Бұл арада менің денсаулықтың ақаулығына айналған дертпен күресті тұмшалап тұрғаным жоқ.
Расында, бүгінгі таңда қазіргі заманның дертіне, індетіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің күрделі мәселесі болып отыр. Өйткені сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің, қоғамның дамуына, алға басуына үлкен нұқсан, кедергі келтіретін фактор десек, былайша айтқанда дөңгелекке таяқ тірегендей десек қателеспейміз.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабының 6-тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық бүгінде әлемнің барлық дерлік елдерінде, оның ішінде, өкінішке орай, Қазақстанда да өте жиі кездесетін құбылыс. Осыған байланысты тек елімізде ғана емес, әлемнің барлық дерлік елдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты жүзеге асырылуда, яғни бұл деген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар.
Алайда, статистика көрсеткендей, елімізде сыбайлас жемқорлық азаятын түрі жоқ, керісінше – ұлғаюда десек болады. Оның бірден-бір себебі Қазақстан Республиксының заңдарымен сыбайлас жемқорлық үшін аса қатаң жаза қарастырылмаған деп есептеймін. Егер заңмен елімізде осы қылмыс үшін қатаң жаза қарастырылған болса, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің азаюы, кейбір елдердің практикасын назарға ала отырып, мүмкін болар еді деген тұжырымға келемін. Өйткені заңмен қатаң жаза қарастырылып, бекітілген жағдайда бұл дерттің түбімен жойылуына зор ықпалын тигізер еді деген ойдамын.
Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық барлық салада, мекемелерде де кездесетін құбылыс. Елімізде соңғы жылдары әр саладағы тұлғалардың парамен ұсталу фактілері жиі орын алуда.
Сыбайлас жемқорлыққа жол беру немесе сыбайлас жемқорлық бар жерде болашаққа балту шабу деген сөз. Мысалы, бала-бақшаға тәрбиеші болып, тіпті десеңіз мектепке немесе басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға еден жуушы болып жұмысқа тұрудың өзіне пара беру арқылы болатын жағдайлар да жоқ емес. Мінеки, сыбайлас жемқорлық қандай деңгейде екенін осыдан көруге болады. Бұл әрине өте өкінішті жағдай.
Жалпы, еліміз, жеріміз көркейсін, дамысын десек бірінші кезекте осы дерттен арылуымыз қажет. Сондықтан әрбір азамат, тұлға пара алудан немесе пара беруден бас тартқанда ғана жемқорлықтың алдын алуға болады және сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білемін.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Қаракөз Сәрсенбайқызы Тілемісова.


