12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Данияр Қырықбаев: «Азаматтарға аналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның  Алматы қаласы бойынша филиалының директоры «Халыққа қызмет көрсету орталықтары жемқорлыққа жол бермейді»

Елбасы 2005 жылы  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «жалғыз терезе» қағидасы бой­ынша тұрғындарға қызмет көрсетуді  Астана  және  Алматы  қалаларына тәжірибе  ретінде енгізуді тапсырған  болатын. Соның негізінде  қос  қалада   халыққа  қызмет  көрсету  орталық­тары  құрылып, іске  кіріскені баршаға мәлім. Және бұл қызмет қысқа мерзім ішінде өз тиімділігін дәлелдеді. Себебі, бұл қызмет төрешілдік пен әкімшілік кедергілерді жою мақсатын көздеді. Соған орай, ҚР Үкіметінің кеңейтілген отыры­сында Ұлт көшбасшысы облыс әкімде­ріне аталған қызметті әр өңірде құрып, дамытуға тап­сырма берді. Осылайша халыққа  қызмет  көрсету ор­талықтарын құру облыс­тарда белсенді түрде қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асты.

Бұл Қазақстан сынды жас мемлекет үшін үлкен жетістік деуге болады. Өйткені, тарихы «жалғыз терезеден» басталған орталықтар бүгінде қанатын қарқынды жылдамдықпен кеңге жайды. Халыққа тиімді, бастысы сапалы қызмет көрсетудің көшбасшысына айналды.

Алматы еліміздің ең ірі мегополисі болғандықтан, кезінде мұндай игі жобаның екі миллионнан аса халқы бар дәл осы қалада тәжірибеден өтуі  де заңдылық. Мұны айтып отырғанымыз, осы уақыт аралығында орталық құрлымы біраз өзгерістен өтті. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтары «Азаматтарға аналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіріп, заман талабына сай дамуда.

Осы тұста тоқталарлығы, Тұңғыш Президент 2015 жылдың 19 қарашасында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» аясында, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру туралы» Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Соның нәтижесінде Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды.

Алғашқы қадамы Алматыдан басталған орталықтың бүгінгі жетістігі мен дамуы хақында «Азаматтарға аналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаевпен сұхбатасудың сәті түскен еді.

Данияр Қырықбаев: «Азаматтарға аналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның  Алматы қаласы бойынша филиалының директоры

«Халыққа қызмет көрсету орталықтары жемқорлыққа жол бермейді»

– Данияр Батанұлы, әңгімемізді өзіңіз жетекшілік етіп отырған мекеме жұмысынан бастасақ. Орталықтардың қызмет көрсету ауқымы, құзыреті ғарыштық жылдамдықпен кеңейіп жатқаны соншалық, тіпті, қазіргі күні қарапайым жұртшылық Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қандай қызмет түрін алуға болатынынан да жаңылысуда. Осы себепті, соңғы өзгерістерден қысқаша мағлұмат беріп өтсеңіз?

 Жұмысын бастаған небәрі төрт жыл ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бес мемлекеттік кәсіпорынды біріктірді. Мұндай жаңалықтармен жұртшылықты ұдайы хабардар етіп отырудың еш артықтығы жоқ. Өйткені, бүгінгідей ақпараттық технолгия дамыған заманда қоғамымызда болып жатқан өзгерістер легі де күннен-күнге артуда. Бүгінде корпорация Халыққа қызмет көрсету, Жер кадастры ғылыми-өндірістік, Жылжымайтын мүлік, Тіркеу және Мемлекеттік зейнетақы төлеу салаларындағы қызметті жүзеге асырады. Яғни, ХҚКО мемлекеттік органдар мен халық арасындағы провайдер іспетті. Алдағы уақытта осы бес тармақты тағы да басқа қызметтермен толықтыру жоспары да бар. Себебі, қоғам дамуына сай, неше түрлі жаңа дүниелер шығуда. Соған орай, елге қолжетімді және тиімді оңтайландырылған қызмет көрсету мақсаты көзделуде.

