Қытайда 7-14 ақпан күндері өткен ІХ Қысқы Азия ойындарында Қазақстан 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 4-орынға шықты. Үздік үштікке Қытай (32 алтын, 27 күміс, 26 қола), Корея (16 алтын, 15 күміс, 14 қола), Жапония (10 алтын, 12 күміс, 15 қола) құрамалары енді. 2022 жылы Қытайда болған ХХIV Қысқы Олимпиада ойындарында Қытай – 3, Жапония – 12, Корея – 14, Қазақстан – 34 орын алған болатын.
Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстанның жеке мемлекет ретінде Қысқы Олимпиада ойындарындағы ең жоғарғы көрсеткіші 1994 жылы тіркелген екен. Онда да тек 29-орын болғанын, ал құрлықтағы басты үш бəсекелесіміз əрдайым бізден жоғары көрсеткішке ие болғанын ескерсек, ұлттық құрамадан Азия ойындарында 4-орыннан жоғары нəтиже күтуге еш негіз жоқ. Өкінішке қарай, соңғы күндері əлеуметтік желіде «Қазақстан үшін ең сəтсіз өткен Азия ойындары», «қысқы спорттың жағдайы қыл үстінде», «Қазақстан қысқы спортта Азияда көшбасшы болу керек» деп жазып жатқандардың сөзі елдегі жəне əлемдегі қысқы спортты үнемі қадағалап отырған адамның пікірі деу қиын. Өзін сарапшы ретінде көрсеткісі келгендер əрдайым табиғи жағдайды алға тартып, Қазақстанда қысқы спортты дамыту өзге Азия елдеріне қарағанда жеңіл дегенді көп айтады. Олар қысқы спорт тек табиғи жағдайға ғана байланысты еместігін, оны дамыту үшін ең алдымен спортшыларды кəсіби түрде оқытып, білімі мен тəжірибесін үздіксіз жетілдіріп отыратын ғылыми орталық керек екенін аса ескермейді. Онсыз жасалған тірлік тек қысқа мерзімдік нəтижемен ғана шектеліп, дамуда тұрақтылық болмайтынын спорт саласына жауапты құзырлы органдардағы басшылар да дұрыс бағаламады. Сондықтан министрден бастап, спорт комитеті мен Ұлттық олимпиада комитеті төрағалары, федерация жетекшілері мен ұлттық команданың бас бапкерлеріне дейінгілердің бəрі осы уақытқа дейін тек өзінің басшылық қызметтегі көрсеткішін жақсартуды ойлап жауапкершіліктен оңай сытылып кетті. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» дегендей, оның аяғы спортшылардың допинг дауына ілігіп, бүкіл атақ-абыройынан айырылуына дейін жетіп жатыр. Алайда одан сабақ алған жауапты мемлекеттік орган басшысы да, спортшы да, бапкер де əлі байқалмайды. Өйткені қолданыстағы заң спортқа тəн емес жолмен жетістікке жеткен спортшы мен оның бапкерін ғана емес, оның осы əрекетке баруына себепкер болған өзге де адамдарды жауапқа тартуға қауқарсыз. Оны спорт саласында өзінің заңсыз əрекеті үшін күдікке ілініп, қылмыстық іс қозғалғанымен, бəрінің тек жемқорлыққа қатысты айыппен ғана тергеліп, сот үкімімен жазаланып келе жатқанынан байқауға болады. Спортшыларды ынталандырамыз дегенді желеу етіп сала басшылары Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне жəне өзге де бірқатар мамандарға берілетін бір реттік сыйақы көлемін заңдастыруға құмартып алды. Алайда одан көрсеткішіміз жақсарып кеткен жоқ. Өз спортшыларын қолдап, олардың көрсеткішін жақсартуға барынша жағдай жасағанша, оңай жолмен сырттан легионер тартқанды жөн көретіндер əкімдер мен федерация басшыларын жағалауы барлық өңірде жұқпалы əдетке айналды. Тіпті спорттық мансабын