Ел арасындағы дау-жанжалдарды бітіммен шешуде қазақ билерінің үлесі зор. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған дана билеріміздің есімдерін атаған тұста көз алдымызға бүкіл елдің тұтастығы, халқымыздың татулығы мен ауызбіршілігі келеді.
Себебі, біз аузы дуалы, сөзге жүйрік, тілге шешен қайталанбас қазақ билерінің «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді» деген тәмсілмен көмек сұрай келген тараптарды ылғи кешірімге шақырып, кез келген дауды өзара келісіммен шешкенін тарих беттерінен оқып өстік. Тіпті, «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп би-шешен, ақсақалдарымыз жылдап шешімін таппай жүрген руаралық дауларды шешіп, ұлт пен ұлыстың тұтастығын сақтай білген. Елімізде Мемлекет басшысының дауларды бітіммен шешудің баламалы тәсілдерін қарастыруды міндеттеуінің нәтижесінде ата-бабамыздан қалған осы игі дәстүр бірнеше жылдан кейін қайта жаңғырды. Себебі, қоғамда дау көп, көпшілік мәселесін тек сот арқылы шешкісі келеді. Әрине, қоғамның сот төрелігіне бір ауыздан сенім артып, сотқа жүгінуі құптарлық. Алайда, ұсақ-түйек дау-жанжалдарды соттың таразысына салмай-ақ, «дау мұраты – бітім» демекші, дер кезінде тараптарды татуластыру арқылы бейбіт шешкенге не жетсін. Осылайша, елімізде санаулы уақыттың ішінде дауларды өркениетті шешудің жолы қалыптасып үлгерді.
Атап айтсақ, 2011 жылы татуластырудың тұтқасы саналған «Медиация туралы» заң қабылданды. Аталған заң азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Бүгінде соттардағы дау-дамай деңгейін төмендету барысында татуластыру рәсімдерін насихаттап, кеңінен қолданысқа енгізу мақсатында тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, жыл сайын медиацияға жүгінушілер қатары өсіп, бітіммен аяқталған істер саны артуда. Атап айтсақ, бүгінде еліміз бойынша 47 татуласу орталығы ашылып, 413 билер кеңесі құрылып, даулардың 28 пайызы сотқа дейін татуласумен аяқталған.
Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында: «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде», – деген еді. Осы ретте өткен жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Оның негізінде алты заңға өзгеріс енгізілді, өзгерістер енгізілген заңның арасында «Медиация туралы» заң да бар.
Осы орайда заңдағы басты өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып өтсем. Аталған заң 8-1-баппен толықтырылып, уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Уәкілетті орган медиация саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып, медиация жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді, медиаторлар ұйымының қызметін үйлестіріп, өз құзыреті шегінде медиация мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді, медиация туралы заңнамаға құқықтық мониторинг жүргізіп, медиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, халықты медиаторлар ұйымы, медиацияны қолданудың тетіктері, негіздері мен шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді, медиаторлар ұйымдарының тізілімін жүргізеді.
Сондай-ақ, медиацияны жүргізу тәртібі мен тәсілінің аясы кеңейтілді, енді онлайн-медиативтік келісім жүргізуге мүмкіндік бар. Бұрынғы заң бойынша мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Медиация тараптар мен медиатордың өзара келісуі бойынша: тараптардың медиатормен жеке-дара және бірлескен кездесулері түрінде немесе бірлескен телефонмен әңгімелесулері арқылы, бейне-конференц байланыс арқылы жеке-дара және бірлескен әңгімелесулері түрінде, тараптар мен медиатор арасында электрондық хабарлар алмасу арқылы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып, осы заңның талаптарына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.
Тағы бір айта кетерлігі, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 158-бабына сәйкес, соттан тыс тәртіппен жасалған алимент төлеу туралы келісімді медиаторлар, адвокаттар, Заң консультанттары палатасының мүшелері де толтыра алады. Бұған дейін тек нотариус жүзеге асырып келген болатын.
Қорыта айтсақ, дамыған елдерде даулардың басым бөлігі сотсыз, тараптардың өзара келісімімен аяқталады. Сондықтан, өлшеулі өмірде дауды дау алаңына шығармас бұрын, татулық, бірлікті ойлағанымыз абзал. Себебі, «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» демекші, біздің бірлігіміз бүкіл елдің бірлігі деп білемін.
Рахымжан БЕЙСЕНОВ,
Ақтау қаласы №2 сотының төрағасы