Провайдер деп отырғаным, қазіргі күні адамның бүкіл өмірі халыққа қызмет көрсету орталығымен тікелей байланысты, яғни, туу туралы куәліктен бастап, қайтыс болғанға дейінгі құжаттардың бәрін осы мекемеден алады. Кез келген адам жер ала ма, үйін заңдастыра ма, тіркеуге қоя ма, некеге тұру, зейнетақыға қатысты құжат, т.б. бәрі үшін осы орталықтың қызметіне жүгінеді.  Мысалы, бұдан  он жыл бұрын құжаттар алу қандай қиын еді, бір жүргізуші куәлігін алу үшін бірнеше мекемеге барып, қанша уақыт жоғалтатын едік. Сол тұстары, тіпті, жүргізу куәлігін алудың машақаты – көлік алу қиындығымен бірдей болатын. Қазір олай емес, азаматтар көлік жүргізу куәлігін мамандандырылған авто ХҚО-лар арқылы 15 минутта ала алады. Азаматтарға тиімді ме, тиімді. Бұл жетістікке тоқмейілсіп отырмай, енді ел тұрғындарының құжаттарға қатысты шаруаларын орталыққа келмей-ақ бітіру жолдары қолға алынуда.  Яғни, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында сандық жүйеге көшудеміз.

Осы тұста айта кетерлігі, Мемкорпорация «Сапалы нәтижеге – саналы қызмет көрсету» бағытымен сапа менеджменті стандарттарына сәйкес, мемлекеттік қызметтерді халықаралық сертификаттаудан өтті. Осының негізінде «Қалтадағы ХҚО» қызметі өмірге енді. Қызметті цифрландыру арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметтерге жедел қол жеткізуі  қамтамасыз етілуде.

–  «Қалтадағы ХҚО» қызметінің игілігін біраз жұртшылық көруде, дегенімен де, осы жаңашылдықтың басты тиімділігі неде?

– Ең бастысы, мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға көмектеседі. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Асқар Қуанышұлының талабы да осы, яғни, ХҚКО-на бір келген адам екінші рет келмеуі керек. Азаматтардың үйде немесе жұмысында, тағы басқа жерлерде жүріп-ақ қажетті анықтамаларын телефон арқылы алуын қамтамасыз ету. Бұл өте дұрыс бастама, себебі, қазіргі күні орталықтарда адам көп. Ал, «Қалтадағы ХҚО-да» азаматтарды әуре-сарсаңға салмау жағы қарастырылған. Бүгінде Электронды үкімет порталының ұялы телефонға арналған egov mobile қосымшасында 28 қызмет қолжетімді. Кейбір анықтамаларды небәрі 1 минутта алуға болады.

Бұл қызметтің тағы бір маңызды тұсы жемқорлық немесе парақорлыққа жол берілмейді. Адам-адаммен кездескеннен кейін кезекке тұрмау, тағы басқа әрекеттер үшін ымыраға келу жағы басым болатыны жасырын емес. Ал, мобильді телефон көмегін пайдаланса, ешкімді-ешкім көрмейді. Әлемдік дертке айналған жемқорлыққа да жол берілмейді. Оның үстіне азаматтардың өзі қаншама уақытын, жол шығынын үнемдейді, басты тиімділігі де осында. Біздің әрбір қызметіміз халықтың мүддесіне сай, оларға ыңғайлы болу мақсатында жасалуда.  Сондықтан, ел азаматтары осы мүмкіндікті пайдалануға барынша мән берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Еліміздің  цифрлану деңгейі азаматтарда мобильдік қосымшалардың бар-жоғына немесе тағы басқаға емес, олардың осы тұрғыдағы сауаттылықтарына да тікелей байланысты шығар.

– Әрине, қазіргі күні барлық адамда қалта телефоны бар, интернет қосылған, тек, оны меңгере білу керек. Ол үшін, цифрландыру тұрғысында сауатты арттырудың маңызы зор. Бұған бірінші кезекте азаматтардың өздері мүдделілік танытуы қажет, сонда ғана қызметті пайдалану көкжиегі кеңейеді. Олай дейтінім, біздің халқымыз үшін сапа, жайлылық және қызметті барынша оңайлату Мемлекеттік корпорацияны дамытудағы басты басымдықтардың бірі. Ал, қалта телефонының мүмкіндігін пайдалану әр адамның өз білім-білік деңгейіне қатысты. азаматтар қызметтерді алған сайын деректерді енгізудің қажеті жоқ, деректер egov порталындағы жеке кабинеттен автоматты түрде толтырылады.

