Атырауда баласынан айырылған бір топ ата-ана облыстық балалар ауруханасында шу шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Ұл-қызымыздың қазасына дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді олар. Соңғы бір айда аталмыш ауруханаға түскен үш бүлдіршін қайтыс болған. Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар өз ісіне жауапсыз дәрігерлердің қатаң жазалануын талап етуде.
Қанат Жұмаділов қайғыдан қан жұтып отыр. 3 қаңтар күні аяғы күйіп, ауруханаға түскен екі жасар қызы араға он күн салып көз жұмған. Жарақат бөліміне түскен бөбектің көңіл күйі жақсы болған дейді әкесі. Алайда үш күннен соң оны «пневмония» деген диагнозбен жансақтау бөліміне ауыстырыпты.
“Қызыма бір күнде сегіз системадан салып жатқан. Менің қызым бұлардың системаларын, дәрі дәрмектерін көтере алмай анафилактикалық шоққа түсіп, бұл кісілер пневмония бөліміне апарып, қайта-қайта ұйықтата беретін дәрілерін салған. Менің қызым өлетін қыз емес еді. Осы кісілердің кесірінен осындай жағдайға түсті. Денесінде сау жер жоқ еді, барлығы көкпенбек”, –дейді Атырау қаласының тұрғыны Қанат Жұмаділов.
Дәл осы ауруханадан бір жарым жастағы Ділдәның да өлі денесі шықты. Туыстары қаршадай қыздың қазасына дәрігерлерді кінәлап отыр. Себебі ақхалаттылар демікпемен барған балаға «ларингит» деген диагноз қойып, «тамағын шайыңдар» деп кеңес беріп үйіне қайтарыпты. Кейін жағдайы нашарлағанда ғана бір-ақ қабылдағанын айтады.
“8-де шыққан біздер сағат 12 жарымда жатқыздық. Бұл масқара емес пе?! Тез істеудің орнына бұлардың істеп отырғаны мынау. Келсек, бір түннің ішінде екі бүйрегі жұмыс ітемейді, дәреті жүрмеді. «Қандай дәріні көп құйып жібердіңдер» дедім. Дәрігерлер ұйықтап қалған, бала қараусыз қалған”, – дейді Дәрігүл Бақтиярова.
Ал екі жарым жасар Абайдың ата-анасы да «учаскелік дәрігердің еміне алданып уақыт жоғалттық» деп өкінеді. Бауыр еті баласынан айырылғанына сене алмай жүрген ата-аналар ақ халаттылардың салғырттығына наразы. Алайда аурухана басшылығы кішкентай науқастарға тиісті ем-дом жасалды деп өзіне шаң жуытар емес.
“Комиссия құрылды. Алдын ала талдау жасалды. Онда бір жағдайда «Интертейч» киникасында кеткен кемшіліктер байқалды. Келесі жағдайда аумбулаториялық деңгейде бақылаудың жетіспеушілігі көрінді. Комиссия қорытындысынан соң нақты белгілі болады. Ата-аналардың құзырлы органдарға шағым жазуға құқы бар”, – дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова.
Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар құқық қорғау органдарына да шағымданған. Жарық дүние қызығын көрмей кеткен бүлдіршіндердің өліміне кінәлілер қатаң жазалансын дейді.
Айта кетейік, осы балалар ауруханасында 2020 жылы 36 бала қайтыс болса, былтыр 48 бала шетінеген екен.