12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҚАНҒА МАЛЫНҒАН НЕКЕ ЖҮЗІГІ

Тергеуші, полиция майоры Тұрар Сүлейменовтің бұл ауданға келгеніне көп болған жоқ. Аудан шағын болғанымен, қылмыс жағынан облыс бойынша көш бастап тұр. Тергеу басқармасының басшысы Рәшид Аймағанбетов, полиция полковнигі Сәрсен Рыспаев осыдан үш ай бұрын болған қылмыстық оқиғаның құжаттарымен таныстырды. Орман ішінен жартылай көмілген әйел адамның мүрдесі табылған. Марқұмды зорлаған, сосын мойнына арқан байлап сүйреп, әбден қинаған, кейін бауыздап өлтірген. Мұрын, жақ сүйектері, бірнеше қабырғасы сынған. Жасы елуге таяған әйелдің есімі – Тоғжан. Сараптама қорытындысында сол күні марқұмның ішімдік ішкені анықталған. «Шамасы стақандас достарымен сөзге келіп, ажалдың құрығына ілінген шығар» деп әріптестері бұл істі екі айдан соң жауып тастайды. Тұрар бұл істің астарында шикіліктің барын сезді. Сондықтан әріптестері «жылы жапқан» осы істі қайта қолға алуды ұйғарды. Марқұмның бақилыққа аттанар алдында жанында кімдер болды? Оны орманға алып барған кім? Бұл бір адамның ісі болуы мүмкін емес. Тұрар осындай сансыз сауалдың жетегімен марқұмның туыс-таныстарын, достарын сөзге тартып, тағы жауап алды. Бірақ ешбірінен мардымды жауап болмады.

Түс қайта ол мүрде табылған жерге барды. Күн көзі жарқырап тұрғанымен, күздің суығы білінеді. Сары  желекке орана бастаған орман ішінде ірі қаралар жайылып жүр. Марқұмды көмген жерге келіп, төңіректі барлай бастады. Сол маңдағы шөп-шаламның арасынан үш түрлі түйме тапты. Бірі қоңыр түсті, сірә, марқұмның киімінен түскен болуы мүмкін, ал екеуі өзгеше. Тұрар орман ішін аралап жүріп, тал бұтағына ілінген арқанды тапты. Қан жұғыпты. «Бұл марқұмның қаны шығар» деді Тұрар іштей. Қолына түскен «олжаларға» жасаған сараптама қорытындысы да мұның күдігін құптай түсті. Арқанға жұққан қан марқұмның мойнынан аққан екен. Ал зерттеу нәтижесі бойынша арқанға алақаннан тамған тер сіңген. Бұл үш адамның ісі екенін дәлелдейді. Ал түйменің қоңыры әйелдің кардиган жемпірінен үзіліп түсіпті…

Тұрар кейде өзінің сабырсыздығын жек көреді. Бастаған істің түбіне жеткенше өз жанын жегідей жеп, мазасы қашады. «Осы мамандықты неге таңдадым екен?» деп кейде өкінетіні де бар. Бірақ істі толық ашып, діттеген жеріне жеткен соң көңілі көкке көтеріледі. Бүгін де сол мазасыздықтан қалжырап ерте жатып қалды. Таң атқанын хабарлап, безілдеген сағатын басып, ұйқысын қимай, жылы төсекте маужырап жатқан-ды. Кенет телефоны безілдеп, көмекшісі тағы да бір әйелдің мүрдесі табылғанын хабарлаған кезде жастықтан басын қалай жұлып алғанын білмей қалды. «Ауданға кіреберістегі тоғай ішінен жартылай көмілген келіншектің мүрдесі табылды. Оқиға өткендегі жағдайға ұқсайды. Тіпті айна-қатесіз. Келіншек зорланған…». Ары қарай тыңдауға жүрегі дауаламай, тұтқаны қоя салды. Басы солқылдап, жүрегі аузына тығылды. «Айттым ғой бұл қылмыстық топ» деді күбірлей. Телефоны тағы безеу қақты.

— Сіз оқиға орнына келесіз бе?

—  Міне, үйден шыққалы жатырмын.

