«Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр

«Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр және елде білім экономикасын қалыптастыру мен ЖИ-экономикасының архитектурасын құруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып саналады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

«Бүгін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Шымкент қаласына келіп, Қазақстан математиктерінің алғашқы конгресін аштым. Елдің математикалық қауымдастығы бұл форумды өте жылы қабылдады, математика рөлін қайта пайымдауға және жаңа күн тәртібін қалыптастыруға деген жоғары сұраныс айқын сезіледі.

Қазір біз математика туралы қалыптасқан түсінік түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде тұрмыз.
Бұрын ол «ғылымның бір саласы» ретінде қабылданса, бүгінде экономикаға, технологияға және мемлекеттік басқаруға әсер ететін шешімдердің негізіне айналды.
Үлкен деректер, жасанды интеллект, цифрлық егіздер, болжамдық модельдер — мұның барлығы, түптеп келгенде, математикаға сүйенеді. Әлемде бұл үрдісті әлдеқашан түсініп, қабылдап қойды. Фокус та біртіндеп өзгеріп келеді: енді тек ЖИ-ді қолдану емес, оның қалай жұмыс істейтінін терең түсіну маңызды.

AI4Math және Science of AI сияқты жаңа бағыттар қалыптасып жатыр. Жасанды интеллект енді тек құрал емес, зерттеулерде серіктеске айналып, күрделі есептерді талдауға, жаңа байланыстарды табуға және ғылыми ізденістерді жеделдетуге мүмкіндік беруде», деді министр.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

Біз өз орнымызды айқындауымыз қажет. Не дайын шешімдерді пайдаланушы ел болып қаламыз, не өз технологияларымызды жасайтын елге айналамыз. Бірақ мықты математикалық негізсіз екінші жол мүмкін емес. Себебі математикасыз ЖИ, қалай жұмыс істейтіні толық түсініксіз, күрделі шешімдерде сенім арту қиын құрал ғана.

«Сондықтан біз жүйелі жұмысты жолға қойып жатырмыз. Өз алгоритмдеріміз бен модельдерімізді дамытамыз. Кадр даярлау тәсілін өзгертеміз, математиканы ЖИ-дің негізі ретінде күшейтеміз. Қауіпсіздік бағытында да, соның ішінде посткванттық криптография бойынша жұмыс жүргізілуде. Ғылымды, индустрияны және мемлекетті біріктіріп отырмыз. Ең бастысы — инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз: есептеу қуаттары, платформалар, зерттеу орталықтары.

Бұл жұмыстардың барлығы мемлекет басшысы ұсынған кең ауқымды «Digital Qazaqstan» стратегиясының (2029 жылға дейін) шеңберінде жүзеге асуда, оның аясында біз ЖИ-экономикасының толыққанды архитектурасын қалыптастырып келеміз. Жаһандық бәсекелестік жағдайында Қазақстан өз моделіне сүйенеді, яғни, қолжетімді энергияға, жас әрі цифрлық буынға және дамыған eGov инфрақұрылымына.

Сонымен қатар халықаралық тәжірибені де ескеру маңызды. Frontier AI бүгінде әлемнің шектеулі ғана орталықтарында бар — АҚШ-та, Қытайда және жекелеген еуропалық экожүйелерде қалыптасуда. Мұнда негізгі фактор тек технологияның болуы емес, институт деңгейінде қалыптасқан математикалық мәдениет, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ғылыми мектептер және толық этаптарға: кадрларға, деректерге, модельдерге және есептеу қуаттарына ие болу.
Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелер қысқа уақытта қалыптаспайды. Оның артында ондаған жыл бойы білімге және ғылыми ортаға жасалған инвестициялар жатыр, мұнда математика іріктеудің, ойлаудың және технологиялық дамудың өзегіне айналады.

Технологиялық көшбасшылық үш шарттың тоғысында қалыптасады: математикалық мәдениет институт ретінде орныққанда, ғылыми мектептер оны үздіксіз дамытып отырғанда және мемлекет пен нарық ірі жобаларды іске қосып, білімді нақты жүйелерге айналдыра алғанда.

Жаһандық ЖИ ландшафты қазірдің өзінде құрылымдалған: ядроны жасаушылар, дамыған интеграторлар және тек қолданумен шектелетін елдер бар. Осы деңгейлер арасында өту уақытты, жүйелі саясатты және толық циклді тұйықтауды талап етеді — білімнен ғылымға, ғылымнан индустрияға және қайтадан кері байланысқа дейін.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тек инфрақұрылымға инвестиция салу жеткіліксіз. Ең маңыздысы — өз ойлау мәдениетімізді қалыптастыру және технологияны қолданумен қатар, оны жасай алатын мамандарды даярлау», деді С.Нұрбек.

Осы бағытта алдымызда бірнеше негізгі міндет тұр.

«Біріншіден, өз алгоритмдеріміз бен математикалық модельдерімізді әзірлеу. Бұл тек технология емес, ел экономикасынан бастап өнеркәсіпке дейінгі нақты міндеттерге шешім жасай алу қабілеті.

Екіншіден, кадр даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру. Біз AI-Enabled University форматына көшіп, іргелі математиканы күшейтіп, студенттер үшін зерттеу ортасын дамытамыз.

Үшіншіден, математикалық қауіпсіздік. Бұл посткванттық криптографияны дамыту және жаңа цифрлық қауіптер жағдайында сыни инфрақұрылымды қорғау.

Төртіншіден, ғылым мен технологияның интеграциясы. Іргелі зерттеулерді экономиканың нақты сұраныстарымен байланыстырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту маңызды.

Бесіншіден, инфрақұрылым.
Суперкомпьютерлер, есептеу кластерлері, платформалар және студенттерге, ғалымдарға және индустрияға ашық қолжетімділік.

Бүгіннің өзінде 670 мыңнан астам ЖИ сертификаты берілді, студенттердің басым бөлігі базалық дайындықтан өтті. 300-ден астам қолданбалы шешім бар.

Алдағы кезеңде 100 мың студентті тереңдетіп оқыту және шамамен 1500 AI-жобаны іске қосу жоспарлануда.

Қысқаша айтқанда, бүгінгі математика — бұл дәл шешім қабылдай алу және технологиялардың «ішкі логикасын» түсіну қабілеті. Ал бұл елдің әлемдегі орнын айқындайды.
Бүгінгі конгресс бәрін қайта пайымдап, саналы түрде алға жылжуға мүмкіндік беретін маңызды алаң деп ойлаймын.

Барлық қатысушыларға идеялары мен ашық диалог үшін алғыс білдіремін», деп түйіндеді ол сөзін.

«Мы не просим милостыни, мы требуем соблюдение наших прав»

 Итоги противостояния общественности и разработчиков закона о поддержке  особенных...

Новая роль домкомов и КСК

АКТИВНОЕ ВОВЛЕЧЕНИЕ ЖИТЕЛЕЙ Г. ШЫМКЕНТА УСИЛИТ РАБОТУ ПО ПРОФИЛАКТИКЕ...