемлекет тарапынан жасалып отырған жақсылық деп қабылдайды.
- – Дегенмен, соңғы жылдары министрлік тарапынан да, облыстық, қалалық әкімшіліктерден де, үлкен холдингтерден де ұйымдастырылған жыр мүшәйрасы, прозаға арналған конкурстар, стратегиялық әріптестікке байланысты жобалар іске асып жатыр. Осы жобалар қаламгерге, оқырманға, жалпы қауымға не береді? Пайдасы бар ма? Ақын-жазушылар арасында бәсекелестік тудыра ала ма?
- – Қазір байқаулар мен жобаларда жастарға жол беріліп келеді. Дұрыс. Дегенмен, сол байқауларда үздік шыққан шығармалармен оқырман, неге екені, таныса алмайды, талданбайды. Комиссия мүшелерінің қорытындысы қайта қаралмайды деген үкім шығарып қояды болды. Өткен жылы Жамбыл облысының әкімдігі сондай бір байқау ұйымдастырды. Ережесін жариялады. Бес күн өткен соң жүлдегерлерді марапаттады. Сонда бес күн ішінде байқауға түсіп, сараптамадан өтіп үлгерген қандай шығармалар деп ойлайсың ғой. Ондайда бәсекелестік емес, күдік, сенбестік оянады.
- – Әңгімеңізге үлкен рахмет!
Қайырниса Жұмашева,
Ұлттық кітапхана қызметкері
Алматы қаласы