Тәуелсіздіктің отыз жылында сот жүйесінде жаңа реформалар үздіксіз жалғасты. Заман талабына сай заңдар жетілдіріліп, толықтырылды. Бүгінгі күні сот жүйесінің алдында азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейту мәселесі тұр. Себебі, ел ішінде дау көп, дауды шешеміз деп сотқа жүгінген азаматтар да жеткілікті. Бұл ретте халық арасында туындайтын дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, одан тыс реттеу мәселесі аса маңызды.
Осы мақсатта, өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданған болатын. Аталған жаңашылдықпен жаңа жылдан бастап жұмыс істеуді бастап та кеттік. Оның негізінде төмендегі 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар: Азаматтық процестік кодекс; Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс; «Медиация туралы» заң; «Атқарушылық iс жүргiзу жəне сот орындаушыларының мəртебесi туралы» заң; «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқару туралы» заң және «Нотариат туралы» заң.
Заңдағы негізгі өзгерістер
Жалпы, заңды екі негізгі бөлімге бөлуге болады. Бірінші бөлім – дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеуді дамытуға, екінші бөлім – азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бірінші бөлім бойынша тоқталсақ, елімізде медиаторлар кәсіби және қоғамдық негізде жұмыс істейді. Тәжірибеге сәйкес, ірі қалалар кәсіби медиацияның орталығына айналуда, ал ауылдарда қоғамдық медиация дамуда. Негізінен кәсіби медиация онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар – бұзақылық, ұрлық, алаяқтық, озбырлық, жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда болған жағдайларда қолданылады. Айыпталушы мен жәбірленуші арасындағы екі тарапты да қанағаттандыратын медиативтік келісім азаматты әрі қарай құқық қорғау органдарына беруді тоқтатуға негіз. Осыған сәйкес заңдағы негізгі өзгерістер:
- Заң уәкілетті органның құзыретін айқындады. Үкіметтің қаулысына сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиация саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Министрлік тарапынан нақты ұйымдастыру шаралары қажет.
- Медиаторлар ұйымдарының негізгі функциялары айқындалып, медиатордың құқықтары мен міндеттері нақтыланды.
- Медиация тәртібі мен тәсілдері кеңейтілді. Енді, онлайн-медиативтік келісім жүргізуге болады.
- Сот актісін орындау сатысында және әкімшілік сот ісін жүргізу барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері айқындалды.
- Жария-құқықтық даулар бойынша Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес медиативтік келісім жасау мүмкіндігі көзделген.
- Заңға сәйкес енді алимент төлеу туралы келісімді – медиаторлар, адвокаттар, заң кеңесшілері толтыра алады. Бұған дейін тек нотариус жүзеге асырып келді.
- Аудан әкімдері қоғамдық медиаторлардың тізілімін жүргізеді, олар жергілікті жерлерде осы институттың потенциалын толыққанды қолдануы қажет.
«Үлгілі сот шешімі»
Екінші бөлім – азаматтық іс жүргізу заңнамасы бойынша. Біріншіден, «Үлгілі сот шешімі» институты енгізіледі. Жоғары тұрған сотқа тараптардың келісімімен көптеген ұқсас және біртектес істердің бірін талап ету, қабылдау, бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша қарау және ол бойынша үлгі болатын шешім шығару құқығы беріледі. Егер сот іс бойынша жағдайды басқаша деп санаса, басқа шешім қабылдайды. Үлгілі шешім тараптардың келісімімен ғана мүмкін болады. Бұл норма, әлемдік тәжірибеде – сот практикасының біркелкілігін орнатуға мүмкіндік береді. Ендігі жерде екі тараптың келісімімен экстерриториялық соттылықты таңдау құқығын береді.
Ақпараттық жүйе істі бір соттың ішінде емес, мамандандыруды ескере отырып, автоматты түрде елдің сол уақытқа жүктемесі аз кез келген сотына қарауға жібереді, норма сыбайлас жемқорлық элементтерін де азайтады деп санаймыз.
Өзгерістердің бірі – биылдан бастап Азаматтық процестік кодекстегі талап қою. Талап қою арызы деген ұғым бір ұғымға, бір сөзге – талап қою деп айшықталады. Талап қоюшы, жауапкер, сонымен қатар бұйрық өндірісі бойынша өндіріп алушы мен борышкер деген ұғым болатын, ал қазіргі таңда тек талап қоюшы мен жауапкер ұғымы ғана қалдырылды. Бұл да дұрыс шығар, себебі борышкер деп тұлғаның алдын ала статусын анықтаған негізсіз, мүмкін бұйрық шығарудан бас тартылатын шығар.
Сотқа дейінгі хаттама
Азаматтық процестік кодекске сотқа дейінгі хаттама деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл туралы толығырақ тоқталып кеткім келеді. Сотқа дейінгі хаттама еркін нысанда толтырылады. Хаттамада тараптар дерегі және даудың мәні қамтылады. Содан кейін талап қоюшы жауапкерге ашатын және ұсынатын дәлелдемелер туралы бағанды толтырады. Өз кезегінде жауапкер де өзінің дәлелдері туралы бағанды толтырады. Тараптар дауды шешудің өзіндік нұсқасын ұсынады. Қалғаны медиатор, адвокат, татуластырушы судьяның жұмысы.
Алдағы уақытта хаттама күнделікті жинақталған тәжірибелер негізінде толықтырылуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, сотқа дейінгі хаттамамен татуласу үшін ешқандай айыппұлдар мен әкімшілік жазалар қажет емес. Барлығы Азаматтық процестік кодекстің 73, 150, 174-бабтарында анық жазылған. Бұдан былай тараптар өз құқықтарымен танысып, сотсыз да әрі қарай келісім жасау үшін адвокатқа не медиаторға жүгіне алады. Талап қоюшы талап қою арыздарын қайтару туралы өтінішпен тек сотқа жүгіне алады.
Рухани жеңіс – нағыз жеңіс
Қазір дауласып, уақыт пен қаражат жоғалтатын заман емес. Өз құқығыңды қорғау үшін заң мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білу керек. Бұл өзгерістер елдегі көптеген маңызды мәселелерді оңтайлы шешіп, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге жол ашады. Қазақ қоғамындағы сот процесінің басты мақсатының өзі бітімге келу, бітімгершілік болатын, яғни дауласушы немесе араздасушы тараптарды жұрт алдында бітімге келтіру. Бұл қазақ қоғамының өмірлік құқықтық қағидасы болды десек қателеспейміз. Өйткені, қазақ халқы үшін сотта жеңіп немесе жеңіліп шығу емес, рухани жеңілдеп шығу қол жеткізілген әлдеқайда биік жеңіс деп танылған. Сондықтан бабалардан қалған бітімге келу мұрасының қазіргі таңда әлемдік үлгіге айналғаны біздер үшін мақтаныш. Енді сол сара жолды жаңғырттық, ал ары қарай дала заңы мен қала заңының арасындағы үйлесімділікті таба біліп, жүзеге асыру біздің парызымыз.
Гүлажар Бақытжанова,
Маңғыстау облыстық сотының
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы