12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қызыл көйлек

Құлдық

Жазира кірпігін көтерген кезде бағаналы бері шыңырау түбінен өлімсіреп түскен жарық балауызы түбіне ағып, оқта-текте темір шілтерлі терезенің ар жағынан үп ете қалған леппен бірге жалп етіп сөне жаздап барып, бойын қайта тіктеп алатын жай ғана шырақ жарығы екенін аңғарған. Есін жинап, маңайына көз тоқтатып қарап еді, қаракөлеңке қымтаған заттардың сұлбасы да шығыс жақтан себездеп түскен күн сәулесімен бірте-бірте анық көріне бастаған. Тек қай жерде жатқанын аңғара алмады. Түні бойы тынымсыз жанып, білтесін жеп бара жатқан шырақтың жарығы да жертөле ішіне құйылып түскен нұрға еркін алдырған сияқты. Сәуле жете қоймаған қараңғы түкпірден әлдекім күркілдеп жөтелген. Түрін анық көре алмады. Көк жөтел байғұсты шиқылдатып барып зорға тоқтады.
– Құдай-ай, бүйтіп қинағанша ала салмайсың ба, сонда қу жаным да тыныш табар еді.
Жазира мына дауыс бейтаныс әйелдікі екендігін байқады. Ол енді маңайын түртінектеп, бұған қарай жылжып, алдымен қолымен маңайын қармап, содан кейін мұның маңдайынан сипады.
– Тірі екенсің ғой, байғұс, кешегі ес-түссіз қалпыңа қарап, мен сені әлдеқашан өліп қалған шығар десем, е, тұз-дәмің таусылмапты ғой, – деді.
Жазира – Мен қайдамын, – деп сұрады, бейтаныс жалын ата бір күрсініп алып.
– Е, соры қайнаған, құлдықтасың. Менің осындағы ит тірліктің азабына түскеніме биыл бесінші жыл. Екі балам бар. Байғұстардың не өлі, не тірі екенін білмеймін. Бұл жерден қашып құтыла алмайсың. Тіпті, қай маңайда екенімді өзім де білмеймін. Күзетшілер айтпайды, қит етсең, сойылмен сабап, сілейтіп салады. Таңертеңнен кешке дейін бел шешпей жұмыс істеп, «Сарыағаш» минеральды суын дайын бөтелкелерге құйып, тығындаймыз. Норма күніне мың шөлмек. Орындай алмасаң, тамақтан қағыласың. Далаға шығып, күннің көзін көріп, таза ауамен тыныстаудың өзі бір арман. Жертөледе жұмыс істейміз. Бастығымыз Ахмет деген жігіт. Нағыз қаныпезердің өзі. Ойына келгенін жасайды. Қалаған кезінде шақырып алып, зорлайды да.
Жазира бейтаныстың үнсіз жылап отырғанын байқады. Бірақ, байғұстың жанары суалған ба, жасын сүртпеді.
Жазира өткен оқиғаны еміс-еміс есіне түсіре бастады. Жұмыстан шыққаннан кейін тамағы құрғап шөлдеген соң, жолшыбай кафе-барға соғып, барменге бір стақан суға тапсырыс беріп еді, ол да көп бөгелмей алып келген. Ішкені есінде, әрі қарай көз алды тұманданып кеткен. Бір қарағанында сақалды жігіттің өзіне төне қарап, екі жағын кезек кезек шапалақпен ұрып жатқаны ғана жадында сақталып қалыпты.
Орнынан тұруға әрекеттенген Жазираны тобығына байланып, бір ұшы қабырғадағы ілгек темірге ілінген темір құрсау еркіне жібермеді.
Осылай мең-зең болып отырғанда жертөленің темір есігі шиқылдай ашылып, ар жағынан бетін түк басқан жігіттің қазан басы көрінген. Беліне қыстырған сойылы салаңдаған ол талтаңдай басып келіп, шынжырдың құлпын ашып, шығар есікті нұсқады.
– Бастық шақырып жатыр…
Сыз иісі мүңкіген ұзын дәліздің бойымен жүріп отырып, темір есікке маңдай тіреген. Мұнтаздай бөлменің төрінде аяғын айқастырып қойып, қымбат сигарды будақтатқан бейтаныс алдындағы орындықтың бірін нұсқап, «отырыңыз» дегендей ишара жасады.
– Қайда келгеніңізді білесіз бе?, – деді ол мұның жауабын күтпестен көз алдын көлбеген көк түтінді қолымен сермеп, қуып жатып. Жазира басын шайқады.
– Түсініп қойыңыз, сіз мұнда демалуға келген жоқсыз. Отаныңыз үшін жұмыс істейсіз. Бұл жерде Еңбек туралы заңның күші жүрмейді. Мынау неге бұлай деп прокурор мен сотқа да шағымдана алмайсыз. Ол қызметтердің бәрін жалғыз өзім атқарамын.
– Кешіріңіз, сонда мен қайдамын, – деді Жазира даусы дірілдеп. Қара көзілдірік жүзі сұп-сұр бейтаныстың көзін қанша жерден көлегейлесе де, оның өзіне тесіле қарап отырғанын аңғарып қалды.
– Айттым ғой, сіз мұнда мәжбүрлі түрде жұмыс істеуге келдіңіз деп. Қашамын деп ойламаңыз, ол үшін ауыр жазалар белгіленген. Қулығын асырамын деген небір жанкештілердің денелері қазір құрт-құмырсқаға жем болып, қара жердің қойнында жатыр, – деді терезенің ар жағындағы беткейді көрсетіп.
Жазира қандай пәлеге жолыққанын енді түсінген.