Енді осы қызметке нақтырақ тоқталсам,  egov mobile қолданыстағы цифрлық қолтаңбаны 4 санды PIN-кодқа және құрылғыдағы ендірілген биометриямен байланыстыруға мүмкіндік береді. Face ID және Touch ID. ЭСҚ-ны PIN-кодқа және биометрияға байлағаннан кейін, қызметтерге авторизациялау және алу кезінде әрдайым ЭЦҚ таңдау және пароль енгізу арқылы алаңдамайсыз. Бета-нұсқада egov мобильді қосымшасында құжаттарыңыздың электронды нұсқаларын ұсынатын Сандық құжаттар қосымшасы қолжетімді. Egov ұялы телефонындағы сандық құжаттарды мессенджерде «бөлісуге» болады. Бұл функционалдылық сізге құжаттардың электронды нұсқасын хабарлама арқылы немесе электрондық поштаның көмегімен басқа адамдарға жіберуге мүмкіндік береді. Қазір біз азаматтарға бұл қосымшаны белсенді қолдануға көмектесуге тырысамыз және барлығына оны пайдалануға кеңес береміз. Egov mobile арқылы қызметтерді кез келген уақытта, кез келген жерде алуға болады.

– Қала халқының цифрлық сауат деңгейін көтеруде Сіздердің орталық тарапынан қандай шаралар немесе игі бастамалар қолға алынуда?

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалы өз қызметін тұрғындардың цифрлық дағдыларын арттыру жұмыстарымен байланыстыра жүргізуде. Өйткені, кез келген жаңашылдық насихаттық шараларды қажет етеді. Халықты осы іске қалай жұмылдыруға болады, бұл мәселені біз барынша ойландық. Нәтижесінде ақпараттық шараны оқу орындарынан бастауды, ол үшін студенттер көмегін пайдалануды жөн көрдік. Былтыр біз қаладағы оқу орындарына шамамен қырық рет бардық. Түрлі акциялар ұйымдастырдық. Нақты айтсақ, бұл бағытта өткен жылы 1,5 миллионнан аса адамды қамтыған 800-ге жуық шара өткіздік. Мысалы, 2019 жылы 20 маусымда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Цифрлан!Трендте бол!» акциясын өткізді. Акцияның мақсаты — жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру және әрбір үйренген адам әрі қарай 10 адамды электрондық қызмет алуға үйрету болды. Студенттер мен қызметкерлер акцияны қолдады. Бүгінгі таңда университетте 5 мыңнан астам адам электронды қызмет алуға оқытылды. 500-ден астам студент ай сайын студенттерге қызмет көрсету орталығындағы  электронды үкімет бұрышынан  электронды қызметтерді өз бетінше алады. 4000-нан астам адамға ЭЦҚ берілді.

Акция арқылы Алматы қаласының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында, сауда орталықтарында, ЖОО-лар мен колледждерде, мектептерде 342 ақпараттық-түсіндіру шаралары, 284 лекция, 56 семинар ұйымдастырылып, 10-ға жуық мекеме мен оқу орнында цифрлық қызмет алу бұрыштары ашылды. ХҚО мамандары қызмет алушылардың телефондарына telegram және Мgov қосымшаларын орнатуға көмектесіп, түрлі анықтама алу тәртібін түсіндірді. Мұнымен тоқтап қалған жоқпыз, жыл басынан бері насихаттық түсіндірме жұмыстарын одан әрі жалғастырудамыз.

– Студенттерден бастауларыңыздың бір себебі бар шығар, істің жандануына неге оларды тартуды жөн көрдіңіздер?

– Себебі, жастар гаджеттермен жақын. Челлендждер ұйымдастырып, алдымен үйренуге ынталы 50 шақты студентті жинап, оларға жұмыс барысын түсіндірдік. Содан соң нақты тапсырмалар бердік. Мобильдік жүйеге осы 50 студент қанша адамды үйрете алды, сол арқылы олардың еңбектерін бағаладық. Насихаттық ақпараттандыру шараларын әкімшіліктер, ішкі істер басқармалары, соттар, т.б. мемлекеттік органдардың бәрінде ұйымдастырдық. Базарлар мен сауда орталықтарындағы халық та ұмыт қалған жоқ, оларға да арнайы барып тұрамыз. Әр орталықта өзіміздің телеграмм-бот бұрышымыз бар. Мысалға айта кетсек, телеграм-бот көмегімен азаматтар көбіне соттылықтың болу/болмауы, психо-нарко диспансерлердің есебінде болмау, жылжымайтын мүліктің болу/болмауы сияқты қызметтермен, сондай-ақ, ХҚО кезегін брондау, айыппұлдардың барын тексеру тәрізді сервистерді жиі пайдаланатыны анықталды.

Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кіргенде ең бірінші ресепшен тұрады. Орталыққа келуші алдымен ресепшенге барып қажетті құжатын айтады, телеграмм егер  робот egov арқылы бере алса сол жерге жібереді. Яғни, «Қалтадағы ХҚО» қызметін пайдаланушылар санын арттыру мақсатында әр ХҚО-да мобильді тіркеу секторлары ашылған. Онда мамандар азаматты базада тіркеп, бірден қосымша мен телеграмм, фэйсбук және в контакте әлеуметтік желілеріндегі боттар арқылы қызметтерді алу жолдарын көрсетеді. Цифрлық қызметтерді насихаттаудағы жұмысымызды қала тұрғындары да қолдап отыр.

– Филиал қызметіндегі статистикалық мәліметтерге де тоқталсаңыз, халықтың талпынысы қалай болып жатыр?

Елдің бәрін бірден үйрете алмаймыз, сондықтан, біртіндеп үйренуде, талпыныс көңіл көншітерлік. Алматы екі облыстың қақ ортасында тұрғандықтан, бізге облыс тұрғындары да көп келеді. Дегенімен, біз бәрін қамтуға тырысып жатырмыз. Былай қарасақ, қазіргі күні санаулы  пайыз болса да ұмтылыс бар. Статистиканы қарасақ, азаматтардың электронды қызметке деген талпынысы жақсы. Бетбұрыс жоғары. Мәселен, былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматыдағы филиалы көрсеткен 3 992 218 қызметтің 1 281 597-і электрондық форматта болды. «Connectionpoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы 2 999 808 қызмет алынып, 2 851 437 консультация берілді. Осылайша, өткен жылмен (1588502 қызмет) салыстырғанда өз бетінше қызмет алатындар саны 88,9% — ға артты.

Қазіргі уақытта тізілімде бар 723 мемлекеттік қызметтің 580-і электрондық форматта қолжетімді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 648 мемлекеттік қызмет қолжетімді десек, оның ішінде филиалдың майда кеңселері мен бэк-офистерінің көрсетіп отырған қызметтерін айта аламыз.

Цифрлық ХҚО-лардың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Негізгі ерекшелігі «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының болуында. Бұл – фронт-офис қызметін трансформациялау тұжырымдамасы аясында енгізілген жаңашылдық. Алматы қаласындағы мамандандырылған ХҚО-лар өткен жылы 799 819 (КҚТ -665 262, ЖК -106 060) қызмет көрсетсе, Миграциялық ХҚО бөлімі 173 583 қызмет көрсетті. Оның 113 021-і уақытша, 60 562-і еңбек шарты бойынша тіркелген шетелдіктер болды. Орталықтың жұмыс тәжірибесі ТМД елдеріне үлгі болуда. Сонымен қатар өткен жылы әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу бағыты бойынша 250 052, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу бойынша — 486 469, жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу желісі бойынша 38 799, жер кадастры желісі бойынша 22 286 қызмет көрсетілгенін атап өткеніміз жөн. Осы жерде айта кетерлігі, тек 2020 жылдың қаңтарында 11 000 мың адам тіркелді. Бұл көрсеткіш әзірленген қосымшаны пайдалануға деген біздің күш-жігеріміздің негізді екенін көрсетеді.

–  Қандай да бір жаңа істің үйреніп кеткенше олқы тұсы болатыны жасырын емес, мобильді қосымшаны пайдалануда сондай қиындықтар бар ма?

– Кейбір пайдаланушылар өтінімді тіркеген кезде қателіктер жібереді деп шағымданады. Бұл оңай шешуге болатын техникалық нүктелер. Егер азаматтарды тіркеу кезінде қандай да бір проблема туындаған жағдайда  әлеуметтік желілерді орнату және тіркеу туралы бейнероликтерді қарауға кеңес беремін. Немесе азаматтар барлық уақытта ХҚКО-дан көмек сұрай алады. Біздің қызметкерлер қазір қызмет алушыларға қосымшаны телефондарына орнатып, оны дұрыс пайдалануға көмектесуде. EGov мобильді қосымшасын AppStore және Google Play-де жүктеуге болады.

– Цифрлық технологиялар туралы айтқанда қауіпсіздік жайы назардан тыс қалмасы анық. Мемлекеттік, жеке меншік банктер, мысалы, банктер хакерлердің объектісіне айналады деп жиі естиміз. Әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттар. Қызметті пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі қалай болмақ?

