Көлік құралдарын міндетті сақтандыру полистерін (АҚЖС) делдалдар арқылы сатып алу жағдайы әлі азаймай тұр. Сақтандырушылардың айтуынша, мұндай схемалар сақтандыру компанияларына тұтынушылармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Делдалдардың бұл әрекеттері алаяқтыққа қатысты қауіп-қатерлерді азайтуға кедергі болуда.
Осыған қарамастан кейбір сақтандыру агенттері қайта маманданып, қызмет түрлерін өзгертті. Олар сақтандыру полистерін өздерінше сатуда. Яғни көлік иелерін сайт арқылы полистерді сатып алу қиын және сенімсіз екеніне сендіріп, делдал арқылы сатып алуға көндіреді. Сатып алушыны сендіргеннен кейін сақтандыру компаниясының сайтына немесе мобильді қосымшасына кіріп, клиент пен оның көлігі туралы мәліметтерді енгізіп, сақтандыруды рәсімдейді. Сақтандыру компаниясы үшін заңды тұрғыда делдал сатып алушы ретінде танылады да, оған кэшбэк төленеді. Осылайша агенттер өз клиенттерінен де, сақтандыру компанияларынан да табыс алады.
Мұндай схемада бірқатар тәуекел бар. Сақтандыру компаниялары барлық жағдайда тек сақтандыру полисі кімге рәсімделсе, сонымен ғана байланыста болуға құқылы. Егер клиент полисті тікелей емес, делдал арқылы сатып алса, онда көлік иесі полиске жаңа адамдарды қоса алмайды немесе ондағы көлікті өзгерте алмайды. Келісімшартты делдалдың қатысуынсыз қайта рәсімдеу де мүмкін болмай қалады. Делдал қажет болған жағдайда таба алмай қалатын жағдайлар өте көп. Олар демалыста жүрген, байланыс аясынан тыс жерде болған немесе жай ғана телефон тұтқасын көтермеген. Мұның бәрі көлік иесі үшін айтарлықтай қиындық туғызады.
«Сақтандырушы мен көлік иелері үшін тікелей сақтандыру компаниясының сайты арқылы мәмілені онлайн түрде рәсімдеу жеңілдеді. Бұл – агент арқылы полис алудан жылдамырақ және арзанырақ болады, өйткені агенттік комиссия төлеудің қажеті жоқ. Біз барлық көлік иелеріне сақтандыру шарттарын тек сақтандыру компанияларымен тікелей жасасуды қатаң түрде ұсынамыз. Бұл – делдал қызметіне жүгінуден арзанырақ, қауіпсіз әрі сенімді. Егер сіз алғаш рет полисті онлайн түрде сатып алып жатсаңыз және көмек қажет болса, сақтандыру компаниясының қолдау қызметі сізге WhatsApp арқылы, телефон арқылы немесе ресми сайт арқылы кеңес бере алады. Сондай-ақ сақтандыру компаниясының кеңсесіне келіп, мамандардың көмегіне жүгіне аласыз – мұның бәрі тегін. Ақшаны делдалдарға – сақтандыру агенттеріне беру – бұл тәуекел, әрі ешқандай мағынасы жоқ», – дейді Freedom Insurance» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
Оның айтуынша, барлық сатып алушының сақтандыру шартына қол қойған сәттен бастап 14 күн ішінде оны бұзу және төленген қаражатты қайтарып алу құқығы бар. Алайда адал емес делдалдар осы мүмкіндікті өз пайдасына пайдаланып кетуі мүмкін. Олар қаражатты өз картасына қайтарып алады да, полисті сатып алған көлік иесі сақтандырусыз жүргенін тек жол полициясы тоқтатқанда ғана біледі. Бұл жағдайда көлік иесіне айыппұл салынып қана қоймай, егер жол-көлік оқиғасы болса, сақтандыру төлемін де алмайды, өйткені делдал оның келісімінсіз шартты бұзған.
Е.КЕБЕКБАЙ,
“Заң газеті”