Демографияны көтеру басты басымдықтың бірі

 ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ХАЛЫҚ САНЫНАН, ЯҒНИ, ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМНЕН БӨЛІП ҚАРАЙ АЛМАЙМЫЗ. СЕБЕБІ, ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ ДЕМОГРАФИЯҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫҢ ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ МӘЛІМЕТІНЕ СӘЙКЕС, БИЫЛҒЫ МАУСЫМ АЙЫНДА ЕЛ ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ 20 МЛН 600 МЫҢ АДАМҒА ЖЕТКЕН. ХАЛЫҚ САНЫНЫҢ КӨПТІГІ ЖАҒЫНАН АЛМАТЫ КӨШ БАСЫНДА, ЕКІНШІ ОРЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, БҰДАН КЕЙІНГІ ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШ АСТАНА ҚАЛАСЫ МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЛЕСІНДЕ.

 Демографиялық саясатты дамытуға «Қа зақстан–2030» стратегиясында айрықша мəн берілген, яғни, онда туу көрсеткішін өсіру ғана көзделмей, сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды нығайту мəселелері, атап айтсақ, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, бала тəрбиесі, олардың білім алуы, т.б. ауқымды шара лар қамтылған. Бүгінде олардың табысты жүзеге асырылып жатқаны баршаға айқын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған «Аңсаған бала» бағдарламасы мыңдаған қазақстандықты ата-ана болу бақытына ие етті. Мысалы, 2021–2025 жылдар аралығында осы бағдарлама шеңберінде 12 мыңдай отбасының бала сүйіп, шаңырағы шаттыққа толғанын ресми мəліметтер растайды.

Бұған қоса соңғы жылдары елімізде бала күтіміне берілетін жəрдемақылар көлемі өсті. Мемлекетімізде жəрдемақы мөлшері бала санына қарай есептеледі. Мəселен, биыл бала туу мен оның күтіміне байланысты мемлекеттік жəрдемақылар көлемі он пайызға индекстеліп, төлем мөлшері бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) айқындалатыны нақтыланды. Осыған орай, бала тууға байланысты біржолғы жəрдемақы қазақстандық азаматтар мен қандастарға, сондай-ақ, шетелдіктерге бала туған, асырап алған немесе қамқоршылыққа алған кезде тағайындалады.

 Биылғы жылы жəрдемақы көлемі бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК, яғни, 164 350, төртінші жəне одан көп балаға – 63 АЕК – 272 475 теңге болып белгіленді. Ал 1,5 жасқа толмағандар күтімі үшін ай сайын бірінші балаға –24 912, екіншіге –29 454, үшіншіге –33 952, төртінші жəне одан кейінгілерге –38 492 теңге беріледі. Бұл жұмыс істемейтіндер, яғни, міндетті əлеуметтік сақтандандыру жүйесіне қатыспайтындар үшін қарастырылған жəрдемақы. Жұмыс істейтіндерге жүктілік пен босануға байланысты əлеуметтік төлем демалыстың барлық күніне, мысалы, төлем мөлшері соңғы бір жылдағы орташа айлық табысы мен еңбекке жарамсыздық күндерінің санына қарай есептеледі.

1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша əлеуметтік төлем бала туған күннен бастап тағайындалып, оның мөлшері соңғы екі жылдағы əлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Егіз немесе одан көп балаға жəрдемақы жеке-жеке тағайындалады. Халықтың саны мен сапасын арттыруға, көп балалы отбасыларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар əлеуметтік саясатты реттейтіндіктен, Əлеуметтік кодекс қабылданды.

Жас отбасыларды қолдау, ана мен бала денсау лығын қорғау, медицинаны дамыту мен халықтың табысын арттыру, т.б. мəселелерге айрықша назар аудару арқылы мемлекетіміз демографиялық өсімге, соның негізінде сапалы ұлт қалыптастыруға жағдай жасап отыр.

 Демографиялық саясат халықтың өсу қарқыны мен көші-қон саясаты арқылы реттелетінін ескерсек, бұл мəселеде көші-қон жайын айтпай кету мүмкін емес. Өйткені, табиғи өсіммен бірге сыртқы көші-қон, оның ішінде қандастардың елге келуі халық санына тікелей əсер етеді. 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасында аталған қос мəселенің маңызы жан-жақты айқындалған. Осы тұжырымдамаға сəйкес, көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершілігі мигранттар мен жұмыс берушілерге бірдей күшейтілді. Мысалы, шетел азаматтарымен қоса этностық қазақтар да алдын ала іріктеуден өтеді.

Жыл басындағы көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстанға келгендер саны кеткендерге қарағанда едəуір көбейген. Бұған инвесторлар үшін жеңілдетілген визалық режимнің əсері бар. Бұған қоса жаңа виза түрлері енгізіліп, шетел азаматтарын елге кіргізудің жеңілдетілген тетіктері көзделген. Ал өңірлік квоталарға тоқталсақ, жалпы алғанда қандастар үшін 2026 жылы 2281 квота бөлінсе, соның 977-сі Павлодар, 285-і Ақмола, 264-і Абай, 200-і Шығыс Қазақстан, 200-і Солтүстік Қазақстан, 200-і Қостанай, 125-і Атырау, 30-ы Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Ал қоныс аударушылар үшін алты мыңға жуық квота бөлінген. Соның негізінде ең көп адам Солтүстік Қазақстан облысына көшкен.

Қандастар мен басқа қоныс аударушылардың өңірлік квотасына енгізілгендер мемлекеттік қолдау шарасына ие болады. ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің мəліметінше, көшу субсидиясына сəйкес, отбасының əр мүшесіне біржолғы төлем 70 АЕК-тен беріледі. Ал бір жыл ішінде бір отбасына 15 пен 30 АЕК аралығында баспана жалға алу жəне коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын жабуға субсидия қарастырылған. Осы секілді қолдаулар қандастарымыздың тарихи отанына оралып, ел демографиясының өсіміне ықпал етері анық.

 Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ

Еңбек құқығы Конституциямен қорғалған

Еңбек адамын қадірлеу әділ қоғам құрудың басты шарттарының бірі...

Мемлекеттік тіл – құқықтық мәдениеттің кепілі

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл....

РЕСМИ ОРТАДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ АРТУЫ ТИІС

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі қоғамдағы өзекті тақырыптардың...

Судьяны судья оқытады: Сот төрелігі академиясының он жылдық даму жолы

2026 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот...