Дидар Мамырбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әлем тарихы кафедрасының аға оқытушысы, дінтанушы: Қазақстанда дін мен мемлекеттің ортасында заң тұр

Дидар Мамырбаев, Абай атындағы ҚазҰПУдың Әлем тарихы кафедрасының аға оқытушысы, Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті университетінің 1 курс докторанты, дінтанушы

— Дидар мырза, бүгінде діни экстремизм мен терроризм тек Қазақстанға ғана емес, барлық әлем елдеріне қауіп тудыратын халықаралық мәселе айналып отыр. Жалпы діни экстремизм мен терроризм дегеніміз не? Бұдан келетін қауіп қалай таралады? Тарқатып айтып берсеңіз.

— Діни экстремизм мен терроризм Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен әрі қауіпті мәселеге айналып отыр. Былайша айтқанда халықаралық проблемалардың бірі. Жалпы діни экстремизм мен терроризм дегеніміз не деген сұраққа тоқталсақ, экстремизм «шығу», «бөлектену», «шеттеу» деген мағынаны білдіреді. Экстремизмнің бірнеше түрі бар. Олар саяси, ұлттық, қаржылық және діни экстремизм болып қарастырылады. Бұл жердегі саяси экстремизм дегеніміз саяси білімі болмаған және де қоғамдағы саяси білімсіздікті пайдаланып, саяси информацияларды таратып, халықты билікке қарсы кою. Яғни биліктің саясатына қарсы қою. Ұлттық экстремизм ұлтаралық араздықты қоздырып, халықты халыққа айдап салу. Бұл білімсіздіктен, надандықтан туындаған көзқарастардан пайда болады. Ал қаржылық экстремизмде халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, солардан ақша жасау. Төртіншісі діни экстремизм — Құран немесе Библия, Тораны дұрыс емес,  өз икемдеріне қарай түсіндіргенде, екінші дәстүрлі дінге қарсы ой-пікірлердің қалыптастыру арқылы, кейбір діни азаматтардың діни санасын бұрмалау арқылы, құндылықтарға, қоғамдағы қасиетті деп тапқан құндылықтарға, дәстүрлерге және де мемлекет билігіне қарсы үгіттеу жұмыстарын жүргізетін әрекет. Салдарынан адамдар бірінші мемлекеттік билікке қарсы шығады, діни экстремисттік әрекетке барады. Мұндай діни экстремизмге түскен адам өте қауіпті және өте қиын, игеруге, түзеуге келмейтін бір адамға айналады. Сол үшін де діни экстремизм негізгі әрі өте қауіпті мәселе болып саналады. Ал терроризмде адам санасы дұрыс емес жанама сенімдермен жанама діни ұстанымдарға негізделген кезде, адам ішіндегі ойын басқаларға экстремисттік әрекет арқылы таратады. Ал егер қоғам оны қабылдамаса, ол өзінің ойын қарудың күшімен мойындатуға тырысады. Осыны терроризм деп айтады. Терроризмнің де түрлері өте көп. Бірақ діни терроризм бұл жоғары да айтып өткен қасиетті кітаптарды, яғни Құран, Библия, Тораны дұрыс емес түсіну және дұрыс емес түсіндіру арқылы халықты террорлық актке үгіттеуден асқан қауіпті дүние жоқ деп ойлаймын. Негізі діни экстремизм де, терроризм де бүкіл әлемде болып жатыр. Террорлық акттер де адамзат тарихында болған  және бола береді деп ойлаймыз. Себебі, адамзат тарихында көне дәуірде де, орта ғасырда да, қазіргі заманда да террорлық акттер мен экстремисттік әрекеттер көптеп байқалған. Мәселен, адамзат тарихында болған террорлық акттердің бірі Рим империясының заң шығарушы органдарына қарсы жасалынған әрекеттер болып саналады. Екіншісі, ассосиндердің кезеңі. Мемлекет басшыларына қарсы террорлық акттер жасалып отырған. Содан кейін Крест жорықтары.  Діни сипат алып, діни, қасиетті жерлерлі өзіне қарату мәселесіндегі террорлық әрекеттер. Одан  кейін Ресей империясының кезіндегі «Белый террор» және кеңес үкіметі кезіндегі «Красный террор» деп аталатын террорлық әрекеттер. Кеңес үкіметі өздерінің ойларымен, пікірлерімен, идеяларымен келіспеген өзге ұлт өкілдеріне, халыққа террорлық акт жасаған.  Мәселен, қамауға алған, атқан, жер аудартқан және т.б.

Қазақстанға келетін болсақ, 2011-2016 жылдары террорлық акт жасап жараланғандар мен қайтыс болғандар бар. Бұлардың барлығы саналарының уланып, экстремисттік жолға түсіп, рухани ұстаздарына бағынып, дәстүрді ұмытып, мемлекеттің ұстанымдарына қарсы шығып, экстремисттік әрекеттен кейін террорлық акттерге барғандарын білеміз.

— Қазір әлемде қандай деструктивті діни ұйымдар бар? Оның ішінде елімізде кең таралған түрі бар ма?

— Деструктивті діни ағымдар бүкіл әлемде бар. Елімізде де бар.  Қазақстанда ұлттық санаға, сезімге, сенімге, ұлтаралық араздыққа, дәстүрлі дінге, дәстүрлі құндылықтарға қарсы жұмыс жүрсе, мұның барлығын деструктивті діни ағымдар деп қарастырамыз. Жалпы, ислам дінінде ғана емес, христиан дінінде де осындай деструктивті діни бағыттар бар. Олардың бірі тарихқа қарсы жұмыс істесе, тарихтың тұнығын лайлап, сол бағытта кітаптар жазатын болса, екіншісі халықтың ұлттық санасына, салт-дәстүрге, ұлттық дінге қарсы жұмыс істейді. Осындай тыйым салынған, террористік деп таныған ұйымдар, деструктивті діни ағымдар, экстремисттік ұйымдар мен топтар, қозғалыстар халықаралық тыйым салынған ұйымдар тізімінде тұрады. Әлемде деструктивті діни ағымдар жұмыс жасап жатыр. Деструктивті діни ағымдар дінді қалқан етіп, халықты жалған жихадқа, мемлекеттік төңкеріске үгіттейтін армияны жасақтайтын ұйымдар деп айтсақ болады. Деструктивті діни ағымдар тек дінді жамылады. Ал әрекеттерінде өз мүдделеріне жұмыс жасайды. Ол төңкеріс жасау мүддесі, экстремисстік идеяға ұрынған адамдарды, террорлық актке бағыттайтын мүдде болуы мүмкін. Былайша айтқанлда, деструктивті діни ағымдар экстремизм мен терроризмнің ортасында тұрған өткел сияқты болып есептелінеді.

— Ал экстремистік діни ұйымдарды қалай ажыратамыз? Олардың таралуы себептері мен қоғамға тигізер зардабы қандай?