Бұл оқиға орнына келгенде жедел жәрдем қызметкерлері мен полициялар жүр екен. Мүрденің бетін жауып тастапты. Шүберекті ысырып марқұмның жүзіне көз салды. Жап-жас келіншек. Өмірді қимағаны, аласұрғаны жүзінен көрініп тұр. Көзі ашық қалыпты… «Қазір дәрігерлер сараптама жасайды. Оқиға таң алдында болған тәрізді. Марқұмның денесі суып үлгермеген. Өріске мал айдап шыққан бақташылар мүрдені тауыпты. Қылмыскерлер ізін жабу үшін жартылай көмген, бірақ айналада марқұмның киімдері шашылып жатыр екен. Алдымен зорлаған, сосын мойнына арқан байлап, итше сүйреп, қорлық көрсеткен, кейін бауыздап тастапты. Әйел де ішімдік ішкен сияқты» деді көмекшісі.  

Тұрар кабинетіне келген соң ұзақ ойланды. «Оқиға бірінші қылмыстық оқиғаның «көшірмесі». Демек бұл қылмыстық топтың әрекеті». Қолында бір бума қағазы бар көмекшісі келді.

— Марқұмның жасы 30-да, отбасылы екен. Жолдасы полиция қызметкері. Үйінде ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтын көрінеді. Төрт баласы бар. Кішісі – төрт айлық.

— Ол кезде марқұмның жолдасы үйінде болған ба?

— Жоқ, жолдасы жұмыста болыпты. Оқиға кеше кешкілік үй жанындағы дүкен алдында болыпты. Келіншек кіші баласына памперс алып келу үшін дүкенге барған көрінеді. Қайтар жолында белгісіз мәшинеден үш жігіт шығып, келіншекті көтеріп көлікке салып алған.

— Оқиғаны көрген куәгерлер бар ма?

— Куәгер зейнеткер апай. «Қанша айқайласам да, жүздерін бүркеп алған үш жігіт қыздың шыңғырып айқайлағанына қарамай алып кетті» дейді.

— Көлік маркасын біле ме?

— Білмейді. Үлкен кісінің көзі нашар көреді екен.

Тұрар көмекшісі әкеліп берген құжаттарды қарауға кірісті. Осыдан үш ай бұрын бақилық болған Тоғжан мен бүгін марқұм болған Жазираның суреттерін қарады. Екеуінің өлімі ұқсас. «Жазираның ісіне күйеуінің қатысы болуы мүмкін бе? Егер оның күйеуі қолын қанмен былғады десек, бірінші әйелдің өліміне де қатысы бар». Ол іштей осындай түйін шығарды.

Кәсіби шеберлігі бойынша төңіректі мұқият барлап жүретін Тұрар оқиға болған жердегі дүкен алдына келді. Дүкен иесімен сөйлесіп, бейнекамераны алуға рұқсат сұраған-ды, алайда бір айдан бері бейнекамера жұмыс жасамай тұр екен. Дүкеншіге аз-кем сауал қойды.

—  Сол күні ештеңе байқаған жоқсыз ба?

—  Оқиға болатын күні дүкенге ревизия жасаймыз деп дайындалып жатқанбыз. Бір әже келіп, мән-жайды айтты, лезде жүгіріп тысқа шыққанбыз, бірақ таппай қалдық. Полиция шақырдық.

— Сол күні дүкенге бөгде адамдар келді ме?

— Дүкен болған соң адам көп келеді ғой, олардың қайбірі есте қалды дейсіз.

— Бұл көшеде қауіптенетін адамдар бар ма?

— Өзім осы көшеде тұрамын. Бұған дейін мұндай ауыр жағдай болған емес. Ауданда қылмыс жиі болғанымен, біздің көше тыныш. Қайдам енді?

— Марқұмның жолдасын танисыз ба?

— Аса қатты аралас-құраластығым жоқ. Полицей екенін білемін.

— Мұны жолдасы жасауы мүмкін бе?

Дүкенші селк етті. «Астағфируллах» деді күбірлеп.

— Қанша жерден қатігез адам болса да, отбасына қастандық жасай қоймас. Мен жолдасы жасады деген сөзіңізге келіспеймін. Олай болуы мүмкін емес.

— Естуімше, екеуі жиі ұрысатын көрінеді.

— Ұрысатын болар, жас отбасы ғой. Бірақ марқұмның дүкенге көзі көгеріп келгенін көрген емеспін. Қашан келсе де, көңілді жүретін.

Тұрар мардымды мәлімет ала алмаған соң, дүкеншімен қоштасып есікке беттеді.

—  Тоқтаңызшы, — деді дүкенші жөткірініп.

—  Тыңдап тұрмын.  

—  Менің ойымша, мұны күйеуіне дұшпан адам жасаған сияқты. 

