12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Билер – дала демократиясының үлгісі

Атырау облыстық сотының ұйым­дастыруымен заманның заңғар ұлы, Атырау жерінің ардақты перзенті Салық Зиманұлының ғасыр тойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Академик Салық Зимановтың өмір жолы тәуелсіз Қазақстанның құрылуымен тығыз байланысты. Оның Ата Заңымыздың негізін қаласып, бүкіл ғұмырын заңдардың салтанат құруына арнауы – осының айқын дәлелі.
Баршамызға мәлім, егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап халқымыз­дың жазба және ауызекі тарихы тереңінен зерттелді. Осы ауқымды жұмыстың басы-қасында Салық Зиманұлы болғаны тарихтан белгілі. Әсіресе, академиктің бір топ ғалымдармен бірлесіп «Қазақтың Ата Заңдары» деп аталатын көп томдық жинақ әзірлеудегі еңбегі өлшеусіз.
Осыдан кейін ғалым Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар оның шегінен тыс жерлерде де қызығушылық тудыратын зерттеулердің кейбір негізгі тұжырымдарына жариялылық беру қажеттігін ескеріп, билер сотын кеңірек түсіндіріп, танытуға үлес қосты.
Шын мәнінде, дала демократиясының теңдесі жоқ тарихи мұрасына айналған билер соты біздің заманымызға дейін ел бірлігін сақтау мен қоғамдық тәртіпті қадағалаудың озық үлгісі саналады.
Билер институтына халықтық демократия мен қазір де біз ұмтылып жүрген демократиялық құндылықтарға ие бірыңғай жүйе деп қараған жөн.
Ол ортағасырлық қазақ құқығы саласындағы дала заңының негізгі тасымалдаушысы, реформаторы және іске асырушысы рөлдерін атқарды.
Би – бұл ең алдымен судья. Билер үшін «Шыннан өзге құдай жоқ» немесе «Малым – жанымның садағасы, жаным – арым садағасы» дегеннен асқақ қағида болмаған. Ар, намыс, абыройды меңзейтін осы бір асыл қасиеттерді ата-бабамыз көздің қарашығындай сақтап, ұлттың тұла бойына сіңіре білген.
Би болуға талаптар жоғары болды. Биді іріктеу кезінде олардың қара басының қамынан бөлек, қатаң талаптар қойылып, әртүрлі сынаққа салынып отырған. Табиғи терең зердесі, орақ тілді шешендігі, елді ұйытар көсемдігі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» және өзге де дала заңдарын жетік меңгеруі негізгі талаптардың бірі болған.
Бұл туралы академик Салық Зиманов өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарас­тыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді.
Қазақта: «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» – деген тамаша тіркес бар. Дала заңдары үстемдік құрып тұрған тұста әрбір қазақ отбасы ұрпағынан би шыққанын қаласа керек. Сол себепті, би болуға да «тәрбие тал бесіктен» басталатынын ерте ұққан. Мәселен, Тобықтыдан шыққан «төбе би» күллі қазақтың данышпаны Абайы осының анық дәлелі. Мұны алты жасар ұлын қазақтың кең байтақ жерін аралатып, түрлі жиындар мен пікір сайыстарда додаға салған аты мәшһүр Құнанбай тәрбиесінің жемісі деп білеміз.
Жалпы, қазақ билер сотының әлем тарихындағы альтернативті жүйелермен салыстырғандағы өзіндік ерекшелігі жетіп артылады. Себебі, қазақ билерінің қызметі ізгілікке және татулыққа негізделген. Мәселен, билер дәуірінде қазақ құқығы өлім жазасы, бас бостандығынан айыру, тәнге зақым келтіру сияқты жазаларды мүлдем білмеген. Керек десеңіз, қазақтың кең байтақ жерінде түрмелер мен зындандар да болмаған. Өйткені, барлық сот даулары мен ең күрделі қақтығыстар азаматтық-құқықтық қатынастар болып есептелген, олар бойынша мүліктік және мүліктік емес айыппұл, ұялту, татуласу және басқа да жаза түрлері қолданылған.
Жауапкершілік пен жаза түрлері билердің мол тәжірибесіне байланысты түрленіп тұрды. Әйтсе де, жазаның негізгі үш түрі кеңінен қолданылған: олар «құн төлеу» – кісі өлтіру және кісі өлтіруге теңестірілген іс-әрекеттер үшін төлем, «тоғыз» – тоғыз атаудан тұратын мүліктік жауапкершілік салу, «айып» – кешірім сұрау мен айыппұлды (ат, тон, шапан) меңзеген.
