Ақмола облысының білім бөлімі жыл қорытындысы бойынша «Оқу жылының аяқталуы және жазғы демалысты ұйымдастыру» тақырыбында арнайы брифинг өткізді. Баяндаманы Ақмола облысы білім бөлімі басшысы Шоқан Жетпісбайұлы Оразалин жасады. Жылдық есепте су тасқынынан зардап шеккен аймақ оқушыларының қазіргі жайы, емтихан ерекшеліктері мен уақыты, балалардың жазғы лагерьге дайындығы сияқты ақпараттар қамтылған.
Су тасқыны туындатқан қиындықтар және шешімдер
Жалпы Ақмола обылысында 140 мыңға жуық оқушы білім алуда. Табиғаттың тосыннан келген апаты оқу процесін кей аудандарда біраз баяулатқаны анық. Төтенше жағдай кезінде облыстың Атбасар, Астрахан, Бұланды, Есіл, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласының 2500-ге жуық оқушысы қашықтықтан оқытылған. Қазір спикер сөзінше, онлайн оқыту процесі жағдайдың тұрақталғанына байланысты алынып тасталған. Дегенмен, облыстың аталмыш аудандардағы 4 мектебінде жағдай тұрақталғанға дейін оқу жылының 4-тоқсанында БЖБ және ТЖБ тапсыру басқа уақытқа ауыстырылған. Осы тұста білім бөлімі басшысы Оразалин су тасқыны болған аймақ оқушылары қорытынды емтихандарды тапсырудан босатылмайтынын қадап айтты.
Қорытынды аттестация және ҰБТ-дағы өзгерістер
Олардың ішінде аймақтағы мектеп бітіруші тоғызыншы және он бірінші сынып оқушыларының жалпы саны 18 мыңды құрап отыр. Спикердің сөзінше тоғызыншы сынып түлектері арасында 863 «Үздік аттестатқа» үміткер бар екен. Ал он бірінші сынып түлектерінің 242-сі «Алтын белгі» төсбелгісін алуға және 365 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Үміткерлердің шын сыналар шағы қорытынды аттестациялау 11-сынып үшін жиырма сегізінші мамырда басталып, он бірінші маусымда аяқталса, 9-сыныптар үшін жиырма тоғызыншы мамырда басталып, оныншы маусымда аяқталмақ. Спикер және де төтенше жағдайға байланысты облыста ҰБТ жиырма бесінші мамыр мен он екінші шілде аралығында өткізілетінін жеткізді. Негізі басқа аудандарда бұл аралық он алтыншы мамыр мен бесінші шілде арасын қамтиды.
Жазғы мектеп: олқылықтардың орнын толтыру және білім сапасын арттыру
Білім сапасын арттыру және оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру үшін Ақмола облысында жазғы мектеп жұмысы пысықталуда. Маман сөзінше сабақтар отыз бірінші мамыр және отызыншы тамыз аралығында 3 ай өтпек. Жазғы мектеп бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудегі негізгі пәндер бойынша бітіруші сыныптардан бөлек сыныптың бәрін қамтитын болады. Бұл іс-шара оқуда қиындықтарға тап болып жүргендерге, білімдерін жетілдіруге және келесі оқу жылына дайындалуға көмектесуге арналған. Спикер жазғы мектеп Оқу-ағарту министрлігінің әдістемелік ұсыныстарымен даярланғанын жеткізді
Колледждер мен кәсіптік білім беру: прогресс және болашақ жоспарлар
Шоқан Жетпісбайұлы Ақмола облысында түрлі кәсіптік білім беру бағдарламаларын ұсынатын 20 мемлекеттік және 7 жекеменшік колледж жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Маман сөзінше 2023 жылы аталмыш оқу орындары демонстрациялық емтихан өткізген. Оған бас-аяғы 700-дей студент қатысқан. Биылғы оқу жылы аймақтағы колледж студенттерінің санын 2000-ға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы ТжКБ ұйымдарында 4 мыңнан аса адам білім алып, оның 3000-нан астамы жұмысқа орналастырылған. Осы жылы 6500-ден аса маман даярланады деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің тұрақты дамуын және мамандар даярлаудың жоғары деңгейін көрсетеді.