Экстремизмге идеялық, теориялық тұрғыдан ілінген адамды практикасына әзірлеп, діни мәтіндермен, құндылықтармен адамды қуаттап, террорлық актке бағыттайтын жолдаушы топтар деп айтсақ болады. Олардың әрекеттері өте қулықпен іске асады. Ең бірінші олар интернетті пайдаланады. Үгіт-насихат қағаздары арқылы идеяларын таратуға тырысады. Ұйымның құндылықтарын адам санасына кіргізеді. Көзқарастарын әскери террорлық акттерге дайындайды. Деструктивті діни ағымдардың қатарына 14-25 жас аралығындағы жастардың кіруі жиі байқалады. Себебі, олар сыни ойлау жүйесі,  академиялық білімі дүрыс қалыптаспаған, ақ пен қараны ажырата бермейтін жастағы адамдар. Одан бөлек деструктивті діни ағымдардың жетегінде жүргендердің көбі кезінде Кеңес үкіметінде немесе Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алған кезде солардың үгіттеріне еріп кеткендер. Жарты өмірлері Кеңес үкіметінде, жарты өмірлері осы деструктивті діни ағымдардың жетегінде өтіп жатқан адамдар. Уақыт өтіп жатыр, олар үйленіп, балалы-шағалы болып, балалары құрсақтан бастап осы деструктивті діни құндылықтарға үгіттеліп, насихатталып өсіп келе жатыр. Олар өзара үйленіп, өзара көбейіп, ұлдары мен қыздарын осы идеологияға негіздеп, өсіріп жатыр. Сонымен қатар, ұл-қыздарын мемлекеттік билікке, заң органдарына жақын қызметтерге оқытып отыр. Бұл да бір деструктивті діни ағымдардың әдістемелерінің бірі. Бұл мәселені біз тереңірек қарауымыз керек сияқты. Оған қажетті құралдарды, әдіс-тәсілдерді қолданып, күресуіміз керек.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында Алла Тағала адамзатты жаратып, адам балаларын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Бұл туралы: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып,  табысуларың үшін сан-алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер,  Алланың алдындағы ең ардақтыларың  – ең тақуаларың», – деп айтқан. Аяттағы: «Бір-бірлеріңді тануларың үшін» дегенді Имам Мужаһид: «Олар пәленше пәленше деген рудан, пәленшенің баласы деп адамдар бір-бірлерін танулары үшін» деп түсіндірген. Осыған ұқсас Қасиетті Құранның «Рум» сүресінің 22-аятында Алла Тағала: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен реңдеріңнің әр алуан болғандығы да, Оның ап-айқын дәлелдерінің бірі», – деп айтады. Адамдар ұлт, ұлыс, нәсіл мәселелеріне қатысты мынадай негізгі үш ұстанымды жадында ұстауы қажет. Біріншісі, әркім өзінің шыққан ата-тегін білу керек. Екіншісі, өзге ұлттарды төмен көрмеу. Үшіншісі, өзгелерді бауырым деп білу деген. Осы аятқа мемлекет те, біз, білім ордалары да аса көп мән бергеніміз дұрыс деп ойлаймын. Себебі, ислам діні келместен бұрын, ұлттар мен ұлыстардың өз ұлты, діні, дәстүрі, дүниетанымы болған. Ділі мен тілі болған. Ал, ислам діні келген кезде кейбір ұлттар өздерінің кодтарын, өздерінің ұлттық тілін, дәстүрін, ділін ұмытып, ислам дініне жұтылып кетті. Мысалы, қазіргі күні 22 Араб мемлекеті бар. Олар басында хеттықтар, вавилондықтар, ассириялықтар, египеттіктер болып бөлінген еді. Бірақ кейін олар ислам дініне жұтылғаннан кейін, барлығы Араб мемлекеті болып қалды. Демек «Хужурат» сүресінің 13-аятына қарсы келіп қалды. Ал, біз, дәстүрлі исламды сақтауға тырыстық. Өзіміздің тіліміз, діліміз, дініміз, ұлтымыз барлығы сақталды. Сонымен қатар, біз, ислам дінінің дәстүрлі бағытын ұстанып келдік. Ал шариғатты кішкене әсіреледік немесе өзімізге икемдедік. Сөйтіп, біз, ұлт болып сақталып қалдық. Зайырлылық мәселесінде осы мәселелер бар, яғни басқа мемлекеттердің барлығы да өздерінің дәстүрін, салтын, санасын ескере отырып, зайырлықты қабылдайды. Мәселен, Франция, Англия, Америка Құрама Штаттарының барлығы өзінің бұрынғы христиандық бағытын, соның құндылықтарын негіздей отырып, дәстүрлі дінін ұстап отырып, зайырлылықты қабылдады. Зайырлылық дегеніміз бұл атеизм емес. Ол жерде мемлекеттік басына бір дінді негізге қоймайды. Бірақ өзінің дәстүрлі ұстанымдарын, санасын, тілін, дінін ескере отырып, осы зайырлы ұстанымдарды көрсетеді. Сол сияқты Қазақстанға да осы зайырлылық ұстанымды, халыққа ұлттық дәстүрлі дінді насихаттау мәселесін көтеру керек сияқты. Оны біздің Мемлекет басшымызда қолдап, осы дәстүрлі ұстанымға қадам басып жатқан сияқты.

 — Қазақстанда діни ахуал тұрақты деп айта аласыз ба? Осы орайда еліміздегі діни бірлестіктердің ұстанымы мен мәртебесі қандай?

— Қазақстандағы діни ахуалды тұрақты деп айтуға болады. Бүгінгі күні деструктивті діни ағымдар, экстремисттік топтар қандай да бір басымдыққа ие болып жатқан жоқ. Сонымен қатар, еліміз  зайырлы мемлекет болғаннан кейін, діни бірлестіктер өз қызметтерін заңға сәйкес атқарып отыр.  Қазақстанда дін мен мемлекеттің ортасында заң тұр. Біздің заң алдында барлығы тең. Сондықтан барлығы ортақ, тең жұмыстарын жасап отыр.

— Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін не істеу керек? Еліміз экстремизммен қалай күресіп жатыр?