— Күйеуінің дұшпаны дейсіз бе? Сонда ол кім болуы мүмкін?

— Мен нақты ештеңе білмеймін. Бірақ күйеуі полиция қызметкері ғой, бәлкім біреуді жазалап, сол үшін кегін алды ма деген ойым.

— Ойыңызға рахмет.

Тұрар марқұмның көршілерімен де тілдесті. Бәрінің жауабы бір-біріне ұқсас. «Жақсы адам еді, жолдасы полиция қызметкері, өзі ешқашан ішімдік ішкен емес»… Бірақ ешқайсысы оқиғаны көрмеген.

Тергеу басқармасының шешімімен марқұмның жолдасы Шымбергеннен жауап алды. Басты күдікті жолдасы саналды. Марқұмның сіңлісінің айтуынша, Жазира екеуі ажырасуға бел байлаған екен.

Шымбергеннің еңсесі түсіп, көзі бұлаудай ісіп кетіпті. Сірә жылаған болуы керек.

— Келіншегіңізді неге өлтірдіңіз?

Шымберген мұның жүзіне тіке қарап тұрып: — Кешіріңіз, мен ақымаққа, я болмаса айуанға ұқсаймын ба? — деді.

— Басты күдікті — сізсіз…

— Анасыз төрт баланы өсіру маған оңай емес.

Шымберген көзіне іркілген жасты көрсеткісі келмей, лезде сүртуге тырысты.

—  Сіз жасамады делік, сонда бұл кімнің әрекеті болуы мүмкін?

— Күдіктенетіндей дұшпанымыз жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп келеміз…

— Үйіңізде жиі жанжал болатын көрінеді. Ажырасқалы жүр екенсіздер…

— Жолдасым Жазира мен анам жиі ұрысады. Анамның жасы жетпісте, денсаулығы да мәз емес… Үлкен кісіні сыйлай алмасаң, мен сені қатын қыла алмаймын, ажырасайық дегенмін. Бірақ бұл қорқытқаным еді, ажырасуға балаларымды қимаймын.

— Қол көтереді екенсіз?

— Тергеуші мырза, сараптама қорытындысын жасап қараңыз, мен ешқашан Жазираға қол жұмсаған емеспін. Анасын ұрып, балаларымның жүзіне қалай қараймын. Иә, үйде жиі дау болатын. Жазира мені полиция қызметкері болған соң, түнгі кезекшілікке жиі баратын болған соң «көңілдесің бар» деп жиі ұрыс шығаратын.

— Бәлкім күдіктенгені рас шығар. Әйелдер сезеді…

— Жоқ! Мен Жазираны ешкіммен алмастырғаным жоқ! Өйткені жақсы көрдім.

Тұрар Шымбергеннің жанарынан оның қылмысқа қатысы жоқтығын сезгендей. Бірақ шешім шығаруға әлі ерте…

Тергеуші марқұмға жасалған сараптама қорытысындысын қарап шықты. Қылмыскерлер келіншектің оң қолындағы неке жүзігін саусағымен бірге кесіп алыпты. Пышақ қылмыскердің де қолын тіліп өткен. Мүрдеден бөлек жатқан саусаққа сараптама жасалған кезде қылмыскердің бірінші қан тобы екені белгілі болды. Ал Шымберген екінші қан тобы екен. ДНҚ сараптамасы бойынша әйелді зорлаған белгісіз үш адам екені анықталды. Қылмыс болған жерден марқұмды қазылған жерге дейін сүйреп келген арқанға қан мен үш адамның алақанынан аққан тері жұққаны расталды. Бұл кәнігі қылмыстық топтың әрекеті. Тоғжан мен Жазираны өлтірген үш адам.

Жедел іздестіру тобы әрекетке көшті. Бірақ әккі қылмыскерлердің ізін кесу оңай емесі анық. Бас тергеуші ретінде Тұрар Сүлейменов қылмысқа қатысты Шымбергеннің кінәсіз екенін дәлелдеді. Қылмысты аяғына дейін шешуді қолға алды. Дегенмен басты күдікті ретінде Шымберген бақылауда болады.