Жасырын цех

Жер асты цехындағы тіршілік те бірқалыпты. Елу шақты қыз-келіншек таңертең қалайы тостаққа құйылған быламық аталаны ішіп, қарулы күзеттің қоршауымен бос қалбырлары тау-тау болып үйілген жұмыс орнына барады. Бір бригада шөлмектерге су толтырса, екіншісі сыртына атауы жазылған қағазды жапсырады. Үшіншілері жүк көлігіне дайын минералды суларды тиейді. Күндегі қайталанатын тірлік осы. Жоспарды орындай алмағандар бір тостақ көжеден қағылады.
Бас еркі жоқ дәрменсіз адам басқа жол тауып шығатын саңылау таппағандықтан, азапты тіршілікке «құдай салды, мен көндім» деп тез көндігеді екен. Іштеріндегі жасы үлкені Әлима. Көрші облыстан қонаққа келіп, табан астынан құлдыққа түскен. Үнемі үш баласы мен күйеуінің жағдайын айтып, мұңаяды.
– Құлындарым-ау, менсіз қайтіп күн көріп жүр екен, кішкентай Естайым қолын көкірегіме қоймай ұйықтамау­шы еді… Есберген мен Есболған ше? Игілік байғұс не істеп жүр? Сол баяғы базарда шиқылдатып арба айдап жүр ме екен? Жүйкесі сыр бере бастаған келіншек көзі ілінгенше өз өзінен күбірлеп, бала-шағасының жағдайын айтып отырады.
Жазира алғаш келген күні түртінектеп маңайын қарманып, маңдайынан сипаған келіншектің есімі Айсұлу екенін білді. Бейшара табан жолын көрмейді. Дертті мына бес жыл бойына күндіз-түні жалпылдап жанып тұратын жалғыз шырақтың жарығынан таптым дейді. Байғұс бір айдан кейін табан жолын мүлде көрмей, жұмысқа да жарамай қалды. Қыз-келіншектер жиналып, бригадирлері Ахметке Айсұлудың жағдайын айтып көріп еді, оның жауабы қысқа болды:
– Оны бастық шешеді.
Он бес күннен кейін күзетшілер топырлап жетіп келген:
– Ал, Айсұлу жолға дайындал, үйіңе қайтасың.
О, тоба, соқыр көзден де жас шығады екен, ол ағыл-тегіл болып жылап отыр еді.
– Шынымен де Санатыма барамын ба, Саматым мен Қанатым да қуанып қалатын болды-ау. Жарықтарым-ай! «Апа, осы уақытқа дейін қайда жүрдіңіз» десе, не деп жауап беремін. О, Жасаған, мұныңа да шүкір!
Бес күндік жалғанның маңдайына жазған азапты сәттерін бірге өткізген қыз-келіншектер мен мына денесінің күш-қуатын сорып алған сыз қабырғаларды қимағандай, табалдырықтың тұсында сәл кідірді.
– Жазира қайдасың, – деді ол соңына емес, мүлдем басқа жаққа қарап. –Тұрмысқа шықпаған екенсің, мына жүзікті әпкеңнің көзіндей көріп жүрерсің, енді тағдыр бізді жолықтыра ма, жоқ па, бірақ, бұл алтын емес жаным, шешемнен қалған күміс, анамның көзі.
Жазира Айсұлудың қолын қысты:
– Айсұлу әпке, пейіліңізге рахмет, Санатыңыз үйленгенде келініңіздің сау­сағына тағарсыз.
Өңі тозып, ажары аза бастаған ке­ліншек бес жылдық ғұмырының аяулы сәттерін ұрлаған тамұқты қимағандай бір сәт табалдырықтың тұсында кідіріп, одан кейін шығып жүре берген. Тұтқындағылар Айсұлудың азапты өмірден құтылғанына қуанған.