– Ия, кибер қауіпсіздік күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Жеке деректерді қорғау біздің негізгі міндетіміз. Көп жағдайда қауіпсіздік қызметті пайдаланушылардың өздері мүмкіндік беретіндігіне байланысты. Мысалы, жеке деерктерге шабуыл эл.почтаны, SMS-хабарламаны қайта жіберу арқылы жүзеге асырылады. Үлкен ұйым, мекемелер зиянды бағдарлама енгізуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеде азаматтардың өздері мұқият болулары керек. Мәселен, ЭЦҚ алғандар парольді қайда және қалай сақтағанын ұмытып қалады. Сондықтан, ЭСҚ сақтау және пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. ЭЦҚ-ны жеке папкада сақтаңыз, өз пароліңізді орнатыңыз, ол Халыққа қызмет көрсету орталығында тағайындалғаннан өзгеше болады және сіздің кілтіңізді үшінші тұлғаларға бермейді. Сондай-ақ, пошта немесе телефонға жарамдылық мерзімі аяқталғандығы туралы хабарландыруды енгізу қажет. Негізі электронды қызметтерді EgovMobile қосымшасы және EgovKzBot жеделхат боты арқылы ЭЦҚ-сыз, биометрияны қолдана отырып алу ыңғайлы.

Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар пікірінше, сәйкестендіру үшін биометриялық параметрлерді пайдалану кілттер мен парольдерді қолданғанға қарағанда қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өйткені, биометриялық сәйкестендіргіштерді ұмытуға, жоғалтуға, ұрлауға болмайды. Бұл технология үнемі жетілдіріліп отырады, яғни, биометриялық сәйкестендіргіштерді тану дәлдігі жоғарылайды, мәліметтерді өңдеу жылдамдығы, шифрлау протоколы күрделене түседі. Биометрия — бұл қол жеткізуді басқару және қауіпсіздік саласындағы болашағы бар технология. Қағаз туралы мәліметтер биометриялық сәйкестендіруді жоққа шығаруда. Саусақ ізімен смартфонның құлпын ашу, селфи сатып алу үшін ақы төлеу, дауыс арқылы ақша аудару. Дегенімен, бұлар әлі технологияның барлық мүмкіндіктері емес. Айтпақшы, 2020 жылдың қаңтарында 2200 адам өздерінің биометриялық мәліметтерін енгізді. Бұл көрсеткіш әрдайым артып келеді.

– Тағы бір өзекті мәселе шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеу кедендік баж төлеу хақында не айтасыз?

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Армения, Ресей, Қырғызстан және Беларусь елдерінен 170 мыңнан астам автомобиль тіркелген. 2019 жылы олардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың саны 1854 болып, 132 адам көз жұмды. 500 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Сондай-ақ, бейнекамералар 90 мыңнан астам жол ережесін бұзу оқиғасын тіркеді. Бұл көліктердің иелері мемлекетке 1,1 миллиард теңгеден астам қарыз. Сондықтан, ҚР ІІМ шетелден әкелінген көлік құралдарының иелерін тіркеуді міндеттейді. Евро-5 стандартынан төмен автомобильдерді тіркеуге және пайдалануға рұқсат етілмейді. Қазақстан Президенті үкіметтің кеңейтілген отырысында бір ай ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстанға жеке пайдалану үшін әкелінген автомобильдерді бір реттік тәртіпте уақытша тіркеуді тапсырды.

Біз қаланың барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында автокөліктерді уақытша тіркеу бойынша бір реттік науқан өткіздік. Алматыда 6 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның екеуін белгілі спортшы, филантроп Жақсылық Үшкемпіров салған. Ия, біз меценаттар мен азаматтардың айтарлықтай қолдауын сезінеміз. Егер статистикаға жүгінетін болсақ, өткен жылы Алматы қаласының мамандандырылған департаменттері 799 819 қызмет көрсетті, оның ішінде, көлік құралының сәйкестендіру нөмірімен (SRTS) көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу — 665,262;  жүргізуші куәліктерін беру туралы (VU) — 106 060. Сонымен қатар, Өткен жылғы 12 айда алматылықтар – 4,664 таңдаулы нөмірлерді 1 207 176,350 теңгеге сатып алды.

Кедендік рәсімдеу және Қазақстанда шетелдік нөмірі бар автомобильдерді тіркеуде Армения мен Қырғызстан тұрғындары жеңілдетілген тәртіппен шетелден автомобильдер импорттай алатынын атап өткен жөн. Жоғары кедендік баж салығы салдарынан ЕАЭО-дан тыс елдерден жаңа көліктерді шығара алмайтын қазақстандықтар Қырғызстан мен Арменияда арзан ескі көліктерді сатып алды. Заң бойынша, олар бұл машиналарды сатып алғаннан кейін 10 күн ішінде Қазақстанда тіркеуі керек еді.