***

…Күн артынан күн, апта артынан апта өтіп, уақыт сырғи түсті. Тұрар Сүлейменов отбасынан жырақта жүрген соң көбіне кешкі тамақты жұмысына таяу жердегі дәмханалардан іше салады. Дәмхана тамағы үй тамағындай болмасы анық. Бірақ мұның тамақ пісіруге ебі жоқ, әрі күн сайын дүкеннің түшпарасын жегеннен де жалықты. Бүгін «Әсем» дәмханасына ауқаттануға кірді. Ішінде адам қарасы көп емес екен. Тамаққа тапсырыс берген соң, оң жақ қапталдағы терезеге үңілді. Ертең тағы жаңбыр жауатын сияқты. Көк жүзіне қара бұлт үйіріліп, түнеріп тұр. Кенет өзінен екі үстел төменірек отырған үш жігіттің даурыққан дауыстары еріксіз басын бұрғызды. Үшеуі де біраз қызыңқырап алған. Дәмхананы бастарына көтерді.

— Өзің аласы болғанда тиынына дейін есептеп шығасың деді ұзынтұра арық жігіт.

— «Есепті дос айрылмас деген» деп қарқылдай күлді безеу беттісі.

Ішкен соң, сөз таластырып отырғандар шығар, соңы төбелеске айналмаса болды деп жанарын тағы терезеге бұрған-ды. Ұзынтұраның дүрс еткізіп үстел ұрғаны дәмханадағыларды селк еткізді.

— Өткенде ломбардқа тапсырған неке жүзіктің ақшасын да дұрыс бөлмедің деді кіжініп.

«Неке жүзігі» деген сөз Тұрарды елең еткізді. Оларды дереу жасырын фотоға түсіріп үлгерді. Содан соң ұялы телефонының камерасын іске қосты. Үстелде отырған жуан қара жан-жағына қарап, сыбырлай сөйледі: «Екеуіңе не болған? Тынышталыңдар!» деді. «Ішкен адам тоқтаусыз үретін ит сияқты» дейтін марқұм әжесі. Әлгі екеуінің тәжікелесі өршелене түсті. Безеу бетті жігіт: «Обручальное кольцоны Орталық базардағы «Мерей» ломбардына тапсырдым. Қағазын өздерің көрдіңдер. Сақина беті гауһар таспен көмкерілгендіктен, алтын грамы аз шықты. Мен сендерге мұны айттым емес пе?». «Бұл сөзіңе сенбеймін!» деді ұзынтұра одан бетер күйгелектеніп. «Ендеше келесі жолғы алтынды ломбардқа өзің тапсырасың» деді серігі ашуланып. Тұрар тамағының суып қалғанына қарамастан, үшеудің әңгімесін тыңдай түсті. «Келесі құрбандықтың неке жүзігі болмауы керек» деді жуан қара сыбырлай. «Бізге қыз керек, қыз! Шіркін, құлындай шырқырған жас қыздың даусын естімегелі көп болды өзі». «Мен тапқан сияқтымын» деді ұзынтұра кеңкілдей күліп. «О, кім?» десті екеуі. «Осы дәмханадағы анау даяшы қызға көптен көзім түсіп жүр», — деді ұзынтұра иегімен жас қызды нұсқай. «Қыз екенін қайдан білесің?» деді жуан қара кеңкілдеп. Даяшы жаққа мойын бұрған безеу бетті: «Мынауың шіли жап-жас бала ғой. Обал-ды. Оқушы сияқты» деді.

«Алтын балық қармаққа ілікті». Қуанғаны, қобалжығаны белгісіз Тұрар екі қолын ысқылай берді. Сыртқа шығып, полиция шақырмаққа бел буды. Ұялы телефонын алып, терезеге көзі түсіп кетті. Кішкентай даяшы қыз қаннен-қаперсіз әлгі үшеудің жанында тұр екен. Шамасы есептесіп тұр ма әлде әлгілер тағы тапсырыс деп сылтауратып тұр ма ол жағы белгісіз. Жүрегі аттай тулап, дәмханаға қалай кіріп, қыз жанына қалай жеткенін өзі де байқамай қалды.

— Қарындасым, жақындама бұларға деді.

Әлгі үшеуге керегі де төбелес еді. Олар да өре түрегелді. Даяшылар 102-ге хабарласып үлгеріпті. Полиция дер кезінде келді.