Үміт

Бірде белі қайысып, жәшік толы суды көтере алмай жатқан Жазираға күзетшінің бірі көмектескен. Ақ құба өңді, қияқтай мұрты бар жігіт талдырмаш бойжеткенге тесіле қараған.
Мен сізді қалай көрмей жүргенмін, – деді ол таңданысын жасырмай.
– Байқамаған шығарсыз, – деді Жазира.
– Иә, – деді ол қалтасынан темекісін алып тұтатып жатып, – Кім ойлаған, мұндай жерде жұмыс істеймін деп… Абайсызда қарызға кіріп кетіп, «қораларына» қалай түскенімді өзім де білмей қалдым. Сіздер түгілі менің де басқан ізім аңдулы. Егер құдай жолымды оңғарып қашатын болсам, сізді мұнда қалдырмаймын, өзіммен бірге ала кетемін. Тек ойлану керек. Сіз де іштей тас-түйін дайын жүріңіз. Менің атым Ерлан, – деді ол кетіп бара жатып.
Көңілі жүдеп жүрген Жазираны Ерланның мына сөзі кәдімгідей әлдендіріп тастады. Осы жүздесуден кейін ол қыз-келіншектер тұратын жұпыны жертөледен шықпайтын болды.
– Тас жетіммін, – деп бастап еді әңгімесін қатал тіршіліктен көрген азабын мұңданып тұратын жанарына сыйғызған жігіт, – Алты жасымнан нағашымның қолында өстім. Өз бауырынан шықпағаннан кейін бе, әйелі ішкен-жегенімді аңдып отыратын қатал кісі еді, талай рет соққыға да жығылдым. Кейін тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге түсіп, дәнекерлеуші мамандығын алдым. Одан соң күн-көріс қамымен қалаға кеттім. Сөйтіп жүріп мынандай күйге түстім. Жасым отыздан асты. Мен құралпылар әлдеқашан бас құрап, бала-шаға сүйіп отыр. Ал, менің жағдайым мынау. Мектепте оқып жүргенімде ауыл әкімінің қызына ғашық болғаным бар. Жанына жақындай алмай, тек қиялыммен ғана өмір сүрдім. Сенсеңіз, қызыл көйлегі көлбеңдеп жүретін сол қыз үшін ғана өмір сүрген тәріздімін. Әлі күнге дейін солай. Сізді көргенде есіме сол түсті. Осы күні «Қызыл көйлек» деген әнді естісем, өкініштен өзегім өртеніп, қолқа-бауырым үзіліп кете жаздайды.
Жазира мына жігіттің қыз көрсе өтірік сөйлеп, жалған аяныш тудыратын аяр жанның сортынан емес, жат деп жатырқамайтын адалдығына сүйсінді.
Ерлан жаңа жыл қарсаңында тағы да келіп кетті:
– Бүгін қаладан қонақтар келеді. Жұрттың алды жаппай мас болып жатқан кезде, сыртқы есіктің кілтін қолға түсіріп, жасырын жолдармен тас жолға жетіп алсақ, әрі қарай амандық болса, қалаға да жетіп қаламыз.
Алайда, Ерланның алдын ала құрған бұл жоспары сәл басқаша өрбіді. Жаңа жылдың қарсаңында басшылар қыздарға жаңа көйлектер әкеліп кигізді.
– Меймандардың алдында ұятқа қалдырып жүрмеңдер. Қиқаңдасаңдар, айтпады демеңдер, аямаймын, – деп сес көрсетті Ахмет.
Бостандық