аяқтайтын уақыт жақындаған кезде ұлттық біріншілікте жақсы нəтиже көрсетті деген желеумен ұлттық құрамаға алынып, азаматтыққа да оңай қол жеткізген кейбір легионерлер Қазақстан атынан Олимпиадаға қатысып, тəуір нəтиже көрсеткен соң мемлекет берген сыйақы мен өзі намысын қорғаған аймақ əкімдері мен демеушілер тарту еткен пəтер мен көлікті иеленіп араға 2-3 жыл салып азаматтықтан бас тартып, келген жағына кері қайтудан қысылмайтын болды. Ал мұндай келімсектердің кесірінен құрамада көлеңкеде қалған спортшыларымыз халықаралық, құрлықтық жəне Əлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары сияқты байрақты бəсекелерге қатысып, тəжірибе жинайтын алтын уақытын жоғалтып, спорттық мансабын аяқтауға мəжбүр болуда. Бұған бас ауырып, балтыры сыздайтын жандар əзірге билік органдарында аз. Сондықтан жан басына шаққандағы спорт нысандарының жан басына шаққандағы республикалық жəне халықаралық нормативке сайболуын қадағалап, оны түгендеп отыруға тиісті спорт басқармалары жергілікті əкімдік пен мəслихаттардың алдына бұл мəселені төтесінен қойып, оны шешуге бастамашы болып жүргенін ешкім ешқашан көріп, естіп жатқан жоқ. Тіпті кейбірі өңірдегі қордаланған мəселені шешпек тұрмақ ол туралы ашық айтудан да қорқатын жағдайда. Сондықтан бір жерде жаңадан балаларға қандай да үйірме ашылып, спорт нысаны салынып жатса, сөзін «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша» деп бастайтын əкімдер мен спорт басқармасының басшылары бұл Президент айтпаса да жасалуы тиіс шаруа екенін білмеген кейіп танытады. Олар ел чемпионатына қатысатын командалардың жасақталуы мен ұлттық құрама сапында Əлем чемпионаттары мен Азия, Универсиада, Олимпиада ойындары сияқты жарыстарда өзі қызмет жасайтын өңірден қанша спортшы қатысты, олардың көрсеткен нəтижесі қандай деген сауалдарға жауабының салмағы жоқ. Мəселен, Харбиндегі биылғы Азия ойындарына Маңғыс тау, Түркістан, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау мен Жетісу облысынан бірде-бір спортшы қатыспады. Ал спортшылары жүлде алған 12 өңірдің тізімін Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстары бастап тұр. Оны қоржындарында жалғыз медальдері бар Алматы мен Солтүстік Қазақстан облыстары түйіндесе, Маңғыстау мен Жетісу облыс тары спортшымыз қатысты дегенді қанағат тұтты. Азия ойындарына Олимпиада кеңесіне мүше 45 елдің 34-інен 1275 спортшы қатысқан болатын. Онда 11 спорт түрінен 64 медальдар жиынтығы сарапқа салынып, Қытай, Корея, Жапония, Қазақстан, Филиппин, Өзбекстан, КХДР, Тайпей, Тайланд құрамаларына ғана жүлде бұйырды. Отандастарымыз жарыс бағдарламасына кірген 11 спорт түрінің 10-ы бойынша бақ сынаған. Тек кёрлинг (12), тау шаңғысы (8), ски-альпинизм нен (5) қатысқан спортшыларымыз ғана жүлдесіз қайтты. Осыған қарамастан тəп-тəуір өнер көрсетіп, ойын дары көрермен көңілінен шықты. Жалпы тау шаңғысы Азия ойындарының бағдарламасында бұрыннан болса, кёрлинг – 2003 жылдан, ски-альпинизм алғаш рет еніп отыр. Қазақстан Азия ойындарына 1996 жылы – 83, 1999 жылы – 88, 2003 жылы – 90, 2007 жылы – 104, 2011 жылы – 169, 2017 жылы – 116 спортшы қосқанымен, құрама сапында