12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дидарбек Ділдәбек, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың докторанты, жас ғалым: ЖОО-да инновациялық идеяларды жүзеге асыратын ғылыми-технологиялық парктер жұмыс істеуде

Дидар мырза, еңбек жолыңызды білім-ғылым саласына арнауыңызға не түрткі болды?

— 2015 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне Жаратылыстану және география институтына, Эколог мамандығына оқуға түсіп, 2019 жылы тәмамдадым. Содан бастап аталмыш оқу орнында Жастар ісі комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарып бастадым. Уақыт өте сол комитеттің төрағасы, университеттің Тәрбие, әлеуметтік және жастар саясаты департаменті директорының орынбасары, кейін сол департаменттің директоры қызметіне тағайындалдым. Жалпы жоғары оқу орындарына қойылатын басты талаптардың бірі – уақыт көшіне ілесе отырып, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру, кәсіби біліктілігі жоғары, сұранысқа ие мамандар даярлау ғой. Дегенмен «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» демекші, студенттерге алдымен үлгілі тәрбие бере отырып,  заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал етіп, білім беруді жөн деп санадым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған үндеуінде: «Бүгінгі жастар ­ Қазақстанның келбеті. Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет», – деп атап өткендей, кез келген ұстаздың мақсаты ­ әр салада бәсекеге қабілетті білікті әрі білімді маман даярлау дер едім.

— Ал ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

— Жоғарыда атап өткенімдей мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегімін. Бакалаврды бітірген соң, магистратураны басқа жоғарғы оқу орнында оқыдым. Ал ғылым саласына келуіме осы универсиеттің «География және экология» кафедрасының меңгерушісі Думан Алиасқар есімді ұстазым түрткі болды. Екінші дінтанушы, саясаттанушы Руслан Сейітқазиев есімді ағамның: «30-35 жасқа дейін әрбір азамат өзіне қажетті білімді алмайтын болса, 35 жастан кейін ол білімді алу мүмкін емес және сол жолда көптеген тоқырауларға ұшырайды», — деп айтқан сөзі. Ойлана келе, басшылық қызметтегі орнымды босатып, ғылымның бастауы — докторантураға түсуді жөн деп таптым. Осылайша биыл ғылым жолына түскен жағдайым бар. Енді қазіргі уақытта зерттеу жұмыстарының тақырыптарын анықтап, жоспарға сай зерттеу уақыттарын бекітіп, ғылым жолындағы алғашқы қадамдарымды жасап жатырмын.

— Не дегенмен бірнеше жылдық еңбек өтіліңіз арқылы білім саласының бүгінгі жай-күйіне қанықсыз. Қалай ойлайсыз, елімізде ғылымының ашық моделін қалыптастыра алып отырмыз ба? Бұл бағытта қандай кешенді шараларды жүзеге асып жатырмыз?