Атшаптырым бөлмеге ұзыннан ұзын дастархан жайылып, шырша орнатылыпты, төр жақтан көңілді музыка әуені шалқиды. Кеш бата қозы қарындарын өңгерген қонақтар да ұбап-шұбап келіп жеткен. Олардың көздері үстелді қайыстырған аста-төк ішіп жемде емес, қаздай тізіліп, меймандарға қошемет көрсетіп жүрген қыз-келіншектерде еді. Келе сала алдарындағы асқа жаудай тиіп, жүз грамнан өңештеріне тастап, әп-сәтте бусанып алғандардың арасында кімдер жоқ дейсіз, бәрі бар. Жүрекжарды сөздерін Ахметке арнаған меймандардың алды әп-сәтте тілдерін шайнап, қызып қалды. Үстіне ине жіптен жаңа шыққан костюм шалбар киіп, қылқындыра галстук байлап алған Ахмет қызмет жасап, бәйек болып жүрген жігіттердің бірін жанына ымдап, шақырып алып еді, ол «дайын» дегендей бас шұлғыды. Ахмет тамағын қырнай жөткірініп, сөз алды:
– Игі жақсыларымыздың алтын уақытын бөліп, дастарханымыздан дәм татып отырғанының өзі біз үшін үлкен мәртебе. Аман болыңыздар, мына жаман інілеріңіз сіздерге қызмет көрсете береді. Енді тамақ дайын болғанша, моншаға түсіп, демалыңыздар, – деді ол. Қонақтар жеңілденіп киініп алды. Ахмет қыздарға қарады:
Ал, ағаларыңа қызмет көрсетіңдер. Оны да ол жайбарақат айтты. Жеңіл киініп, ақ жайманы беліне орай салған дөкейлер бір-бір қыз-келіншектен жетектеп, моншаға қарай бет алған. Мына жағдайға түсіне алмай, мең-зең болып тұрған Жазираны бұғағы салбыраған ет жеңді, орақ мұрынды кісі жанына шақырып алды. Ол өзіне үркектей қараған Жазираны білегінен ұстап, моншаға қарай сүйреген. Жалыны бетке ұрған саунаның жатын бөлмелері бос емес екен. Ахмет Ерланды жанына шақырып алды:
– Байекеңе менің демалыс бөлмемді босатып беріңдер.
Аш шенеунік шөлден қаталап келген адамдай бөлмеге кірісімен анасынан жаңа туғандай жалаңаштанып, Жазираны бас салған.
– Ағай, мұныңыз не, қызыңыздай емеспін бе, мен пәкпін, – деп шырқырады Жазира.
– Қойшы, алтыным, осы уақытқа дейін етегің түрілмеген тазамын дейсің бе, көріп жүрміз ғой, одан да ағаңның бір қажеттілігін өте. Өңмеңдеген жуан қарын тамағынан, көзінен сүйіп өліп барады. Енді оның сумаңдаған қолы мықынға қарай жүгірген. Осы сәт ту сыр­тынан тиген тосын соққыдан шенеунік бір қырындап құлай берген. Сойылды сілтеген Ерлан екен.
– Ал, кеттік, – деді ол жанұшырып. Биіктігіне түйе бойламайтын дуалдың қақпасынан шыққан екеу қараңғы түнде қарағайлардың арасымен бет­алды қаша жөнелді. Жолшыбай екі-үш рет шалынысып құлаған Жазираның аяғынан аяқ киімі де түсіп қалды. Сонда да табанын тас сыдырғанына қарамады. Ерлан екеуі құстай ұшып келеді. Әлден соң соңдарынан шаң-шұң дауыстар шығып, түнгі ауаны тілгілеп, бірнеше рет мылтық атылған. Шатқалдан қалаға апаратын тас жолға жақындай бергенде тарс-тұрс атылған оқтар тағы да төбелерінен зуылдап ұшты. Қапталдасып жүгіріп келе жатқан Ерлан шалынысып кеткендей құлаған, бірақ орнынан тұрмады. Жазира оның басын сүйеп еді, қолына жып-жылы бір сұйықтық жағылды. Қан еді, Ерлан тілге келді:
– Қызыл көйлек, маған қарап, аялдама… сені ұмытпаймын, тірі болсам, табамын, – деді.
Аялдауға болмайтын еді. Жазира бейтаныс жігіттің маңдайынан сүйіп, жалаңаяқ тас жолмен төмен қарай зымырады. Қанша жүгіргені белгісіз, демі бітіп, көзі қарауытып кетіп, екпетінен құлаған. Ол тас жолды жағалап жүрген кезекші полицияның өзін көтеріп алып, ауруханаға жеткізгенін де білмеген еді.

Елеусіз МҰРАТ

(Оқиға кейіпкерлерінің тағдырларынан ұқсастық тауып жатсаңыз­дар, оны кездейсоқтық деп қабылдау­ларыңызды өтінеміз)

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...