қаракөздеріміздің үлесі аздау болған еді. Бұл жолы өз ұландарымыз басым. «Өзіңнен тумай ұл болмас» дегендей сырттан келген кейбір спортшылар бұрын кейбір тартысты сəтте жеңіске жетуге барлық күш-жігерін салмағандай əсер қалдыратын. Сондай-ақ Азия ойын дарында қатысқан елдер арасында құрамы ең жас команданың бірі ретінде де көңілге үміт отын жақты. Сол себепті 2026 жылы 6-22 ақпанда Италияда өтетін ХХVI Қысқы Олимпиа да ойын дарында 2022 жылғы сəтсіздікті жақсартуға мүмкіндік бар. Онда фристайл (15), конькимен жүгіру (14), шаңғы жарысы (12), сноуборд (11), биатлон (11), тау шаңғысы (10), шорт-трек (9), шаңғымен тұғырдан секіру (6), мəнерлеп сырғанау (5), шана спорты (5), бобслей (4), скелетон (3), кёрлинг (3), шаңғы қоссайысы (3), ски-альпинизм (3) мен хоккейден (2) сарапқа салынатын 116 медаль жиынтығына үмітті спортшыларымыз дың бабын келтіріп, бағын ашу басшылары ауысқан Туризм жəне спорт министрі мен Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы үшін маңызды сынақ болғалы тұр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»
Бауыржан ДОСҚАРАЕВ, педагогика ғылымдарының докторы, спорт зерттеушісі:
– Қысқы Азия ойындарының нəтижесі келесі жылғы Италияда өтетін Олимпиадаға дайындықтың деңгейін көрсетті деуге болмайды. Азияда жеңімаз болғандар Олимпиадада жүлде алады деу қиын. Бізде спорттың дамуы əлі күнге инерциямен келе жатыр. Онда түпкілікті нəтижеге бағытталған жүйелі даму жоқ. Олимпиадада медаль алу өте қиын. Онда мықтылар дүниежүзінен жиналады. Азиядағы көрсеткіш мұнда ешқандай жүлдеге кепілдік бере алмайды. Сондықтан онда жоғары нəтижеге жету үшін ең алдымен бұқаралық спорттан шыққан таланттарға нақты көмек көрсетуді жолға қою керек. Бізде бұқаралық спорт ақсап тұр. Оған өтірік ақпараттың көптігі əсер етуде. Қазақстандағы спорттық жарыстарда əлі күнге дейін жүйе жоқ. Қазақстан біріншілігі, Қазақстан чемпионаты, Қазақстан кубогы сияқты ірі жарыстардың 4-5 кезеңнен тұратын өз жүйелері барын көп адам ұмытты. Жалпы, Олимпиадаға дайындық 10 жылға созылады. Бірлі-жарым таланттар болады кейде 4 жылда жарқ етіп көрініп қалады. Бізде қазір осы алдағы Олимпиада ойындарында 100 пайыз жүлде алады дейтін спорттағы үлкен тұлғалар жоқ. Олимпиада қарсаңында əрбір спорт түрі бойынша өтетін Əлем чемпионатында 6 спорт жеңімпазын дайындаған күннің өзінде Олимпиадада оның екеуі ғана чемпион болуы мүмкін. Кезінде Владимир Смирнов Олимпиада алдындағы Əлем кубогы, Əлем чемпионатының бəрінде ұтып жүрді. Сондықтан оған кезінде үлкен сенім артылды. Қазір мұндай тұлғаларды өз басым көріп жүрген жоқпын. Жалпы Олимпиада ойындарына қатысты болжамды спортшылар оған лицензия алған соң ғана, жан-жақты талдау жүргізіп қана жасауға болады. Біз өкінішке қарай, спорттың теориялық жағынан дамыған елдерден көп артта қалып жатырмыз. Бұқаралық спорттан таланттарды тауып, спорт мектептерінің жұмысын жандандырмай даму туралы айту қиын. Бізде олимпиадалық резерв өз міндетін орындай алмайды. Олар əрбір 4 жыл сайын өз мəртебесін қорғау керек. Ал қазір спорт колледжіне екінің бірі түсіп жатыр. Олармен тест жүргізіп жатқан ғылыми топтар жоқ.