Жазғы демалысқа жауапты қарау керек
Жаз басталысымен облыстың 132 мың оқушысына 3 ай демалыс басталады. Олардың демалуын, сауықтыруын ұйымдастыру – жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам мен ата-аналардың маңызды міндеті. Сапалы және қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі жанынан облыстық штаб құрылған. Спикер сөзінше оның құрамына алты мемлекеттік орган мен үкіметтік емес сектордың өкілдері кіреді. Және де жазғы демалысты ұйымдастырудың екі жылдық жоспары әзірленген. Ай сайын мектеп оқушыларының демалыс орындарын аралайтын ведомствоаралық мониторинг тобы құрылған. Маман сөзінше, бұл демалыс ұйымының сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға және мүмкін болатын мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Биыл облыста барлығы жиырмаға жуық лагерь жұмыс істейді деп жоспарлануда. Олардың ішінде республикалық маңызы бар «Балдәурен» орталығы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласының қарамағында төрт лагерь, облыстың коммуналдық меншігіндегі сегіз жекеменшік лагерь бар дейді маман. Десе де, Атбасар ауданындағы «Есіл» мемлекеттік лагері су тасқынынан зардап шегіп, қалпына келтіру жұмыстарымен жабылып қалыпты. Қалған лагерьлерде жазғы маусымның ашылуына қызу дайындық жүріп жатыр. Маусым айында Целиноград ауданы Қоянды ауылында 350 баланы қабылдай алатын «Astana Camp» жаңа жеке лагерін ашу жоспарлануда. Басшы биыл Ақмола лагерьлерін жаңғыртуға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат жайында да жария қылды. Жалпы қаржы 314,6 млн теңге. Бұл қаражат облыстағы «Жұлдыз» балалар орталығы мен «Сұңқар» сауықтыру орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ екен. Сонымен қатар, 488 мектепте 76 мыңға жуық бала демалатын мектеп алаңдары дайындалып, 7 мыңға жуық бала қатысатын шатыр, киіз үй және археологиялық лагерь сияқты балалардың жазғы демалысының 49 арзан түрін ашу жоспарлануда.
Әлсіз топтағы балаларға қолдау көрсетіледі
Халықтың осал топтарындағы балалар жайы да брифингте сөз болды. Спикер тәуекел тобындағы 18 868-ге жуық мектеп оқушысы демалыспен қамтылатынын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға арналған жолдамалар сатып алуға 121,5 млн теңге жоспарланған. Аталмыш игі іске «Қазақстан халқы» қоры ауыл мектептеріндегі 5-8 сынып оқушылары үшін лагерьлерге 1005 жолдама бермек екен. Маман бұл шаралар қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды қолдауға және балалардың жазғы демалысын жақсы өткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Үздіксіз білім беру: жазғы жобалар
Брифингте жазғы білім жайы да сөз болды. Облыста биыл 35 мың баланы қамтитын 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде үйірмелер мен секциялар, жазғы ойын алаңдары мен клуб бірлестіктері, түрлі шеберлік сабақтар, жаяу жорықтар, экскурсиялар мен жарыстар ұйымдастырылмақ. Ойыннан бөлек «Болашақ Сарай» инновациялық орталығының базасында мектеп оқушылары бағдарламалау, биотехнология, экология және медиа салаларында білім алатын «Жазғы мектеп» ұйымдастырылмақ. Маман бұл бағдарламалар балаларға жаңа дағдылар мен білімдерді қызықты түрде дамытуға көмектеседі дейді. Сөз соңында Шоқан Оразалин облыстағы «Жас өлкетанушылар академиясы», «Бір апта ауылда», «Тірі тарих тағылымы» сияқты жобалар әрі қарай жалғасатынын жеткізді. Бұл бастамалар балалардың жазғы демалысын тек қызықты ғана өткізіп қоймай, сонымен қатар танымдық тұрғыдан дамуына да ықпалын тигізері анық.
Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»


