Қазақ халқы ежелден «Дау мұраты – бітім» деп, кез келген даудың түпкі мақсаты жанжалды ушықтыру емес, екі тарапты мәмілеге келтіру екенін терең түсінген. Бітімге келу – тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, дауды бейбіт жолмен шешудің тиімді тәсілдерінің бірі.
Қазіргі таңда сот жүйесінде дауларды тек сот шешімі арқылы ғана емес, тараптардың өзара келісімге келуі арқылы реттеуге де ерекше мән берілуде. Бұл бағыт әкімшілік сот ісін жүргізуде де маңызды орын алады.
Әкімшілік соттар азаматтар мен заңды тұлғалардың әкімшілік органдармен арадағы жария-құқықтық дауларын қарайды. Мұндай даулардың өзіндік ерекшелігі бар. Бір тарапта азамат немесе заңды тұлға болса, екінші тарапта жария билік өкілеттіктерін жүзеге асыратын әкімшілік орган болады. Сондықтан дауды шешу барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен қатар, мемлекеттік басқару саласындағы заңдылықтың сақталуы да маңызды.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаты – бұзылған немесе дау айтылатын құқықтар мен заңды мүдделерді тиімді қорғау және қалпына келтіру. Осы мақсатқа қол жеткізуде дауды бейбіт жолмен реттеудің де маңызы зор.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде тараптарға әкімшілік процестің барлық сатыларында сот шешім шығарғанға дейін дауды татуласу немесе медиация тәртібімен реттеуге мүмкіндік берілген. Бұл рәсімдер тараптардың өзара келісімге келуіне және дауды сот шешімін күтпей аяқтауына жағдай жасайды.
Татуласудың артықшылығы – тараптардың өзара тиімді шешімге ерікті түрде келуі. Бұл ретте жасалған келісім заң талаптарына сәйкес болуы және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы тиіс. Сот тараптардың келісімін формалды түрде ғана бекітпей, оның заңдылығына және орындалу мүмкіндігіне баға береді.
Медиация да дауды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктерінің бірі болып табылады. Оның мақсаты – тараптардың өзара түсіністікке келуіне жағдай жасау және дауды өзара келісім арқылы аяқтау.
Әкімшілік процесте медиация тараптардың ерікті келісімі негізінде жүргізіледі. Медиация барысында тараптарға өзара тиімді шешімге келуге мүмкіндік беріледі. Сот тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып, дауды бейбіт жолмен реттеуге жағдай жасайды.
Соттың міндеті – тараптарды қандай да бір шешімге мәжбүрлеу емес, оларға дауды бейбіт жолмен реттеудің мүмкіндіктерін түсіндіру және заң шеңберінде келісімге келуге жағдай жасау. Бұл ретте сот татуласу келісімінің заң талаптарына сәйкестігін және оның басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсерін бағалайды.
Сот тәжірибесінде тараптардың келісімге келуі олардың уақытын да, қаражатын да үнемдеуге мүмкіндік береді. Дау бейбіт жолмен шешілген жағдайда сот талқылауының ұзаққа созылуына жол берілмейді. Сонымен қатар, дау шешілгеннен кейін тараптар арасындағы қарым-қатынастың одан әрі шиеленісуіне жол бермеуге мүмкіндік туады.
Алайда татуласу кез келген жағдайда мүмкін бола бермейді. Келісім заңға қайшы келмеуі және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы тиіс. Сондықтан татуласу рәсімі заңдылық қағидатына негізделуі қажет.
Татуласу – тараптардың бірінің екіншісіне жай ғана жол беруі емес. Бұл – екі тараптың да құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып, заң талаптарына сәйкес ортақ шешімге келуі.
Сондықтан азаматтар мен әкімшілік органдар әкімшілік сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде тек сот шешімімен аяқтауға ұмтылмай, заңда көзделген татуластыру рәсімдерінің мүмкіндіктерін де қарастырғаны жөн.
Бітім – даудың соңы ғана емес, өзара түсіністіктің бастауы. Дауды бейбіт жолмен шешу тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал етеді.
Ал сот төрелігінің мақсаты – дауды шешумен ғана шектелмей, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайту.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы М.А.Муздыбаева


