Санаулы күндерден кейін 2022 жыл да тарих күнпарақтарына енеді. Сарапшылар бұл жылды халықтың қайта түлеген, жаңарған, жақсылыққа, жаңашылдыққа ұмтылған жылы болды деп бағалауда. Оған себеп жоқ та емес. 238 адамның өмірін қиған қаңтардағы қаралы оқиға ел өміріне жедел әрі елеулі өзгерістер қажет екенін көрсетті, билік пен халықтың алшақтап бара жатқан арасын жақындатты.
68 заң, 422 жарлық…
Саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалар ескі сүрлеуден шығып, жаңа арна, жаңа бағытқа бет бұрды. Шын мәніндегі «Еститін Үкімет» принципті сахна төріне шықты. Мемлекет тізгінін тағы бір мәрте жеті жылға қолына алған Қ.Тоқаев қарапайым халық мүддесіне жұмыс істейтін мемлекеттік, құқықтық жүйе құруға кірісті. Елдің әлеуметтік жағдайы мен әлеуетін көтеруге арналған нақты жоспарлар мен елеулі шешімдер қабылданды. Мәселен, күні кеше ғана ҚР Президенті сайты Қ.Тоқаевтың жыл бойғы атқарған жұмыстарының қорытындысын жариялады. «ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Президент өтіп бара жатқан жылда 68 заңға, 422 жарлыққа, 137 өкімге, 4 508 қызметтік хат-хабарға, 594 жеке және заңды тұлғалардың жолданымына қатысты тиісті шешімдерге қол қойды. Сонымен қатар, 60 жеделхат жолдады. 30 мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. 59 рет телефон арқылы сөйлесті. 4 рет үндеу мен мәлімдеме жасады. 1 рет жария түрде конституциялық заңдарға қол қойды. 59 жиналыс пен кеңеске, 31 халықаралық деңгейдегі шараға қатысты. 298 рет қабылдау мен кездесу өткізді». Сондай-ақ, «Президент 2022 жылы ел ішіне және шетелдерге бірқатар сапар жасады. 147 390 шақырым қашықтыққа ұшты. 238 сағат 55 минут ұшақта болды. Мемлекет басшысы 16 рет жұмыс сапарымен еліміздің аймақтарына барды. 14 елге 25 рет сапар шекті. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қатар, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы, АҚШ, Франция, Әзірбайжан және басқа да елдер бар. Президент 19 елдің мемлекет басшысымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Олар: РФ Президенті Владимир Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Рим Папасы Франциск, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Зайд әл Нахаян, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев және басқалары». Сандық есеппен жарты бетке жетер жетпейтін іс-шараларда қаншама күн, сағат, минутқа созылған сәттер бар. Бәрінің өзегінде ел өміріне қатысты батыл қадам, саналы шешім, ауқымды басқосулар жатыр.
Әлеуметтің әлеуеті көтерілмек
Қаңтардағы халықтық толқудың астарында елдің әлеуметтік наразылығы, кедейшіліктен қамыққан, жоқшылық, қымбатшылық, жұмыссыздық қысқан шарасыздық, ашу-ыза жатқан-ды. Халық өз арыз-арманын, тілек талабын билікке осылай жеткізді. Сындарлы сәт елдің тұтастығы мен тыныштығына қауіп төндірсе де, елеулі өзгеріс, тәуекелдер мен диалогтарға жол ашты. Мемлекет халықтың үніне құлақ түрді. Жаңару мен жаңғырудың жаңаша әдіс тәсілдерін, жолдарын көрсетті. Экономикалық тұрақтылыққа бастайтын, баға саясатын реттейтін идеяларға жол ашты, монополиялық, бюрократиялық үстемдікпен күрес орнады. Соның тағы бір нақты дәлелі елде бұған дейін қолданыста болған заңдарға түзетулер мен өзгерістер енді. Мәселен, жақында ғана Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Айта кетсек, аталған заңға сәйкес мынадай ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылған: жастардың даму индексі; уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар); жастармен жұмыс жөніндегі маман; жастардың еңбек жасақтары. Сондай-ақ, құжат аясында «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Жалпы, бұл құжат жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Атап айтсақ, жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған түзетулер қаралған. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру үшін заң аясында әлеуметтік блокты шешетін мынадай түзетулер енгізілді: 1) бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала 1,5 жасқа жеткенше төлеу; 2) ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70 пайызға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізу. 3) әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту; 4) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту.
Балалардың бақытты болашағы үшін
Соңғы жылдары елде мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге қысым көбейгенін, оның алдын алудың жолдары біздің елде қарастырылмағаны көп айтылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан өзге мектепте өз замандастары тарапынан, жоғары сынып балалары тарапынан қысымға көп ұшырайтын балалар қылмысы көбейген. Осы ретте, жақында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің 21 желтоқсандағы бұйрығымен Баланы жәбірлеудің (буллинг) алдын алу ережесін бекітті. Бұл да балалардың болашағына алаңдайтын қарапайым ата-ана үшін көңіл қуантатын ақпарат еді. «Құжатқа сәйкес, білім беру ұйымы әкімшілігінің келісімі бойынша баланы жәбірлеудің алдын алу жөніндегі жұмысқа ата-аналар жұртшылығының, қызметі білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға қайшы келмейтін мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылады. Баланы жәбірлеу туралы ақпарат жергілікті атқарушы органға не білім беру ұйымына келіп түскен кезде жауапты тұлға ақпаратты баланы жәбірлеу туралы ақпаратты есепке алу журналында тіркейді. Баланы жәбірлеу туралы келіп түскен ақпарат 1 (бір) күн ішінде басшыға жеткізіледі. Баланы жәбірлеу туралы ақпарат білім беру ұйымына түскен кезде білім беру ұйымы басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары: 1) баланы жәбірлеуге қатысушылар туралы ақпарат келіп түскен күннен бастап бастапқы ақпаратты қалыптастырады, оған мыналар кіреді: баланың (отбасы мүшелерінің) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса); тұрғылықты жері; оқу орны бойынша баланың жалпы сипаттамасы; сынып жетекшісінің, куратордың, баланы (педагогты) жәбірлеуге қатысушылардың және баланың заңды өкілдерінің жазбаша түсіндірмесі. 2) ақпарат келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде сынып жетекшісін, педагог-психологты тарта отырып, жәбірлеуге ұшыраған баламен, сондай-ақ жәбірлеудің бастамашысымен/ қоздырушысымен және олардың заңды өкілдерімен әңгімелесу жүргізеді; 3) баланы жәбірлеуге байланысты жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөнінде шаралар қабылдайды; 4) медициналық айғақтар болған кезде медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес жәбірлеуден зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсетуге жәрдемдеседі; 5) әңгімелесу өткізілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүргізілген жұмыстың нәтижелері туралы ақпаратты білім беру ұйымдарының басшысына береді». Ел өмірінде бұдан өзге де көңіл қуантатын сәттер көп. Ауыр естеліктерімен қатар ел енді жаңарған, жаңғырған мемлекеттегі елеулі өзгерістерді де құрметпен еске алатын болады. Болашаққа үмітті, келер күннен жақсылық күтетін халық қазақстандықтардың алдағы өмірі нұрлы, шуақты өзгерістерге ұшыраса дейді. Ел мемлекетке емес, мемлекет ел игілігіне жұмыс атқарса. Таза, жемқорлықсыз, әділетті жүйе орнап, бәсекеге қабілеттілік артып, жастарға мүмкіндіктер артса шынайы жаңғыру сол болмақ.
Жадыра ҚҰДАЙБЕРГЕН