Тұрар өз ісіне сүйсінді. Ол қармағына қылмыскерлердің ілінгенін сезді. Дегенмен қуануға әлі ерте. Ертеңіне Орталық базардағы «Мерей» ломбардына тапсырылған марқұмның неке жүзігін алдырды. Сақинаның беті расында гауһар таспен көмкерілген екен. Уақыт созбай үш күдіктіні кезек-кезек жауапқа тартып, тергеу ісін де бастап кетті. Тұрар безеу бетті жігітті тергеу барысында оның оң қолындағы сұқ саусағына тағылған күміс сақинаға көзі түсті. Дәл сол саусағында жарақаты да бар екен. Пышақ ізіне ұқсайды. Марқұмның саусақ сараптамасы қорытындысы бойынша екі адамның қаны анықталған еді. Бірі марқұмдікі, екіншісі І топтағы қан болып шықты. Тұрар Сүлейменов күдіктінің сақинасын шешкізді.

— Сақинамды не үшін шешуім керек деді көзі жыпылықтап.

— Тексереміз деді ол.

— Менің қылмысқа еш қатысым жоқ, сақинамды қайтпексіз?  

Тұрар сақинаны айналдырып қарады да, ішкі бетінде жабысып қатып қалған қоқымды көрді. Бір қарағанда ұйыған қан тәрізді.

— Сақинаның ішкі бетіне қан ұйып қалыпты. Бұл ненің қаны?

— Кеше түнде мал сойған едім…

— Содан қолыңызды жуған жоқсыз ба?

— Енді дұрыс жуылмаған шығар…

— Сіз кеше түнде дәмханада болдыңыз емес пе?

— Иә, иә, әлгі қалай еді, алдыңкүні сойдым дегенім ғой.

Тұрар Сүлейменов күдіктінің сақинасын да сараптамалық орталыққа жіберу  үшін хаттама толтырды. Ол бұл сақинаның сотта қылмыскерлерді дәлелдей алатын жақсы айғақ болатынын білді. Бұлтартпас дәлел болатынын және жүрегі сезеді. Ұзынтұраның есімі Самат екен. Бұрын мал ұрлады деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылған.  Жуан қара Тұрлыбек те адам өлтіргені үшін жеті жыл  түрмеде отырып шыққан. Безеу бет Серіктің жұмыссыз, ішімдікке үйір екені анықталды.

Тергеуші ертесіне күдіктілердің отбасы мүшелерімен сөйлесті. Тергеу барысында Серіктің бір апта үйінде болмағаны белгілі болды. «Демек қылмыскерлер уысымда сияқты. Бұлар сытылып кетпес үшін әлі де айғақ керек» деді ішінен.

Тергеу бөлмесіне Ұзынтұра кірді. Ол қылмысқа еш қатысы жоғын айтып, азар да безер болды.

—  Осыдан екі ай бұрын орман ішінде Тоғжанмен ішімдік ішіпсіз?

— Мен оны өлтірген жоқпын.

— Өлтірдің демедім, орманға барып арақ іштің ғой деймін. 

— Орманға бардым.

— Сосын ішімдік іштің де мастықпен өлтірдің солай ма?

— Өлтірмедім.

— Ал Жазираны зорлағаның рас қой?

— Мен ғана емес.

— Демек қасыңда адамдар болды?

— Мен ондай адамды танымаймын.

— Жазираның неке жүзігін неге ломбардқа тапсырдың?

— Мен тапсырмадым.

— Ендеше кеше дәмханада ақша үшін неге дау шығардың?

— Біз ломбард деп әңгіме айтқан жоқпыз, қателесіп отырсыз.

Тергеуші ұялы телефонын алып, түсірген видеосын көрсетті.

— Сіз маған пәле жаппаңыз! Бұл жерде мен емеспін. Адвокатым келмей, сізбен сөйлеспеймін деді ашуға булығып.  

Күдікті жуан қара Тұрлыбек кабинетке келгенде тергеуші оның костюмінің түймелері әртүрлі екенін байқады. Екі түймесі екі түрлі әрі қызыл жіппен тігілген.

— Костюміңіздің түймелері неге әртүрлі?

— Түсіп қалған.

— Тоғайда қалды ма?

— Иә, тоғайда түсіп қалыпты… Жо-жоқ, қандай тоғайды айтып тұрсыз?

— Тоғжанмен бірге тоғайға барған кезді айтамын.

— Мен ондай адамды танымаймын.

— Түймені неге қызыл жіппен тіккенсіз?

— Үйден басқа жіп таппадым.

— Костюміңізді маған шешіп беріңіз.

— Шешпеймін! Суық, тоңамын.

— Сараптамалық орталыққа жібереміз. Хаттама толтыруым керек.

— Мен ешкімді өлтірген жоқпын.