Осы жылдың басында Ішкі Істер министрлігі автокөлік иелеріне кедендік тексеруден өтіп, көліктерді тіркеуден өткізу керектігін ескертті. Әйтпесе, автокөлік иелері 10 АЕК көлемінде айыппұл салады (26 510 теңге) немесе тіркеу мәселесі шешілгенше автокөлік тәркіленеді. Ең басты ескеретіні, бұл машиналар техникалық регламентке сәйкес болуы шарт. Көлікті тұрақты реестрге қою керек.  Бүгінгі күні Алматыда 6 МХҚО жұмыс істейді. Бұл ретте, жүргізу емтихандарын қабылдау бұрынғыдай Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан №1 мамандандырылған ХҚКО-да жүзеге асырылады.

– Қала халқы көбіне орталыққа қандай даулы мәселемен келеді, сондай кезде көпшілікке мына жайтты жеткізсек, олар нені білсе екен дейсіздер?

– Халқымызда жерге қатысты дау бағзы заманнан бар. Қазіргі күні де Орталыққа азаматтардың басым көпшілігі жер мәселесімен келеді.  Себебі, кезінде спутникті өлшеу ЖПС болмаған. Алматының тарихы терең, кеңес тұсында сандық қызмет болған жоқ, жерді рулеткамен өлшейтін. Рулеткамен өлшегенде өлшем жүз пайыз нақты болмайды. Мысалы, бір адамның жері жарты сотық көршісінің аумағына кіріп тұруы мүмкін. Не жетпей қалады. Қазіргі күні даудың бәрі осыдан шығуда. Азаматтар жер участоктарының көлемі жер актісінде көрсетілгендей, дәл еместігін даулап келеді. Проблеманың көбі азаматтардың сауатсыздығынан туындап жатады. Сату шарттары, банктерге кепілге қою, т.б. мәселелер болған кезде ғана жылжымайтын мүліктеріне қатысты қателіктерді біледі. Бізде қазір әлеуметтік желілердің бәрінде, мысалы, инстаграм, фейсбук, өзіміздің парақшаларымыз, т.б. қызмет түрлері қарқынды түсіндірілуде, соларға қарап азаматтар көкейлеріндегі сұрақтарға жауап таба алады. Білмегендерін біле алады. Егер осылардан хабардар болса, онда олар бізге мәселені шешумен емес, оның алдын алумен келетін еді. Әр адамның өз проблемасы бар, оны болдырмауға мүмкіндік алады. Әйтпесе, оларда қандай мәселе болары бізге де белгісіз. Сауаттылық азаматтардың өздері ізденген жаңдайда артады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, көпшілік жерді халыққа қызмет көрсету орталығы береді деп ойлайды. Жер алу үшін осы мекемеге кезекке тұруға келетіндер бар. Олай емес, нақты айтқанда жер беру құқығы әкімшіліктерде. Яғни, солар береді. Жер қатынастар басқармасы әкімшілікке қарайды. ХҚКО жер бермейді, тек әкімшіліктен берілген жердің мемлекеттік актісін, жобасы мен құжаттарын ғана жасайды. Жер актісі бес жұмыс күнінде дайын болады. Біз ең алдымен құжаттың заңдылығына қараймыз.  Осыны халыққа тағы бір рет түсіндіріп өтуді жөн көріп отырмын.

– Жерге  қатысты туындаған дауларды қалай шешіп жатсыздар?

– Біз бәрін тек заң жүзінде қарастырамыз. Жер участогына мамандар, яғни, бірінші техниктер барады. Егер олардың шешіміне азаматтар келіспесе, екінші рет арнайы комиссия шығады. Алматыға жаңа аудандар қосылды, аумағы үлкейді. Мысалы, Наурызбай, Алатау аудандары. Қосылған аумақтарды бөлгенде де жер участоктарының артық-кемі шығады. Азаматтар осындай даулармен де сотқа баруда. Алайда, біз бәрін реттеуге күш салып жатырмыз. Енді бір 3-4 жылда мұндай мәселелерден де құтылатын шығармыз, бәрі орнына келеді. Дәл қазіргідей мәселе болмайды.

Халыққа айтқым келетіні, біз құқықтық мемлекет құруға талпынып жатқан ел болғандықтан, өздерінің құқықтық сауаттарын арттыруға көбірек мән берсе. Заманауи ақпараттарға сай, Цифрлы Қазақстан деп жатырмыз, ең алдымен электронды дамыған технология жағын меңгерген абзал.

Қазір жер көлемін арнайы нақты көрсететін арнайы құралдар бар. Топологиялық жұмыстар жүргізілуде. Олардың бәрі ақысыз. Арнайы құрылған комиссия ел арасына шығады, сол кезде азаматтардың кезінде кеткен қателіктерді түзетуіне кеңес береміз. Ол үшін өздері өтініш жазады көршілері қол қояды. Топологиялық қателерді жөндеп жатырмыз. Сондықтан, азаматтардың өздері келіп өтініш жазса, жұмыс та біршама жеңілдер еді.

– Мұндай дау-дамайды болдырмаудың жалғыз жолы сауаттылықты арттыру ғой сонда.

– Иә, халықты тек заң аясында жұмыс істеуге үйретіп, құқықтық сауатты көтеруге атсалыссақ арыз-шағым аз болады. Адам ашу-ызаға бой алдырмайды, денсаулығы да зиян шекпейді. Себебі, даулы мәселелердің бәрінде адамдар агрессивті жүреді. Егер құқықтық сауаты жоғары болса, айқай-шу, ашу-ызамен ештеңе шешілмесін біледі. Орталыққа келіп барлық жайтты ретімен шешуге кіріседі. Қазір бізде қалай, ашумен келеді, әй-шайға қарамай, «маған жер бер» дейді. Егер ол кісі халыққа қызмет көрсету орталықтары жер берумен айналыспайтынын, яғни, әр мекеменің қызметін білсе, олай келмес еді. Сондықтан, біз насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, халыққа үнемі бағыт-бағдар беріп отыруға талпынудамыз. Өз мәселесі қай мекеме арқылы шешілетінін білетіндер уақытын да, денсаулығын да, қаржысын да үнемдейді. Мысалы, бес саусақтың бірдей еместігі секілді арамызда пиғылы таза емес адамдар да жетерлік. Ондай адамдар кей азаматтың аңқаулығын пайдаланып, жер алып беруге уәде етуі мүмкін. Оның ақыры жемқорлыққа ұласады. Қандай жағдайда да азаматтар өздерінің сауаттарын арттырып, қажетті жерлерге құжаттарын өткізіп түзу жолмен жүруге тырысулары қажет. Сонда ғана барлық іс дұрыс шешіледі.

Орталыққа маман тарту мәселесі қалай шешілуде, жұртшылықтың цифрлық сауатын арттыруда олар  арнайы курстардан өтіп тұра ма?

– Біздің қызметкерлерімізді «ADGS Даму күні» деген атпен оқыту үнемі өткізіліп тұрады және филиал қызметкерлері үшін 265 семинар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, біз барлық бағыттар бойынша дайындық жұмыстарын күшейттік. SANA ішкі тренерлер мектебі құрылды, өткен жылы ішкі жаттықтырушыларды ынталандыру үшін жақсы мүмкіндік болды. Мүмкіндігінше жұмысшыларымызды көбірек ынталандыруға көңіл бөліп жатырмыз. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және университеттермен көптеген жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы 145 адам тәжірибеден өтіп, оның 60-ы жұмысқа орналастырылды.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы Электрондық үкімет порталын танымал ету, Қызмет алушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру және қызмет көрсету үшін СООН-ға өтініш білдірген қызмет алушылардың негізгі ағынын ЭҮП арқылы онлайн өтініш беруге қайта бөлу мақсатында БАҚ-тарды тарта отырып, 20-дан астам жарнамалық акция ұйымдастырды. Бұл жарнамалық акциялар «делдалдармен» МХҚО қабырғаларында да, одан тыс жерлерде де кездесуді болдырмауды көздейді. 

– Өзіңіз айтқандай, әлемдік дертке айналған жемқорлықтың алдын алуда өз қызметкерлеріңіздің арасында  қандай шаралар жүзеге асуда?

– Халыққа қызмет көрсету орталығының өзі жемқорлықтың алдын алу мақсатында іске қосылды. Яғни, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен азаматтардың кездеспеуі. Қажетті құжаттарды осы орталыққа өткізеді, ары қарай оны тиісті орындарға жебереміз. 20-30 жылда осы жағдайға жеттік. Жемқорлықтың алдын алуда арнайы ішкі қауіпсіздік қызметкерлері бар, алдағы уақытта арнайы бөлім ашу  көзделуде. Жақында ғана Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірге сыбайлас жемқорлықтың соңы немен бітетіні туралы арнайы бейнебаяндар түсірдік. Түрлі жиындар ұйымдастырдық. Елбасы айтқандай, цифрландыруға толығымен көшсек, жемқорлықтың алдын алу мүмкіндігіміз ұлғаяды. Менің ойымша, адам мен адам жүзбе-жүз кездеспесе, жемқорлықтың да жолын кесуге болады. Адам мен компьютер боды, яғни, азамат бар шаруасын электронды түрде бітіріп кетеді. Техника адамнан ақша сұрамайды. Сол үшін барлық құжатқа қатысты процедураларды цифрландыруға ауыстыру жоспарлануда. Бізде апта басынан аяғына дейін әр жиналыста бірінші айтылатын нәрсе осы корупциямен күрес. Онымен күрес шараларын жан-жақты жүзеге асырудамыз. Өткен жылы жемқорлыққа қарсы 270 іс-шара өткізілсе, соның 84-і «Нұр Отан» партиясымен, 89-ы  құқық қорғау органдарымен ұйымдастырылды. Бұдан басқа дөңгелек үстелдер, семинарлар, дәрістер де  ұдайы өтеді.

Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау және қызмет алушылардың қызметкерлермен әрекеттесу көрсеткішін төмендету мақсатында цифрландыру мүмкіндіктері белсенді қолданылуда. Корпорацияның цифрландыру жобалары ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғатын факторларды болдырмау, экономикалық қайтарым және қызмет көрсету сапасын арттыруға негізделген.

– Орталық мамандарының қызметіне, яғни, қызмет сапасына көңілі толмағандар алдымен қайда хабарласқаны жөн?

– Жекелеген мамандардың қызмет көрсетуіне наразылығы немесе қандай да бір ұсынысы бар азаматтар 1414 байланыс орталығына қоңырау шалуларына болады.  Мысалы, өткен жылы үш жарым мыңға тарта қоңырау түсті. Оның мың шақтысы шағым болса, тексеру нәтижесінде біреуі ғана расталды. Жұртшылық тек шағыммен хабарласпайды, сонымен бірге жұмыс барысын жақсарту туралы да ұсыныстарын да білдіреді. Мамандардың жұмысына ризашылықтарын да айтып жатады. Біз оларды ескерусіз қалдырмаймыз.  Мәселен, фронт-кеңселердің бизнес-процестерін жақсарту бойынша 18 ұсыныс түсті. Қызметімізге екі жарым мыңға жуық азамат өз алғысын  білдірді. Сондай-ақ есепті кезеңде мен азаматтармен 117 жеке қабылдау өткіздім. ҰБО директорлар кеңесі төрағасының блогына 9 өтініш келіп түсті, оның ішінде 4 өтініш филиалдың құзыретіне кірмейді, 4 өтініш расталмады, 1 өтініш кері қайтарылды.

– Жаңа қызметтерді қалай бағалайсыз?

– Жаңа сервистер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырудағы және халыққа қызмет көрсету саласын цифрландырудағы тағы бір қадам болды. Біз уақытпен бірге алға жылжып, заманауи технологиялық талапқа сай қызмет етуге бет бұрдық. Аталған игі шаралар тек мемлекетіміздің өсіп-өркендегенін, барынша дамыған ірі елдер қатарына кіруге күш жұмсап, еңбек етіп жатқандығын ғана көрсетіп қоймайды, бұл ілгерілеушілік Елбасымыз айтқандай, «Басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу» екендігін дәлелдей түседі. Яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметтерді жылдам әрі тиімді жалғастыру үстінде. Халыққа цифрлық қызмет көрсетуде корпорацияның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бағыт-бағдарында көңiлге қонымды iстер көп. Өйткенi, жол айқын, мiндеттер нақты.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге үлкен рақмет.

 

Сұхбаттасқан Түймегүл СМАҒҰЛ

Сеть опорных школ «Отпан»

В целях повышения качеста среднего образования Правительстом реализуется проект...

Памяти творческого пути

В Кызылорде рамах года «Руханият» состоялся онурс жыршы «Терме...

Расплата за доверчивость

Сотрудники правоохранительных органов предупреждают: ели раньше на удочку кибермошенников...

Соответствовать требованиям времени

Советхан Сакенов, судья Алматинского городского суда в почетной отставке,...

Живой товар: трагедия современного мира 

Со всем мире современное общество сталкивается с вызовами, связанными...