12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қос құрбының қулығы

От ауызды, орақ тілді, өмірге икемді Фариза тез баюды, әдемі киініп, қымбат көлік мініп, кафелер мен мейрамханаларда дәмді тамақтанып, қалаларда қыдырыстап жүруді қиялдайтын. Әлеуметтік желіде де тек жалғанды жалпағынан басып жүрген жандарды көруді жаны қалайтын. Армандап қана қоймай, оны іске асыру жағын да күндіз-түні ойлаумен болатын. «Олардан менің қай жерім кем? Мен де осы өмірдегі бар жақсыға лайықтымын!» деп талайдан бері өзін қайрап жүргенде, іздегенге сұраған дегендей, ойламаған жерден өзі істейтін сұлулық салонына кездейсоқ келіп қалған Ақмаралмен жақын танысып, әңгімелері жараса кетті.

Алғашында тек тұрақты клиент болып жүрген Ақмарал құрбысы бірер аптада тырнақ күтімінің қыр-сырын меңгеріп, сол салонға Фаризаның жанына жұмысқа кіріп алды. Ойлары бір жерден шыққан екі бикеш армандарын жүзеге асырып, тез баюдың айла-тәсілін тапқандай болады. Екеуінің де санасын «басқалар да осындай жолмен тірлік істеп қыруар ақша тауып жатыр ғой, біздің де қолдан келеді!» деген тәтті үміт біріктірді.

«Қаржы пирамидасын құру үшін WhatsApp-тан топ ашып, оған таныстарымызды қосайық, олар өз таныстарын тартсын. Банктен өз шотымызды ашып, соған адамдарды ақша салуға шақырып, салған салымдары 4 күннің ішінде 30 пайыз өсіммен, ал 7 күннің ішінде 50 пайыз өсіммен қайтатыны жөнінде уәде етеміз. Сөйтіп, тез арада байып шыға келеміз, қара да тұр!» – деді Фариза бір күні құрбысына.

Содан кейін құпия қармаққа өзінің тұл жетім 18 жастағы туысын түсіруді көздеп, оны оңай тауып алады. Қамқорлыққа зәру боп өскен қамкөңіл қыздың әдемі сөздермен басын айналдырып, банктен карта ашып, пайдалануға беруді сұрайды. Не керек, ойында түк жоқ аңғал қызды амалдап көндіреді. Осылайша, өзгенің атынан тірлік қылуға мүмкіндік алып, жетім қыздың шотын көрсетіп, әлеуметтік желіден «Қазақ, бай бол!» деп арнайы топ ашады.

Сөйтіп, қос құрбы қулықпен қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру мақсатында адамдарды алдап, олардан ақша жинау арқылы оңай олжа табуға қызу кірісіп кетеді. Айтса айтқандай-ақ, оңай олжаға қызығушылар аз емес екен және олардың қатары да күн сайын арта түседі.

Қос құрбы ашқан есепшотқа 7000 теңге жіберген алғашқы клиент 4 күннен кейін 9100 теңге алғанын өз тобында қуана хабарлап жатты. Мұны естіген басқалар да оның соңынан дүркірей ілесіп ала жөнелді. Оңай олжаға қарық болам дегендердің саны аз күнде 200-ден асып жығылды. Қос құрбы қулықтарын іске асыруға жедел кірісіп, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы төленген сомаларды және ақшасын алғандардың алғыс білдірген пікірлерін жұртшылыққа мақтана жариялап, жарнаманы үдете түсті.

Күннен күнге ақша ағыны тасқындап түсе бастаған соң, қос құрбы өздерінің атқарып жүрген негізгі жұмыс­тарын тастап, ойлап тапқан «жалған бизнестеріне» белсене кірісіп кетті. Кейінгі қатысушылардан түскен ақшаны алдыңғыларына жіберіп, дивидендтерін төлеп, жымысқы ойларын жымын білдірмей жүзеге асырып жүрді. Алайда, орта білімі ғана бар, қаржылық сауаттылықтан жұрдай олар көп ұзамай ақша ағынынан шатаса бастайды. Оның үстіне қолға алған «жаңа жұмыстарына» күнделікті ден қойып, сауатты атқаруға уақыттары да, мүмкіндіктері де болмады. Өйткені, тоқтаусыз түсіп жатқан тасқынды табысқа мас болған жас ханымдардың киім сататын сәнді бутиктерді аралаудан және күнде ән салған шегірткедей әр жаққа секіре көңіл көтеріп, қыдырудан қолдары босамады.

Десек те, қос бикеш қиялдаған тәтті өмір қалай тез басталса, солай тез аяқталды. Салымшыларға үстемеақы тоқтаған кезде топтың белсенді мүшелері наразылықтарын білдірді. Көпшілігі полицияға арызданып, алаяқтарды тауып, жазалауды сұрады. Аз ғана уақыт­тың ішінде шағымданушылардың саны жүзге жуықтайды. Сол кезде қос құрбы картаны бұғаттап, SIM-карталарды жойып, байланыс аясынан тысқары шығып, арнадан жойылып кетеді.