Жалпы, қазақтың дәстүрлі құқығындағы билер сотының және ел тұтастығы үшін билердің атқарған қызметі орасан зор. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы билер бүгінгі мемлекеттік биліктің функционалдық қызметтерін толықтай атқарып келді десек, қателеспейміз. Билік дәстүрдің бүгінгі келбеті «судья» ретінде, ал билер соты «сот билігі» ретінде жалғасын тапты. Мәселен, республикада неғұрлым күрделі қылмыстық істерді қарау кезінде барынша әділдікті қамтамасыз ету үшін енгізілген «алқабилер соты» бұрынғы билер сотынан қалған ұлттық элементтерді сақтап қалды. Біз өткеннің озық дәстүрлерін бүгінгі заманға лайықтау арқылы көп игілікке қол жеткізуге болатынын түсіндік.
Бірнеше жыл бұрын Жоғарғы Сот бас­тамасымен үлкен жобалар қолға алынды. Соның бірі – татуласу рәсімдерін танымал етуге бағытталған «Татуласу: сотта, сотқа дейін» жобасы еді. Осы жобаның аясында 2018 жылы республикада алғаш және тұңғыш рет «Атырау облысының Билер кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрылды. Зиялы қауым өкілдерімен өткен ауқымды жиындардың бірінде: «жыл сайын Атырауда 2000 отбасы некесін бұзады, орта есеппен әр отбасында 2 баладан деп есептегенде, 4 мыңға жуық сәби жартылай жетім өсіп жатыр» деген ақпарат кімді болса да бейжай қалдырмағаны анық. Бұл зиялы қауымның бас біріктіруіне, ел ақсақалдарын қалың елдің дау-дамайына басу айтуға үгіттейтін алғашқы қадам болды. Ұйымның «билер соты» емес, «билер кеңесі» болып құрылуының да терең мәні бар. Бастамашылар «сот» кесімді сөйлеп, шешім шығаратын жүйе болса, «кеңес» ақыл қосып, кеңес беретін орта болу керек деген шешімге келді. Сөйтіп, өңірдің барлық аймақтарынан бас қосқан жалпы саны 60-қа жуық елге аты таныс, абыройлы ақсақалдар мен ақжаулықты аналардың белсенді қызметі басталып кетті. Олар отбасы-тұрмыстық мәселелерді бірлесіп қарап, бір жыл ішінде 200-ге жуық дауды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етті. Бұл тәжірибе кейін еліміздің көп өңірлерінде жалғасын тапты. Би кеңестері қоғамдағы азаматтық мәселелерді шешіп, сотқа дейін бітімге келіп, татуласуды жүзеге асыратын альтернативті жүйеге айналды.
Осыбір қайта түлеп келе жатқан «Билер кеңесін» қолдау, олардың қызметін қоғам арасында кеңінен насихаттау, әрі дәріптеу мәселесін қолға алу керектігін ұмытпаған жөн. Бұл өткенге құрмет, тарихқа тағзым болатын игі іске айналары сөзсіз. Сондай-ақ, билер институтының терең тарихи рөлі мен оның қазіргі заманға қажетті өзекті тұстарын назарға ала отырып, от ауызды, орақ тілді шешендердің ізбасарларын қалыптастыру үшін сот төрелігі, құқық қорғау академия­ларының және жалпы заңтану мамандығына оқытатын білім мекемелерінің оқу бағдарламасына «Шешендік өнер» пәндік циклін енгізу қажеттігі туралы ой туындайды.
Келешек ұрпақ ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып-біліп қоймай, биге тән қасиеттерге бой түзеп өссе дейміз. Халық жадында: «Елге бай құт емес, би – құт» деген қанатты сөз бар, ендеше, ата дәстүрін бірге сақтайық!

Д.Даумов,
Атырау қаласының №2 сотының судьясы

Жазаны қатаңдату арқылы жауаптылық көтеріледі

Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады...

Шынайы ақпарат сенімді нығайтады

Кез келген мемлекетте бұқаралық ақпарат құралдарының ролі зор. Өйткені,...

Тәуелсіз кассациялық соттың құрылуы сот төрелігінің сапасын арттыруға ықпал етеді

Кассациялық сот-бұл сот істері мен материалдарын кассациялық сатыда қарастыратын...

Сот кабинетінің ерекшелігі

Қазіргі уақытта ғылым мен техника қарыштап, дамыған елдерде қағазбастылықтан...