Тұрар сараптамалық орталыққа хаттама толтырып отырып, күдіктінің қиналып отырғанын байқады.

— Мен сізді өлтірді демедім.

— Мен тоғайға бардым…

— Иә, қашан және кіммен бардыңыз?

— Жалғыз бардым. Отындыққа ағаш шаптым.

— Ағаш не үшін керек болды? Сіздер үйде от жағасыздар ма?

— Жоқ, от жақпаймыз, ауданда газ ғой…

— Ендеше, неге отынға бардыңыз?

— Жәй, тынығу үшін бардым деп айтқым келген…

Үшеуді қамау изоляторына жіберді. Арада екі апта өткен соң Тұрар облыстағы  сараптамалық орталыққа келді. Бас маман кеңесшісі Шолпанмен сөйлесті.

— Тергеуші мырза, сіздің күмәндануыңыз орынды. Күдіктінің сақинасының ішкі бетіне қан ұйып, қатып қалған. Бұл марқұм Жазираның қан тобымен сәйкес келеді. Ал Жазира мен Тоғжанды сүйреп қинаған екі арқаннан осы үш күдіктінің саусақ іздері анықталды. Сонымен бірге арқанға алақаннан аққан тері сіңген. Ал ДНҚ сараптамасы бойынша екі әйелді зорлаған осы үш күдікті екені көрінеді. Сонымен бірге түймелері әртүрлі костюм иесінің осы оқиғаларға қатысты екені анықталды. Костюмге марқұм екі әйелдің қаны жұғыпты.

Күдіктілердің ісін Бас прокуратураға жолдамас бұрын тергеуші үш күдіктіні қатар отырғызып, мына ортақ сауалды қойды.

— Жазираның төрт айлық баласы хәл үстінде жатыр. Байғұс бала ана сүтінен басқа қосымша тағам ішпейді екен. Баланың не кінәсі бар еді?

Бала туралы сөз қозғағанда Серіктің екі көзі жасқа толды. «Жазираны мен өлтірдім, бауыздаған да мен, бірақ баласы барын білмедім. Содан бері кішкентай баланың шыңғырып жылаған даусы құлағымнан кетер емес. Ұйықтай алмай жүрмін». Еңіреп тұрып осылай деді. Содан соң: «Әйелді өлтірген өзгеше болады. Олардың шыңғырғаны лақ сияқты. Алдымен арақ ішкізіп, зорлап, қызығын көреміз, сосын ізімізді суытамыз деп үгіттеген – мына екеуі» деді. Самат пен Тұрлыбек бастарын салбыратқан күйі жақ ашпады. Күдікті деп танылғандар дереу уақытша ұстау изоляторынан шығарылып, қамауға алынды.

Бір-біріне ұқсайтын екі қылмыстық іс шамамен төрт айдан астам зерттеліп, Прокуратура   сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті бойынша санкция жасағаннан кейін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына тапсырылды. Тергеушінің дәлелдері нық болды. Арқанға жұққан қан мен алақаннан аққан тері, әйелдердің зорланғаны туралы ДНҚ сараптамасы, саусақ іздері, сақинаға қатқан қан, костюм түймелері, ең бастысы күдікті Серіктің істі мойнына алғаны сот отырысында қайта талқыланды. Осылайша дүйім елді тік тұрғызған өте ауыр қос қылмыстық оқиғаның беті ашылды. Кінәлілердің екеуі бұрын сотталған 32 жастағы Самат пен 30 жастағы Тұрлыбекке ауыр және аса ауыр қылмыстары (адам өлтіру, зорлау және адам ұрлағаны) үшін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал кінәсін дер кезінде мойындағаны үшін 27 жастағы Серік 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үлкен қылмыстың беті ашылған соң Тұрар Сүлейменов өз ауданына қайтуға жолға жиналды. Тергеу басқармасының басшысы Рәшид Аймағанбетов, полиция полковнигі Сәрсен Рыспаев тергеушінің тиянақты атқарған ісіне, ұқыптылығына, алғырлығына сүйсініп, алғысын білдірді. Кім біледі, егер Тұрар Сүлейменов болмаса, бұл қылмыс ашылмай қалар ма еді?!

Пойыз желдей жүйткіп, туған жеріне алып келеді. «Енді қандай қылмысты ашу күтіп тұр екен. Бұл мамандықты неге таңдадым?» деп Тұрар тағы ойға батты…

А.БӘЙТІБЕЙҚЫЗЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...