Толассыз арыздарды мұқият зерттеген полицейлер шұғыл түрде іздеу жұмыстарына кірісіп, әлеуметтік желідегі «Қазақ, бай бол!» тобы еш жерде ресми тіркелмегенін және қаражат түсіп тұрған картаның шын егесі 18 жастағы жетім қыз екенін анықтайды. Бірақ бұл уақытта осынау шытырман қылмысты оқиғадан хабары жоқ ол қыз тұрмысқа шығып, елордаға кетіп қалған екен. Ол куә ретінде Шымкентке шақыртылған соң, қыз өзінің аты-жөнін пайдаланып жасалған құйтырқылықтар жөнінде мүлдем білмейтінін айтып берді. Сондай-ақ, оның туысы туралы тағы да біраз былықтардың беті ашылды.

Қос құрбыны бірден қолға түсіру мүмкін болмады. Фариза екі баласын анасына тастап, өзі Ақмаралмен бірге мекенжайын жария етпей, пәтер жалдап, бой тасалаған. Алайда, көптің көз жасы жіберсін бе, көп ұзамай екеуі де қолға түсті. Содан бұл іс сотқа түсіп, екі айда екі жүзге жуық адамды алдап соққан алаяқтар жазадан құтылған жоқ.

Былтыр Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында өткен бірнеше сот отырысы барысында судья А.Орақбаева сотталушы Фариза мен Ақмаралдан оқиғаның мән-жайын суыртпақтап сұрай отырып, олардың алдын ала сөз байласуымен өткен жылғы қаңтар айында қаржылай дағдарыс мәселесін оңтайлы әрі жеңіл шешу мақсатында, Фариза әлгі жетім қыздың номерімен ақпараттық жүйені пайдаланып, WhatsApp әлеуметтік месенджері арқылы «Қазақ, бай бол!» арнайы тобын құрғанын және оған көп адамды қаржылай салым жасауға жинау үшін арнайы маркетинг сөз тіркестерін пайдаланып, пайданың белгілі бір пайызы салымшыларға қайтатыны жөнінде жалған қаржылай еселендіру туралы ақпарат таратқанын анықтайды.

Сонымен бірге, судья істі қарау кезінде екі бикештің «Қазақ, бай бол!» тобына қаржылай салым жасау үшін 200-ден астам адамды қосып, олардан 6 191 300 теңге түсіріп, оны кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке тұлғалардың ақшаларын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан мүлiктiк пайда табу жөнiндегi қызметті ұйымдастырғанын және 68 жәбірленушіге мүліктік шығын келтіргенін сот процесі барысында айқындайды.

Осылайша жоғарыда айтылғанның барлығы жәбірленушілер мен куәлердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы және басты сот талқылауы мен сот процесінде берген жауаптарымен, сараптама қорытындысымен тағы басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.

Сот үкімі бойынша Керимбаева Фариза мен Усенбекова Ақмарал Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚР ҚК) 217-бабы 2-бөлігінің 1), 4) тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларды қаржы ұйымдарында қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып және ол екеуінен жәбірленушілерден жымқырған ақшаны толық көлемде өндіру белгіленді. Аудандық соттың шығарған үкімімен сотталғандар келіспей, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсірді. Қалалық соттың апелляциялық алқасы бұл шағымды мұқият қарап, оны қанағаттандырмай, аудандық соттың үкімін өзгеріссіз, яғни толық күшінде қалдыру жөніндегі сот қаулысын шығарды. Бұған да келіспеген Ф.Керимбаева мен А.Усенбекова Жоғарғы Сотқа кассациялық шағым бергенімен, кассациялық алқа ол шағымды зерделей келе, оны қараусыз қалдырды. Осылай бұл іске нүкте қойылып, лайықты жазаларын алған қос қылмыскер жәбірленушілерден олжалаған ақшаларын, оларға толық көлемде қайтарып берді. Сот шешімі орындалуымен құнды дегеніміз осы шығар! Осыған байланысты менің айтайын дегенім, бұл оқиға жұрттың үстінен оңай олжа табам дейтін қара ниеттілерге ой салса деймін.

Өмірдерек

Осы істі қараған Айнел Қадырәліқызы 2016 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьясы болып тағайындалып, содан бері осы сотта еңбек етіп келеді.

Еңбек жолын 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының жетекші маманы болып бастап, кеңсе меңгерушісі қызметіне дейін өскен. Ол М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың заң факультетінің және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Құқық магистрі ғылыми дәрежесі бар судья Францияда және Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...