Қазіргі таңда мемлекет дамуының алғышарты – білікті ғылыми кадр дайындау. Ғылым жағы дамыған мемлекетті жан-жақты дамыған мемлекет деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, Франция, Германия,  АҚШ, Жапония елдерін алып қарайтын болсақ, олар осыдан І ғасыр бұрын ғылым мәселесімен айналысуды қолға алған. Олар жүз жыл бұрын ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жоба нәтижелерін өндіріске енгізуге әрекет етті. Инновациялық орталықтар мен парктер, идеялар инкубаторын қолға алды. Олар өздеріне қажет бағытта жұмыс істеді. Сол бағытта жобаларды қаржыландырумен айналысты. Енді бізге келіп тоқталатын болсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылды. Осы жылдан бастап, академия бар, Қ.Сатпаев бастаған ғылым ордасы бар біраз елеулі жұмыстар атқарды. Сол уақытта елімізде пайдалы қазбалар, көмір және т.б мәселелер қолға алынып, жүзеге асты. Бірақ 1980-1990 жылдары аталған ғылым  ордасында, яғни бізде тоқырау болды. Соның салдары әлі күнге өз әсерін беріп келеді. Дегенмен қазіргі уақытта еліміздегі белгілі бір жоғары оқу орындарының инновациялық идеяларын жүзеге асыратын Ғылыми-технологиялық парк немесе идеялар инкубаторы деп жатамыз, міне осындай орталықтары бар және жұмыс істеп жатыр.  Технологиялық парктер бүгінгі күні заманауи инновациялық экономиканың маңызды элементі. Кез келген елдің толыққанды инновациялық қызметі ғылыми және инновациялық орталықтар мен парктер, идеялар инкубаторы, алдыңғы қатарлы технологиялар орталықтары, технологиялық полистер, сараптамалар сынды жаңа аймақтық шаруашылық құрылымы негізінсіз дами алмайды. Олардың бәрі әлемнің жетекші индустриалдық аймақтарында жасалып, мамандандырылған инновациялық құрылым негізін құрайды. Қателеспесем, соңғы жылдары елімізде 10-нан астам технопарктер жұмыс істеуде. Одан бөлек, өздеріңізге мәлім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы  қазіргі уақытта үлкен ғылыми жобаларды іске асырып отыр. Жалпы ғылымға бөлінген қаржы нақты бағытқа жұмсалып, қолданылатын болса және жас ғалымдарға, осы салада қызмет етіп жүрген ғалымдарға берілетін болса, еліміздегі ғылым саласының дамуына өзіндік бір септігін тигізеді деп есептеймін. Себебі бүгінгі күні мемлекет тарапынан ғылымға жеткілікті қаржы да бөлінуде, қолдау да көрсетілуде деп айтуға толық негіз бар. Ал ғылым қолдау мен қаржы бар  жерде дамиды.

Ғылыми зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін қандай өлшеммен бағалау керек? Қазіргі таңда ғылымға ақшасына, қиындығына қарамай, қызығушылық танытатын жастар бар ма?

Мысалы, жас ғалым деп кімді айтады? Мәселен, осы уақытқа дейін бір зерттеу жұмысын жүргізбей, мен сияқты биыл докторантураға түскен жастар  жас ғалым атанып жатырмыз. Сондай-ақ, біз алдағы 3 жылда білім алып, сол жылдардың ішінде алған біліміміз бойынша арнайы бір ғылыми зерттеулер жүргізіп, қорғап, нәтижесіне қол жеткізуіміз керек. Ал ол қалай бағалануы керек? Меніңше жоғары да атап өткен дүниелер мақаламен бағаланбауы керек. Бірақ қазіргі уақытта докторантураны немесе ғылыми атақты қорғап алу үшін ең басты керек дүние ол ‑ мақала. Бұл жерде мақалаға ғана емес, тақырыптың нақтылығы және ғылыми жаңалығы елге пайда әкелу керек секілді. Мәселен, менің зерттейін деп жатқан тақырыбым Қонаев қаласының тұрғылықты дамуының концепциясын қалыптастыру деп алайық. Қонаев кішігірім қала, дегенмен оның даму концепциясы сол секілді қалалардың даму моделін қалыптастыруға, дәл осы бағытта жұмыс істеп жатқан аймақтанушыларға тікелей септігін тигізу керек. Жоғарыда атап өткен қалаларды дамытудың негізгі және тұрақты жолын жаңағы ғылыми зерттеу жұмысында жеті фактор деп көрсетсек, соның кемі бес факторы болашақта жүзеге асуға септігін тигізу керек. Бұл орайда нақты монографиялар, карталар мен жоспарларды ұсына алатын болсақ, меніңше мұның өзі жетістік деп есептеуге тұрады. Яғни біз мақала берумен ғана шектеліп қалмаумыз керек.  Сол зерттеулер елге пайдасын тигізу қажет. Тағы бір айта кететін дүние – ғылым саласына бөлінетін гранттардың нақты қажетті мамандықтарға бөлінбеу мәселесі. Менің ойымша, болашақта жұмыс істемейтін, Қазақстанға еш пайдасын тигізбейтін тақырыптар және де қажетсіз мамандықтар бойынша мемлекет гранттар бөлмеуі керек. Сонымен қатар, ертеңгі күні еліміздің болашағына, дамуына септігін тигізетін бағыттар мен мамандықтар бойынша гранттарды қарастыру керек. Сол бағытта тақырыптар бөлініп, барлық ЖОО-да қызмет атқаратын ғалымдарға тапсырмалар берілуі қажет деп есептеймін. Ғылым саласы – үздіксіз дамитын процесс. Ал бұл жүйеде білікті кадрлар қызмет ету керек. Ғалымды ғалым ететін ойлап тапқан жаңалығы ғана емес, ерік-жігері, сабырлылық, терең білім, еңбексүйгіштік деп айтар едім. Ғалым өзінің идеясымен немесе тақырыбымен емес,оны іске асырумен айналысуы керек деп ойлаймын. Бүгінгі күні ғылым саласында жүрген жастар жоқ емес, бар. Бірақ олардың қолын қаржының жоқтығы байлайды. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар дегендей. Ғылымға ақшасына, қиындығына қарамай келу, қызығушылық таныту және онымен айналысу қазіргі қымбатшылық замамында өте қиын деп айтар едім.

— Сіздің ойыңызша, ғылым саласына қандай өзгерістер енгізу қажет? Ғылымды дамытудың жаңа жолы қандай?

— Бірінші кезекте ғылыммен айналысатын жастарды қалыптастыру үшін жоғары оқу орындарының білім беру жүйесі жоғары деңгейде болуы керек. ЖОО-да орналасқан лабораториялардың да сапасы жоғары болуы қажет. Ғылымды дамыту үшін алдымен ғылыми-зерттеу зертханаларының, ғылыми-технологиялық орталықтардың жағдайын жақсарту керек деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі күні мен білетін бірқатар жоғары оқу орындарының зертханаларында көптеген қондырғылар сонау Кеңес одағынан бері келе жатқан құрылғылар. Меніңше, біз бірінші кезекте құрал-саймандарымызды жаңартып алуымыз керек. Одан кейін барып ғылыми-технологиялық парктердің санын көбейтуіміз қажет. Ғалымдарды қолдау қажет және ғылыми бағыттағы  жобалардың санын көбейту керек. Сонымен қатар, ғылыми жобаларға тек белгілі бір ғалымдарды ғана емес, белгілі бір талап ретінде жас ғалымдарды да қатарына  қосу керек.  Қазіргі таңда өзім Қонаев қаласының тұрақты даму қонцепциясын қалыптастыру тақырыбында зерттеу жұмысын бастадым. Белгілі бір қалаға зерттеу жұмысын жүргізбес бұрын, бүкіл әлем бойынша дамыған елдердің моно қалаларының тұрақты даму бағыттарының зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деп есептеп, бүгінгі күні ғылыми жетекшіммен әлем елдерінің моно қалаларын зерттеп, бірінші мақаламызды дайындап жатырмыз. Сонымен бірге, Қонаев қаласында орналасқан өндірістік бағыттағы өнеркәсіптердің сипатын анықтау және қалаға тигізер әсерін зерттеу мақсатында жұмыстар жасалынып жатыр. Мен енді бұл салаға жаңадан келіп, жақында ғана жұмысты бастағаннан кейін бірінші кезекте танысу жұмысымен айналысып жатырмын деп айтсам да болады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

Пациент дәрігерге қаншалықты ерте қаралса буын ауруларын емдеу нәтижесі де жоғары болады

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада күрделі ревматоидты артритпен ауыратын...

Қазақтың ақбас сиырын қайта көбейтуге кедергі жоқ

Қазақ даласында қазір сиырдың небір тұқымын кездестіруге болады. Мал...

Экономикадағы өсім: Статистикалық дектердің мәні неде?

Биыл алғашқы жеті айындаға есепті басшылыққа алсақ, ел экономикасының...

Логика реформ-4: Сильные регионы — сильная нация

Реформы в Казахстане на текущем историческом отрезке отличаются своей...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ӘЛЕМДІК QS РЕЙТИНГІНДЕ «БЕС ЖҰЛДЫЗ» ҮЗДІК БЕЛГІСІНЕ ИЕ БОЛДЫ

Бүгін Қазақстан мен Орта Азиядағы педагогикалық бағыттағы көшбасшы Абай...