Депутаттар 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қою тетігін нақтылауды ұсынды

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою бастамасын іске асырудың нақты тетігін әзірлеу ұсынылды. «Әділет» фракциясының мүшелері бұл мәселені Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Депутат Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, әлеуметтік желілер бүгінде балалардың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, олардың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына тікелей ықпал ететін факторға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін атап өткен болатын. Президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң арқылы шектеу қою бастамасын да қолдаған.

Депутат бұл мәселе сайлаушылармен кездесулер кезінде де жиі көтерілетінін айтты.

Қазақстандағы балалардың басым бөлігінде жеке смартфон бар

Депутаттық сауалда әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың балаларға ықпалына қатысты халықаралық зерттеулердің нәтижелері келтірілген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген HBSC зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға дейін өскен.

Депутаттар мұндай тәуелділіктің ұйқының бұзылуы және психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты екенін атап өтті.

Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық. 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеуге сәйкес, елдегі 9-10 жастағы балалардың 60 пайызының, ал 11-12 жастағы балалардың 66 пайызының әлеуметтік желілерде аккаунты бар.

Сонымен қатар балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Олар TikTok, YouTube және Instagram секілді танымал платформаларды еркін пайдаланады.

Депутаттың пікірінше, бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын көрсеткенімен, ата-ана бақылауының жеткіліктілігіне қатысты мәселе туындатады.

Кибербуллинг көрсеткіші екі еседен астам өскен

Депутаттық сауалда балалар әл-ауқаты индексінің деректері де келтірілді. Оған сәйкес, 10-18 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшырау көрсеткіші бір жыл ішінде айтарлықтай артқан.

Атап айтқанда, әлеуметтік желідегі буллингке ұшыраған балалардың үлесі 2024 жылы 15 пайыз болса, 2025 жылы 33,5 пайызға жеткен.

«Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Оның айтуынша, әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады.

Бұл өз кезегінде баланың зейін қоюына, ақпаратты терең қабылдауына және өздігінен ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.

«Заң қабылдаумен мәселе шешілмейді»

Депутат әлем елдерінің тәжірибесінде де балалардың әлеуметтік желіге кіру жасына қатысты шектеулер енгізіліп жатқанын атап өтті.

Ашық деректерге сүйенсек, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар қаралған. Австралия 16 жасты шек ретінде бекіткен елдердің бірі болды. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және басқа да мемлекеттерде де енгізілген. Көптеген елдер 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр.

Депутаттардың пікірінше, Қазақстан да осы бағытта өз жағдайына сай нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет.

Алайда мәселені тек заң қабылдау арқылы шешу жеткіліксіз.

«Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады?» – деген сұрақтар көтерілді депутаттық сауалда.

Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өткен.

Депутаттар бұл бастаманың негізгі мақсаты балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Үкіметке төрт ұсыныс жолданды

Осыған байланысты «Әділет» фракциясының мүшелері Үкіметтен:

1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды;

2. балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;

3. мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде оқытуды;

4. әлеуметтік желілердің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді сұрады.

Депутаттар депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.

Кассациялық саты — әділдік пен заң үстемдігінің басты кепілі

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан сот-құқықтық реформалар аясында...

Апостиль – сот тәжірибесіндегі халықаралық-құқықтық тетік

Жаһандану дәуірінде мемлекеттер арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер...

Мемлекеттік тіл мәртебесі – тәуелсіздіктің тұғыры

Жаһандану дәуірінде кез келген тәуелсіз мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен...

Аумақтан тыс соттылықтың ерекшеліктері

Қазақстан Республикасының сот жүйесін жаңғырту және оның ашықтығын арттыру...

Бүгін – Әскери-техникалық саясат саласы мамандарының күні

10 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-техникалық саясат саласындағы мамандары...