— Экстремизм мен терроризмнің таралуына себеп болып тұрған мәселенің бірі ата-ананың баланың алдындағы жауапкершілігі деп есептеймін. Себебі, ата-ана баласы қызығушылық танытқан дүниені толық игеріп ала алмай отыр. Мысалы, бала белгілі бір спортқа қызықса, сол туралы ата-ана ақпарат құралдарынан, кітаптардан спорт жайлы толық ақпаратты жинап алуы керек. Келесі күні баласы сол спорт туралы сұрағанда, сұрағына жауап бере алатындай болу керек. Ал егер бала дінге қызықса, ата-ана жауапкершілікті сезініп, діннің парыздарын, жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны, обал мен сауапты, бес уақыт намаз қалай оқылады, зекет қашан беріледі және тағы басқа дінге қатысты информацияның барлығын жақсылап игеріп алуы қажет.  Себебі, бала дінге қатысты сұрақтарын әке-шешесінен келіп, сұрай алатындай дәрежеде болуы керек. Бізде көбінесе баласы дінге қызыққан кезде, әке-шешесі ол жауапкершілікті сезінбеу үшін, ол жауапкершіліктен қашу үшін, баланың бетін қайтара береді. Бала одан кейін әке-шешесінен қайта келіп, ешнәрсе сұрамайды. Одан кейін бала не істейді? Ол мешіттегі имамнан сұрайды, мешіттегі имам кейде қолы бос, кейде қолы бос болмай қалуы мүмкін. Сосын ол интернетке барады. Ал кейбіреулері имамға бармай, бірден интернетке кіре салуы мүмкін. Интернетте, осы жерде деструктивті діни ағымдардың өкілдері ата-ананың көрсетпеген жақсылығын балаға көрсетіп, сұрақтарының барлығына жауап беріп, осыдан бала немесе жасөспірім мешітке барып немесе дін істер агенттігінен, әкімдіктен барып сұраудың орнына олар оңай жолды көреді де, сол жолдан информацияны ала бастайды. Содан кейін бала барлығын өз санасына тоқиды, бірақ дұрыс емес жолға, экстремисттердің қатарына түседі. Сондықтан да дін мәселесінде ең бірінші ата-ананың жауапкершілігі үлкен. Екіншіден, мектепте, оқу орындарында беріп жатқан білімді өз деңгейінде жақсылап алса, деструктивті санаға ілікпейді, жетегінде кетпейді. Яғни сыни ойлауы қалыптасқан адам жақсы мен жаманды ажырата біліп, ондай жолға түспейді. Академиялық білімі, сыни ойлауы дұрыс қалыптасқан адамдар экстремизм мен терроризмнің жолынан 90% болса да аулақ болады.

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін бүгінгі күні адамның санасын, психологиясын түсінуге әрекет жасау, дін саласындағы қызметкерлердің айтқан уағыздары мен хадистеріне тамсанып отыратын уақыт бітті. Қазір ислам дінін ғылыми және академиялық тұрғыдан сыни ойға салып түсіндіру әдістерін дамыту керек сияқты. Өйткені қоғамның қазіргі жастардың талабы басқа, деңгейі жоғары.  Жоғарыда атап өткен оқиғаларды, қиссаларды, хадистерды айтып отыратын эмоциялық деңгейден, рационалды ойлау деңгейіне көтерілген. Сол үшін дін саласындағы қызметкерлер, ата-аналар діни түсіндірме жұмыстарын жүргізген кезде ғылыми тұрғыдан, эмоцияға берілмей, түсіндіру керек. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін мемлекеттің беріп жатқан академиялық білімі мен рационалды ойлау жүйесімен, салқынқанды түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.  Эмоциямен, жәннәтта анау екен, мынау екен деген сөздермен емес.

Елімізде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы экстремизм мен терроризмге қарсы, діни экстремизмнің алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар діни оқулар мемлекет тарапынан қолданған ол біріншісі банағы 9 медресе колледж,  содан кейін Нұрмүбәрәк ислам мәдениет университеті ол жерде академиялық тұрғыдан бакалавр магистратура докторантура стипендияларды бөліп кәдімгі академиялық тұрғыдан теологиялық тұрғыдан дінтанулық тұрғыдан кадрларды дайындап жатыр. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Дінтану» пәні оқытылуда. Сондай-ақ, тарих және дінтану қосарланған педагогикалық мамандықты алып шыққан мұғалімдер мектепке барып, тарих сабағында балаларға дінді, тарихты дұрыстап түсіндіруде. Мемлекеттің қолдауы арқылы әкімдіктер, ішкі саясат, діни агенттіктер арқылы мемлекеттік қызметкерлерге,  өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға, базарларға, жалпы қоғамға діни экстремизм мен терроризмге қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ендігі бізде жоғарыда айтып өткен ата-аналардың балаларына, олардың қызығушылығына жауапкершілікпен қарау мәселесі тұр. Ата-ана, бала, қоғам, әр адам өзі дін мен діл, дәстүр мен ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінсе, өскелең ұрпақты ғылымға, білімге баулып, надандықтан, көрсе қызарлықтан аулақ ұстаса, бірінші өз отбасын, екінші елін арам пиғылдылардың арбауынан сақтап қалар еді. Содан кейін ұлттық сананы, дәстүрлі дінді дұрыстап дәріптесек, ол да нұр үстіне нұр болатыны анық!

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

Соттағы қылмыстық істерді қараудың басты бағыттары: әділдік пен заңдылық кепілі

Қылмыстық істерді сотта қарау – адам тағдыры шешілетін, қылмыстық...

Регионы-аутсайдеры по исполнению плана-графика МЭКС назвали в проектном офисе

На заседании проектного офиса нацпроекта по модернизации энергетического и...

Жобалық кеңсе ЭКСЖ жоспар-кестесін орындау бойынша артта қалған өңірлерді атады

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаның Жобалық...

Қос дипломнан – жаңа белеске: Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

Қытай Халық Республикасындағы Наньнин педагогикалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы...