Ертеде қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дауды болмасын сабырлылықпен, көпшіліктің қатысуымен, ақсақалдардың, билердің билік құруымен шешіп отырған. Бітімге, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселелердің күрмеуі шешіліп отырған. Билер арқылы азаматтар арасындағы дау-дамай, жанжал ғана емес, елдік, рулық мәні бар мәселелер де өз шешімін тауып отырған.
Бұл тәжірибе еліміздің құқықтық кеңістігінде өз жалғасын табуда.
Әсіресе, елімізде әкімшілік әділет өз жұмысын бастаған 2021 жылдың 1- шілдесінен бастап, Әкімшілік рәсімдік — процестік кодексімен бірге (бұдан әрі — ӘРПК) Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының(бұдан әрі — Заң) 1- бабының 3- тармағы да қолданысқа енген болатын.
Атап айтқанда, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын жария-құқықтық дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылатын болды. Бұл ретте, ӘРПК-нің 120, 121- баптарының талаптарына сай әкімшілік сот ісін жүргізуде сот (судья) процестің бүкіл сатысында тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға жария-құқықтық дауды реттеуге жәрдемдеседі.
Себебі, әкімшілік сот ісін жүргізудің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Осы татуласу шараларының бірі – дауды медиация тәртібімен реттеу рәсіміне тоқталайық.
Сотта медиация жүргізу тәртібі ӘРПК-нің 121- бабымен белгіленген.
Медиация дегеніміз — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиация рәсімі қалай жүргізіледі?
Әдетте, бірінші сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік іс медиация туралы келісімді бекітетін басқа судьяға беріледі. Алайда, тараптардың өтінішхаты (жазбаша келісімі) болған жағдайда, медиацияны әкімшілік іс өзінің іс жүргізуіндегі судья жүргізе алады.
Апелляциялық сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік іс соттың алқалы құрамының судьяларының біріне беріледі.
Ал, кассациялық сатыдағы сотта дауды (жанжалды) медиативті келісім жасасу арқылы реттеу туралы өтінішхатпен бір мезгілде тараптар аталған келісімді ұсынуға тиіс.
Талапқа сай, медиация жүргізетін судья медиация жүргізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды.
Егер басқа адамдардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, сот оларды медиацияға шақыруға құқылы.
Медиация рәсімін жүргізуде назарға алынатын міндетті шарттар:
1. Жауапкердің (әкімшілік орган, лауазым иесі) әкімшілік қалауы болған кезде ғана тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеуіне жол беріледі. Мысалы, әкімшілік органның өз әкімшілік актісінің күшін жою, қолайлы әкімшілік акт қабылдау құзыретінің болуы.
2. Келісім тараптардың еркі негізінде түрде, жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе тиісті өкілеттігі бар олардың өкілдері қол қояды. Егер тараптардың біреуі дауды медиация рәсімін жүргізу арқылы реттеуге қарсы болса, сот мәжбүрлеп жүргізе алмайды.
3. Медиация рәсімі тәртібімен реттеу туралы келісім мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келу керек.
Бұл дегеніміз, келісім шарттарының мәжбүрлеп орындау тетіктерін қолдану, яғни атқару парағын орындауға ұсыну арқылы орындалу мүмкіндіктерін ескеру.
4. Келісім тараптарды татуластыратын шарттарды, сондай-ақ сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтиды.
5. Келісім, оның шарттары заңға қайшы келмейтін, басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтын болу керек.
Сот медиация туралы келісімді бекіту мәселесін сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды, іске қатысушылардың пікірлерін тыңдайды. Одан әрі, келісімді бекіту туралы тараптардың өтініші бойынша шешім қабылдау үшін сот залынан шығып, келісімнің мазмұны мен шарттарын зерделей отырып, жоғарыда аталған мән-жайларға баға береді.
Нәтижесінде, келісімді бекіту не одан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарады.
Егер, келісім бекітілген жағдайда, сот ұйғарымымен талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы көрсетіледі.
Әкімшілік сот тәжірибесінде жария-құқықтық дауларды татуласу немесе медиация рәсімдерін жүргізу арқылы шешу мүмкіндіктері мейлінше кеңінен қолданылып келеді.
Ағымдағы 2025 жылдың 11 айында Шымкент қаласының әкімшілік сот өндірісіне түскен барлығы 1803 әкімшілік істің аяталғаны 1584, оның 148- і бойынша татуластыру/медиация келісімдерін жасасу арқылы аяқталған.
Олардың ішінде Шымкент қаласының полиция департаментімен тұрғын үй төлемдері жөніндегі дау бойынша, жеке сот орындаушылармен аяқталған істерді ерекше атап өтер едім.
Бұл дегеніміз, жария-құқықтық дауларды татуласу немесе медиация рәсімдерін жүргізу жолымен шешу азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудегі оң нәтижелердің айғағы. Осылайша, мемлекеттік, әкімшілік органдармен жария құқықтық дауларды өзара медиация туралы келісім жасасу арқылы шешудің тиімді екенін насихаттаймыз және оның мүмкін жолдарын барынша қарастыруды ұсынамыз.
Шымкент қаласының МАӘС судьясы Т.Үмбетова


